САЛЫҚТЫҢ САЛМАҒЫ САРАПТАЛДЫ
САЛЫҚТЫҢ САЛМАҒЫ САРАПТАЛДЫ
Алматыда бас қосқан 130-дан астам шағын және орта кәсiпкерлiк нысандарының өкiлдерi арнайы өкiлеттi органдар қызметкерлерiмен бiрiгiп, Кедендiк Одақ пен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiндегi салыққа қатысты мәселелердi талқыға салды.
ҚР Сауда-өнеркәсiп палатасы, Алматы қаласының сауда-өнеркәсiп палатасы ҚР Қаржы министрлiгi Салық комитетiмен бiрiгiп, "Кедендiк одақ пен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiндегi салық мәселелерi" тақырыбына дөңгелек үстел ұйымдастырды. Аталған шараға ҚР Қаржы министрлiгi Салық комитетi төрағасының орынбасары Ардақ Теңгебаев, ҚР ҚМ Салық комитетi Кедендiк одақ шеңберiндегi жанама салықты басқару басқармасының бас сарапшысы Оразбаева Динара, Алматы қаласы бойынша Салық департаментi Кедендiк одақ шеңберiндегi жанама салықты басқару басқармасының бастығы Нұрахаев Мақсат, Алматы қаласы бойынша Салық департаментiнiң ҚҚС-тi басқару басқармасы бастығы Алтынбаев Әли, Алматы қаласы бойынша Салық департаментiнiң өнiмсiз төлемдер басқармасы бастығы және Мұхамеджанов Айдос, сондай-ақ ҚР Сауда-өнеркәсiп палатасының президентi Қожасбай Ерлан, Iшкi саясат жөнiндегi Вице-президентi Аханова Салтанат, Стратегиялық даму жөнiндегi Вице-президентi Аманжолов Ғалым және Алматы қаласы сауда-өнеркәсiп палатасының төрағасы Бияров Мұхтархан қатысып, 130-дан астам шағын және орта кәсiпкерлiктен iрi ұлттық компаниялар, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерiмен бiрге Кедендiк одақ пен Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiндегi салық мәселелерiн жан-жақты талқыға салды.
Кәсiпкерлер сауалына жан-жақты жауап беруге талпынған салық органдарының өкiлдерiне алғысын бiлдiрген Қазақстан Республикасының Сауда-өнеркәсiп палатасының президентi Ерлан Қожасбай: "Бiзге қазақстандық кәсiпкерлерден Кедендiк одақ шекарасында пайда болған салық мәселелерiн түсiндiру жөнiндегi өтiнiштерi түсуде. Осыған орай, Мемлекет басшысының биылғы жылғы Халыққа жолдауында қойылған жаңа тапсырмаларын орындау мақсатында бiз бизнес пен Қазақстан Республикасы Салық комитетiнiң өкiлдерi арасында сұхбат алаңын ұйымдастыруды дұрыс деп таптық. Кездесу барысында бiздiң кәсiпкерлер "бiрiншi қолдан" қажеттi бiлiктi көмек алатынына, ал өз кезегiнде салық органдарының өкiлдерi бизнестiң өзектi проблемаларымен жақын танысатынына сенiмдiмiз", – дедi.
Алматы қаласы Сауда-өнеркәсiп палатасының төрағасы Мұхтархан Бияров мырза: "Кедендiк Одаққа Қазақстан мүшелiкке қабылданғалы берi Сауда-өнеркәсiп палатасына қазақстандық кәсiпкерлер тарапынан салыққа қатысты қойылатын сауалдар жиiлеп кеттi. Әрине Одақ шеңберiндегi қадамдар ендi бастағандықтан, сұрақтардың туындауы – табиғи заңдылық. Жұмыс барысында кездесетiн мәселелерге қолымыздан келгенше көмектесiп, кәсiпкерлер алдынан шығатын кейбiр қиындықтарға, әкiмшiлiк кедергiлерге жол бермеуге тырысамыз. Осы себептi, бүгiнгi дөңгелек үстел – Қазақстандағы кәсiпкерлiктi өркениеттi дамуына қол жеткiзу мақсатында жасалынып жатқан шаралардың бiрi. Шараны өткiзбес бұрын бiр, бiр жарым айдың көлемiнде Алматы қаласындағы кәсiпкерлер арасында Кедендiк одақ пен Бiртұтас экономикалық кеңiстiкке қатысты сауалдарын, оларды толғандырып жүрген көкейкестi мәселелерiнен хабардар болдық. Осы сауалдар бойынша бүгiн кәсiпкерлермен кездескен Салық комитетiнiң мамандары алдын ала дайындалды. Қойылған сұрақтарға берiлген жауаптардың тиянақты әрi мазмұнды болуы сондықтан" дедi. Шара барысында сұрағына мардымды жауап ала алмағандар да табылды. Бiрақ оларға Қаржы министрлiгiнiң мамандары жазбаша түрде кең ауқымда жауап беруге уәде бердi. Ал Бияров мырза дөңгелек үстел барысындағы сұрақ-жауаптар Сауда-өнеркәсiп палатасының сайтында жарияланатындығын жеткiздi.
Кәсiпкерлер қауымдастығын толғандырған басты мәселелердiң бiрi – қосымша құн салығы, төленетiн сома, мерзiмi, салықтың есепке алынуы, қосымша құн төленiп қойған жағдайда оның керi қайтарылуы, Қытайда өндiрiлген техниканы Қазақстан, Ресей, Белоруссияға енгiзгенде салық органдарында тiркеу мәселесi арнайы қарастырылған жеңiлдiктерге байланысты болды. Мысалы Кедендiк одаққа дейiн қосымша құн салығын сауданы жасау барысында төленiп келсе, ендi қосымша құн салығын кәсiпкерлер КО шеңберiнде 20-50 күн аралығында өтеуге құқылы. "Мұндай жеңiлдiк кейбiр арқа-басты кеңге салатын кәсiпкердiң жауапкершiлiк жүгiн жеңiлдетiп жiбермей ме? Салық уақтылы өтелмей қалмай ма?" деген бiздiң сауалға Бияров мырза: "Әрине салықты уақтылы төлемейтiндер бiрлi-жарым кездеседi. Бiрақ кәсiпкерлiкпен айналысатын азаматтардың басым бөлiгi жалқаулықты бiлмейдi, жауапкершiлiгi мықты. Өйткенi олардың әрқайсысы өз жеке iсiмен айналысатындықтан, пайда мен зиянның аражiгiн ажырата бiледi, заңға қайшы келетiн қадамдарға бармайды. Ал салық мәселесiнде туындайтын кемшiлiктер көбiнесе бiлместiктен, салыққа байланысты заңнамалық құжаттарды жете түсiндiретiндердiң болмағандығынан. Бүгiнгi шараға қатысушылардың көпшiлiгi шағын және орта кәсiпкерлiк нысандарының есепшiлерi, яғни салық мәселесiне тiкелей қатысы барлар", – дедi.
Бияров мырзаның мәлiмдеуiнше, бүгiнде Сауда-өнеркәсiп палатасының өкiлдерi КО шеңберiнде кедендiк мәселелерге қатысты туындаған қиындықтарды заңға сүйене отырып шешуде (мысалы тауарлар кеденде кептетiлiп қалған жағдайда) ресейлiк, беларусьтiк әрiптестерiнiң көмегiне де жүгiнедi екен. Кәсiпкерлердiң мүддесiн қорғауға мiндеттi Сауда-өнеркәсiп палатасы келесi кездесудi кеден саласының өкiлдерiмен ұйымдастыруды көздейдi. Өйткенi шекарадан тауар алып өтуде, кедендiк құжаттарды рәсiмдеу, оларды тiркеуде көбiнесе қиындықтарға тап болатын кәсiпкер ағайынның сауалында жүрген сұрақтар көп. Сонымен қатар ҚР Бас прокуратурасы, Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және басқа да мекеме өкiлдерiмен осындай кездесулер өткiзудi жоспарлап отыр.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ