ЖАҢА АҚШАНЫҢ "ЖЫРЫ"

ЖАҢА АҚШАНЫҢ "ЖЫРЫ"

ЖАҢА АҚШАНЫҢ "ЖЫРЫ"
ашық дереккөзі
231

Еуразиялық кеңiстiкте ортақ валюта енгiзiле ме?

1993 жылдың 12 қарашасында Президенттiң "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгiзу" туралы Жарлығы шықты. Осыдан бастап "теңге" айналымға енiп, елiмiздiң аумағында шығарыла бастады. Бiрақ ұлттық мақтанышымызға айналған төл теңгемiздiң ғұмыры ұзаққа бармай ма деген түйткiл көкейдi теседi… Өйткенi, ортақ валютаға көшу идеясы көптен берi қылаң берiп келедi. Осылайша төл теңгеден бас тартып, ортақ кеңiстiкте бiр ғана валютаны қолданысқа енгiзудiң ауылы алыс емес сияқты.

ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАДАН БАС ТАРТУ

Ортақ кеңiстiк, экономикалық ашықтық пен Кеден одағы ортақ валюта қалыптастыруға бiртiндеп жетелеп келе жатыр. Еуроодақ елдерi секiлдi еуроны енгiзу үшiн де осындай сатылардан өтуге тура келдi емес пе?

Жалпы, экономикалық кеңiстiктiң ең ауқымды бөлiгiн алып жатқан Ресейдiң пiкiрiн айналып өтуге болмас. Бастаушылар да солар болғандықтан, қостаушы соған қарап сөз бастары анық. Қарашада Санкт-Петерборда өткен ТМД елдерi Үкiмет басшыларының басқосуы мен ЕврАзЭҚ жиынында көпшiлiктi толғандырған түйткiл осы болды. Осы жиында РФ Премьер-министрi В.Путин бұл көп кешiкпей бiржақты шешiмiн табатын мәселе екенiн айтқан болатын. Сөйте тұра Ресей валюта мәселесiне келгенде пiскен қауындай қақ айрылуда: еуропалық немесе еуразиялық кеңiстiкке ортақтасу керек пе? Бөлiнушiлердiң бiр тобы Ресей – таза еуропалық держава ретiнде құрылуы тиiс десе, ендi бiрi Еуразия құрлығын қамтитын кеңiстiк әлдеқайда тиiмдi деген пiкiрде. Өйткенi, алдағы жылдары посткеңестiк елдер әлемдiк бәсекеге төтеп беретiн геосаяси кеңiстiкке айналуына негiз бар дейтiн болжамдар да жоқ емес. Зады, Ресейдiң бұл тұрғыда неге жайбасарлық танытып отырғаны түсiнiктi де. Қазақстан сияқты Ресей де мұнай мен газ экспортынан қыруар табысқа кенелiп отыр, бiрақ iшкi рыноктың сұранысы аз, жергiлiктi халықтың тұтыну қабiлетi төмен болғандықтан ортақ валютаны жуық арада қолданысқа енгiзе қоюдың болашағы тым күмәндi. Оның үстiне қазiргi таңдағы инфляция мен рубльдың тұрақсыздығы да өз әсерiн тигiзбей отырған жоқ.

Ортақ валюта туралы айтып жүргелi бiрнеше жылдың жүзi болды. Бiрақ тәй-тәй басып, тәуелсiздiк алғанына ендi ғана жиырма жыл толған посткеңестiк елдердiң қайсысы ұлттық валютасынан оп-оңай айрыла қояр дейсiз… ЕурАзЭҚ жиынында "Коммерсантъ" газетiне сұхбат берген Қазақстан Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов: "Бiз үшiн маңызды мәселе – ұлттық валюта болып тұр. Сондықтан ортақ интеграцияның осы сатысында ортақ валютаны енгiзу Қазақстан үшiн қазiр тиiмдi болмас", – деп түйiндедi. Әрине, елiмiз Ресейдiң ығына жығылып, рубльды қабылдамайтыны бесенеден белгiлi, бiрақ өз тәуелсiздiгiне шәк келтiретiн ортақ валютаға көшу талайдың ойын әлден-ақ сан-саққа жүгiртуде. Ал эмиссиялық орталықтың өз аумағында болуын кiм-кiмде болса қалайтыны жасырын емес қой.

ТМД елдерiндегi шаруашылықтың институттық құрылымының айырмашылығы жер мен көктей. Ал нарықтық дәстүрдiң өзi Ресейде ендi ғана қаз-қаз тұрса, Орта Азия мемлекеттерiнде жағдай тым күрделi, көбiнде жаңа қалыптасу үстiнде. Ал сыртқы ортамен қарым-қатынас, сауда-саттық ежелден доллармен жүргiзiледi, яғни болашақ ортақ валютадан сондайлық тиiмдiлiктiң иiсi де келiп отырған жоқ деуге болады.

БАРШАҒА ҰНАЙТЫН БАНАН ЕМЕС…

Жалпы, ортақ валюта құру тәжiрибесi әлем мемлекеттерiнде таңсық тақырып дей алмаймыз. Мәселен, Батыс Африканың 8 мемлекетi 2004 жылы ортақ валюта құруды жоспарлаған едi. Бұл – афро деп аталуы тиiс-тұғын. Алайда әлi күнге дейiн жаңа валюта қай елдiң ақшасы негiзiнде жасалатыны белгiсiз, оның үстiне iшкi саяси жағдайы ушығып тұрған кедей мемлекеттерде бұл жобаны iске асыру мүмкiндiгi мүлдем аз.

Сол сияқты Орталықамерика валютасын жасау тек кейбiр мүше елдердiң арасында ғана жүзеге асты. Әзiрге тұрақты және пайдалы болып келе жатқан айтулы жобалардың бiрi – еуро ғана. Еуропаның 16 мемлекетiнде күшiне ие бұл валюта 1999 жылы қолма-қол ақшасыз енгiзiлдi, ал 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолма-қол ақшамен берiлдi. Осыдан бастап Еуроодаққа мүше 16 елдiң ұлттық валютасын алмастырып келедi. Алайда аралда орналасқан Ұлыбритания ұлттық валютасын сақтап қалуды жөн көрсе, Дания мен Швеция қарсы болуда, ал Латвия мен Литваның әлi күнге дейiн ортақ валюта аумағына енуге шамасы жетпей келедi. Бiр сөзбен айтқанда, ортақ валюта дегенiмiз – баршаға ұнайтын, кәрi де, жас та сүйсiнiп жейтiн банан емес. Ортақ валютаны енгiзу әлi талайлардың жүрегiн ауыртып, шашын ағартатынына күмән жоқ.

ДОЛЛАРДЫ ТЕҢГЕМЕН ҚАТАР ҚОЙСАҚ…

Ортақ валюта енгiзудi былай қойғанда, Қазақстанда да басқа елдердегi сияқты доллар мен теңге қарым-қатынасы шиеленiсiп келедi. Тегiнде теңгенiң бүгiнгi құны туралы сөз сөйлеген базбiреулер республикалық бюджеттiң тең жартысын ұлттық валютамен емес, доллармен сақтауды ұсынып жүр. Доллардың сұраныс пен тұтынуға тығыз араласып кеткенi соншалық, халық арасында пәлендей таңданыс тудырмайды. Осыны есепке алған сарапшыларымыз долларды теңгемен тең құқылы жасауға тырысуда.

ҚР Ұлттық банкi төрағасы Григорий Марченко теңге кұнының таяуда құлдырамайтынын Алматыда өткен баспасөз конференциясында нық сенiммен мәлiмдедi:

– Менiң ойымша, өткен жылы енгiзiлген және биыл ұлғайтылған дәлiз жақсы нәтиже бердi. Алайда, биылдан бастап бiз теңге бағамын қайта бақылауға аламыз, – дедi бас банкир. 2010 жылдың ақпан айында ҚР Ұлттық банкi теңге бағамын еркiне жiберiп, тұрақты теңгенiң құны 30 пайызға арзандаған болатын. Отандық кәсiпкерлердi шетелдiк нарықта сүрiндiрмей, өнiмдi бәсекеге қабiлеттi еткен де осы шаралар. Сонымен қатар елдегi алтын валюта қорының көлемiн сақтап қалды. Осылайша, теңгенiң бiр долларға шаққандағы орташа құны 150 теңге +/– 3 пайыз болып бекiтiлдi. Биыл дәлiз ауқымы кеңейдi + 15 теңге, – 22 теңге шамасында. Теңгенi тағы бiр мәрте еркiн айналымға жiберу идеясы қарастырылуда. Ұлттық банк келесi жылы төл ақшамыздың құбылмалы бағамына көшудi көздеп отыр.

– Келесi жылдан бастап теңгенiң реттелетiн құбылмалы бағамына қайта ауысамыз. Теңгенiң соңғы жылдардағы тұрақтылығына барлығының көзi жеттi деп ойлаймын, – деп Марченко мырза теңгенi еркiн айналымға жiберуге қатысты соңғы шешiмдi Ұлттық банк басқармасы қабылдайтынын айтты. Оның пайымдауынша, қазiргi уақытта төл ақшамызды белгiлi бiр деңгейде шектеп ұстап отырудан пайда аз. Теңге тұрақталып, аяғынан нық тұрған шақ дәл осы кез дейдi. "Ал егер әлдеқалай жағдай бола қалса, мысалы, мұнай мен металдың әлемдегi бағасы түсiп кетсе, ұлттық валютаны сол күйiнде сақтап қалуға дайынбыз" – дедi бас банкир.

Доллардың аумалы курсын есепке алған болсақ, ол АҚШ-тың ұлттық валютасы ретiнде қабылданса да, өзгенiң көсегесiн көгертпесi анық. Одан да алтынмен резерв жасап, қазынаны алтынмен жасақтау тәжiрибесi анағұрлым ұтымды екенi мойындалған. Мұны айтып отырған себебiмiз, өткен ғасырдың жартысына дейiн алтын эквивалентi сақталып келдi. Жер бетiнде алтын өндiрiле бастағаннан-ақ бұл металлдың мiнсiз сапасы кез келген империя қазынасын мәңгiлiк етуге шамасы жеттi. Осы дәстүр ХХ ғасырға дейiн жалғасқаны мәлiм. 1944 жылы құрылған Бреттон-Вуд жүйесiне сәйкес АҚШ доллары белгiленген курс бойынша алтынға айырбасталды және басқа валюталар үшiн негiзгi базаға айналды. Бұл мүмкiндiктi жiберiп алмауды мұрат тұтқан "ғасыр келiсiмi" осы кезде жасалды. Осыдан кейiн генерал Шарль де Голльдың қаржылық қитұрқысы әлемдегi алтынға деген қатынасты бiржола өзгерттi. 1965 жылы Нью-Иорк айлағына табан тiреген француз кемелерi 750 миллион долларды мұхиттан алып өткен-дi. Бұл қомақты қаражатқа де Голль "тiрi ақша", яғни алтын айырбастамақшы болған. Негiзiнен қаржылық және экономикалық бiлiмi таяз генерал, сөздiң қысқасы, долларға есептеп алтын беруiн талап еттi. Әрине, мұндай ұсынысты күтпеген АҚШ Үкiметi шалқасынан түстi, ал әлемдiк қаржы жүйесiн қамтамасыз етiп тұрған алтын стандартына елеулi өзгерiс енгiзгенiн генерал де Голль ол күндерi мүлде бiлген жоқ. Сонымен, АҚШ Орталық банкi алтынды санап қолына ұстатады, бiрақ iс мұнымен тынбайды. Осы кезде қолда бар долларын алтынға айналдыруды Германия, Канада, Жапония да талап етедi. Нәтижесiнде алпауыт АҚШ-тың алтыны да таусыла бастады. 1971 жылы президент Ричард Никсон ескi келiсiмге өзгерiс енгiзiп, долларды алтынмен қамтамасыз етудiң күшiн жойды. Мiне, осыдан кейiн әлемдiк валюталар эмиссиясы қаржы пирамидасы бойынша iркiлiссiз шығарыла бастады. Ал бюджеттi алтынмен сақтау эквивалентi тарих қойнауына кете барды, дегенмен кейбiр елдерде әлi күнге дейiн сақталған. Есесiне, әрбiр елдiң өзiне ғана таныс бұрқыраған қағаз валютасы әлемдiк экономикада түрлi дағдарыстың тууына себеп болуда.

Алтынды ысырып тастаған доллар бүгiнде әлемдiк "көк найзаға" айналып үлгердi. Осындай қилы тағдыры бар долларды төл теңгемен қатар қою қазақ экономикасын қандай деңгейге көтередi? Болмаса, теңгенi тастап, ортақ валюта "евраз" немесе "рубльге" ауысудың экспорт пен импортқа, ЖIӨ-ге әсерi қандай болмақ? Әсiресе, дағдарыс дертiнен айығып келе жатқанда ортақ валютадан ұтарымыз не? Осы тұрғыда қаржы саласы мамандарының пiкiрiне құлақ салғанбыз.

Iзбасар БОЗАЕВ, Алматы сауда палатасының президентi, экономист:

– Кедендiк одаққа кiргенiмiз бiрiншi саты болып табылды. Осы одаққа кiрiп, жұмыс iстеп жатқанымызға, мiне, бiр жыл толады. Кедендiк одаққа кiргенiмiздiң жақсы да, жаман тұстары да баршылық. Жақсы жақтары – бiздiң нарықтың ауқымы кеңейдi, қиындықтары – Ресей, Белоруссия компаниялары тарапынан бiздiң елiмiзге деген экономикалық экспансия қаупi өстi. Отандық өндiрушiлерiмiзге үлкен сын болып, көптеген компанияларымыз қиналып қалды. Қазақстанның екiншi мiндетi – бiртұтас экономикалық кеңiстiкке кiру, осы үш елдiң арасында жүретiн – ортақ валюта енгiзу. Кеңестер одағы республикаларының арасында бұрын рубль болған. Бiрақ Ресей мен Қазақстан рубльдерiнiң құны бiрдей болған жоқ. Ол екеуi де рубль бола тұра, бiздiң 1 рубльге орыстың 60-70 тиыны келдi. Кейiн тiптi 1 рубльге 2-3 рубльден айналып келгенi белгiлi. Осыны ескерсек, әрине, бiз өзiмiздiң экономикалық тәуелсiздiгiмiздiң бiраз бөлiгiнен айырылатынымыз хақ. Бүгiн бiздiң ұлттық банкiмiз өзiмiздiң жеке дара экономикамызға лайық өз саясатын жүргiзiп отыр. Ол экономикамыздың тұрақты болуына ықпал ететiн белсендi құрал. Егер әлгi ортақ нарық арқылы ортақ валютаны кiргiзген кезде, Қазақстанның ондай валютаның құнсыздануына немесе салмағының асып кетуiне ықпалы өте төменгi деңгейде болады. Өйткенi, ортақ валюта еркiн экономикалық аймаққа қатысушы мемлекеттердiң экономикаларының саудасын үйлестiретiн дүние болғандықтан, бiзге пайдасы шамалы. Мәселен, Ресейдiң экономикасының құлдырауы немесе валютасының бәсекелестiкке шыдай алмау ықпалы бiздiң экономикамызға да тiкелей әсер етедi. Яғни, бiздiң экономика Ресей экономикасына тәуелдi болады, бұл тәуекелдiлiктiң ең сорақы түрi. Осыны ескеретiн болсақ, менiң ойымша, ортақ валютаға ауысу өте терең зерттеудi және бүкiл тәуекелдердiң бәрiн жiтi талдап, барлық жағдайларды ескерiп, сосын қабылданатын жауапкершiлiгi мол шешiм болады. Яғни, ең бiрiншi, өзiмiздiң экономистер тарапынан, содан кейiн тәуелсiз экономистер тарапынан зерттеулердi қажет етедi.

Нұржан ТОЙШЫ, "Галактика" корпорациясының директоры, қаржыгер:

– Банк шығаратын ақшаның екi түрi болады: қолға түсетiн кәдiмгi қағаз ақша және есеппен компьютер арқылы жүргiзiлетiн қолма-қол емес ақша. Сол екi ақшаның бәрiн бiр банк шығарады. Егер де ол банк Қазақстанның жерiнде тұрса және ол банктiң төрағасы қазақтан болса, онда нұр үстiне нұр. Ал егер ол банк бөгде елде тұрса, онда бiздiң экономикалық тәуелсiздiкке тiкелей қауiп деп санаймын. Өйткенi, бiз тәуелдi болып қаламыз. Егер де бiрнеше мемлекет бiрiгiп, бiр валютаны шығаратын болса, баршаға бiрдей ереже енгiзiледi. Ол ережеге сәйкес ешқайда бұлтарта алмайсың. Өз еркiмен ешқандай саясат жасалмайды. Ал бiзде өзiмiздiң банк бар болғаннан кейiн түрлi сауда-саттық, саяси-экономикалық қарым-қатынас жасай аламыз.

Ол ақша бiзге келсе де тек қана несие ретiнде келедi, оның өз ақшасын қайтарғаннан бөлек тағы да үстеме пайызын төлеймiз. Бұл – бiр мәселе. Бiрақ бiзге үлгi болып тұрған Еуроодақ еуросы. Ұлттық валюта әрбiр елдiң тәуелсiздiгiнiң символы, содан бас тарту Еуропаның бiрқатар елдерiне ауыр соққаны мәлiм. Қазiр оның пайдасы емес, зиянын тартып отыр десек болады. Мысалы, Грекия. Еуроны бiзге үлгi қылып көрсетедi. Олардың территориялары шағын, бiр-бiрiмен тығыз араласып кеткен, бiрнеше ғасырдан берi қарай олардың индустриялық өндiрiстерi дамыған. Оның үстiне оларда күштi үш мемлекет бар: Франция, Германия және Италия. Қалған мемлекеттер соларға жалтақтап отыр. Егер бiз ортақ кеңiстiкте ортақ валютамен жұмыс жасасақ, келешекте Ресейдi былай қойғанда, Украина мен Белоруссиядан оңбай ұтыламыз. Басқалардан ұтуымыз мүмкiн, егер Өзбекстан кiретiн болса, тағы да ұтыларымыз анық. Ортақ валюта болса, адамның саны да көп болуы керек, себебi индустриясы дамығандары ұтады. Украина, Өзбекстаннан осылай ұтылуымыз мүмкiн. Алайда Белоруссияда халық саны аз – 10 миллион шамасында десек те, олардың индустриясы жақсы дамыған. Ресейде мiндеттi түрде басымдық болады.

Ортақ валюта енген күнде Қазақстан тәуелсiздiгiнен айырылады. Ксенофобия деген мәселе де бар. Мәселен, орыс мемлекетiне барған қазақстандық орыстар бiр жылдан кейiн қайтып келiп жатыр. Ендеше Қазақстанның шағын кәсiпкерлерi Ресейге барып, сауда жасап ұтады дегенге кепiлдiк қайда? Мен сенбеймiн, мәселен.

Бұл саясат жағынан да өте қиын. Экономика жағынан ұтымды тұстары да бар шығар. Жеке кәсiпкерлер деңгейiнде мүмкiн қолайлы болатын шығар.

Ұлттық бюджеттiң жартысын доллармен сақтау идеясын қолдаймын. Себебi қазiр доллардан күштi валюта жоқ. Еуроның күштi деген атын ғана шығарып қойған, бiрақ еуроның iшiне Испания, Грекия, Ирландия, Португалияның әлсiз экономикалары кiредi. Олар жеп-iшкендерiн ақтамайды. Ол мемлекеттер ешбiр пайда келтiрмейдi. Ал Еуроодақтың ЖIӨ-i барлық мемлекеттердiң экономикаларына есептеп шығарылады. Бұл мықты деген мемлекеттерге қатты қысым. Еуро әлсiз, сол себептен, доллармен ұстаған тиiмдiлеу. Тегiс долларға айналдыруға тағы болмайды. Алтынға қарау керек, алтынның бағасы әрдайым көтерiле бередi. 30 пайыз еуро қылса, қалғанын жапондардың иенасымен сақтауға болады деп ойлаймын, себебi бұл валюталар күшейiп келе жатыр. Қытайдың валютасын да қазынаға алып қойсақ болады. Бәрiбiр Қытайдан Қазақстан көп нәрсе алады.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары