ШЕТЕЛДЕ ДЕ ЖIГIТТЕР БАР МАРҚАСҚА...

ШЕТЕЛДЕ ДЕ ЖIГIТТЕР БАР МАРҚАСҚА...

ШЕТЕЛДЕ ДЕ ЖIГIТТЕР БАР МАРҚАСҚА...
ашық дереккөзі
580

Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы шетелдегi қазақ диаспорасының белгiлi өкiлдерiн, ақын-жазушылардың шығармаларын атажұртта жарыққа шығарып, оны насихаттау негiзгi жұмыстарының бiрi болмақ. Қауымдастық жанындағы "Атажұрт" баспа орталығынан шыққан және шетелдегi қазақ ағайындардың шығарған кiтаптарының тұсаукесер салтанаты жуықта Алматы қаласында өттi.

Байланыс және ақпарат министрлiгiнiң тапсырысы бойынша шетелдегi қазақ жазушыларының авторлығымен жарық көрген кiтаптардың ресми тұсаукесерiне Ресейдiң Самара, Астрахань, Түмен, Саратов облыстарынан, Еуропаның Германия мен Швеция елдерiнен, Өзбекстан, Монғолия, Түркия, Қырғызстаннан қазақ қоғамдық ұйымдардың басшыларымен республикамыздың бiрнеше облыстарынан Қауымдастықтың филиал жетекшiлерi келiп қатысты.

Қытай елiнде өмiр кешiп, тағдырдың тауқыметiмен, елiм, жерiм деп азаттық үшiн жан берген Оспан батырдың туғанына биыл 110 жыл толған едi. Осыған орай "Азаттықтың өшпес рухы" атты халықаралық конференцияда оқылған ғалымдардың, жазушылардың Оспан батыр жайлы зерттеу еңбектерiн, тарихи тұлға ретiндегi болмысын суреттеген кейбiр деректердi баяндамалар жинағы ретiнде топтастырып шығардық. Бұдан бұрын аталмыш кiтап аттас тағы бiр кiтапты Түркиядағы белгiлi ғалым Уақап Қара Нұрғожай батыр жөнiнде жазған болатын. Нұрғожай батыр мен Оспан батырдың дос-жарандары болған, бiр уақыттың адамдары. Сондықтан атаудың қайталанғаны артықтық етпейдi деп есептедiк. Бұл жөнiнде бiзге тапсырыс берушi Тiл комитетiнiң де ұсынысын ескерген жайымыз бар.

Сондай-ақ, Қытайдағы қазақ әдебиетiнiң белгiлi өкiлi, жазушы Қайролла Баянбайұлының "Селкеусiз сезiмдер" атты тұңғыш романында ғашықтар тағдыры баяндалса, қандасымыз Нұрила Қызырханқызының "Аң-шылық хикаяттары" еңбегiнде қазақтың байырғы кәсiбi аңшылықтың құпияға толы қыр-сырлары дәлелдi де дәйектi көрiнiс тапқан. Аңшылық құрал-саймандардың түрлерi, аңшы құстардың өнерi, найзамен аң аулап, сойылмен қасқыр соғу тәсiлдерiн, ау салу, тазы жүгiрту машықтары аңшы әкесiнiң айтуы бойынша этнографиялық дәлдiкпен суреттелген. Кiтаптың тiлi шұрайлы, оқиғасы қызықты, деректерi соны. Ал, қазақтың бай поэзиясына өзiнiң сүбелi үлесiн қосып келе жатқан ақын Мұрат Шаймаранның "Еркiн аспан өлеңi" атты кiтабына оның соңғы жылдары жазылған жырлары енген.

Әлемнiң отыздан астам елiнде 4,5 млн. жуық қандастырымыз тұратыны баршаға мәлiм. Солардың бiрi – қазақтың көп шоғырланған Моңғолия елiнiң Баян-Өлгий аймағы. Осы аймақ орнауының 70 жылдық мерейтойына орай Моңғолиядағы қазақ ақындардың "Байбесiк тұмалары" мен ақын Байыт Қабанұлының "Бұрымбибi" атты жыр жинақтары, Ресейдiң Алтай аймағында туған жазушы Дәлелбек Батырдың Ресей қазақтарының басынан кешкендерi жайында "Тiлеп алған қасiрет" хикаяттар жинағы оқырманға ұсынылды.

Шетелде де қазақтың марқасқа жiгiттерi баршылық. Соларға тоқталар болсақ: Ресей журналисi, қоғам қайраткерi Халел Хабдулвахитов осы шараға Түмен қаласынан арнайы келiп, өзiнiң өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанда орын алған аштық пен ұжымдастырудың кесiрiнен Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтардың тарихи тағдыры жайындағы орыс тiлiнде жазылған "Откочевники" атты кiтабын атажұрттағы оқырмандарға ұсынды. Осы кiтапқа демеушiлiк көрсеткен Түмен облыстық қазақтар кеңесiнiң төрағасы, облыстық "Достық" қазақ қоғамының төрағасы, белгiлi кәсiпкер Есiмхан Жантасовтың еңбегiн атап өткендi жөн көрдiк.

Ресей Федерациясындағы Елшiлiк қызметкерi, филология ғылымдарының докторы Серiкқали Бәйменшенiң "Мұрагер" атты кiтабында Ресей Федерациясындағы қазақтардың қоғамдық ұйымдарының рөлiне, соның iшiнде Мәскеуде бұдан жиырма жыл бұрын құрылған "Мұрагер" қоғамының ұлттық мәдениеттi, ана тiлiн, халықтық дәстүр-салтты, бұқаралық спортты насихаттап, дамыту жолындағы қызметiне, осы iстердiң бастауында тұрып, игiлiктi жұмыстарды жемiстi жалғастырған ұрпақтар сабақтастығына кеңiнен тоқталады. "Мұрагер" қоғамының Мәскеудегi "Қазақ тiлi" қоғамымен, басқа ұлттық-мәдени ұйымдармен бiрлесiп жүзеге асырып келе жатқан қоғамдық жобалары жайында жан-жақты баяндайды.

XIX ғасырда өмiр сүрген қазақ композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының өмiрi мен тағдыры жайында баяндайтын шығарма астрахандық жазушы Геннадий Васильевтiң орыс тiлiнде жарық көрген "Сары-Арқа" романы. Бұл роман астрахандық "Жолдастық" қазақ қоғамының құрылғанына 20 жыл толуына орайластырылып шығарылған. Кiтаптың жарық көруiне демеушi болған "Жолдастық" қоғамының алғашқы төрағасы, қазақ мәдениетiнiң даму Қорының басшысы, белгiлi кәсiпкер Никита Искаков жаңа әдеби-көркем басылымды ұсынды. Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары Т.Мамашев Никита ағамызды 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты.

Монғолиядан келген ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ислам Қабышұлының "Тұран әлемi" атты кiтабы сол елде 2009 жылдың "Ең үздiк туындысы" деп бағаланыпты. Кiтаптардың тұсаукесерiне қатысушы авторлар мен олардың туыс- туғандары Қауымдастыққа шексiз алғыстарын бiлдiрдi.

Осы шарадан кейiн "Елбасы және шетелдегi қазақтар" атты халықаралық дөңгелек үстел өз жалғасын тапты. Аталмыш дөңгелек үстелдi ашып, жүргiзген Талғат Асылұлы: Келесi жылы елiмiздiң Тәуелсiздiгiне 20 жыл болады. Барлық iс-шараларымыз осы мерейтойға арналмақ. Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайы маусымның 30-ы мен шiлденiң 4-i күнi аралығында өтедi деп жоспарлануда. Осы Құрылтай аясында футбол жарысы, ақындар мүшәйрасы, өнер шеберлерiнiң концертi және тиiстi Министрлiктермен диалог алаңы өтедi.

Үстiмiздегi жылы Ресей елiнiң Орынбор, Саратав, Омбы, Қорған, Түмен және Мәскеу қаласында, Қытай елiнiң Алтай, Iле Тарбағатай аймақтарында, Гансу өлкесiнiң Ақсай елдi мекенiнде, Монғолияда, Австрияда, Чехияда және Түркияда iс-сапарда болып, ол жақтағы ағайындардың жағдайларымен таныстым. Қазақтың марқасқа мықты азаматтары баршылық. Мысалы: сырттағы қазақтар арасынан шетелде ең биiк лауазымға көтерiлген жалғыз қазақ – Зардыхан Қинаятұлы. Ол Монғолия Премьер- министрiнiң орынбасары, Монғолия Парламентi спикерiнiң орынбасары, Монғолия кәсiподағының төрағасы, кейiннен дипломат қызметтерiн атқарды. Монғолиядан атажұртқа көштi ұйымдастырушы-идеологы болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан ағамыз Қауымдастықтың жанашыры әрi ақылшысы. Ол бүгiнгi күнi Қазақстан Республикасының азаматы. Ал, кәсiпкерлiкпен шұғылданып, Орынборда екi-үш мың жылқы ұстап, мал шаруашылығын дөңгелетiп отырған қазақ жiгiттерi бие байлап, қымыз, шұбат жасап, қазақты басқа ұлттарға танытып жүр. Ол – Совет Жабаев есiмдi азамат. Сондай-ақ, қыз-келiншектерiмiз де билiк басында қызмет атқаруда. Шетелде жүрген қазақ ғылым докторларын айтпағанда, Қырғызстандағы Еркiн Бөлекбаев саясатпен айналысып, бүгiнгi күнi сол елдiң Финполиция комитетiн басқарып отыр. Монғолияда екi тете министр қазақ келiншектерi – Күланда Чонай және Сәуле Жанымхан, Чехияда министр болған Жәмила Стехликова мен Чубашияда экономика министрi болған Гүлмира Акимованы атауға болады.

Биылғы 70 жылдығы тойланған Баян-Өлгий аймағына Қазақстанның халық әртiсi, мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Мақпал Жүнiсова барған едi. Стадионда жиналған отыз мыңға жуық халық Мақпалдың салған әнiне жаппай тұрып кеттi. Әннiң құдiретi деген осы және де орындаушының шеберлiгiн айт! Норвегияда болған сапарымызда Алтынбек Қоразбаевтың орындаған әнiне келiншектер егiлiп жылағаны бар. Шеттегi ағайын аман болсын, олардың сұраныстарын қанағаттандырып тұруға Қауымдастық үнемi күшiн салатын болады, – дейдi сөзiн сабақтаған Төрағаның орынбасары.

Ахмет Жәркенов, Астрахань аймақтық "Жолдастық" қазақ қоғамының төрағасы: Мен осында алғаш рет келiп отырмын. Сiздермен танысқаныма қуаныштамын. Ол жақтағы Қазақстан консулдығымен тығыз байланыста жұмыс iстеп келемiз. Жуықта конституция күнiн атап өттiк. Тәуелсiздiк күнi мен Наурыз мейрамдарын үнемi тойлаймыз.

Марат Үкiбаев, Өзбекстандағы республикалық қазақ мәдени орталығының төрағасы: Мейрамдарыңызбен. Ташкент қаласы бәрiмiзге ортақ қала. Осы қаланың қазақ мәдени орталығының бастығы Қалижан Әжiбековты әдейi ертiп келдiм, таныссын деп. Көршiлес елдермен де байланыста жұмыс атқарып отырмыз. Өзбекстан мен Қазақстанның Тәуелсiздiк күндерiн келесi жылғы наурыз айында өткiзудi жоспарлап қойдық. Кешiкпей Абай атамызға арналған ескерткiштi ашамыз. Келесi жылы өтетiн Құрылтайдың дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Бiзге футболға жастарды дайындау жағы қиын болып тұр. Бiрақта оны да ұйымдастырамыз. Жас жеткiншектердi оқыту қиындап барады, себебi қазақ мектептерi азаюда. 9 сыныпты бiтiрген соң, 2 жылдық колледжде оқуын жалғастыруы керек. Жоғары оқу орындарының дайындық бөлiмдерiне квота берiлгенi сияқты колледж мен кәсiби бiлiм беретiн училищелерге де балаларымыздың бiлiм алуына жағдай жасалынса деген ұсынысым бар. Өзбекстанда 1,3 млн. қазақ бар. Көш басталғалы барлығы 700 мың қазақ осында қоныс аударды.

Т. Мамашев: Бiлiм және ғылым министрi ауысып, жаңа министр келдi. Бұрынғы хаттарымызды қайталап, жiберейiк. Шымкенттегi әкiмге де шығуымыз керек.

Хабсатар Омар, Монғолия қазақтары қауымдастығының төрағасы: Бiзде қазақ тiл мәселесiнде қиындық жоқ едi Монғолия Үкiметiнен қазақ тiлi пәнiнiң сағатын қысқартып, монғол тiлiн үйрету туралы қаулысы шықты. Бұдан былай басқаша болары сөзсiз. Жуықта халық санағы жүргiзiлiп, ондағы қазақтар санын 157 мың деп айтылды.

Құрылтайға дайындық ретiнде футбол командасын құру барысында федерация құрылды. Президент атында жарыс өткiздiк. Осы орайды пайдалана отырып, Ресейден Монғолияға шығатын ұн тоқтатылғанын айта келе, Қазақстаннан ұн алуға қолдау көрсетiлсе деген ұсынысым бар. Монғолиядағы көшi-қон мәселесiн тiкелей жауаптанып iстеп жатырмыз.

Абдулқаюм Кесижи, Еуропа қазақтары федерациясының төрағасы: Осы конференцияға Мюнхеннен мен, Швециядан Хабира Мажиева келiп қатысып отырмыз. Еуропаның оншақты елiнде тұратын қазақтар өз тұрған елдерiнiң тiлiн меңгерген. Жас жеткiншектерiмiзге Қауымдастық берген қазақ тiлiн үйретудiң компьютерлiк бағдарламасы СД дискiсi арқылы ана тiлiн үйретiп жатырмыз. Қауымдастықтан шығып жатқан кiтаптар мен газет-журналдарды үнемi алып оқимыз. Жастарымызға жұмыс табылатын болса, олар елге келгiсi келедi. Еуропадан 3-4 жас Қазақстанның жоғары оқу орындарында бiлiм алып жатыр. Олардың қазақшасы әжептәуiр жақсарғанын байқаймыз. Солардың басқаларға да ықпалы жақсы әсер етуде.

Уақап Қыдырхан, жазушы: Қытайдан атамекенге оралу өте қиындып кеттi. Виза алу үшiн алты айдан бiр жылға дейiн кезек күтуге тура келедi екен. Осылай жалғаса берсе көршi елдегi ағайынның туысқандарымен қарым-қатынасы үзiлуi мүмкiн. Елiмiздiң демографиясын күшейтуге де оралмандардың үлес саны қажет екенiн Президентiмiз айтқаны белгiлi. Ендеше, Үрiмжiдегi виза және паспорт қызметiнiң жұмысына жаңадан адамдар қосуды немесе Алтай, Iле, Тарбағатай аймақтарына консулханалар ашылса деген ағайынның пiкiрiн жеткiзгiм келедi.

Сәрсенғали Құспанов, Санкт-Петербург қаласы мен облысы бойынша "Ата -Мекен" қазақ қоғамының президентi: 1969 жылы Әнуар Әлiмжанов ағамыз "қой бар, жұмыс жоқ" деген екен. Қазақстанда жұмыс күшi болу керек. Ресейдегi қазақ жастары Қазақстанға жұмысқа келсек дейдi, соларды халықаралық келiсiм-шарт жасағанда, осы мәселенi қосса дұрыс болар едi.

Никита Ысқақов, Астрахань: Бұрын бiзде телеарна қазақ тiлiнде 1 рет шығатын, қазiр жоқ. Кателко қондырғысы арқылы көрсе Ресейде ақша алмайды. Сәрсенғали мырзаның пiкiрiне қосыламын. Еңбек келiсiм-шарты жасалынып, оған қазақ жастары тартылса. Оралмандарға Маңғыстаудағы чиновниктердiң көзқарасы дұрыс емес, Президенттiң айтқан тапсырмасын орындамайды, – дедi.

"Көшi-қон комитетiнiң қызметi Iшкi iстер министрлiгiне өттi. Бұрын Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құзырында едi, қалай болары белгiсiз. Ендi көшi-қон полиция комитетi құрылмақ. Әлi төраға тағайындалған жоқ. Осы комитет төрағасының үш орынбасары болады. Ереже жоқ, реттелер деген үмiттемiз. Бұлар жасақталып болған соң, бiрлесiп жұмыс атқару ұсыныстарымызды жолдамақпыз. Ал, Сыртқы iстер министрлiгiне жоғарыдағы жағдай толық мәлiм. "Caspionet" телеарнасында 10-15 жаңа бағдарламалар бар. Үкiмет тарапынан көптеген мәселе қаралып жатыр. Байланыс және ақпарат министрiлiгi болып жеке шыққаны көп нәрсенi аңғартса керек. Жастарды жұмысқа тарту мәселесi Құрылтайда сөйлесетiн өзектi мәселенiң бiрi екенi анық. Бiлiм және ғылым министрi Б.Жұмағұловқа жоғарыда айтылған мәселелердi қоямыз. "Көш жүре келе түзелер", алыстан келiп, жиынымызға қатысқандарыңызға алғысымды бiлдiремiн," – деп аяқтады сөзiн Т.Мамашев.

Қауымдастық пен шетте жүрген қандастарымыздың байланысы күннен күнге нығая түсуде.

Барша ағайынды алда келе жатқан Елiмiздiң Тәуелсiздiк күнiмен құттықтай отырып, егемендiгiмiз баянды болсын деп тiлейiк!

Ботагөз УАТҚАН, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының

ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi

Серіктес жаңалықтары