ОТБАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ӘЛЕМДI АЛАҢДАТЫП ОТЫР
ОТБАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ӘЛЕМДI АЛАҢДАТЫП ОТЫР
Қазақстандық бiр топ меймандар мiнген ұшақ таңертеңгiлiк сағат онның шамасында Антальяда ентiгiн басты. Бiз ауежайға түскен кезде, жасыл нұрға бөленген көрiктi қалада жаңбыр сiркiреп тұрған екен. Жылы жаңбырға алақанымызды тосып, мәз-мәйрам болып келемiз. Түркия жерiне алғаш табан тiрегендiктен болар, бiздерге Антальяның жаңбыры да таңсық.
Жылы жаңбырдың астында жаяу жүргiмiз-ақ келген, бiрақ бiздi күтiп алған автобус жүргiзушiлерi бiздi Антальядан шет жаққа, тау мен теңiздiң ортасына қарай алып кеттi. Текирова жағажайындағы "Rixos" қонақ үйiне орналастырды. Мұнда қазақстандық делегаттардан бөлек, әлемнiң көптеген мемлекеттерiнен келген қонақтар да бар екен. "Диалог Еуразия" Платформасы аясында қозғалатын "Отбасы" конференциясының да өтетiн орны осы жер болғандықтан, әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен жиналған делегаттарды қонақ үйден көптеп табуыңызға болады.
Конференция келесi күнi таңертеңнен басталатын болғандықтан, оған дейiн жарты күн уақытымыз бар. Ақ теңiздi жағалай орналасқандықтан, қонақ үйдiң терезесiнен қарап-ақ, ақ теңiздiң толқындатқан жүзiн еркiн тамашалауға болады. Аспан ала бұлттанып тұрғандықтан ба, дала қоңыр салқын. Теңiздiң суы мөп-мөлдiр, тұп-тұнық көрiнедi екен. Дауыл қуып алып келгендей, теңiздiң жағасы аударылып-төңкерiлiп жатыр. Тұнық суы ерекше жып-жылы. "Тұзды судың астында жарты сағат тұрсаңыз, денеңiздi тұз сорып тастайды" дедi жағалаудағы құтқарушы түрiк азаматтардың бiрi. Алыстан келген қонақтар теңiздiң сырын бiлмей суға кетiп қала ма деп қауiптенетiн болуы керек, жағалаудың әр-әр жерiнде құтқарушылар жүр. Теңiзге шомылып жатқандар да әрекiдiк байқалып қалады. Өзiн "Ибрагим" деп таныстырған түрiк құтқарушысынан мұнда демалуға келушiлердiң саны қай мезгiлде артатындығын сұраған едiк. "Теңiзде демалудың ең сәттi кезеңi – маусым және қыркүйек айларында" деп жауап бердi. Жылдың төрт мезгiлiнде де туристер ақ теңiздiң сұлулығын тамашалаудан қашпайды екен. "Диалог Еуразия" Платформасын ұйымдастырушылардың да конференция өткiзуге Текированы таңдап алуы да тегiннен тегiн болмаса керек.
12 жыл бұрын Ыстамбұлда құрылған "Диалог Еуразия" Платформасы қазiр құшағын кеңге жайып келедi. Платформаға мүше мемлекеттердiң саны да жыл сайын арта түсуде. Оған күнi кеше осы платформаға мүшелiкке қабылданған эстон елi куә!
"…ДИАЛОГ – ӘЛЕМДI ҚҰТҚАРАДЫ"
Жиынға елуден астам мемлекеттен қонақтар жиналды. Алты жүзге жуық делегаттың басын қосқан конференцияның өзегiне айналған тақырып – отбасы жайы, қара қазан мен сары баланың қамы. Конференцияға келген түрiктердiң де, орыстар мен еуропалықтардың да, әзiрбайжан мен австралиялықтардың да басында бар бұл проблема. Жаһандануға бет алған бүгiнгi заман әр отбасының тауқыметiн арттырмаса, азайтпай тұр. Қоғамда болып жатқан әртүрлi келеңсiздiктер де, сүттей ұйыған отбасының бұзылуына аз септiгiн тигiзбей отырған жоқ. Ал диалог осы елуден астам мемлекет өкiлдерiнiң басын қосып, отбасының проблемасынан құтқаратын жол iздедi. "Сұлулық әлемдi құтқарады" дейтiн едiк, ендi "диалогтың да әлемдi құтқаруға" әсерi мол. Бұл – "Диалог Еуразия" Платформасының тең төрағасы Харун Токактың пiкiрi. Түрлi мемлекеттен бас қосқан түрлi ұлт пен ұлыстың өкiлiнiң де айтар ойы да, ортаға салар пiкiрi де ортақ. Ол – отбасын сақтау, ұлттың келешегiне көзжұмбайлықпен қарамау.
Платформаға екi жыл бойы төрағалық еткен ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалин конференцияның алғашқы күнi қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың "Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп" деген ғақлиясын тегiн мысалға келтiрген жоқ. Төрағаның сөзiнiң де жаны бар. Өйткенi, әлемдi билеген түрлi ұлт өкiлiнiң бәрi бiр-бiрiмен бауыр, бiр-бiрiмен туыс. Әрi олардың мұңы да, қайғысы да бiр. Бейбiт тiрлiк кешу, мамыражай күйге бөлену, отбасын сақтау, келешегiнiң қамын жеу. Яғни, төрағаның сөзiмен айтқанда: "Олжас Сүлейменовтың мынадай сөзi бар: "Нет запада, нет востока, есть два сына одного отца".
Ал, Анталья қаласы – әртүрлi елдiң мәдени ұйымдарының басын қосатын басты орталықтарының бiрi болып саналады. Жасыл нұрға бөленген әсем қалада бас қосып, диалог жасаудың өзiн зор мәртебе санайтындар көп. Екi күнге созылған конференция барысында оны өзiмiз де аңғардық. Әрине, диалог жасау дегенiмiз – құр әңгiме айту деген сөз емес. Қиындықтармен бөлiсiп, кемшiлiктерiмiздi түзеу. Ортақ пiкiр тудыру арқылы – ортақ ымыраға келу. Конференцияның ортақ тақырыбына айналған отбасы мәселесi де, әлемдегi қордаланған мәселенiң бiрi болып отыр. Өйткенi, әлемде отбасының жылуын көрмеген адамдар да көптеп өмiр сүруде. Сандаған бала азап тартып, ананың жылуына, әкенiң махаббатына бөленбей келе жатыр. Одан қала бердi, жалғызiлiктi әкелер мен аналардың саны жыл өткен сайын артпаса, кемiмей тұр. Оған нашақорлық пен алкогольдiктi қосыңыз. Конференция барысында сөз алған Ресей Мемлекеттiк Думасының өкiлi Нина Установа ханым да: "Ресейде әлеуметтiк жетiмдiк белең алып барады. Алкоголь әке мен нашақор ананың кесiрiнен балалардың көбi балалар үйiне жиi өткiзiлуде" деген едi. Көзi жәудiреген сәбилердiң балалар үйiне көптеп тартылуы жалғыз Ресейдiң ғана мұңы болып отырған жоқ. "Жетiмi мен жесiрiн жылатпаған" қазақ қоғамына да, бүгiнде бұл – ортақ мәселе. Қалалардағы қаптаған балалар үйi қаракөздерге толып барады. Одан бөлек, көптеген қарттарды да қаңғытып, қарттар үйiне қамап қойдық. "Аршалы бесiгiн" тербеткiсi келмеген аналарымыз баладан құтылудың оңай жолын осылай iздейдi.
Грузия президентi Микаил Саакашвилидiң анасы Гиули Аласания: "Бiздiң жеңiсiмiз де, жеңiлiсiмiз де – отбасыдан басталады," – деп едi. Жеңiстiң де, жеңiлiстiң де, отбасыдан басталатын жөнi бар. Өйткенi, әр мемлекеттiң негiзгi тiрегi де – отбасы. Отбасы салтанат құрған кезде, мемлекеттiң тұғыры да берiк, мықты болады. Ал отбасының негiзгi тiрегi: әке мен ана және балалардан құралады.
Конференция барысында көрсетiлген мына бiр сюжет көз алдымнан кетпейдi. Әлгi бейнесюжетте ешқандай дыбыс жоқ. Шат-шадыман отбасы. Әке өмiр тiзгiнiн қолына алған, ана мен бала шаңырақ иесiнiң салтанатты сәтiне тамсана қарайды. Көп уақыт та өткен жоқ. Сән-салтанаттың шырқы бұзылып, әке өз тiзгiнiнен айрылып қала жаздады. Құрдымға кеткелi тұрған әкеге ана мен бала жан-жағынан келiп жармасып, бауырына басты. Әкенi де, баланы да, ананы өмiр талқсынан құтқарып қалудың жолы бар – ол ынтымағы жарасқан, тату-тәттi тiршiлiк құру.
ҚАЗАҚ АҚЫНЫНЫҢ КIТАБЫ ТҰСАУЫН КЕСТI
Конференцияның қорытынды жиынынан кейiн белгiлi ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, драматург Нұрлан Оразалиннiң "Қоздағы шоқ" атты кiтабының түрiкше аудармасының тұсаукесерi болды. Түрiк тiлiнде "YANIK YUREK" деп жарық көрген лирикалық жыр жинақты Мәншүк Басқанбаева мен белгiлi аудармашы-қаламгер Мәлiк Отарбаев аударды. Тұсаукесердi әзiрбайжан жазушысы Анар Рза жүргiздi. Көрнектi ақынның шығармашылығы, қайраткерлiгi жайлы кеш барысында Тәжiкстан Жазушылар одағының төрағасы Мехмон Бахти, Молдова Жазушылар одағының төрағасы Борис Мариан, Еуразия жазушылар одағының басшысы Якуб Делиомароғлы, Украинаның әйгiлi ақыны Иван Драч, Қырғыз елiнiң белгiлi драматургы, ҚР Президент кеңесшiсi Сұлтан Раев, қазақтың белгiлi ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева өздерiнiң жүрекжарды тiлектерiн жеткiздi.
Сондай-ақ, кiтаптың алғысөзiн "Тәңiртаудың етегiндегi тұлпарға" деген атаумен бастап жазған түрiктiң белгiлi жазушысы Харун Токак Оразалин шығармашылығына жоғары баға берiп, мұндай баға жетпес туындының аударылғандығына ризашылығын бiлдiрдi. Х.Токактың ойынша, Н.Оразалиннiң өлеңдерi түрiк поэзиясының дамуына үлкен үлес қосады. Тұсаукесер жиыны барысында Харун Токак түрiк тiлiне аударылған жинақтан бiрнеше өлеңдердi оқып, түрiк бауырларды ерекше тебiренттi.
АДАМДАР БIР-БIРIНЕ ҚҰШАҚ ЖАЙСА…
"Диалог Еуразия" Платформасының IХ жалпы жиналысы өттi. Алдымен жиынға жиналған түрлi мемлекеттен келген делегаттардың төрағаларына сөз берiлдi. Түркиялық делегаттардың атынан сөз сөйлеген профессор Нажи Бостанжының пiкiрi көңiлге қонымды, жүрекке жылы тидi. "Қазiр әлем кiшiрейдi, – деп бастады өз сөзiн Нажи мырза. – Мен кiшкентай ғана ауылда өмiр сүрген едiм. Ол ауыл – таудың ортасында орналасқан болатын. Маған сол сәттерде сол ауылдың сыртындағы әлем мүлдем бөлек көрiнетiн. Ауылдағы көрiнiс пен таудың арғы бетiндегi көрiнiс бiр-бiрiне ұқсамайтын шығар деп ойлайтын едiм. Қазiр қоғам мүлдем өзгердi. Бар дүние араласып кеттi. Ең бастысы, адамдардың санасы өзгере бастады. Дүние кiшiрейген сайын, санамыздағы дүниелер де өзгере бастады. Қазiр санамызды өзгертудiң бiр ғана жолы бар. Ол – адамдар бiр-бiрiне құшақ жаю керек, бiр-бiрiне ұмтылу керек, сонда ғана мына дүниенi өзгерте аламыз. Адамзатқа тән дүниенiң бәрi маған жат емес деген түсiнiктi қалыптастыру қажет сияқты. Жалпы, интеллигенцияға, зиялыларға, ұлттың бас көтерер адамдарына жүктелетiн бiр-ақ нәрсе бар, ол мүмкiн болса, қайшылықты болдырмау. Өйткенi, өмiрде проблема аз емес. Бұл проблемалардың барлығын бiр-бiрiмiзбен бiр ниетте, бiр пiкiрде болғанда ғана шеше аламыз. Iсiмiз де, қызметiмiз де бiрге болу керек. Сонда ғана алдымызда тұрған мәселенiң бәрiн түзу жолмен шеше аламыз," – дедi.
"Диалог Еуразия" Платформасының тең төрағасы Харун Токак мырза өз сөзiнде: "Бiздiң тоғызыншы кездесуiмiз нәтижелi болады деген үмiттемiн. Ең жақсы мәселелер осы жерде шешiледi. Екi жыл iшiнде Нұрлан Оразалин мырза бастаған жер-жердегi платформаның үйлестiрушiлерi жақсы жұмыс iстедi. Осы iсте жұмысты жақсы бiлетiн адамдар қалыптасты. Қазiр он екi жылдан берi бiр-бiрiмiзге тосырқамай қарайтын болдық. Әуелде "не болар екен" деп қараушы едiк. Оның соңы, мiне достыққа ұласып жатыр. Шәй iшкен жерде де, тамақ iшкен жерде де, келелi сұхбаттар өрiлiп жатыр. Кiтапты таныту деймiз бе, фотография көрсет деймiз бе, кездесу барысында мұның бәрi жүзеге асырылып жатты. Шыңғыс Айтматовтың идеясының негiзiнде жүзеге асқан "Диалог Еуразия" Платформасы шын мәнiнде интеллектуалдықтың визиттiк картасына айналды. Бұл визиттiк картада диалог, сүйiспеншiлiк, түсiнiстiк бар. Бүгiнгi таңда ең тиiмдi жол – диалог құру болып табылады. Ең күштi қаруланған жағдайда да, оны шешудiң ең оңай жолы бар, ол – диалог құру. Наркомания, ақылсыздық, дөрекiлiк, осының бәрi өз жолымен кетiп барады. Соған тоқтам қоятын да, осы – диалог. Ал, бүгiнгi 9-кездесу – ең үлкен мәселе бойынша бас қосып отыр. Әр адам – бiр ағаш деп есептейтiн болсақ, онда мұнда жиналған алты жүзден астам адам үлкен орманға айналады. Орман кiр ауаны жұтып, таза ауаны шығарады" деген едi.
Көрнектi қаламгер, Әзiрбайжан Жазушылар одағының төрағасы, "Диалог Еуразия" Платформасының Құрметтi төрағасы Анар Рза мырзаның отбасы туралы пiкiрi де өте ұтымды шықты. Анар мырза өз сөзiнде "Халықтардың арасындағы түсiнiстiк, құрмет болу үшiн, ең маңыздысы әдебиет пен өнерге тiреледi" дедi. "Бiз платформаның арқасында ортақ шығарма, ортақ фильм түсiре бiлмек жөн болар едi. Жаһанданудың дұрыс жолымен қатар, зиянды тұсы да бар. Ол – отбасы мәселесi. Отбасы туралы айтқан кезде, мен мына бiр мәселеге айрықша тоқталғым келедi. Жеке отбасыдан бөлек, ең үлкен отбасы бар, ол – халық. Халықтан үлкен, халықтан ұлы ешкiм жоқ. Лев Толстойдың мынадай бiр сөзi бар: "Бақытты отбасылардың бәрi бiр-бiрiне ұқсас та, ал бақытсыз отбасы өзiнше бақытсыз…" Бiр миллион адам осы күнде қашқынға айналды. Әзiрбайжан тоғыз миллион халық деп алатын болсақ, соның бiр миллионы қашып жүр. Тоғыз адамның бiрi – қашқындық жағдайында. Сондай проблемалардың барлығын шешудiң ортақ жолы – диалог болуға тиiстi. Харун мырза айтқандай, адамдардың бәрi ағаш сияқты. Ағаштардың бәрi бiрiксе, үлкен орманға айналады. Ал, алып орман жамандықтан сақтайды" дедi.
Ресейден келген Ростислав Рыбаков мырзаның: "Болашақ" туралы жетпiс жыл айтып келдiк. Ал, "болашақ" бiздiң жанымызда жүрдi. Болашақ – балалар бақшасына барады, мектепке барады, ол – бала, ол – студент. Бiз осыны ұмыттық. Бұрын ылғи да балаға ересек көзбен қарадық, ал ендi, балаға баланың көзiмен қарап көрейiк" деген сөзiнiң де жаны бар. Шын мәнiнде, болашақ дегенiмiз кiм? Ол – бүгiнгi ұрпақ, балабақшадағы сәби, мектептегi оқушы, университетке баратын студент емес пе? Тура бүгiнгi күндi емес, келешектi көбiрек қозғайтынымыз нелiктен?!
Айтпақшы, жиын барысында, Әзiрбайжан жазушысы Анар мырза тарих оқулығына байланысты мәселе қозғады. "Бүгiнгi күнi тарих кiтаптарында көп нәрселер терiс жазылып жүр. Халықтарды бiр-бiрiне айдап салу, соғысқа итермелеу – сол тарих кiтаптарында жатыр. Бiз тарих кiтаптарын қайта жазуымыз керек" дедi.
"ҚАЗАҚТА ҚАНШАМА АБАЙ, ҚАНШАМА МҰХТАР БАР"
Түркi академиясының президентi Шәкiр Ыбыраевтың пiкiрiн бiлгiмiз келiп, "ДА" диалогы туралы сұраған едiк. "Қазiргi техника мен технология дамыған заманда, ақпаратымыз жетiлген уақытта дүниенiң түкпiр-түкпiрiнен бiз қалаған мағлұматымызды ала аламыз. Демек, ғаламшардың кiшiрейгендiгi, барлық адамдардың бiр-бiрiнен хабардар екендiгi арамыздағы қайшылықты жағдайлардың тездеп шешiмiн табуын қажет етедi. Бiз көршiмiздiң ғана емес, алыста отыратын мемлекеттердiң де проблемасынан хабардармыз. Мұндай жағдайда, шешiмiн таппаған қайшылықты мәселелер бұрынғыға қарағанда еселей түседi. Ал, олардың шешу жолдарын бiз әлi толық игере қойған жоқпыз. Ғаламшар атты кiшкентай ортақ үйiмiздегi проблемаларды шешудiң ортақ жолы – диалог. Қазiргi адам баласы дiнiне, тiлiне, саяси құрылымына, әдет-ғұрып, салтына қарамай, бiр-бiрiне түсiнiстiкпен қарауының да бiрден бiр тиiмдi жолы – диалог құру. Диалог – түгел мәселелердi шешiп тастамаса да, адамдардың, мемлекеттiң, түрлi көзқарастардағы топтардың бiрiн-бiрi түсiнуiне, бiрiнiң мәселесiн екiншiсiнiң сезiнуiне жол ашады. Сондықтан да, қандай бiр айырмашылықтарға қарамастан, адамдар келiсiмге келу керек. Тым болмағанда, бiр-бiрiне қару ала жүгiруден сақтануы тиiс. Бұл жолда "Диалог Еуразия" Платформасы" үлкен iс атқаруда. Бүгiнгi конференция қазiр қордаланып қалған мәселелердiң бiрiн шешуге арналды. Әсiресе, жаһандану дәуiрiндегi отбасының ролiнiң тәрбиелiк қауқары, жеке отбасылық мәселелермен, ғаламшарлық проблемалармен бiр-бiрiне тоғысуы туралы келелi ой бөлiсу болды. Өткенiмiз бен бүгiнгi күнiмiздi, жеке мен жалқыны, жеке тұлға мен қоғамдық мәселелердi осындай диалог арқылы бiр қазанға салып, қайнатып отырудың қазiргi этно-саяси, гео шарттарымыз үшiн маңызы айрықша. Сондықтан, бұл кездесу үлкен маңызға ие" дейдi түрколог ғалым.
"Қазақстан-Zaman" ЖШС бас директоры Ахмет Аляз мырзаға конференциядан кейiн, бiрер сауал тастадық.
– Жалпы, екi күнгi басқосуда отбасы туралы мәселелердiң барлығы дерлiк қозғалды деп ойлайсыз ба?
– Адамның ғұмырын үш нәрсе белгiлейдi. Бiрiншiсi – оның дiни наным-сенiмi, екiншiсi – салт-дәстүрi. Үшiншiсi – өмiр сүрiп отырған қоғамындағы ортаға қарай бейiмделуi. Яғни, бүгiнгi тiлмен айтқанда, модернизациялануы. Осы үш нәрсенiң арасында, үлкен кедергi болуы мүмкiн. Мәселен, Алла Тағала адамды жаратты. Адамды жаратқаннан кейiн, оған өмiр сүретiн белгiлерiн бередi. Өйткенi, өзi жаратқан пендесiн өзi жақсы таниды. Бiзге керек деген, бiзге қажет деген отбасы құру, күнделiктi тұрмыс-тiршiлiк болсын, барлығының бiзге нормасын көрсетiп қойған. Осы жерде мен мынаны айтқым келiп отыр. Адам баласы Құдайдан ақылды емес. Ол өзiнiң жаратқан пендесiне тиiстi нәрсесiнiң бәрiн бередi. Бәрiн жасайды, бәрiнiң жолын көрсетедi. Сондықтан, адам Құдайдың берген нәрсесiн, көрсеткен жолын дұрыстап түсiнiп қабылдай бiлуi керек. Өкiнiшке қарай, оның көрсеткен жолын бiз өзiмiз кейде бұрмалап аламыз. Әр елдiң өз салт-дәстүрiмен бұрмалап, соған ыңғайлап айтады. Ал, бiрақ, модернизация бұл мәселеге мүлдем қарсы шығуы мүмкiн. Дiн басқа, салт басқаша айтады, ал, модернизация мұның ешқайсысын қабылдамауы мүмкiн. Бiрақ, адам баласы тек өткенмен, ескiмен ғана өмiр сүре бермейдi ғой. Ол да жаңарғысы келедi, сен айтсаң да, айтпасаң да, өмiрiн жаңартады.
– Сiз айтып отырған модернизацияға өзiнiң салт-дәстүрiмен, дiни наным-сенiмiмен жетуге болмайды деп ойлайсыз ба?
– Оның мүмкiндiгi бар. Мәселен, дiн бiреу ғана. Оны әр ұлт әртүрлi қабылдайды. Мәселен, кейбiреулер әке-шешенiң басына бару, әулиеге табынуға қарсы. Бiрақ, ол ата-баба дегенiңiз, сiздiң өткен тарихыңыз емес пе? Ұлы патшаларымыз, ұлы ғалымдарымызбен кейiнгi ұрпақ арасындағы байланысты олардың атын өшiрмеу арқылы, олардың атын болашақ ұрпаққа жеткiзу арқылы сақтай алмаймыз ба?! Өзiмiздiң түсiнiгiмiздi де сақтай аламыз. Бiр ғана мысал айтайын, қазақта қаншама Абай, қазақта қаншама Мұхтар бар. Нелiктен бiз балаларымызға ұлыларымыздың атын қойдық?! Ата-бабаның рухын ұлықтау, екiншi жағынан, бұл бiздiң тарихымыз. Үшiншi жағынан, бiздi өзге ұлттардан ерекшелейтiн өзгешелiгiмiз де осында.
ТҮЙIН: Мәжiлiстiң соңы жаңа Төраға сайлауға ұласты. Қазақстан ұлттық комитетiнiң жетекшiсi, сенатор Ғарифолла Есiм Украинаның белгiлi қайраткерi Владимир Сергейчукты ұсынатынын мәлiмдеген болатын. Сенатордың ұсынысын академик Ростислав Рыбаков та қолдады. Ұсыныс ашық дауысқа салынып, тек қырымдықтар тарапынан ғана қарсылық болғаны болмаса, басым дауысты иемденген Сергейчук "Да" платформасының төрағасы болып сайланды.
Алматы – Стамбұл – Анталья – Алматы
Гүлзина Бектасова