ҮШЕМДЕРГЕ ҮЙ БЕРУ НЕГЕ ЗАҢДАСТЫРЫЛМАЙДЫ?
ҮШЕМДЕРГЕ ҮЙ БЕРУ НЕГЕ ЗАҢДАСТЫРЫЛМАЙДЫ?
Дүниеге сәби әкелу бақыт. Ал егiз сәби әкелу екiнiң бiрiне бұйыра бермейтiн бақыт. Ал, үшемдердi, төртемдердi босану табиғатта өте сирек кездесетiн құбылыс. 2,5 миллион халқы бар Оңтүстiк Қазақстан облысында төртемдердiң дүние есiгiн ашуы алдыңғы жылдары Мақтарал ауданында тiркелген болатын.
Ал, үшемдердiң туылуы Оңтүстiк өңiрi үшiн оншалықты таңқаларлық жаңалық емес. Ресми мәлiметтер бойынша биыл жыл басынан берi облыста осындай сегiз қуанышты жайт тiркелiптi. Есептеп қарар болсақ, үшемдердiң жарық дүниеге келуi мұнда бiр, бiр жарым айда қайталанып отырады екен. Ал, басқа облыстарда ол шамамен жылына 2-3 реттен, ал халқы аз өңiрлерде 2-3 жылда бiр-ақ рет ұшырасады. Үшемдердiң көптеп келуi Оңтүстiктегi табиғи өсiмнiң жоғары екендiгiн көрсетсе керек. Тiл-аузымыз тасқа дейiк, облыста алтын құрсақты аналар салған сара жолды жалғастырып жатқан келiншектер жетерлiк.
Жуырда облыстық перинаталдық орталықта екi апта iшiнде үшемдердiң дүниеге келуi екi рет кездестi. 17 қарашада Сайрам ауданына қарасты Пахтакор ауылының тұрғыны Нилуфар Сатжанова есiмдi келiншек екi ұл, бiр қыз босанды. Арада он күн салып түркiстандық Дильфуза Мырзашева екi қыз, бiр ұл баланы дүниеге әкелдi. Алғашқы үшемдерге Хасан, Хусан және Зухра, ал кейiнгi үшемдерге Фатима, Зухра, Хусан деген есiмдер берiлдi. Соңғы үшемдердiң шешесi Дильфуза Мырзашева биыл жоғарғы оқу орнының соңғы курсында оқиды екен.
Дүниеге жаңа келген қыз балаларға Фатима, Зухра деген есiмдердiң берiлуi тегiн емес екен. Фатима, Зухра олардың аналарын аман-есен босандырып алуға бар қажыр-қайраттарын жұмсаған перзентханадағы мейiрбикелердiң есiмдерi. Жалпы, Оңтүстiкте дүниеге келген үшемдерге елге танымал азаматтардың есiмдерiн беру үрдiс алған. 2000 жылы Шымкентте туылған үшемдерге мемлекет басшылары Нұрсұлтан, Ислам, Асқар деген есiмдер берiлдi. Сәбилерге сол кездегi облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаев үш бөлмелi пәтердi сыйға тартқан болатын. 2006 жылы жапан далада күйеуi екеуi жалданып мал бағып жүрген Толғанай есiмдi келiншек дүниеге әкелген үшемдерге Нұрсұлтан, Болат және Өмiрзақ (соңғы екi есiм сол кездегi облыс және Шымкент қаласының әкiмдерiнiң есiмдерi) деген ат қойылды. Бұл кiндiгi ендi ғана кесiлген балалардың болашақта ел басқарған үлкен азамат болсын деген ниет шығар. Дегенмен, олардың ата-аналары әкiмдердiң баспаналы болуға бiр жәрдемi тиер деген үмiттерiнiң бар екенiн де жасырмаған болатын. Малшылар ауылында жүрiп осы уақытқа дейiн баспанаға жарымаған, өркениеттiң қызығынан шет қалған отбасы балаларын бағып-қағуға шамалары жоқтығын айтып, өздерiнiң мұң-зарларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы басшыларға жеткiздi де. Қалталы азаматтар қарайласпай қалмады. "Батсу" компаниясының демеушiлiгiмен үшемдерге жаңадан салынып жатқан "Нұрсәт" мөлтекауданынан үш бөлмелi пәтердiң кiлтi табыс етiлдi. Алайда, дүниеге үшем әкелу бақытын иеленген ата-аналардың барлығына бiрдей жаңа баспананың кiлтi бұйырған жоқ. Өйткенi, заң бойынша үшемдерге мемлекет тарапынан жөргекпұл мен бiр жасқа толғанға дейiнгi берiлетiн жәрдемақыдан басқа көмек қаралмаған. Пәтер беру тек қалыптасқан үрдiс қана едi. Бiрақ пәтер бағасының қымбаттығынан болар, кейiнгi жылдары осы үрдiстiң ауылы алыстап бара жатыр.
Осыдан екi жылдай уақыт бұрын Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылының тұрғыны Ардақ Бұқарбаева есiмдi келiншек үшемдердi дүниеге әкелдi. Саят, Самал, Самат есiмдi сол сәбилердiң ата-анасы да үйден үмiттi болған. Бiрақ ол ақталмады.
– Ешқандай көмек алғанымыз жоқ. Бiрақ үшемдер туылған отбасыларға үй берiптi дегендi естимiз. Ағайын-туыс үй алуға әрекет жасап көрiп едi, бiрақ қарайласқан ешкiм болмады… Қайта сыртымыздан "бала туса, өздерi үшiн туды ғой" деген сөздердi естiп қалып жүрмiз. Сондықтан ендi ешкiмге алақан жаймауға бел будым, – дейдi отағасы Дiнмұхаммед. Егер үшемдердiң ата-анасы баспанадан таршылық көрмеген, өз қасықтары өз аузына жететiн отбасы болса мейлi ғой. Жағдайы ауыр, тұрмысы төмендер қайтпек?
Шымкентте былтыр үшемдердiң әкесi атанған Мәдiбек Мамытов осындай жан. Қалада пәтер жалдап тұратын оны Шымкент қалалық әкiмдiгiнiң қызметкерлерi алғашқыда "үй беремiз" деп, емексiтiп қойғанымен, артынан "Шымкентте үшемдер тәрбиеленiп жатқан тоғыз отбасы бар, солардың ешқайсысына пәтер берiлген жоқ, сондықтан уәде ете алмаймыз" деген ресми хатпен жауап берiптi.
Осыдан үш ай бұрын Шымкентте Анель, Жанель және Қанат есiмдi ұл-қыздарды босанған Әлия Әсiлованың жағдайы тiптен ауыр көрiнедi. Мүгедек шешесiмен, аға-жеңгесi және олардың балаларымен екi бөлмелi ескi тұрғын үйде күнелтiп жатқан Әлияның шарасыздығы жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында бiрнеше рет жазылғанымен, әзiрге қайырымды жандар табылмай тұр.
Рас, үшемдерге жергiлiктi әкiмдiк тарапынан отын-суын қамдап беру, азық-түлiкпен қарайласу сияқты жәрдемдер берiлiп тұрады. Бұдан арыға қаржы қарастырылмаған. Сондықтан 2020 жылы Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткiземiз деп, бiлек түрiп отырған кезде тұрмысы төмен отбасыларда туылған үшемдердi баспанамен қамтамасыз ету арнайы заңмен бекiтiлсе нұр үстiне нұр емес пе? Мына заманда үшем түгiлi бiр баланы бағып-қағудың өзi де оңай шаруа емес-ау.
Бақытжан Әбдiрашұлы,