ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКIМЕТ ЖАҢА ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРIН АШТЫ

ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКIМЕТ ЖАҢА ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРIН АШТЫ

ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКIМЕТ ЖАҢА ҚЫЗМЕТ ТҮРЛЕРIН АШТЫ
ашық дереккөзі
199

Әлемдiк ғаламтордың барлық мүмкiндiктерiн кеңiнен пайдалану идеясын Байланыс және ақпарат министрi Асқар Жұмағалиев Парламенттегi "Үкiмет сағатында" ұсынды. Министрдiң айтуынша, желiдегi жұмыстарды қолға алмас бұрын "Электрондық ақша туралы" заң қабылдау қажет. Тек содан кейiн ғана электронды коммерцияны ғаламтор кеңiстiгiнде мейлiнше жетiлдiрiп, ауладан алысқа бармай-ақ сауда жасап, әлемнiң түкпiр-түкпiрiне тапсырыс беруге болады.

Шетелдерде жақсы дамыған интернет-дүкендер елiмiзде ендi ғана бастау алып келедi. Байланыс және ақпарат министрi ғаламтордағы дүкендердiң санын 50 пайызға көбейту, сондай-ақ "Қазпошта" желiсiнiң қызметiн кеңейтудi жоспарға енгiзген.

Сондай-ақ, жаһандық желiдегi қазақ тiлдi мәлiметтердiң аздығы айқын бiлiнедi. Мiне, осы кемшiлiктiң орнын толтыру үшiн ақпараттық энциклопедияларға қазақша мәлiметтер енгiзу қолға алынған. Мәселен, "Яндекс", "Уикипедия" порталдары қоры қазақ тiлiндегi ақпараттармен толықтырылады. Ғаламтордағы қазақ тiлiн дамытудың бiр бағыты осылай жүзеге асса, келесi кезекте мерзiмдi басылым ықпалы қойылған, яғни бұқаралық ақпарат құралдарының сайттары құрылып, бiр жүйеге бiрiктiрiлмек. Осылайша 1000 басылымның сайты енгiзiлген BAQ.kz атты портал-агрегатор жүйесi жасалуда. Ендеше кез келген басылымның таралымына қол жетпесе, оның электронды көшiрмесiн бiр ғана сiлтемемен тауып алуға болады.

Бүгiнде ғаламторды пайдаланатын қазақстандықтар саны анағұрлым артқан дейдi министр. "2010 жылы ғаламторды сапыратын қазақстандықтар саны 3,9 миллиоға артқан. Оның iшiндегi қалалық тұрғындардың саны 25 пайыздан 37 пайызға дейiн артты", – дейдi Асқар Жұмағалиев. Сонау 90 жылдардың соңында санаулы ғана адамдар желi жұмысын бiлсе, бүгiнде онлайн қарым-қатынасты жөн көрген отандастарымыз ғаламторға жиi кiредi. Осы басымдықтарды тиiмдi қолданып, Үкiметтiң 45 онлайн-трансляциясы "Қазақстан" телеарнасы сайты және "Bnews" мемлекеттiк порталы арқылы көрсетiлген. Бұл қатардан 6 телеарна мен 9 радиостанса да қалыс қалмаған көрiнедi. Олардың онлайн нұсқасын жасау өте тиiмдi, себебi әлемнiң кез келген бұрышынан кез келген бағдарламаны қалаған уақытта тыңдауға немесе көруге болады.

Сондай-ақ, "электронды әкiмдiк" бағдарламасы да өте қолайлы қызметтер ұсынуда. Мәселен, Кеңес үкiметi тұсындағы сияқты әкiмшiлiк пен әлеуметтiк нысандардың алдында күнi бойы сарылғанша, қажеттi қызметiңе желi арқылы сұраныс жiберiп, ешбiр кезексiз iс тындыру мүмкiндiгi бар. Сол сияқты 2009 жылдан берi "Электрондық үкiмет" порталы арқылы 59 қызмет түрi көрсетiлсе, бұдан былай қосымша 15 қызмет қосылып отыр. "Жаңа қызмет қатарында жол қозғалысы ережесiн бұзғаны үшiн салынған айыппұлды төлеудi, некенi тiркеуге өтiнiш берудi, баланы балабақшаға кезекке тұрғызуды және басқаларын атап өткiм келедi. Осылайша бiз жаңа 2011 жылы 15 электронды қызметтi, 2012 жылы – 100-ден астам қызметтi iске қосуды, ал 2015 жылға қарай бұл көрсеткiштi 150-ден асыруды жоспарлап отырмыз", – дедi А.Жұмағалиев.

"Жыл басында "Электрондық үкiмет" порталы арқылы небары 18 979 электрондық анықтама қағаз берiлген болса, онда қазiргi кезде 1 миллион 320 мыңнан астам анықтама қағаз табысталды. Яғни ай сайын 200 мыңнан астам анықтама қағаз берiледi", – дедi ол. Осы екпiнмен жыл соңына дейiн 20 мемлекеттiк органның 700-ге жуық электрондық лицензиясы болады.

Ал шалғайдағы елдiмекендердi ғаламторға бiртабан жақындастыру өте орынды әрекет. Оның үстiне ауылдарға жаңа телеарналарды қосу да қаралып жатқан көрiнедi. Бұл аудандардың алыс аймақтарындағы ауылдарына дейiн таралады деп уәде бердi министр. Сонымен қатар интернеттi дамытуға арналған бағдарлама бойынша BLL, SDMA-450 жүйелi технологияларын көбейту қарастырылып жатыр. Келесi жылы бұл технология Қостанай облысында жүзеге асырылса, 2011-2012 жылдары республиканың барлық аймақтарына тегiс орнатылатын болады. Осылайша ауыл тұрғындарына да ғаламтор желiсi қолжетiмдi болмақ.

Ал "Үкiмет сағаты" соңында студенттер қауымының бiлiм алу мүмкiндiктерiн жақсартуға бағытталған жобаның қаралып жатқандығы айтылды. Осы мақсатта жоғарғы оқу орындары жанынан оқу-технологиялық зертхана-лабораториялар ашу жоспарда бар. Себебi студенттер нақты өндiрiстiк тәжiрибеден өтуi аса маңызды. Студенттердiң желiнi кеңiнен пайдалануы үшiн "Алатау" технопаркiн дамыту тұжырымдамасы бойынша "егiс қорлары" ашылады. Оған сәйкес студенттердiң жобалары қаржыландырылып, "старт-ап" жобасы бойынша нарыққа шығуына жәрдемдеседi.

Электрондық үкiметтiң электрондық ақша арқылы жұмыс жасау принципi жуық арада қолжетiмдi болмақшы. Ал алыс аймақтар мен әкiмдiк қызметiн желiге қосу қоғамда үнемдеуге қол жетiкiзп, сыбайлас жемқорлықтың бетiн қайтарған болар едi.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары