ЖӨРГЕКПҰЛДЫҢ ӨСУI – ДЕМОГРАФИЯНЫ ЖАНДАНДЫРСА ИГI
ЖӨРГЕКПҰЛДЫҢ ӨСУI – ДЕМОГРАФИЯНЫ ЖАНДАНДЫРСА ИГI
Қазақстанның ұлттық саясатының басым бағыттарының бiрi – халық санын көбейту. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Президентiнiң жыл сайынғы халыққа дәстүрлi Жолдауында үнемi назарда ұсталып келедi. Мәселен, 2004 жылғы Жолдауында Елбасы "2015 жылы халқымыздың саны жиырма миллионға жетуi тиiс…" деген едi. Ал, биылғы Жолдауында: "Алда тұрған онжылдықтың аса маңызды мiндетi – Қазақстанның барлық азаматтарының өмiр сапасы мен деңгейiн жақсарту, әлеуметтiк тұрақтылық пен қорғалуды нығайту. Ел халқы санының 2020 жылы 10%-ға өсуi үшiн мемлекет барлық қажеттi жағдайларды жасайтын болады" делiнген.
Сарапшылар 2015 жылы Қазақстан халқы санының 20 миллионға жетуi мүмкiн емес екендiгiн сол кезде-ақ айтып, дабыл қаққан едi. Бәлкiм, қазiргi болжамдардың ықпалы ма екен, биылғы Жолдауында 2020 жылға дейiн халық санын 10 пайызға арттыру қажеттiгi айтылып отыр. Яғни, былтырғы санақ қорытындысы бойынша 16 миллионнан сәл асқан Қазақстан халқы ендi он жыл iшiнде 2 миллионға жуық артуы тиiс. Бұның мүмкiндiктерi қандай?
Былтырғы халық санағының қорытындылары жайлы дау-дамайға әлi нүкте қойылған жоқ. Санақ қорытындыларына қатысты ақпараттар әр мезетте әртүрлi құбылып отыр. 2009 жылы жалпыұлттық халық санағы аяқталысымен, елдегi байырғы ұлт – қазақтардың саны елдегi халықтың 67 пайызын құрайды деп бөркiмiздi аспанға аттық. Бiрақ, көп өтпей-ақ, санақтың өзiн саясатқа айналдырған бiздiң ресми билiк өкiлдерi санақшыларымыздың қателескенiн мәлiмдеп, қазақтардың үлес салмағы – 63 пайызға төмендегенiн жеткiздi. Статистика агенттiгi жақында "2009 жылы. Қазақстан Республикасы халық санағы. Қысқаша қорытындылар" статистикалық жинағының презентациясын жасады. Бұл жинақтағы кейбiр мәлiметтер де бұған дейiнгi ұсынылған мәлiметтермен сәйкесе бермейдi.
Бiрақ, бiздi бәрiнен бұрын халықтың саны және нақты мәлiметтер алаңдатады. Ендi, құдай жеткiзсе, он жылдан кейiн тағы да халық санағы жүргiзiлетiн болады. Осы кезде Қазақстан халқының саны қанша пайызға көбеюi мүмкiн? Бұл жайындағы алғашқы болжам биылғы Елбасының дәстүрлi халыққа Жолдауында көрiнiс тапқан. 2020 жылы халық санын 10 пайызға арттыру керектiгi айтылады онда. Демек, алдағы он жылда екi миллионға жуық артуымыз керек.
Әрине, ең әуелi иек артатынымыз табиғи өсiм. Демограф ғалымдар Қазақстан халқының табиғи өсiмi жылдан жылға артып келе жатқанын айтады. Былтырғы санақ қорытындысы бойынша, Қазақстан халқының орташа жасы 32 болған. Демек, Қазақстан халқы жас мемлекеттердiң қатарында. Бiрақ, бұл арқаны кеңге жаюға мүмкiндiк бере қоймас. Сондықтан, етек-жеңiмiздi жиып, демографиялық саясатты мықтап қолға алатын кезең туды. Әрине, жаңа туған сәбилерге төленетiн жөргекпұл жыл өткен сайын өсiп келедi. Бiрақ, бұл демографиямыздың оңалуына қаншалықты әсер етедi? Бiр жолғы жәрдемақы мен бала бiр жасқа толғанға дейiнгi төленетiн әлеуметтiк төлемдер бұған дейiн қордаланып қалған проблемалардың шешiлуiне мұрындық болмасы анық. Табиғи өсiм өнiм берсiн десек, Ресейдегi секiлдi ынталандыру шараларын қолға алу қажет секiлдi. Мәселен, Ресейде осыдан 5-6 жыл бұрын "Ана капиталы" жобасы дүниеге келгенi мәлiм. Бұл жоба бойынша, әрбiр екiншi баласын дүниеге әкелген ресейлiк ананың есепшотына 10 мың АҚШ доллары аударылып, бала үш жасқа жеткеннен кейiн ата-ана оған басыбайлы ие бола алатын едi. Ал, 30 қарашада Ресей халқына дәстүрлi жолдауын жасаған РФ президентi Дмитрий Медведев ендi әрбiр үшiншi баласын дүниеге әкелген ресейлiк отбасына жер телiмiн беру туралы мәлiмдеме жасады:
– Үкiметке аймақтармен бiрге үш және одан да көп балалы отбасыларға үй немесе саяжай тұрғызу үшiн тегiн жер телiмдерiн беру мүмкiндiктерiн қарастыруды тапсырамын. Менiңше, көп балалы отбасыларға мейлiнше жақсы жағдай жасалуы керек. Үш және одан да көп балалы отбасыларға қосымша салықтық жеңiлдiктер жасалуы тиiс, – делiнген онда.
Егер, көп балалы отбасыларға осындай жеңiлдiктер қарастырылатын болса, Қазақстан экономикасы бұған дайын деп сенiмдi түрде айтуға болады. Әсiресе, көп балалы отбасылардың баспана мәселесiн шешудi мақсат еткен жөн секiлдi. Көбiне жас отбасылар бiр-екi баладан кейiн, баспана қиындығынан үшiншi, төртiншi баласын дүниеге әкелуден жүрексiнедi. Егер, олар әрбiр баланың өмiрге келуi олардың әлеуметтiк мәселелерiн шешуге көмектесетiнiн бiлсе, бұл iске бел шешiп кiрiсерi анық. Онда жылдық табиғи өсiм жылдағыдай 200-300 мыңның айналасында емес, 500 мыңға дейiн жетуi ғажап емес. Бұл тек болжам ғана. Алайда, Ресейдегi "Ана капиталы" жобасынан кейiн демографияда әжептәуiр өзгерiстер болғаны мәлiм болып отыр.
1991 жылы Моңғолиядан басталған көш жиырма жылға жетпей сап тиылды. Осы уақыт аралығында этникалық қазақтар көшi есебiнен қазақтың саны миллионға артты. Соның арқасында, байырғы ұлттың үлес салмағы 39 пайыздан 63 пайызға көтерiлдi. Бiрақ, соңғы жылдардағы саяси-әкiмшiлiк өзгерiстер қазақ көшiнiң қарқын алуы үшiн емес, оның тоқырауы үшiн жұмыс iстеген секiлдi. Соңғы жылдары мемлекеттiк көшi-қон квотасының 20 мың отбасына жеткенiне қарамастан, көшiп келушiлердiң легi тым азайып кеттi. Әсiресе, қазақ диаспорасының iрi шоғыры орналасқан Өзбекстан мен Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуы тым қиынға айналды. Соңғы бiрнеше жыл көлемiнде Қытайдан қоныс аударғысы келетiн қазақтар Қазақстан тарапынан түрлi кедергiлерге тап болып отыр. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы шекараның жабылуы да көшi-қонның тоқырауына әкеп соқты. Демек, шеттегi демографиялық қорымыз да демографиямызды сергiтуге көмек бола алмайтындай дәрежеде. Ендеше, Елбасы Жолдауындағы басым бағыттардың бiрi – халық санын өсiру мәселесiне Үкiмет жан-жақты назар аударатын кез жеткен секiлдi.
Есенгүл Кәпқызы,
Әсет Тұрдығұлов, Қазақстан гуманитарлық саяси коньюнктура
орталығының бас сарапшысы