АЗИЯҒА ЕСIК АШҚАН ҚАЛАМГЕР

АЗИЯҒА ЕСIК АШҚАН ҚАЛАМГЕР

АЗИЯҒА ЕСIК АШҚАН ҚАЛАМГЕР
ашық дереккөзі
235

Мұхтар Әуезовтың шәкiртi, қазақтың бiртуар ұлы Әнуар Әлiмжановтың туғанына биыл 80 жыл толып отыр. Мерейтойлық жасқа келген Әнекеңнiң қазақ журналистикасына сiңiрген еңбегiн зор мақтанышпен айтуға болады. Солардың бiрегейi – Республикалар кеңесiнiң Төрағасы болған Әнуардың Кеңес үкiметiнiң ыдырауына қол қойғанын екiнiң бiрi бiле бермейдi. Ал жатаған журналистиканы ысырып тастап, жаңа леп, жаңа екпiнмен әдеби ортаға араласуы оның қаламынан тың тақырыптар туғызды. Жазушының 80 жылдық мерейтойы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында жора-жолдастары мен әрiптестерiнiң басқосуымен еске алу кешiмен басталды.

"Табиғатынан талантты, Сарқанд ауданының тумасы Әнекең туған ауылы Қарлығашты аузынан тастамайтын" деп еске алды Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин. Жазушылық болмыс-бiтiмi өзгеше Әнуар Әлiмжанов әдебиет айдынында өзiндiк iзiн қалдырып кеттi. "Белый друг, желтый друг, черный друг", "Когда встречаются друзья", "Вечные корни" еңбектерi оқырман қауымның көңiлiн баурап алғанын жазушы әрiптестерi де мойындаған едi. Ал Әбу Насыр әл-Фарабиды қазаққа танытқан "Ұстаздың оралуы" жеке дара асу. Қазақ әдебиетiнiң алыбы Мұхтар Әуезовтың "Егер I Петр Еуропаға терезе ашқан болса, Әнуар Азияға айқара ашты" дегенi бар. Шәкiртiне мейiрi түскен ұлы ұстазды КГБ құрығынан құтқарған да Әнекең болатын.

"Оның Азия, Еуропа, Африка, Америкаға танымал тұлға болуы оның бейбiтшiлiк пен халықтар достығын қолдаған қайраткерлiгiнен" дейдi кеште баяндама жасаған Ахат Жақсыбаев. Әнуар Әлiмжановпен қызметтес болған жазушы оның атом-ядролық сынақтарға байланысты 1989 жылы Семейде өткен дүниежүзiлiк ғылыми конференцияда, ал 1990 жылы Англияның ядролық қарусыздану жөнiндегi Ұлттық комитетiнiң жыл сайынғы мәжiлiсiнде және Ұлыбритания парламентiнiң Қауымдар палатасында сынақтарды тоқтату қажеттiгi туралы сөз бастаған едi дейдi.

Ал журналистикаға тың тақырып әкелген Әнекең қазақ және орыс газеттерiн ұршықша иiрдi десек болады. Педагогикалық училищенi орысша бiтiрген түлектiң болашақта орыс тiлдi басылым беттерiндегi мақалаларының тiл байлығы мен сөз қолданысы қазақты былай қойғанда, орыстың өзiн таңқалдырғаны жасырын емес. "Литературная газетаның" Қазақстандағы тұңғыш меншiктi тiлшiсi, кейiннен "Ленинская смена" газетi бас редакторының орынбасары, "Правда" газетiнiң Қазақстан және Қырғызстан бойынша тiлшiсi, "Қазақ әдебиетi" газетiнiң бас редакторлығы қызметiн атқарды. "Ойы өткiр журналистiң мерзiмдi баспасөз беттерiндегi көлемдi мақалалары мен очерктерi "Әлiмжанов жазды" дегiзген" дейдi Ахат Жақсыбаев. Сондай еңбектерiнiң бiрi – "Мұқағали құрдасқа" арналып жазылды. Бұрындары қазақ тiлiнде жазбаған, кiтап оқымаған ол "Қазақ әдебиетiнiң" бас редакторы болған қысқа уақыт iшiнде газеттi өзi оқып, тексерiп, мақалаларды қарауға тез ысылып алды.

Ал басшылық бiлiктiлiгi өз алдына бiр белес. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бiрiншi хатшысы болғанда одақта бүгiнге дейiн сақталған еңбектер жасады. Мәселен, Азия және Африка елдерi жазушыларының басқосуын Алматыда ұйымдастырған да осы Әнекең. Бұның алдындағы конференциясы Ташкентте өтсе керек, Мұхтар Әуезов сонда "шiркiн, осыны Алматыда өткiзер ме едi" деген арманын өсиетке айналдырған Әнуар 1973 жылы 200 жазушының басын қосқан конференция өткiзедi. Алматыда бiр аптаға созылған жиынға Азия, Африка елдерiнен тыс, Еуропадан да қаламгерлер ат басын бұрды. "Осы кезде тұрғызылған ғимараттар бүгiнде одақ меншiгiне өткiзiлдi" дейдi Ахат Жақсыбаев.

А. БЕЙIМБЕТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары