«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»

«КАЗАХСКОЕ ДЕЛО»
ашық дереккөзі
314

28. Әбдiғали ӘБДIМАНАПОВ

Зияда Төкенқызы қала прокуроры Шуткинге қайта-қайта шағымданып жүрiп, Әбдiғали Әбдiманаповпен МҚК-ның тергеу абақтысында кездесуге мүмкiндiк алды. Олар бiр жақ қабырғасы күңгiрт әйнекпен жабылған бөлмедегi шағын стол басында қарама-қарсы отырып жүздестi. "Ат арыса – тулақ, ер арыса – аруақ". Ол Әбдiғалидың түрiнен шошыды. Жақ етi суалып, әбден жүдеп жадаған. Шүңет тартқан көздерi баяғыдай ұшқын шашып тұрған жоқ. Ауа жетпегендей демiгiп, күрк-күрк жөтеледi. Зияданың аяныштан жанарына жас толып, бет орамалымен сүрттi. Кездесуге берген бiр тұтам уақыт құм сағаттай сусып барады. Әбдiғали анасының, балаларының хал-жағдайын сұрады. Зияда бәрiнiң есендiгiн, тек көңiл-күйлерiнiң жоқтығын, үмiтпен ғана өмiр сүрiп жатқандарын, ұл-қыздарының сағынышын жеткiздi.

Әбдiғалидың салы суға кеткендей ұнжырғасы түсiп кеттi.

– Қайран, шешем!.. Жүрегiң неткен сезiмтал едi?! Жазған басым-ай, сонда өзiңе құлақ ассамшы. Ендi мiне, өкiнiштен бармағымды шайнап отырғаным мынау.

– Әбдiғали, ауырып қалғансың ба? Неге сонша жүдеусiң? Құраловтан бiрнеше рет ет-шұжық берiп жiберiп едiм ғой.

Ол ондай тамақты бiр-ақ рет алғанын, оның да бiраз желiнгенiн, өзi болмашысын ғана талғажау еткенiн айтты. Кейiнгi кезде абақтының сорпа суына ақыл-естен алжастырып, шындықтан тайдыратын қоспа қосып беретiн болған соң, тек қара нанды талғажау етiп жүргенiн жеткiздi.

– Әбдiғали, бұл не жағдай? Мыналар менен қайта-қайта жауап алып, күйеуiң Тәжiбаевтан алған параны Мамыровқа берген. Өз үлесiн де алған. Соны мойындамай отыр деп құлағымның құрт етiн жеп жүр. Мен айлығыңнан бөлек ақшаңды көрген емеспiн. Әлде, солар айтпақшы институтта менен басқа қимасың бар ма?

– Зияда, төрт балам мен анамның атынан ант етемiн. Мен ондай былыққа ешқашан да барған емеспiн. Ай сайын сенiң қолыңа салып жүргенiм табан ақы, маңдай терiммен тапқан адал ақшам. Мен ешкiмнен пара алғаным жоқ. Ешкiмге пара бергенiм жоқ. Қиғаш жүрiсiм де болған емес. Сенiң алдыңда арым таза.

Кезекшi кездесу уақытының бiткенiн ескерттi.

– Әбдiғали, сен сотта ақталып, баяғыдай қоңырқай тiршiлiгiмiзге оралар күн туар ма екен? – Зияданың ет-жүрегi езiлiп, қимай қоштасты.

* * *

Қазақ ССР Жоғары және арнаулы орта бiлiм министрi Көпжасар Нәрiбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Қомитетiнiң Бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаевтың қабылдауында болды. Ол соңғы уақытта "Правда" мен "Известия" газеттерiнде жарияланған сынның бәрi жала екенiн, "процент қуушылық" мәселесiнiң ақиқаттан мүлдем алыстығын, қолындағы құжаттармен дәлелдеп шықты.

"… Осы кездесуде Димекең шешiлiп өте көп әңгiме айтты. Орталық газеттерде бiрiнен соң бiрi бұрқырап шығып жатқан жалалы мақалалар жөнiнде пiкiрiмдi сұрады. Мен олардың артында кiмдер тұрғанын, ұйымдастырушылар мен орындаушылар кiмдер екенiн айттым. Республика зиялы қауымының, бетке ұстар азаматтардың, ғалымдардың қуғын-сүргiнге ұшырап жатқанынан қинала отырып хабардар еттiм. Бiр кезде сөз арасында Әбдiғали Әбдiманаповтың аты аталды.

– Сен, бұл жiгiттi жақсы бiлесiң бе? Әлгi генерал Әбдiманап Тiлеулиевтiң баласы емес пе? – деп сұрады Димекең.

– Жоқ, Димеке, ол кiсiнiң баласы емес. Әбдiғали менiң шәкiртiм. Өте талантты ғалым. Бiлiктi ұстаз. Адал, таза адам,– дедiм.

– Тағы бiр жазықсыз адам жапа шектi десеңшi, – деп күрсiндi Димекең. – Шамаң келсе соларға жәрдем бер.

– Димеке-ау, сiз айтсаңыз болмай ма? – деппiн мен.

Қайдан бiлейiн, ол кезде Мәскеу Димекеңнiң аяқ-қолын жiпсiз байлап қойған екен ғой. Бұл Желтоқсан оқиғасынан бiр апта бұрын болған едi.

(К.Нәрiбаев. "Көзден кетсе де көңiлден кетпейдi" Естелiктер. Алматы, 2008 жыл).

Құралов Зияданы жауап алуға тағы шақырды. Өңi сұп-сұр. Ашу қысып, түтiгiп кеткен.

– Сендердiң кiмге сенiп жүргендерiң бiзге белгiлi. Кеше солардың бiрi Қонаевқа барыпты. Ал содан не шығардыңдар? Ештеңе! Күйеуiңдi тек мойындау ғана түрмеден құтқара алады. Соны түсiнетiн уақыттарың болды ғой.

– Ол кiсiге кiм барғанын бiлмеймiн. Өз басым бұл хабарды мына сiзден қазiр естiп отырмын. Ол кiм болса да үлкен кiсiге Әбдiғалидың жазықсыз жапа шегiп жатқанын айтуға барған шығар. Шындық iздегендер сол кiсiге бармағанда, басқа кiмге барады? Бауыздар кезде қой екеш қой да тұяқ серiппей ме?

Әбдiманаповтан тергеу бригадасы толық құрамында кезектi жауап алды. Шалкенов, Құралов, Вотинов, Айтқұлов және Аристов ортаға алып, сұрақты қарша боратты. Жемтiгiн көрген қасқырлардай талап-ақ жатыр. Ойландыруға мұрша бермей жан-жағынан анталап: "Мойында!", "Хаттамаға қолыңды қой!" деп, ақырып-жекiрiп, жүндей түтiп, жанын жеп барады. Бiрiнiң сұрағын тойтарса, iле екiншiсi шап беруде. Жауабынан жаңылдырып-ақ бағуда. Ол сонда да бұрынғы ақиқат жауабынан танбады.

Құралов мұрнын тыржитып, жирене қарады.

– Әбдiманапов, бiз саған өз басыңды сақтап қалуға жеткiлiктi уақыт бердiк. Бiрақ, сен "Ар-намысым қымбат" деп қасарысып, айтқанға көнбедiң. Ендi сенде сол ар-намыс қалды ма? – Ол пәпкiсiн ашып, "Казахстанская правда" газетiнiң сол күнi жарық көрген жаңа санын алдына тастады.

Газеттiң iшкi бетiне "Известияның" арнаулы тiлшiсi Вячеслав Щепоткиннiң "Шырмауық" атты сын-сараптама мақаласын көшiрiп басқан екен.

– Ендi ақталып көр. – Вотинов мырс еттi. Олар табалағандай мысқылдап, тергеу бөлмесiнен шығуға бет алды.

Ол мақалаға көз жүгiрттi.

Мақала 1987 жылдың 24 январында жарияланған екен. Сараптаманың бел ортасында өзi туралы жазылыпты.

"…Бiр-бiрiмен өзара жақын туыстар болып келетiн екi ректор Р.Әмiров пен Н.Мамыровтың үстiнен түскен шағымдар да толастар емес. Бұлардың бiрiншiсi Алматы шетел тiлдерi педагокика институтын, екiншiсi – Халық шаруашылығы институтын басқарады. Екi институттың екеуiнде де жағдай жақсы емес. Халық шаруашылығы институтында, мысалы жуырда ғана пара алғаны үшiн факультет деканы Ә.Әбдiманапов сотталды. Ал мұнда парақорлық "үдемелi" бағытпен етек ала түсуде. Бұл да кездейсоқтық па? Жоқ, жоғарыда айтқандардың салдары. Тамыр-таныстық арқауы барған сайын жаңа қабаттарға тамыр жайып, жаңа адамдарды шырмауына алуда".

– Жала! Сандырақ! – Әбдiманаповтың жан дауысы шығып, газеттi лақтырып жiбердi. – Сендер менi бүкiл елге қарабет қылып сағымды сындырайын деген екенсiңдер. Жоқ, оларың бола қоймас! – Жүрегi шым етiп, көз алды бұлдырап кете барды. Мұрынына келген ащы иiстен есiн жидi. Ақ халат киген әйел денесiне бiрнеше рет ине шаншып, дәрi жiбердi. Ол жүрек талмасын алғанын, өзiн күтпесе жағдайының қиындай түсетiнiн ескерттi.

Тергеушiлер оны он күн бойына шақыртқан жоқ.

* * *

Сағат Әшiмбаев әдеттегiдей қызметтен түн ортасында оралды. Сол күнi көрермендер асыға күтетiн "Парыз бен қарыздың" кезектi көрсетiлiмiн тiкелей эфирге шығарған. Әйелiне көңiлсiз үн қатты.

– Шәрбану, ертең Әбдiғали ағаның соты басталады екен. Мына сергелдең уақытта менiң қолым босар емес. Өзiң жанашыр келiнi ретiнде бастан-аяқ қатысарсың.

Шәрбану стол үстiндегi газеттердi жинастырды.

– Сот әдiл шешiм шығарып, ағай отбасына аман-есен оралса екен.

Сағат басын шайқады.

– Әй, қайдам, Колбин мен Меңдiбаевтың қырына iлiгiп тұр ғой. Үмiттен гөрi күдiк басым ба деп қорқамын. Абақтының азабын тартты-ау ағам. Ендi түрменiң тозағын тартпаса игi едi.

Әшiмбаевтың пәтерiне Зияда күнара түнделетiп келiп, кеңесiп тұрды. Бiрер күн бұрын енесi Әтиманның атынан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне жазылған шағым хатын Сағатқа әкеп берген едi. Ол сол хатты Орталық Комитеттiң заң бөлiмiнiң меңгерушiсiне тапсырып, Лев деген қызметкерi арқылы қалалық прокуратурадан Әбдiманаповтың iсiн алдыртып, екi сағат бойына қарап шықты. Үш томдық iстiң бiрнеше беттерiнен тергеушiлердiң болмаған жайды болдыға келтiрiп, ойша құрастырған жерлерiн қағазға жазып, адвокат арқылы Әбдiғалиға жеткiзудi, Зияда жеңгесiне тапсырған.

Оларға адвокат табу оңай болған жоқ. Бiлiктi деген қазақ адвокаттар iстегi "Әбдiманапов ұлтшыл", "Әбдiманапов желтоқсан оқиғасын ұйымдастыруға ұйытқы болған" деген тергеушiлердiң анықтамасын оқып, ат-тондарын ала қашқан. Уақыт болса қысып барады. Амал жоқ, басқа ұлт өкiлдерiнен iздеуге тура келдi. Адвокаттар Давыдов пен Зоя Федоровна iстi қолға алуға жүрексiнiп барып келiстi-ау, әйтеуiр. Оларға кейiндеу тағы бiр қорғаушы қосылды.

Алатау аудандық халық соты Әбдiғали Әбдiманаповтың iсiн 1987 жылы июнь айының соңғы күндерi қарауды бастады. Алғашқы күнi Әбдiманаповты екi солдат залға алып келдi. Ол кеудесiн тiк ұстап, залда отырған жанашыр ағайындарына көкшiл көздерiнен от шаша жымиып амандасты. Алты айдан асқан алдын ала тергеуде қаншама азапты күндердi басынан кешсе де рухы түсiп, сағы сынбағаны көрiнiп тұр.

Сот төрағасы Ландаудың сұрақтарына тiке қарап жауап бердi. Сол күнi шақырылған куәгерлер Азбаева, Рахимов, Абитова, Орлова ертеңiне жауап бергендер Солтанаева, Баймұхамбетова, Шойынбеков, ал үшiншi күнгi iс қараудағы куәгерлер Жақыпбаев, Нүсiпәлиев, Ысқақов, содан кейiнгi күндерi сот төрағасының сұрақтарына жауап берген Ноғайбаева, Жаңабаев, Сейдахметов алдын ала жауап алу кезiнде тергеушiлерден көрген қорлығын, тiптен айтқандарына көндiру үшiн күш қолданғандарын, қорқытып күнi бұрын дайындалған жалалы хаттамаларға зорлықпен қол қойдырғандарын бүгiп қалған жоқ. Тiптен, куәгер Рахимов тергеушiлер ұрып-сабаған кезде жыртылып, қанға боялған көйлегiн көрсетiп, дауыстап айтып жатқанда, төраға Ландау оны тәртiп бұздың деп, солдаттарға залдан шығарып жiберудi бұйырған. Ол қорғаушылар сөйлеп жатқанда жорта оң жақ, сол жағында отырған заседательдерге бұрыла қарап, әлденелердi күбiрлеп жатты.

Ландау 1987 жылдың 10 июнь күнi үкiм шығарды. Әбдiғали Әбдiманаповты айыпты деп тауып, Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 143 баппен 3 жылға, 146 баптың 2 тармағымен 9 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң ережедегi еңбекпен түзету колониясында өтеуге шешiм шығарды.

Сот төрағасы үкiмiн оқып болысымен Әбдiманаповтың ашынған ызалы үнi тым ащы естiлдi.

– Әй, Ландау, сен қандай сот төрағасысың?! Жалпы, сен кiмсiң өзi?! Сенiң мына шығарған үкiмiң жаланы қолдау. Ерте ме, кеш пе бәрiбiр әдiлет орнайды. Сенде адами қасиет бар ма, жоқ па? Куәгерлер менiң ешкiмнен пара алмағанымды және ешкiмге пара бермегенiмдi, тергеушiлердiң Тәжiбаев пен Қожанованың айдауымен жүрiп, маған жала жапқандарын дәлелдедi ғой. Неге олардың сөзiне құлақ аспадың? Анау Құралов пен Вотинов сияқты тергеушiлерiңе Тәжiбаевтан алған параны Мамыровқа бердiм десем, онда мен баяғыда-ақ үйде отырады екенмiн. Сенiңше, мен солай деп айтуым керек па едi? Мен ондай лас iстi жасамасам, қалай солай деп айтуға аузым барады? Мен ондай харам ақшаны көргенiм жоқ. Ол ақшаның Тәжiбаевтың қалтасында қалғанына осы iстi қарау барысында өзiңнiң де көзiң жеттi ғой. Сенiң мына арсыз үкiмiңе бас иетiн мен емес. Сен көмген шындықты мен әлi ашамын, күресемiн.

Ландау сүрiнiп-қабынып залдан тезiрек шығып кетуге асықты.

Бiр аптадан соң, Әбдiманаповты Павлодар қаласындағы "АП 162/2" қатаң ережедегi колонияға этаппен аттандырды.

Адвокат Давыдов соттың Меңдiбаев пен Колбиннiң ықпалынан шыға алмағанын, ендi әдiлдiктi Мәскеуден iздеу керектiгiн ұсынды.

* * *

Колонияда жазасын өтеушiлер жұмысшы қолғабы мен жұмыс киiмдерiн тiгедi. Әбдiманаповты түрме басшылары есепшi етiп тағайындады. Аз уақыттың iшiнде оны өзiндей жандар жақсы көрiп кеттi. Ол тағдырластарының шағым-арыздарын жазып берiп жүрдi. Өзi де Алматы қаласы, Алатау аудандық халық сотының үкiмiмен келiспейтiнiн шағым хатына түсiрiп, Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Төрағасына жолдаған. Сондай-ақ, "Известия" газетiне де шағым хат жiберiп, соттан бұрын айыптап жазылған Щепоткиннiң "Шырмауық" атты мақаласын өз iсiнен нақты мысалдар келтiре отырып, жоққа шығарды.

Әбдiманаповтың Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Төрағасына жазған шағымынан үзiндi.

"…Маған тағылған айып, содан соң кесiлген үкiм Тәжiбаевтың "Бұл ақшаны Қожанованың қолынан алып, Әбдiманапов арқылы Мамыровқа бердiм", – деген жалған әрi жалаң арызына негiзделген. Тәжiбаевтың осы сөзi үшiн менi 9 жылға бас бостандығымнан айырды. Алдын ала тағылған айыпты және Алатау аудандық халық сотының үкiмiн мен мынандай дәлелдер бойынша жоққа шығарамын.

1. Тәжiбаев пен оның жақын туысы Қожановамен ара қатынасым жақсы болмады. Олармен жаман қарым-қатынасымның орын алуына себепшi болған Қожанованың жиен студентi Бермағамбетова. Мен оны 1982 жылы мартта институттан шығардым. Сондай-ақ, 1986 жылы сентябрьде Тәжiбаевтың екi жиен студенттерi Тутаева мен Бөлекбаеваны оқудан шығаруға дайындадым. 1984 жылы октябрьде-ақ Тәжiбаев маған келiп, бiрiншi курста оқитын Тутаеваны өз қамқорлығыма алуды өтiнген. Оны маған жиенiм деп таныстырды. Алайда Тәжiбаев пен Қожанова менiң оларды үлгерiмi өте төмен болғандықтан оқудан шығаратыныма көздерi жеткен соң, оның үстiне сол студенттердiң ата-аналарының кезектi айқайынан қорқып, 1986 жылы май айынан берi өзiне мүдделестердiң басын қосып, үстiмнен арыздар ұйымдастыра бастады. Солай маған жалған айыптар таңып, қылмыстық iс қозғатты. Тергеу Тәжiбаев пен Қожанованың ықпалымен жүрiп, ал халық соты алдын ала ойластырылған үкiм шығарды.

2. Үкiмде Тәжiбаев 1984 жылы 20 июльде, өз үйiнде Қожановамен бiрге Тутаеваның оқуға түсуi мен ата-анасынан ақша алу жағын қарастырған. (Ол 3,5 мың сом аздық ететiнiн 4 мың сом жеткiлiктi екенiн ашып айтқан. 1том, 237 бет). Сол бойынша Мамыровқа жолығып, Тутаеваның мәселесiн шешiптi-мiс. Мамыров менi шақырып алып, Тутаеваның фамилиясын "жеңiлдiк" тiзiмiне қосуды бұйырған көрiнедi. Ал мен бұл уақытта 30 июльге дейiн еңбек демалысында болдым. Жолдамамен Бұқтырма су қоймасының "Шағала" пансионатында демалып жатқанмын. Алайда, бұл фактiнi ешкiм анықтап, тексерiп жатпады. Ал мұны анықтағанда Тәжiбаевтың көрсетулерi негiзсiз екенi ашылар едi.

3. Тутаева төрт емтихан тапсырды. Бiрiншiсi, математика. Тәжiбаевтың көрсетуi бойынша 4.08.84. Тутаева математикадан емтихан тапсырып болған соң мен Тәжiбаевтың кабинетiне барып, Мамыровтың атынан ақшаны талап етiппiн. Ал ол Қожанованы шақыратынын айтқан. (үкiмнен) Келесi күнi мен сол ақшаны алыппын да Мамыровқа берiппiн. Мен мұны мүлдем жоққа шығарамын. Ешкiмнен ешқандай да ақша алғаным жоқ және ешкiмге ешқандай ақша бергенiм жоқ. Осы жағдайда Тәжiбаев жеткiлiктi уақыты бола тұра сондай адал болса менi не Мамыровты неге ұстатып жiбермедi? Сондай-ақ, ол ақшаны жақын туысы Қожанованың көзiнше маған неге бермеген? Өмiр бойы құқық қорғау саласында iстеп келе жатқан заңгер сол 1984 жылы арызданбағаны қалай? Сонда қайда арыздану керек екенiн бiлмегенi ме? Ол кадр бөлiмiнiң бастығы ретiнде менсiз-ақ Мамыровтың кабинетiне өзi еркiн кiрiп жүрiп, ақшаны неге өзi бермеген? Мен тағы айтамын, 1984 жылдың 30 июльiне дейiн еңбек демалысында болдым.

Менi 4.08.84. жылы математика бойынша емтихан алу кезiнде "Кешiккендер кiрiңдер" деген шартты белгi бойынша қызметкерлер кiретiн есiк арқылы iшiнде Тутаева бар бiрнеше "жеңiлдiк" берiлгендердi кiргiзгенiм үшiн айыптайды. Тергеушiлер осы арқылы да менiң Тутаеваға қатысым бар екенiн дәлелдегiсi келген. Егер тергеушiлер анықтағандай болды дегеннiң өзiнде онда неге математика пәнiнiң оқытушылары Орлова, Молдабаев сол 4. 08.84. жылы менi мүлдем көрмеген? Олар сот iс қарау кезiнде деканға емес, тек ректорға, содан соң пән комиссиясының төрағасына бағынатындарын ашып айтты ғой. Жоғары оқуға қабылдау тәртiбiнде солай деп жазылған. Содан басқа қабылдау емтиханы жүрiп жатқан үйдiң 4-5 қабаттарына көтерiлетiн баспалдақ жолдарды төраға мен халықтық бақылау комитетiнiң топтары қатаң бақылауға алған. Алайда, солардың бiрде-бiреуiнен жауап алынбады. Осыдан-ақ менiң бесiншi қабатта отырған "жеңiлдiк" алған талапкерлер тiзiмiн оқымағаным көрiнiп тұрған жоқ па. Мен сияқты декандарға тек 3 қабатқа дейiн көтерiлуге рұхсат берiлген. Осы эпизод бойынша сот төрағасы менiмен бас араздығы бар бұрынғы студенттер Бермағамбетова мен Серғазиевтiң көрсетулерiн неге негiзге алғанын түсiнбеймiн. Мен бiрiншiсiн оқудан шығардым, екiншiсiн де үлгiрiмi нашар болған соң Совет Армиясы қатарында борышын өтеуге әскери комиссариатқа жiбердiм. Кезiнде сол екеуi де Қожанованың пәтерiнде тұрған. Олар сотта өздерiнiң көрсетулерiн жатқа айтып шықты. Қалай айтуды үйретiп қойғандары ап-анық көрiнiп тұрды ғой. Ал Маханов мен Тутаева сот iс қарау барысында менiң 4-5 қабаттарда болғанымды жоққа шығарды. Маханов: "Онда көзiлдiрiгi бар жiгiт болды. Ақсақ кiсi болған жоқ", – деп айтқанын сот төрағасы өз құлағымен естiдi. Сол ақсағы мен. Аяғыма протез киемiн. Сотта Маханов Тәжiбаевтың айтуымен Тутаеваны қызмет жолымен алып келгенiн және Тәжiбаевтың Қожановаға шартты белгiнi тап өзi айтқаны белгiлi болды. Осыдан-ақ, Тутаеваның мәселесiне мен емес, атап айтқанда Тәжiбаевтiң тiкелей қатысы бары айдан анық көрiнiп тұр.

4. Менi тағы Тутаеваға Ф-2 таза бет қағаз берiп, басқа бiр талапкердiң тексерiлген шығармасын көшiрткен деп айыптап отыр. Қожанованың көрсетуiне қарағанда Тутаева шығармадан құлаған соң оны Тәжiбаевқа ертiп барған. Ал Тәжiбаев өзiнiң көрсетулерiнде Тутаеваны қайда алып барғаны туралы аузын ашпайды. Бұл мәселеде Тутаеваның көрсетуiмен кереғар келетiн жайлар көп. Нақты тұжырым жасау өте қиын. Соның өзiнде, Тутаева сот iс қарау барысында тергеушi Құраловтың өзiне Тәжiбаевтың фамилиясын еш жерде ауызға алмауды қатаң тапсырғанын ашып айтты. Алайда, сот үкiмiнде менi Тутаеваға таза парақ бердi, ал Сейдахметов оны оңаша аудиторияға алып барып, басқа бiреудiң шығармасын көшiрткен деп жазылған. Мұның бәрi ойдан құрастырылған, ақылға сиымсыз жәйттер. Сот осындай өтiрiктi үкiмге қалай жаза алады? Сонда бiз Ф-2 қағазын және басқа бiр талапкердiң шығармасын қайдан алған екенбiз деп сұрағым келедi. Сейдахметов 6.08.84. жылдан бастап еңбек демалысына шыққан. Ол қалада болған жоқ. Осы мәселе бойынша сотта төрағаға жауап берген Орлова, Коробков, Молдабаев, Мамыров, Шойынбеков менде ондай Ф-2 қағаздың және басқа талапкердiң бағаланған шығармасы болмағанын тiке айтты ғой. Бұл құжаттар тек жауапты хатшының бақылауында құпия әрi қатаң сақталады. Шығарма жөнiнен тек Дүйсебаева мен Тәжiбаев қана бiле алады. Оның үстiне сол шығарманы бiр емес, екi рет тексерген оқытушыдан неге жауап алынбады? Соларда оның тексергенiне кепiлдiк берген қолтаңбасы бар ғой. Мен сот iс қарау кезiнде Дүйсебаевадан жауап алуды өтiндiм. Бiрақ, төраға өтiнiшiмдi қанағаттандырмады.

5. Тәжiбаев пен Қожанова өзара ақылдаса отырып, жасаған келiсiмдерi бойынша мен Тутаеваны институтқа түсiру үшiн 3,5 мың сом алыппын. Сонда мен неге Тутаеваны оқудан шығаруды талап етемiн. Мұндай жағдайда мен Тутаеваға материалдық жағынан тәуелдi емеспiн бе? Мен ұжымда өз беделiмдi пайдалана отырып, оның оқуды ойдағыдай бiтiруiне жағдай жасар едiм ғой. Оқудан шығарсам, оның ата-анасының айқайының астында қалатынымды ойламады дейсiздер ме?

6. Менi 45 тәулiк бойы қамақта ұстау заңды ма? Сондай-ақ, студент коммунист Уақбаевты 14 тәулiк уақытша абақтыда ұстау ше?

Куәгерлер Азбаева, Солтанаева, Баймұхамбетова, Шойынбеков, Жақсыбаев, Нүсiпәлиев, Ысқақов, Ноғайбаева, Жаңабаев, Сейдахметовтен тергеушiлер рұхсат етiлмейтiн тәсiлдермен жауап алған. Оны бұлар қандай заң негiздерiне сүйенiп жасады?

Айыптау қорытындысын қалалық прокурор Хлюпко 14 майда бекiткен. Ал iс Алатау халық сотына 13 май 1987 жылы түскен. Яғни заң талаптары бұзылған.

Неге маған Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 146 бабының 2 тармағы бойынша таңылған айыпты, Тәжiбаев бiрнеше жыл сот болып қызмет еткен Алатау аудандық халық сотында қарады? Бұл iстi Алматы қалалық соты қарамасқа болмас па едi?

Үш томнан тұратын қылмыстық iспен танысуға маған бар-жоғы 30-ақ минут уақыт бердi.

Сот төрағасы неге тергеушiлер Құралов пен Вотиновтың көрсетулерiн ғана тыңдап, тергеу "КПК" нормасына сәйкес жүргiзiлген деген жаттанды қорытындымен шектелдi?

Менi 6 ай мерзiм бойына қамауда ұстап, кiнәмдi мойныма қойып бере алмады. Ұстаудың республикалық мерзiмi бiткен соң тергеушi Құралов iстi асығыс түрде сотқа өткiздi. Ал сот негiзсiз үкiм шығарды деп санаймын.

Осы дәлелдердiң бәрiн белден басып, Шалкенов, Құралов, Вотинов сондай-ақ "ОУКГБ" қызметкерлерi Айтқұлов пен Аристов баспасөздерге жалған мәлiметтер берiп, өздерi абырой атаққа кенелдi. Өздерiне көлеңке түсiрмеу жағын осылай жасады.

"Известия" газетiнiң 24 январь 1987 жылы және сол жылы 4 июль "Казахстанская правдада" жарияланған мақалаларындағы маған қатысты айтылғандары еш шындыққа жанаспайды. Оны сотта институт партия комитетiнiң хатшысы Г.Н. Гамарин жолдас көрсетiп бердi. Ол керiсiнше үлгiлi қызметi үшiн менiң кандидатурам проректорлық қызмет резервiнде тұрғанымды ескерттi.

Менiң мекен-жайым. Павлодар қаласы. "Уч АП 162/2". 27 июль, 1987 жыл.

Әбдiманаповтың осы шағымы бойынша Алматы қалалық сотының қылмыстық iстер жөнiндегi коллегиясы iстi қайта қарап, Алатау аудандық сотының үкiмiмен оған таңылған 143 бабты қылмыстық iске қатысы жоқ деп алып тастап, басқасын өзгерiссiз сол күйiнде қалдырған.

* * *

Әбдiманаповтың пәтерiне жиналған ағайын Мәскеуге СССР Жоғарғы Советiнiң депутаты Мұхтар Шаханов арқылы шығу керек деп сөз байласты. Әуелi Шахановтың өзiне арнайы хат жазып, Мэлс Бұғыбаев барды. Шаханов мән-жайға қаныққан соң, жуырда Мәскеуге маңызды шаруамен баратынын, Бұғыбаевты өзiмен бiрге ала кетiп, бұл мәселеге қозғау салатынын айтты.

Олар Мәскеудiң Краснопрессинскi көшесiндегi Қазақстан өкiлеттiгiнiң қонақ үйiне жайғасты. Шаханов "Известия" газетiнiң бас редакторы Михайловты жақсы таниды екен. Телефон шалды.

– Мұхтар Шаханович, сiз қазiр келсеңiз де есiгiм ашық.

Михайлов қабылдау бөлмесiнде отырған хатшы қызға ескертiп қойса керек. Бұлар келген бойда кезексiз бас редактордың кабинетiне кiргiзiп жiбердi. Төр жақта отырған мол денелi кiсi, оларды жылы шырайымен қабылдады. Олар қарсы алдындағы столға жайғасқан соң, Михайлов жөн сұраған.

– Мұхтар Шаханович, шаруаңызды айта отырыңыз.

– Мен сiзге екi маңызды iспен келiп отырмын. Бiрiншiсi, Арал мәселесi. Теңiздiң суы тартылып барады. Табанынан ұшқан тұз тозаңы ғалымдардың айтуына қарағанда қазiр Еуропа елдерiне жетiптi. Шығыста Үндiстанға дейiн барған. Республика басылымдары "Арал тағдыры – адам тағдыры!" деп жарияға жар салып жатқанымен, одақтық газеттер үнсiз. Сiз жетекшiлiк еткен "Известия" газетi де бұл жөнiнде әлi мәселе көтерген емес. Сондай-ақ, январь айында жарияланған Щепоткиннiң "Шырмауық" атты мақаласындағы сындар нақты шындықпен жанаспайды. Журналистiк зерттеу бiр жақты ғана жүргiзiлген. Ашығын айтсам, республиканың қазiргi басшысының ықпалымен жазылғаны анық. Қарапайым халықты алдағанмен, интеллигенцияға керi әсерiн тигiзуде. Сол мақала көп жазықсыз адамдардың тағдырын тәлкекке салды. Екiншiсi, менiң қасымда отырған Мэлс Бұғыбаев деген азамат. Бауыры Әбдiманапов жазықсыз жапа шегуде. Республикадан әлеуметтiк әдiлеттiк таба алмаған соң, ең соңғы үмiтпен сiздерге келiп отыр. Сiзден бiр өтiнерiм, осы азаматтың шаруасын мұқият тыңдасаңыз деймiн.

Михайлов:

– Мұхтар Шаханович, Арал мәселесiн көтеру бiздiң жоспарымызда бар. Оны мiндеттi түрде таяу уақытта қолға аламыз. – Ол сол жақ қапталындағы бiрненше телефонның бiрiнiң тұтқасын көтерiп, тiлшiлер бөлiмiнiң меңгерушiсi Бонч Буреевичпен байланысып, Щепоткиндi сұрады. Өкiнiшке орай, ол Қарағандыда iс-сапармен жүр екен. – Мұхтар Шаханович, ол келген соң мiндеттi түрде мәселесiн қараймын.

Михайлов назарын бұрған кезде, Бұғыбаев қолындағы "Әбдiманаповтың iсi" жөнiндегi құжаттарды көрсете отырып, бар жағдайды қысқа баяндады.

Бас редактор тағы бiр телефон тұтқасын көтердi.

– Аркадий, қазiр саған ақын Мұхтар Шаханов пен Бұғыбаев барады. Жазықсыз сотталған Әбдiманапов деген азаматтың iсiмен әдiлдiк iздеп келген екен.

Арғы жағындағы жанның үнi бұларға да анық естiлдi.

– Әбдiманапов дейсiз бе? – Сәл үнсiз тұрып, сөзiн қайта жалғады. – Оның бiзде шағым хаты болған. Бiз оны республика Жоғарғы Сотына жiбергенбiз.

– Демек, iсiн қарамаған ғой. Аркадий, бұл Шахановтың өтiнiшi. Мәселесiн шешуге көмек көрсетiңiз. Жазықсыз жан жапа шекпеу керек қой.

Аркадий Ваксберг заң бөлiмiнiң меңгерушiсi. Бұрын бiрнеше жыл бойына СССР Бас прокуратурасында жауапты қызмет атқарған. Әбдiманаповтың iсiн асықпай отырып қарап шықты.

– Мұхтар Шаханович, осындай жөнсiздiктер соңғы жылы тек Қазақстанда орын алып отыр. – Ол Бұғыбаевқа басын бұрды.– Сiз маған екi күннен соң келiңiз. Одақтың Бас прокурорымен сөйлесейiн. Мына құжаттар бойынша iстiң бұрмаланғаны көрiнiп тұр.

Ол келiсiлген күнi Ваксбергтiң есiгiн ашты.

– Әбдiманаповтың iсi қайта қаралатын болды. Ол – қылмыскер емес. Оны сот залынан босатады. Ендi Алматыға қайта беруiңiзге болады.

1988 жылы 18 февральда Алматы қалалық сотының қылмыстық iстер коллегиясы Әбдiманаповтың iсiн қайта қарап, оны толық ақтады. Жалған арыз ұйымдастырғаны үшiн Тәжiбаевты бiр жыл бас бостандығынан айыру туралы үкiм шығарып, бiрақ Ұлы Отан соғысының ардагерi болғандықтан амнистия жасады. Сол күнi Әбдiғали Әбдiманапов отбасына оралды. Кейiндеу заң бойынша екi жылдың айлық еңбекақысы қайтарылып, институтқа оқытушылық қызметке кiрiстi.

Сөз соңы

Шындықтың жолы шырғалаң. Оған төзiмi жетiп талмай күрескендер ғана жетедi. Ал жетпей өмiрден баз кешiп өткендер қаншама. Әбдiманапов соңына дейiн күрестi. Өзiнiң ар-намысын қорғап, жұрт алдында адалдығын дәлелдеп шықты.

"Алматы облыстық партия комитетiнiң Мемлекеттiк құқық бөлiмiнiң меңгерушiсi А.Баймұхамбетовке. Көшiрмесi Алматы қаласы Жандосов көшесiндегi 57 үйдiң 55 пәтер тұрғыны Ә.Әбдiманаповқа.

1988 жылы 15 февральдағы Алматы қалалық сотының шешiмiмен Ә.Әбдiманапов Қазақ ССР Қылмыстық iстер кодексiнiң 146, 143 баптары бойынша тағылған айыптан толық ақталды. Ә.Әбдiманаповтың негiзсiз қылмыстық iске тартылғаны туралы мәселе Қалалық прокуратураның мәжiлiсiнда арнайы талқыланды. Көрсетiлген бұл iс қалалық прокуратураның аса маңызды қылмыстық iстер бөлiмiнiң қызметкерi Б. Құралов тергеу жүргiзген. (Қазiр ол Москва аудандық прокурорының орынбасары). Әбдiманаповты қамақта ұстау бұрынғы қала прокуроры С.И. Шуткиннiң санкциясымен жүзеге асырылған. Ал айып тағу қорытындысын қаланың бұрынғы прокуроры В.Г. Хлюпко бекiткен.

Алатау аудандық сотында iстi алғашқы кезекте қарау кезiнде оны айыптауды ауданық прокурордың орынбасары Б.Тайтенов атқарды. Ол қазiр қала прокуратурасы органында жұмыс iстемейдi.

А.Әбдiманаповты негiзсiз қылмысқа тартқаны үшiн Аса маңызды iстер бөлiмiнiң тергеушiсi Б.Құраловқа сөгiс жарияланды. Әбдiманаповты негiзсiз қылмыстық iске тартуға бұрынғы қала прокуроры С.И. Шуткин тiкелей кiнәлi деп табылып, қызметiнен босатылды. Қаланың бұрынғы прокуроры В.Г.Хлюпко Шығыс Қазақстанға қызмет бабында ауысып кетуiне байланысты жазаланбай қалды.

Қала прокуроры А.И.Азаров

7 декабрь, 1989 жыл".

Әбдiғали Әбдiманапов 2007 жылы екiншi рет жүрек талмасын алып, өмiрден озды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары