АҚЫРЫН ЖҮРIП, АНЫҚ БАСҚАН
АҚЫРЫН ЖҮРIП, АНЫҚ БАСҚАН
Бiздi таныстырған да, табыстырған да арман қала, ару қала Алматы болатын. Бұл менiң Алматыға әскерден оралып, екiншi рет ат басын тiреуiм. Осыдан тура үш жыл бұрын оқысам, бiлiм алсам деген тәттi қиялмен қала табалдырығын аттаған балаң көңiл бастапқыда мұндағы қызылды-жасылды қызу тiршiлiкке елтiп, сұлу, әдемi көрiнiстердiң арбауынан шыға алмай естен танды. Алыстан мұнартқан асқақ Алатау, оқтай түзу көшелер бойында қаздай тiзiлген жасыл желек, сапырылысқан адамдар, машина легiне iлесiп, ертегiлер әлемiнде жүргендей бiр күй кешедi екенсiң.
Алайда өмiр ертегi емес, оның өз заңы бар. Сол заңдылық бойынша емтиханнан сүрiнген соң, арбаған сиқыр Алматыны қия алмай, бiр жылға таяу көшелерiнде сенделiп, осы арадан әскерге аттанып тынған едiм. Екiншi рет келуiмнiң себебi осы.
Етiгiмнiң тағаларын сартылдатып, солдат киiммен емтиханға тағы да қатыстым. Адамның жолы болмайын десе қиын ғой. Тағы да тауаным шағылды. Ауылға барар бет жоқ. Сырттай оқу дегеннiң бар екенiн сонда бiлдiм. Суға кеткен тал қармайды. Мұны да көрейiн деген ниетпен құжаттарымды тапсырған едiм, абырой болғанда түсiп кеттiм. Бiрақ бәрiбiр көңiл қоңылтақсиды. Күндiз оқитын, лекция тыңдайтын студенттерге қызығамын. Бұйырғаны осы болған соң не iстерсiң. Бар ойлап тапқаным, осында қалу, әрi жұмыс iстеу, әрi сабақ оқу болды. Құрылысқа жұмысқа тұрып, бiр орыс кемпiрдiң пәтерiн жалдап, қарбалас тiршiлiк қамына кiрiсiп те кеттiм.
Айтанмен жолымыз осы арада түйiстi. Ол филология факультетiнiң бесiншi курсында оқиды екен. Соңғы курс болғандықтан, диплом жұмысы бар, қорғау бар дегендей, жатақхананың у-шуынан қашып, пәтер жалдаған. Менен бiр жас кiшiлiгi бар, орта бойлы, аққұба өңдi, көзiлдiрiктi жiгiтпен лезде тiл табысып кеттiк.
Мен оған қызығамын. Студент атану маған арман болса, ол соның бәрiн басынан өткерiп, ендi сәлден соң бiлдей маман болып шықпақ. Осы көңiл-күйiмдi айтқызбай түсiне ме, қайдам, ол менi қасынан тастамайды. ҚазМУ-ге алып барады, аудиторияларды аралатады, студент жолдастарымен таныстырады.
Бiрде радиода диктор болып жұмыс iстейтiн досына ертiп барды. Ол болса "қазақ Левитаны" атанған атақты Әнуарбек Байжанбаевпен таныстырды. Радиодан саңқылдаған даусына тәнтi болып жүретiн ағамыздың соншалықты қарапайымдылығына, ақжарқындығына әрi сүйсiндiм, әрi таңдандым. Ол тiптi жұмыстан кейiн үш-төрт сағат уақытын қиып, бiзбен дастархандас та болды. Қазақтың жалынды публицисi Баубек Бұлқышевтан бастап, бiрталай журналист, ақын-жазушылардың өмiрлерiнен қызықты, ғибратты әңгiмелердi ортаға салды.
Тағы бiрде Айтан өзiнiң диплом жұмысының жетекшiсi Рымғали Нұрғалиға жолығуы керектiгiн айтып, бiрге жүрудi ұсынды. Ұстазымен Панфилов паркiнде жолықты. Екеуi диплом жұмысы жөнiндегi әңгiмеден бастап, әдебиет мәселесiне ойысып, бақ iшiнде әрi-берi серуендедi. Мен болсам, Айтанның ұстазымен емiн-еркiн әңгiме-дүкен құрғанына таңданудамын. Мектепте жүргенде мұғалiмдi мектептен тысқары жерлерде көре қалсақ, қысылып-қымтырылып, көзiне түспеуге тырысып, қашқақтап жүрушi едiк. Тiптi, ұстазының "оқу бiтiрген соң осында қалсаңшы. Мен көмектесейiн. Шығармашылық ортада жүрсең, өсесiң" дегенiн де құлағым шалып қалды. Айтан ауылдағы қарт әке-шешесiн көлденең тартып, қала алмайтынын айтты, ризашылығын бiлдiрдi.
Айтанның ұстаз алдындағы беделiне сол замат таңдансам да, оның солай болуға тиiс заңды құбылыс екенiн араға жылдар салып түйсiндiм. Сөйтсем ұстаз досымның сабырлылығын, тындырымдылығын, жазу-сызуға бейiмдiлiгiн, ұлтжанды азамат болып қалыптасып келе жатқандығын сол кездiң өзiнде-ақ бағамдаған екен. Ұстаз осындай талапты жастың тәлiм-тәрбие алуды астанада жалғастыруын қалаған сыңайлы.
Айтпақшы, менiң жұртқа Айтан деп таныстырып отырған досымның азан шақырып қойған есiмi Айтмұхамбет (Қасымов). Оны соңынан бiлдiм. Ол өзiн Айтан деп таныстырғаннан кейiн тiлге жеңiл атау тез жатталып, солай қалыптасып кеттi.
Осыдан қырық жыл бұрын пәтерде табысқан Айтан – Айтмұхамбет досым бүгiнде Шығыс Қазақстан облысындағы қадiрмендi жiгiт ағасының бiрi. Алпыс деген ауылға ат шалдырып отырған журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесi, филология ғылымдарының кандидаты, "Ерен еңбегi үшiн" медалiнiң иегерi, облыстық "Дидар" газетiнiң Бас редакторы. Ұжымымен бiрге осы газеттiң ыстығына күйiп, суығына тоңып, газеттi өрге сүйреп жүрген бiлгiр маман. "Өрге сүйреп" деген сөздi тегiн айтып отырған жоқпын. Отыз бес жылға таяу уақыт iшiнде ол газеттiң қатардағы тiлшiлiгiнен бастап, бөлiм меңгерушiсi, жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары, Бас редактор деген сатылардан өттi. Демек, баспасөз қазанында армансыз қайнаған оның өмiрiн осы газеттен бөле-жарып көзге елестете алмайсың. Айтанның газет өмiрiмен бiте қайнасып кеткенi соншалық, былтыр "Шығыс Қазақстан облыстық газетiнiң қалыптасу, даму кезеңдерi (1931 – 2006)" деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесiне ие болды. Бұл еңбегiнде ол оқырманды туған газетiнiң 75 жылдық тарихымен жан-жақты таныстырады.
Айтмұхамбет Қасымов тәуелсiздiк жылдары "Дидарды" оқырманы көп нағыз халықтық газетке, байыпты басылымға айналдыруға елеулi үлес қосты. Сөз бостандығына, ой еркiндiгiне кеңiнен жол ашты. "Дидар" газетiнiң 2003 жылы жарияланған "Болашақ бүгiннен басталады" атты республикалық байқауда "Қазақ тiлiндегi ең үздiк басылым" аталуы, Қазақстан журналистика академиясының жыл сайынғы "Алтын Жұлдыз" және "Алтын Самұрық – 2006" жалпыұлттық байқауының жеңiмпазы атанып, "Үздiк аймақтық газет" аталымы бойынша "Алтын Жұлдызға" ие болуы осы сөзiмiздiң айқын дәлелi. Газет халықаралық "Сорос-Қазақстан" қоры ұйымдастырған шығармашылық конкурстарда да жеңiмпаз атанды. Ал 2007 жылы Шығыс Қазақстан облыстық "Дидар" газетiнiң шығармашылық ұжымы аймақтық экономиканың бәсекелестiкке қабiлеттiлiгiн арттыру мәселелерiне арналған "Елулiкке ену стратегиясы: аймақтың үлесi" айдарымен берiлген материалдар топтамасы үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң грантына ие болды.
Айта берсек, Айтекеңнiң жақсы қасиеттерi таусылмайды. Соның бiрi – оның ғылымға, жазу-сызуға, iзденуге бейiмдiгi. Газеттiң 75 жылдық тарихын қамтыған еңбегi жөнiнде жоғарыда айтып өттiк. Бұдан бөлек, ол осы газеттiң бастауында тұрған "Жұмысшы" газетiнiң тұңғыш редакторы, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен Мақсұт Тайшыбаев туралы зерттеу жұмысын жүргiзiп, "Қызыл қырғынның құрбаны" атты кiтап жазып, баспадан шығарды. Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы, Шығыс Қазақстан облысының тумасы Жақыпбек Малдыбаевтың өмiрiн терең зерттеп, Мәскеудiң, Алматының, Өскеменнiң архив материалдарына шұқшиып, соның нәтижесiнде "Алтайдан ұшқан ақиық" атты деректi әңгiмелер мен очерктердi жарыққа шығарды. Сөйтiп, кезiнде халқына еңбегi сiңгенiмен келе-келе ұмыт бола бастаған есiл ерлердiң есiмдерiн ел жадында жаңғыртып, жұртшылықтан алғыс алды.
Iшi-сырты бiрдей мөлдiрлiктен тұратын Айтекең мiне, осындай адам. Оның осы бiр тамаша мiнезiн мен ғана емес, көп адамдар бiледi және бағалайды. Соның бiрi өмiрден ертерек озған талантты жазушы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығының иегерi Талаптан Ахметжан өзiнiң жерлес ағасы Айтекең шығармашылығы туралы кезiнде былай деп тебiренген екен: "Айтағаңның шығармашылығы табиғат сыйлаған мiнезiне сай, асып-таспайды, жалғандыққа ұрынбайды, әр кейiпкерiнiң iшкi жан дүниесiне байыппен үңiлiп, солардың сезiм-түйсiгi, ой-арманы арқылы сiздi Кендi Алтайдың мақтанышына айналған тұлғалармен таныстырады, табыстырады. Колхоздың бар бейнетiн арқалап, тағдыр тауқыметiн қанша тартса да мойымастан бала-шағасын өсiрiп жеткiзген Рухия сынды аналар, Кеңес өкiметiнiң сонау зорлықпен коллективтендiру кезеңiнiң қанды шеңгелiне iлiккен жетi мыңға жуық шығысқазақстандықтардың бiрi Қасым Тоқышев сияқты азаматтар, өнер десе iшкен асын жерге қойған Рахметолла сияқты тума таланттар бәрiмiзге таныс, етене жақын бейнелер".
Адамға сын көзiмен қарай бiлетiн, былайша айтқанда, адам болмысын болжаудың, бойында жiгерi бар, халқына хал-қадiрi жеткенше қызмет ете алатын, ұятқа қалдырмайтын, болашағы бар жасты жүрiс-тұрысынан танитын сұңғұла ұстазы академик Рымғали Нұрғалидың шәкiртiне үмiт артып, бауырына тартудың бiр сыры бүгiн мәлiм болып отыр. Айтекеңнiң 60 жасқа толып қана қоймай, ауыз толтырып айтар тiрлiктер бiтiргенi, үйде де, түзде де өзгелер өнеге тұтар аға дәрежесiне көтерiлуi ұстаз сенiмiнiң ақталуы десек әсте асыра айтқандық емес.
Кезiнде астана табыстырған, сонан соң өмiрдiң заңымен, тағдырдың жазуымен әр қиырда жүрсек те, бiр-бiрiмiзден хабар үзбеген, әрдайым тiлектестiк көңiл-күйде болған досым Айтан – Айтмұхамбет Қасымов мiне, осындай ақырын жүрiп, анық басқан абзал азамат.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты