ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛОРДА САММИТI ТУРАЛЫ
ЕЛ ЖАСТАРЫ ЕЛОРДА САММИТI ТУРАЛЫ
Ақбаян ӨТЕПОВА,ҚазҰУ-дың II курс студентi:
– ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер кеңесi ұйымының басты форумын бiздiң елордамызда өткiзу туралы шешiм – бұл Қазақстанның тарихи жетiстiгi. Өйткенi, бiз осы Саммит арқылы өзiмiздi әлемге таныттық. Орта Азияда 56 елдiң өкiлдерiнiң басын қосып отырған Қазақстан деген ел бар екенiн паш еттiк.
ЕҚЫҰ елiмiздiң саяси және экономикалық дамуына көптеп септiгiн тигiзiп жатыр.
Жақсылық ЫРЫСБАЙ, ҚазҰУ-дың II курс студентi:
– Бiрiншiден, қазақ елiнде бұрын-соңды болмаған тарихи оқиғаға куә болып отырмыз.
Екiншiден, әр ел басшыларының басын қосатын Саммитте, қазақ елi өзiн жақсы жағынан көрсете бiлдi. Мысалы, әлем шарында беделiн нығайтып, өзге елдiң сенiмiне бөленуiмiздiң орайы табылды. Қазақтың болашағына күмәнмен қарайтын әлдекiмдерге қай қырымыздан болса да жарқырап көрiне бiлдiк.
Үшiншiден, 38 елдiң басшылары бiр арнаға бас қосып, көптеген түйткiлдi мәселелердiң түйiнiн тарқатты.
Аягөз ӨТЕГЕНОВА,Қорқыт ата атындағы мемлекеттiк университетi, 3 курс студентi. Қызылорда облысы:
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуi мемлекетiмiздiң мерейiн асырған үлкен оқиға болды. Қазақ елi өзiнiң әлемдiк қауымдастық алдындағы беделiн айқын көрсетiп, Орта Азиялық мемлекет ретiнде еуропалықтардың сынынан сүрiнбей өттi. Осы орайда, ел iшiнде қазақ билiгiнiң де беделi арта түсiп, Астана өзiнiң халық алдындағы бет-бейнесiн сақтап қана қоймай, әлемдiк аренада да абырой жинауға, Қазақ мемлекетiнiң имиджiн қалыптастыруға мүмкiндiк алды. Бiздiң билiк осы орайды қолдан бермей, өзiнiң көздеген мүддесiн, саяси мақсатын осы Саммит арқылы бiлдiрдi.
Басқасын қайдам, елдiң, мемлекеттiң жас буыны ретiнде, менiң түсiнетiнiм Астана Саммитi – қазақ жастарының болашағына жол ашуы қажет. Келешек ұрпаққа өз отанының абыройлы, беделдi, ықпалды болғаны жақсы емес пе? Мемлекет жастардың рухын көтерем десе, жас буынның бойындағы отаншылдық қасиеттi оятамын десе, осындай маңызы зор, ауқымы кең ұйымдар мен қауымдастықтардың қатарында болғаны абзал. Өйткенi, әлемнiң кез келген елiне барып бiлiм алғысы келген жастардың жат жұртқа барғанда туған отаны, шыққан мемлекетiне қарайды. Әлемге танымал мемлекет болсақ, бiздi бәрi танып-бiлiп отырған болса, шетелге шығатын қазақ жастарының жiгерi қайрала түседi.
Астана Саммитi – қазақтың мәдениетi мен дәстүрiн, ұлттық мемлекеттiгiн әлемге паш еткен, табысы мол, нәтижесi айқын, шешiмi тиянақты басқосу болған секiлдi…
P.S: Бiз көбiнде жастарды "ойы ұшқалақ, iсi шала" деп жатамыз. Алайда, бүгiнгi қазақ жастарының ой өрiсi, қарым-қабiлетi бiз ойлағаннан да әлдеқайда озып кеткен. "Ерiм дейтiн елiң болмаса, елiм дейтiн ер қайда" деген мақал бар қазақта. Жастардың "аузын буып" сөйлетпесең, көкiрегiнде толқыған жалынын, жүрегiнде тұнған отаншылдық сезiмiн, бойын кернеген күш-қайратын қалай ғана бағамдауға болады? Жас өркеннiң жалынды лебi, Қазақ ұлттық мемлекетiнiң қабырғасына қаланар кiрпiштерiнiң көкейiндегi сөзiн керi серпiп тастау жақсы әдет емес.
Әзiрлеген Жәнiбек ҒАЛЫМ, Мөлдiр МОЛДАХМЕТ