ЖАҢА МИНИСТР – ЖАҢА РЕФОРМА

ЖАҢА МИНИСТР – ЖАҢА РЕФОРМА

ЖАҢА МИНИСТР – ЖАҢА РЕФОРМА
ашық дереккөзі
338

ҰБТ форматы тағы өзгередi

2010-2011 жылғы мектеп түлектерi үшiн Ұлттық бiрыңғай тестiлеудiң (ҰБТ) форматы өзгермек. Бұл жайында Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов өзiнiң ресми блогында жазған.

Министрдiң мәлiмдеуi бойынша, қазiр ҰБТ-ны жетiлдiру мақсатында арнайы комиссия жұмыс iстеп жатыр. Оқу жылының соңына дейiн комиссия өз жұмысын аяқтайды және қандай шешiм қабылданғаны жайында edu.gov.kz сайтында жарияланатын болады. Алдын-ала жасалған мәлiмдемелерге қарағанда, ҰБТ екi сатыдан тұратын болады. Бiрiншi сатысы бойынша ҰБТ-ға бүкiл мектеп түлектерi қатысады. Жылдағыдай үлгерiмi төмен оқушыларды қатыстырмау мәселесi қарастырылмайды. Бұл – орта бiлiм жөнiндегi аттестат алу үшiн, "Алтын белгiнi" қорғау үшiн қажет. Ал, екiншi сатысы жоғары бiлiм алуға ниеттi түлектерге арналған – кешендi тестiлеу болмақ. Яғни, биылғы ҰБТ сынағы екi рет өтедi деген сөз. Дегенмен, бұл ақпарат әзiрге нақтыланған жоқ. Бұл министрдiң алдағы уақытта болуы мүмкiн деген емеурiнiмен айтылып отырған ақпарат. Оның қашан нақтыланатыны да беймәлiм.

Тәуелсiз елдiң тарихында ең маңызды стратегиялық сала бiлiм беру саласында министрлердiң жиi ауысуы – осы саладағы реформалардың жиiлеуiне де мұрындық болып отыр. Естерiңiзде болса, бұған дейiн 2004-2015 жылдарға арналған бiлiм берудiң стратегиялық тұжырымдамасы қабылданғаны мәлiм. Оның сыртында "Қазақстан Республикасының бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы" тағы қабылданды. Жаңа министр Қазақстан ғылымын дамытуды мақсат етiп, шетте жүрген ғалымдарды шақыру қажет деген бастама көтердi. Жуық арада "Ғылым туралы" Заң қабылданып қалуы да мүмкiн. Өйткенi, Қазақстан жеке ел болғалы бұл салада жаңа заң әлi қабылданған жоқ. Ғылыми инновациялық жобаларды жүзеге асыру, ғылыми диссертация қорғау үрдiсi бұрынғы кеңестiк жүйеден қалған соқпақпен келедi. Еуропадағыдай PhD докторлығын қорғау iсi – әлi жүзеге асқан жоқ.

2008 жылы орта бiлiм берудiң 12 жылдық жүйесiне жаппай көшу қолға алынғанымен, бұл процеске дайын болмай шықтық. Әсiресе, мектептердiң материалдық-техникалық базасы әлсiз, оқушыларды белгiлi бiр мамандыққа дайындау мүмкiндiктерi тым аз болып шықты. Iргемiздегi Өзбекстан осыдан оншақты жыл бұрын 9 жылдық бiлiм беру жүйесiне көштi де, қалған үш жылды белгiлi бiр маман дайындайтын колледжге айналдырып жiбердi. Әрi қаншама жылдан берi осы бағыттан ауытқымай келедi. Ал, бiзде әлi тиянақ жоқ.

2011-2020 жылдарға арналған бiлiм берудiң мемлекеттiк бағдарламасының "негiзгi мақсаты бiлiм жүйесiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, экономиканың орнықты өсiмi мен азаматтардың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ететiн адамдық капиталды дамытып, заман талабына сай түбегейлi жаңартуды көздейдi" делiнедi.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бiр сөзiнде: "ХХI ғасырда бiлiмiн дамыта алмаған елдiң тығырыққа тiрелерi анық" деген едi. Биылғы Елбасы Жолдауында да "Адам – басты байлығымыз" атты тарауда бiлiм беру iсiне ерекше мән берiлген. Мемлекет басшысы отандық бiлiмнiң әлеуетiн арттыру үшiн әр жыл сайын қолдан келер барлық мүмкiндiктi жасап келедi. Соңғы 2 жылдағы аталмыш салаға бөлiнген қаржыны мысалға келтiрер болсақ, 2008 жылмен салыстырғанда, 2009 жылы бөлiнген қаржы 9,5 пайызға артыпты. Яғни, 641,1 миллиард теңгеден 702 миллиард теңгеге көбейгенi бұл сөзiмiзге дәлел болады.

Бiрақ, бiлiм мен ғылымды дамытудың нақты және ұтымды жобасы ұсынылған жоқ. Әзiрге, әр министрдiң реформасын екiншi министр жоққа шығарып, жаңа реформаларды ұсынумен келедi. Ал, ауыл мектептерiн компьютерлендiру және интернетке қосу мәселесi әлi шешiлген жоқ. Сөйте тұра, қашықтықтан оқытатын оқулықтар дайындап, оны жүзеге асыруды қолға алып жатырмыз.

Демек, бiлiм саласындағы жүйесiздiктiң салдары – оның жиi реформалануына жол берiп отыр. Ендiгi мақсат қолға алған реформаларды аяғына дейiн жеткiзу болуы тиiс. Жаңа министр осы мақсаттардың үдесiнен шығып, бiлiм берудiң ұлттық үлгiсiн жасай бiлетiн болса, құба-құп болар едi.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,

Әсет ТҰРДЫҒҰЛОВ, Қазақстан Гуманитарлық-саяси коньюктура орталығының бас сарапшысы

Серіктес жаңалықтары