КЕЛДI. КЕЗДЕСТI. КЕЛIСТI

КЕЛДI. КЕЗДЕСТI. КЕЛIСТI

КЕЛДI. КЕЗДЕСТI. КЕЛIСТI
ашық дереккөзі
155

Үш құрлыққа сауын айтып, жиын жасаған Астана Саммитi де өттi. Бұл жиынның берерiн түгендеу Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығын қорытындылаумен теңбе-тең екенi әмбеге аян.

Әсiлi, Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитiн өткiзудi осы ұйымға төрағалық тiзгiнiн алмай тұрып-ақ бастама көтерген болатын. Яғни, жетiншi Саммиттi өткiзуге дайындық бұрынырақ басталды деген сөз. Әуелгiде Астана Саммитi ХХI ғасыр тарихындағы көп жиынның бiрi ретiнде қала ма деген күдiктiң басым болғаны рас. Дегенмен, «әр нәрсеге уақыт төрешi». Әзiрше, Жетiншi саммиттiң басты қорытындысы – Еуропа, Азия мен Америка құрлықтарынан жиналған 56 мемлекет атынан Астана декларациясының қабылдануы. Жетiншi саммитте сөйлеген сөзiнде Қазақстан президентi Нұрсұлтан Назарбаев былай дедi: «Бiз Ұйымды дағдарыстан алып шығуды өзiмiзге мiндет етiп таңдадық. Бiздiң талпынысымызға әрiптестер лайықты баға бередi деп үмiттенемiн. Ұйымды жаңғырту процесi – бәрiмiзге ортақ, жүзеге асуы ұзаққа созылатын мiндет. Ендi болашақта ЕҚЫҰ төрағалық ететiн барлық мемлекеттердi белсендiлiктi азайтпауға шақырамын». Шындығында, 11 жыл бойы қордаланған мәселелердiң барлығына Жетiншi Саммит қозғау салғандай болды. Осыншама уақыт қауiпсiздiк пен ынтымақтастық мәселелерi бойынша бiр дөңгелек үстел басында бастары қосыла қоймаған мемлекет басшылары бiр-бiрiне деген өкпе-назын да, базынасын да айтып қалып жатты. Өзара кiналасу, араздасу сияқты көрiнгенiмен, ұйым мүшелерi түгел дерлiк осындай келiссөздер алаңқайының қажеттiлiгiн қайта-қайта ескертуi ортақ келiсiмге келуге деген үмiттiң бар екендiгiн аңғартты. Қазақтың "ер шекiспей, бекiспейдi" деген сөзi осындайда еске түседi екен. Осы орайда, Грузия президентi Михаил Саакашвили келiсiмге келуге дайын екендiгiн мәлiмдедi. АҚШ пен Еуроодақ өкiлдерi де осы мәселе бойынша ортақ келiсiмге келу керектiгiн қайта-қайта айтумен болды. Днестр маңы, Таулы Қарабақ, Грузияға байланысты түйткiлдi мәселелер екi күндiк жиын барысында шешiле қояды дегенге сенудiң өзi ерсi едi. Дегенмен, осы кикiлжiңдерге қатысты қайбiр мемлекеттiң де келiсiмге келуге мүддесi бар екендiгi – көңiлге медеу. Мұндай басқосуды өткiзу үшiн Қазақстанның қыруар шаруа атқарғанын барлық мүше мемлекеттер мойындады. Жиын барысында сөз алған әрбiр делегат "қазақ елiнiң қонақжайлығы мен қазақ командасының кәсiби дайындығына" деген ризашылығын бiлдiрумен болды. Ал Саммит соңында, Декларация қабылданып болған сәтте, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi Саммиттi өткiзуге атсалысқан барша азаматтарға, тiлектес Қазақстан халқына деген алғысын бiлдiрдi. "Ел тiлегi – елу" деген осы да. Жиын соңында қабылданған Астана Декларациясының маңызын жоққа шығарғысы келетiндер бар болса да, мұндай халықаралық деңгейдегi жиынның қазақ жерiнде өтуi сыртқы саясаттағы iрi жеңiс екенiне дау жоқ. Екiншiден, Қазақстан халықаралық саясатта бастамашылдық пен жауапкершiлiктi алуға қабiлеттi екенiн мойындатты. Үшiншiлен, халықаралық деңгейдегi басқосуды ұйымдастыруда мол тәжiрибе жинақтады. Шындығында, Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы ұйымның бойына қан жүгiрткендей болды. ЕҚЫҰ өмiршеңдiгiне күмән келтiре бастағандардың көңiлiндегi күдiгiн сейiлттi. Ең бастысы, серпiлiс қажет екенiн түсiнiп, ортақ қауiпсiздiк үшiн келiсiмге келудiң мүмкiн екендiгiн байқатты. Ал үмiт бәрiнен де қымбат…
Саммит делегаттары не дейдi?
 

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун:

– Қазақстан ықпалдастықтың жаңа дәуiрiне жол салуда. Бұл тарихи басқосу. Бұл жиын бiзге көптеген мәселелер бойынша iлгерiлеуге мүмкiндiк бередi. Оның iшiнде, ядролық қаруды таратпауға да қатысты. Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығының арқасында Семей полигоны жарылыс ошағынан үмiт алаңына айналды. Осыдан өзге мемлекеттер де үлгi алса жөн болар. Еуроодақ президентi Херман Ван Ромпей: – Президент Назарбаевқа ЕҚЫҰ-дағы көшбасшылығына деген ризашылығымды бiлдiремiн. Орталық Азияда тұңғыш Саммиттi өткiзу – айрықша оқиға. Бiз үшiн бұл ұйым – әрi ұрпақтар жалғастығының, әрi өзгерiстердiң символы. ЕҚЫҰ бiздiң қауiпсiздiгiмiздiң бiр ұстыны. Бұл саммит бiзге ЕҚЫҰ келешегi үшiн жаңа бағыттарды анықтауға мүмкiндiк бередi. Ислам конференциясы ұйымы бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноглу: – Бiз Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы барысын жiтi қадағалап отырдық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақта және ЕҚЫҰ кеңiстiгiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз етудегi қайраткерлiгiн жоғары бағалаймыз. Келесi жылы Қазқстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi. Осы орайда, сiздiң мемлекетке үлкен үмiт артып отырмыз. Ресей президентi Дмитрий Медведев: – Бүгiнгi саммит тұңғыш рет ЕҚЫҰ кеңiстiгiнiң шығыс аймағында өтiп отыр. Сондықтан да мен үшiн дос-жар Қазақстан астанасына келу барынша көңiлiме жағады. Ұйым төрағасының қажыр-қайраты, саяси ерiк-жiгерi ортақ еуропалық процеске жаңаша серпiн бердi. Тағы да Қазақстанға Саммиттi ұйымдастырудағы кәсiбилiгi үшiн алғыс айтқым келедi. Литва президентi Даля Грибаускайте: – Астананың 10 жылда Еуропа мен Азияның және өз елiнде алмасқа айналуы – Қазақстанның зор жетiстiгi. Мұндай астананың салынуы сiздердiң Президенттерiңiз бен халқыңыздың орасан зор еңбегiнiң жемiсi. Сiздiң мемлекеттерiңiздiң осы аймақтың орталығына айналуының басты көрiнiсi де осы. Ол негiзсiз де емес. Сондықтан да Саммит Қазақстанда өтiп отыр. Елдерiңiздiң осылайша тез дамып, халықаралық аренада осыншама маңызға ие болуы менi қуантып отыр. Төрағалық тiзгiнiн алатын мемлекет ретiнде бiз үшiн мұның маңызы зор. ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо: – Мен Қазақстанның төраға ретiндегi қажыр-қайратына барынша тәнтiмiн. Бiздiң ұйымымыздың бойына қан жүгiрткенi үшiн Қазақстан төрағалығына ризашылығымды бiлдiремiн. Үлкен рахмет. АҚШ Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон: – Бұл саммиттiң маңызы зор. Бұл жиын 11 жылдық үзiлiстен соң өтiп отыр. ЕҚЫҰ жауапкершiлiк аймағындағы кез келген жерде тұрақтылықтың болмауы ұйымның барлық мүшелерiне төнген қауiп. Мен Қазақстанға Қырғызстандағы жағдайға дер кезiнде көмек көрсете алғаны үшiн ризашылығымды бiлдiремiн. Бiрде-бiр аймақтық ұйым мұндай жағдайда бұдан артық тез де тиiмдi әрекет ете алмайды. Бiздiң ендiгi мақсатымыз – Хельсинкi лебiне үн қосып, оны жаңа дәуiрге жеткiзу.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары