ЖУМОНГҚА ЖАҚЫНДАП, ЖАУБАСАРЛАРДЫ ЖАТСЫНДЫҚ... НЕМЕСЕ БҮГIНГI ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЖАЙЫ

ЖУМОНГҚА ЖАҚЫНДАП, ЖАУБАСАРЛАРДЫ ЖАТСЫНДЫҚ... НЕМЕСЕ БҮГIНГI ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЖАЙЫ

ЖУМОНГҚА ЖАҚЫНДАП, ЖАУБАСАРЛАРДЫ ЖАТСЫНДЫҚ... НЕМЕСЕ БҮГIНГI ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЖАЙЫ
ашық дереккөзі

Бұл жайында бұған дейiн де көп айтылып келдi, қазiр де айтылып жүр, болашақта да айтыла бермек. Себебi, кино өнерi – қоғамның айнасы. Бәзбiреулер оны көркемделiп көрсетiлген өмiрдiң өзi десе, ендi бiреулер, ұлттық идеологияның қуатты құралы, руханияттың алтын қазығы деп жатады. Қос қолымызды көтере келiсемiз. Дегенмен, бүгiнгi қазақ киносы осы жоғарыда аталған мүддеден толыққанды шығып, халықтың рухани сұранысын қанағаттандырып жүр ме? Үнсiздiк… Қалай дегенде де, бұл тақырыпқа келгенде тосылып қалатынымыз рас. Себебi, бiздiң кино әлi де үлкен iзденiстер мен ұлттық бояуды қажет етiп тұрған сияқты.

Бүгiнде толассыз түсiрiлiп жатқан сан алуан сапалы-сапасыз фильмдердiң легiне қарап: "Отандық өнердiң осынау бiр саласы бұрынғыға қарағанда сәл де болса көш iлгерi жылжыған екен-ау", – деп ой қорытуыңызға негiз бар. Алайда, бұл тек сан жағынан. Сапа жағына келгенде…ойлану керек. Қазақ киносы әлi де қазақилыққа зәру. Қыруар дүние жасаймыз. Ал, соның iшiндегi ұлттық бояуға қанығы, тарихымыздан сыр шертiп, не болмаса болашағымызға бағыт-бағдар беретiн жарқын дүниелер саусақпен санарлықтай. Соның салдарынан бүгiнде бiз ұлттық фильмдер дегенде, тiптi, қайсысын алдыға қоярымызды бiлмей, ерiксiз "Тақиялы перiште", "Қыз Жiбек", "Алпамыс мектепке барады", "Менiң атым Қожа", "Гауһартас" сынды ұлттық киномыздың жауһарларына қайтып ораламыз. Алға қарай емес, керiсiнше, тарихтың қойнауына қарай сапар шегiп, керi кетуге мәжбүрмiз. Ал, бiздiң алға қарай жүруiмiз керек. Өз заманымыздың кейiпкерiн жасайтын уақыт әлдеқашан туған. Осы тақырыпқа келгенде, ойымызға оралатыны – "Бiржан сал", "Көшпендiлер" сынды бiрдi-екiлi фильмдер ғана. Бұл тұтас бiр ұлт, оның руханияты үшiн тым аз. Санының аздығымен қоймай, көрермен назарына көп ұсыныла да бермейдi. Мысалы, "Бiржан сал" филiмiнiң жарыққа шыққанына бiр жылға жуық уақыт өтсе де, әлi өз көрерменiн тауып үлгермедi. Себеп – фильмнiң халық арасына таралуының, көрсетiлуiнiң, насихатының тым әлсiздiгi. Әйтпесе, "Бiздiң кино!" деп мақтанышпен айтуға лайық-ақ дүние. Есесiне, "Әке қорлығы", "Келiн" сынды күмәндi киноларға құмарлар көп-ақ. Қала бердi, көпшiлiк корей, түрiк сериалдарына әбден әуестенiп, солар десе iшкен астарын жерге қоятындай жағдайға жетiп отыр бүгiн. Бiрақ, адамдардың барлығы бiрдей емес қой. Көзi қарақты, талғамы терең, танымы биiк көрермен қай уақытта болмасын рухани сұранысын қанағаттандыратын өз киносын iздейдi. Әсiресе, Қазақстандағы бүгiнгi кино нарығын, жоғарыда атап өткенiмiздей, Корея мен Түркия елi жаулап алып тұрған шақта.

Тамыз айынан бастап Қазақстан ұлттық телеарнасынан Корей мемлекетiнiң негiзiн қалаған Жумонг ханзада жайындағы көп сериялы телехикаяның көпшiлiк көрерменнiң сұрауымен қайталап берiп жатқанын бiлемiз. Хикаяны ес бiлген баладан бастап, еңкейген қартқа дейiн жiбермей көредi. Бұл үрдiс ауылды жерлерде тiптен үдеп тұр. Аталмыш фильмге елiктегiш келетiн мектеп жасындағы балалардың жүрегiне жол тапқандығы соншалық, ханзада Жумонгтың көзсiз ерлiгiн ауыздарының суы құрып айтып отырады. Ойындарының негiзгi өзегi де осы бiр корей елiнiң теңдессiз батырының ерлiгiмен тiкелей байланысты. Бастары қосыла қалса, бiрi Жумонг ханзада, бiрi Тэ Со болып "қылыштасып", "соғыса" жөнеледi. Тiптi, небары 2-сыныпта оқитын баланың: "Жумонг ханзада, Жумонгтың баласы – Ю Ри, немересi – Му Хюль" деп кино шежiренi жатқа айтып отырғанына таң қалып, бүлдiршiннiң алғырлығына тәнтi болғаным бар. Алайда, сол бала Жәнiбек пен Керейдi, қала бердi Абылайды бiлмей шықты. Әлi кiшкентай ғой дерсiз. Бiрақ, сол кiшкентай бүлдiршiнiңiз өз елiнiң емес, қиырдығы Кореяның негiзiн қалаған Жумонгтың ерлiгiн, елi үшiн жасаған жарқын iстерiн жатқа айтып, содан үлгi алып, елiктеп өсiп келедi. Оған не себеп? Оның себебi, бiзде кез келген Жумонгтан артық болмаса, кем түспейтiн хас батырларымыз жайында түсiрiлген фильмдердiң жоқтығы. Ал, бүгiнгi кiтап оқымайтын қоғамда жастарымыздың өзiнiң өткенiн, туған тарихын танып-бiлуi үшiн де тарихи фильмдердiң көптеп түсiрiлуi аса қажет-ақ. Өйткенi, "Ханзада Жумонг", "Құйынды мекен", "Тәуiп Хо Жун", "Сарай әмiршiсi", "Қайсар ханша" тағы да басқа осы сынды көптеген тарих қойнауына сүңгiтiп, өткендi көз алдыңызға алып келетiн көп сериялы көркем фильмдердi уақытты алатын қарабайыр дүниелер дегенiмiзбен де, олардың берерi де жоқ емес. Телехикаяны тамашалап отырып, сiз сол ұлттың тарихымен, мәдениетiмен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен танысасыз. Елi ардақ тұтатын хас батырының өмiрге келген күнiнен бастап қайраткерлiк дәрежеге көтерiлуi, тiптi өмiрiнiң соңғы кезеңiне дейiнгi аралықтағы ғұмырнамасынан хабардар боласыз. Көркем дүние болса да, телехикаяда тарихи шындық бар. Ең бастысы, өте сапалы. Түсiрiлуiнен де, режиссурасынан да, актерлар ойынынан мiн табу қиын. Тамашалап отырып сүйсiнесiз, қызығасыз һәм қызғанасыз. Қызығуыңыздың себебi түсiнiктi. Ал, қызғанатыныңыз – бiздiң кино өнерiнiң әлi де болса сондай биiкке көтерiле алмай отырғандығы. Әйтпесе, бiз де өз батырларымыз, тарихи тұлғаларымыз жайында, ол кiсiлердiң дүниеге келуi, балалық шағынан бастап, батырлық пен даналық деңгейiне көтерiлгенге дейiнгi ғибратты ғұмырларын көркем дүние ретiнде киноға айналдырып, әлемдiк нарыққа жiберсек, кiмнiң тақиясына тар келiптi…

Басты кедергi қаржы десек, мемлекеттен арнайы осы салаға қыруар қаржының бөлiнiп жатқаны құпия емес. Алайда, барлық нәрсе қаржымен шешiле бермесi тағы анық. Әсiресе, кино саласында. Көркем дүние болғаннан кейiн оған өзек болатын тың тақырып, сапалы сценарий қажет екенi айтпаса да түсiнiктi. Өкiнiшке қарай, бұл жағы бiзде әлi де ақсап тұр. Мысалы, түсiрiлiп жатқан киноларымыздың денi әуелi шетелдiк мамандардың қолынан өтедi. Сценариi, өңделуi, оны ойнайтын актерi, тiптi түсiрiлу тiлiне дейiн өзге ұлт өкiлдерiне тәуелдiмiз. Мысалы, жақында ғана тұсауы кесiлген "Астана – менiң махаббатым" сериалы, одан сәл кейiн, көрерменiне жол тартқан "Жаным" атты телехикаяның қайсысын алып қарамайық, бастан аяқ орыс тiлiнде шүлдiрлейдi. Актерлар ойынындағы кейбiр тайға таңба басқандай көрiнiп тұрған кемшiлiктерiн ескермегенде, сөйлеген сөздерiнiң барлығы дерлiк түсiнiктi болды деп айта алмаймыз. Әйтеуiр, қазақ тiлiндегi санаулы телехикаялардың бiрi болғандықтарынан ғана тамашалайсыз. Ал, сол телехикаяларды толықтай туған тiлiмiзде түсiрсек, қалай әсерлi шығар едi! Кино өндiрiсiмен айналысып жатқан қай мемлекеттi алсақ та, кинолары ана тiлiнде түсiрiлiп, содан кейiн барып қана өзге елдерге таратылады. Бiзде барлығы керiсiнше, әуелi жат тiлде түсiрiп алып, өз тiлiмiзге қайтадан аударамыз. Мұндай мағынасыз әрi пайдасыз машақаттың бiзге не қажетi болды екен? Бұл сауалымызға мамандардан: "Бiздiң басты мақсатымыз – фильмдердi ТМД елдерiне шығару. Сондықтан киноларымызды орыс тiлiнде түсiруге мәжбүрмiз", – деген жауап алдық. Бұл қандай мәжбүрлiк? Туған тiлiн шетке ысырып қойып, әртiстердi өзге тiлде шүлдiрлету… Байқап қарасаңыз, ТМД елдерiнiң көбiсi түркi тектес халықтар ғой. Бiздiңше, оларға орыс тiлiне қарағанда, қазақ тiлiнде түсiру тиiмдiрек деп айтар едiк. Түптiң түбi, көрсетiлетiн мемлекет тiлiне әйтеуiр аударылатын болғаннан кейiн, бұл жерде туған тiлiмiздi өз елiнде өгейсiтуден еш мән көрiп тұрған жоқпыз.

"Сценарийдi – киноның жүрегiне" баласақ, бүгiнгi таңда сол жүрегiмiз де дұрыс соқпай тұр. Осының салдарынан өз елiңiздiң тарихы жайында түсiрiлген көркем дүниелердi тамашалап отырып, бұрын оқып көрмеген, мүлде басқа тың тарихтың куәгерi боласыз. Бұл да тiкелей кино аталатын осы бiр идеологияның қуатты құралының басы-қасында жүрген көптеген мамандардың аты қазақ болғанымен, затының қазақ болмауының салдары. Бұл – ащы шындық. Бүгiнде сценарийдi толыққанды жазып шығатын маман әзiрге өз елiмiзден табылмай отыр. Осы себептi де өзге елдiң мамандарына жүгiнуге мәжбүрмiз. Басқаны айтпағанда, жоғарыда аталған "Астана – менiң махаббатым" телехикаясының сценариiн Ләйлi Ақынжанова жазып шыққанымен, диалогтарын жазу үшiн ресейлiк сценаристер Евгений Никишов, Марина Бартинова және Валерий Федоровичтардың көмегiне жүгiнуге тура келген. Осыдан кейiн төл мәдениетiмiзге қанық, таза ұлттық нақыштағы фильм түсiрiле ме? Әйтпесе, тарихқа бай бiздiң елде фильм сценариiне өзек болатын дүние жоқ дегенге кiм сенедi. Тек соны экранға лайықтап жазып, көрерменiнiң жүрегiне жеткiзетiн мамандарға зәрумiз, өкiнiшке қарай. Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының режиссерi Данияр Саламат маман ретiндегi өз ойын былайша бiлдiредi:

– Кезiнде әдебиет белгiлi бiр идеологиялық мақсатта ғана емес, ұлттың рухын бекiтетiндей, өзiнiң тұғырын нықтайтындай аса бiр маңызды рөл атқарған болса, бүгiнде сол жауапкершiлiктi кино мойнына алып отыр. Осындай бiр жауапты кезеңде бiздiң кино мiндеттi түрде ұлттық болуы шарт. Яғни, фильм басынан аяғына дейiн ұлттық мақсатқа, ұлттық мүддеге құрылуға тиiс. Кино – үлкен идеологиялық құрал. Бүгiнде батыстық кинолар бiзге ешқандай кедергiсiз лек-легiмен құйылып жатыр. Оның iшiнде бiздiң түсiнiгiмiзге мүлдем кереғер жұмыстар да жүр. Осының салдарынан жастарымыздың денi батыстық мәдениетпен сусындап ер жетуде. Сондықтан шетелден толассыз келiп жатқан киноларды белгiлi бiр мөлшерде шектеу туралы арнайы заң керек және ұлттық өнiмдердiң экранға шығып, кинотеатрлар жүйесi арқылы тарауына ықпал етiлуi қажет.

Киноны ешқандай ұлттық ерекшелiктерсiз, ұлт таңдамайтын шекарасыз өнер ретiнде қабылдауға болмайды. Бiзде кешендi түрде болса да саясат жүргiзiлуге мiндеттi. Бұл арада халқымыздың мәдениетi мен әдебиетiнен хабары мол, таным көкжиегi кең талантты қазақтiлдi жастарды оқуға қабылдау саясаты қолға алынуы тиiс. Ал, қазiргi кезде, өкiнiшке қарай, ондай нәрсе жасалып жатқан жоқ. Денi орыс тiлiн оқиды. Бүгiнде көптеген жастарымыз әлем әдебиетiн жатқа бiлгенiмен, қазақ әдебиетiне келгенде осалдық танытып жатады. Мұны айтып жатқан себебiм – сапалы өнiм тiкелей сапалы сценарий мен соны жазатын маманға байланысты. Ал сондай мамандар келiп жататын болса, онда сценарийге өзек болатын нәрселер бiзде жеткiлiктi деп ойлаймын. Қазiр қазақ жазушыларының саны ресми түрде 700-ге жетедi екен. Сол қаламгерлерiмiздiң әрбiр кiтабы бiр-бiр сериалдың жүгiн көтеретiн қаншама қазыналары бар. Демек, бiзде сценарийге қажеттi нәрселердiң бәрi жеткiлiктi. Ең бастысы – соны өмiрге әкелетiн режиссердiң рухы жеткiлiксiз болып жатыр.

P.S. Иә, бiздiң киноға шынымен де рухы биiк, танымы кең, ең бастысы ұлтын сүйiп, ел мүддесi жолында аянбай тер төге алатын мамандар аса қажет. Сонда ғана ұлттық бет-бейнемiздi көрсететiн нағыз қазақи нақыштағы көркем дүниелердi өмiрге келтiре алмақпыз. Дәл сол уақытта ғана бүгiнгi көрермендер, әсiресе, жастар қауымы ханзада Жумонг пен Му Хюльге емес, ер Жәнiбек пен дана Абылайға, хан Кене мен өр Махамбетке елiктеп, бабалар рухынан қуат алып ер жететiн болады. Осы орайда, ұлы кемеңгер Мұхтар Әуезовтiң "Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе" деген даналық сөзiн әңгiме етiп отырған саламызға қарай лайықтап, ел боламыз десек, ең әуелi киномызды түзеу керек дегiмiз келедi. Ал, Сiз қалай ойлайсыз?..

Назерке ЖҰМАБАЙ