«ҮМIТ ҮЗГIМ КЕЛМЕЙДI»"
«ҮМIТ ҮЗГIМ КЕЛМЕЙДI»"
Өткен аптадаАлматыдағыҰлттық кiтапханада белгiлi әдебиеттанушы ғалым, белгiлi қаламгер Немат Келiмбетовтiң шығармашылығына арналған дөңгелек үстел өткiзiлген едi. "Немат Келiмбетов – жазушы, түрколог ғалым" деген тақырыпта өткiзiлген аталмышжиынға елiмiздiң зиялы қауым өкiлдерi мен алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келдi.
Аталмыш жиын барысында белгiлi ғалым, қаламгер Немат Келiмбетовтiң қазақ әдебиетiне сiңiрiп келе жатқан еңбегi мен ежелгi түркi әдеби мұрасын зерттеудегi елеулi үлесi жайында жан-жақты ой-пiкiрлер айтылды. Дөңгелек үстелдi жазушы Смағұл Елубай жүргiздi. Сонымен бiрге, сол күнi кiтапханадақаламгер Немат Келiмбетовтiң түрiк, қытай, немiс тiлдерiне аударылған еңбектерi мен аудио-кiтаптың тұсауы кесiлдi.
Соңғы жылдары қазақ қаламгерлерiнiң кiтаптары бiрқатар шет тiлдерiне аударыла бастады. Бұл өз кезегiнде қазақ әдебиетi мен ұлтымыздың жалпы руханиятын әлемге танытуға қосымша мүмкiндiктер беретiнi сөзсiз. Осы орайда қаламгер Немат Келiмбетов еңбектерiнiң де әлемдiк рухани кеңiстiкке шыға бастағанын оң құбылыс деп бағалаған жөн. Тағы бiр айта кетер жайт – жуырда Немат Келiмбетовтiң "Үмiт үзгiм келмейдi" атты романының немiс тiлiне аударылған нұсқасына ЮНЕСКО аясындағы ең мерейлi марапаттардың бiрi – Еуропаның Франц Кафка қоғамының наградасы берiлдi. Аталмыш беделдi марапат бұған дейiн әйгiлi кинорежиссерлер Стивен Спилберг пен Милош Форманға және жапонның атақты жазушысы Харуки Муракамиге берiлген болатын. Бұдан соң қаламгер ғалымның осы "Үмiт үзгiм келмейдi" кiтабы қытай, түрiк тiлдерiне аударылып, тұсаукесер рәсiмдерi Ыстамбұл мен Бейжiң қалаларында өткен болатын.
Немат Келiмбетовтiң қалың оқырман қолдан-қолға өткiзiп оқитын кiтаптың бiрiне айналған "Үмiт үзгiм келмейдi" хикаят-монологы мен "Ұлыма хат" эсселерiнде өмiрге деген құштарлық, ұлттық рух, биiк адамгершiлiк мақсат-мұраттар тереңнен талданған. Ұлт әдебиетiне бар болмыс-бiтiмiмен, талант-жiгерiмен қалтқысыз қызмет етiп жүрген Немат ағамыздың есiмi көпшiлiкке шетел классиктерiнiң үздiк шығармаларын қазақ тiлiне тәржiмалаған бiлiктi аудармашы ретiнде де жақсы таныс. Ол армян жазушысы Леонид Грунцтың, украин жазушысы Василь Казаченконың,өзбек жазушылары Сайд Ахмад пен Пiрiмқұл Қадыровтың шығармаларын қазақ тiлiнде сөйлеттi.
Қаламгердiң тағы бiр ерекше қыры – ол әдебиеттану саласына қосып келе жатқан өлшеусiз еңбегi. Негiзiнен, түркi әлемiнiң әдебиетiне зейiн қойған зерделi ғалым "Ежелгi түркi поэзиясы және қазақ әдебиетiндегi көркемдiк дәстүр жалғастығы" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. Бұған қоса, ғалымның "Қазақ әдебиетi бастаулары", "Көркемдiк дәстүр жалғастығы", "Ежелгi дәуiр әдебиетi" және басқа да күрделi тақырыптарға жасаған терең талдаулары бiрнеше сүбелi кiтаптардың жарық көруiне негiз болған. Қалың оқырман бiле жүрсiн деген ниетпен қаламгер-ғалымның мемлекеттiк "Мәдени мұра" бағдарламасының жүзеге асуына да қосқан үлесi бар екенiн айта кеткенiмiз жөн. Осыдан бiраз бұрын аталған бағдарлама бойынша "Қазақ әдебиетiнiң тарихының" 10 томдығы шыққан болатын. Осы жинақтың "Ежелгi дәуiр және орта ғасыр әдебиетi" деп аталатын екiншi томы мен "Алтын Орда дәуiрi мен қазақ хандығы тұсындағы әдебиет" деп аталатын үшiншi томының жалпы редакциясына Немат ағамыз тiкелей өзi жетекшiлiк жасаған. Сонымен қатар қайраткер ғалым Немат Келiмбетов – "Қазақ әдебиетiнiң ежелгi дәуiрi" бағдарламасы бойынша жоғары оқу орны студенттерiне арнап жазылған бiрқатар оқулықтар мен арнайы оқу құралдарының авторы. Осы уақытқа дейiн қаламгердiң әдеби кiтаптары мен ғылыми еңбектерi орыс, украин, түрiк, қытай, немiс тiлдерiнде жарық көрген.
Едiге БЕКТАС