Қостанай облысында 47 жолаушысы бар автобус далада қалып қойған

/
Қостанай облысында 47 жолаушысы бар автобус далада қалып қойған
polisia.kz

Қостанай облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қолайсыз ауа райы жағдайында — боран, қалың қар жауу және қатты жел кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды.

Ауа райының күрт нашарлауына байланысты облысаралық автожолдардың бірінде Астана – Екатеринбург бағытында қатынаған жолаушылар автобусы жолда тоқтап қалды. Автобус ішінде барлығы 47 жолаушы, оның ішінде 6 бала мен 4 мүмкіндігі шектеулі азамат болған.

Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірлесіп жедел шешім қабылдап, адамдарды Қарасу ауданына қарасты Октябрь ауылында орналасқан жылыту пунктіне жеткізді.

Онда жолаушыларға қажетті көмек көрсетіліп, жайлы жағдай жасалды. Шетелдік азаматтар көрсетілген қолдау мен қамқорлық үшін өз алғыстарын білдірді. Ауа райы жағдайы тұрақталып, автожолда қозғалыс қайта жандана салысымен, таңғы уақытта автобус полиция автопатрульдерінің сүйемелдеуімен жолын қауіпсіз түрде жалғастырды.

Бұл аталған бағытта қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Полиция жүргізушілер мен жолаушыларды қолайсыз ауа райы кезінде жолға шығар алдында ауа райы болжамын мұқият ескеруге, сақтық шараларын сақтауға және төтенше қызметтердің ұсынымдарын қатаң орындауға шақырады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары