ҚАЗАҚ НАМЫСЫНЫҢ НАЙЗАҒАЙЫ

ҚАЗАҚ НАМЫСЫНЫҢ НАЙЗАҒАЙЫ

ҚАЗАҚ НАМЫСЫНЫҢ НАЙЗАҒАЙЫ
ашық дереккөзі
330

Әкелерiмiз "Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледi" деген сөздi жиi айтып отыратын. Сол сияқты өмiрде болсын, өнерде болсын, өлмейтiн, шоқтығы биiк, айдарынан жел ескен тұлғалар болатыны ақиқат. Сол бiр ажалсыз адамдай ажалсыз сөздер де, жыр жолдары да болатын сияқты.

Болмаса кешегi Кеңес өкiметi тұсындағы көрер көзге жасалған қиянаттың сорақы көрiнiстерiн ұмытуға қақымыз жоқ. Өз ұлтыңның аяусыз қырылғанын, елiмiздiң еңселi тұлғаларын iш-құса еткiзiп, еңiретiп ұстап, түрлi зымияндық әрекеттерiмен көздерiн жойып отырғанын былай қойғанда, тек "қазақ" деген сөздiң өзiне тұла бойлары түршiгiп, ақын-жазушыларымызға еркiн айтқызбайтын дәрежеде ұстағаны ащы шындық. Сонда да қайсар қазақтың өршiл жыры, намыс шарығына қайралған құдыреттi өлеңi өлген жоқ. Сондай бiр жырдың авторына айтар алғысымыз мол. Және барша жиындарымыз, концерттерiмiздiң ажарын ашып, жан-жағына шуағын шашқан жырдың өзiне ескерткiш қоюға да болар едi. Оған осы Жұбан ақынның "Мен – Қазақпын" дастаны әбден ылайық. Ақын:

"Мен – Қазақпын мың өлiп, мың тiрiлген,

Жөргегiмде таныстым мұң тiлiмен.

Жылағанда жүрегiм, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкiмнен түн түрiлген.

Мен – Қазақпын, ажалсыз анамын мен,

Құрсағыма сыйдырған даланы кең,

Пәк сәбимiн бесiкте уiлдеген,

Дәуiрлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жiгiтпiн, айқасқа, сынға асықпын,

Жүрегi бар кеудемде шын ғашықтың.

Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда

Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым", – деп ел еңсесiн көтердi. Яғни, бұл жыр алдымен елдiң ажарлы өңiндей өнерпаздардың жүрегiне қонақтап, санасына өз ұлты жайлы сәуле шашып, көкiректерiнен күмбiрлеп, үндерiнiң iргесiн кеңiтiп, асқақататып, халқына қарымды қуат бердi. Бұл жыр мұңайғанға жiгер берiп, жаншылса қайта көтерiлер тiрек болып, барша халықтың бой тұмардай тiлегi де тiрегi, сүйенiшi де сүйiктiсi де болғаны анық. Бұл әрбiрден соң бүкiл қазақтың рухына дем берер қызметiн мүлтiксiз атқарды және сормаңдай елдi сүйеп тұрғызып, сiлкiлеп оятты. Осы орайда бiр айта кететiн жай, таза қазақи жырдың соңғы пiрiндей болған ұлы ақынымыз Әбдiлдә Тәжiбаевтың бiрде: "Осы заманның сөзiн сөйлеп жүрген, сөйлеп кеткен қаншама ақын бармыз, соншамыздың аузымыздан басқа емес бiр ғана "Қазақ" деген сөз шығып кетсе болды, мынау нағыз ұлтшыл деп қайсыбiрiмiздi түрмеге жауып, қайсыбiрiмiздi ендiгәрi ауыз ашпайтындай етiп жазалап жатқанда, мына Жұбан iнiмiздiң "Мен – Қазақпын!" деп айқайлаған үнi өзiнiң рухани ажарын жоғалтпай, аспанымызда тұрып қалды. Бұған не дерсiң! Құдды бiр өртенген өлкенiң ортасында жанбай жалаулап қалған бiр уыс жасыл шөптей желбiреп, жан-жағындағы тiршiлiктi қайта жандандырғандай болды. Бұл Жұбан iнiмнiң ырыс-бағы, ар-намысы болар, қала бердi, бүкiл қазақтың ырыс-бағы мен ар-намысын сақтап қалғандай болды. Алланың мұнысына да шүкiр" – деп тебiренгенiн өз көзiммен көрiп, құлағыммен естiгем.

Өткенге ой жүгiртсек, бүгiнгi таңда сол ұлы ақынның толғана айтқан тебiренiсiне көзiмiз жеткендей. "Мен – Қазақпын" дегенi арқылы туған халқының iшкi сырын арши ақтарып, ар-намыстың шексiз құдыретiн танытқан жырына басымызды иiп, тағзым етемiз. Үстемдiк құрған империя жалаң қылыштай жаланып, бұрынғы iстегенi аздай, тағы да ойына келгенiн iстеуге айналғанда, 1986 жылғы желтоқсан айында жастарымыздың алқымына кесек мұздай тығылып қалған қанды өксiктiң, яғни ар-намыстың күрт оянып, тұяқ серпiлiсiндей мiнез көрсетуiне тура келгенiн көзiмiзбен көрдiк. Сол тұста елге тiрек болып, өзiнiң аталы сөздерiн айтатын азаматтардың қатарынан көрiнген Жұбан ақынның оқты да отты сөздерi елге аңыз болып бiр сәтте тарап кеткенi ақиқат. Бұл жерде ұлттық намысына шапқан жастарды қорғап, өзiнiң арашалық сөзiн айтқан бес азаматты ерекше атамай кетуiм обал болар. Олардың бiрiншiсi, Қазақстан Жоғарғы Кеңесiндегi Желтоқсан оқиғасына байланысты өткен жиынында (25-шi желтоқсанда) жастарды кiнәлап, қызара бөртiп сөйлеген кейбiр жандарға қаймықпай тойтарыс берiп, сол қырғынға ұшыраған жастарды ақтап сегiз дәлелдеме сөзден тұратын өз сөзiн ашық айтып, кейiн бар азабын тартқан Бейбiт Қойшыбаев, одан кейiн, яғни екiншiсi – сондай оқиғаға себепшi болған жандарға өзiнiң өрелi ойының өрттi дiңгегiн бiлдiрген академик Салық Зиманов.

Ал үшiншiсi, және нағыз өрттi ортада, яғни Жазушылар одағында алғаш рет жиын өткiзiп, соған келген Колбиннiң тура алдында, яғни бетпе-бет тұрып, қаймықпай айтып, төнген қара бұлттың түнектi өресiн найзағайдай тiлгiлеп, өзiнiң аталы сөзiн айтып шыққан, "Мен – Қазақпын" дастанының авторы, ақын Жұбан Молдағалиев.

Төртiншiсi, осы Қазақстанда елiмiздiң ақ-адал нанын жеп жүрiп қылмыскер атанып, Ресейге бассауғалап кеткен Соломонцевтiң елдi жинап айтқан озбыр да мысқыл сөзiне мiрдiң оғындай жауап берген Сейдахмет Бердiқұлов ағамыз. Бесiншiсi, Г. Н Колбиннiң Жазушылармен екiншi кездесуiндегi жиында, өзiнiң орынды сөзiмен көңiл кiрбiңiн өрелi достық рәуiште сыпайы көрсеткен Сафуан Шаймерденов едi.

Отты намыстың арқасында, осыншалық зобалаң-зорлыққа төзе алмаған жастарымыздың, тайсалмай әрекет жасаған ұл-қыздарымыздың ерлiгiнде шек жоқ. Олар ұйыққа батқан ұлттың намысын оятып, өздерiн көрер көзге құрбандыққа шалса да, қаншама елге бостандық сыйлады. Сол жастарымыздың аруақтарына тағы да мың да бiр тағзым етуге тиiспiз.

Бәрiнен бұрын найзаның ұшындай, семсердiң сүңгiсiндей, қылыштың қылпып тұрған жүзiндей, атам заманнан үзiлмей келе жатқан халықтық ар-намыстың әруағын әмәнда асыра берсiн демекпiз. Аз-маз шегiнiс жасап, ақынның өз сөзiнен алынған сөзiмiзге түсiнiк бере кетейiк. Ақынның сол жиында оқыған оқты да отты сөздерi бiр сәтте қазақ арасынан кеңiнен тарады дедiк қой. Алайда мiнберден түскеннен кейiн, сол сөздердiң түпнұсқасы "тамаша сөйледiңiз" деген желеумен ақынды қапсыра құшақтаған жансыздардың қолында байқалмай кете барған. Ақын үйiне барғаннан кейiн, жаңағы оқыған қағазын қанша iздесе де таба алмайды. Қалтасында да жоқ, қолындағы пәпкесiнде де жоқ. Соңынан барып өзiн емiрене, емешесi құрып құшақтағандардың қолында кеткендiгiн бiр-ақ сезiнедi. Бұл сөзден кейiн баспасөз қайраткерлерiнiң үстi-үстiне ызбандап сұрағыштағаны екi бастан. Оларға заматында берейiн десе қолында жоқ, содан кейiн ақын сол ойын қағазға жобамен қайта қондырып берген. Бiз бұл үзiндiлерiн содан алып отырмыз. Яғни ақынның жиналысқа барар сәттегi әбден ашу-ызаға булыққан сөздерi мен кейiнгi қондырғы сөздiң арасында аспан мен жердей айырмашылық болмаса да қоламтадағы шоқ пен қып-қызыл өрттiң арасындай айырмашылығы бар екенiн ұмытпау керек екенiн ескерткiмiз келедi.

Сонымен азаматтық ар-намыстың шырқау биiгiнде тұрып қалған Жұбан ақынның сол кездегi найзағайлы сөзiне құлақ қояр болсақ, былай болып шығады екен. Және сөзiмiз дәлелдiрек болу үшiн ақынның сол айтқан сөзiн барынша ықшамдап алып отырмыз.

"Биязылап айтсақ, көптеген қиғаш құбылыс тура жазушылардың көз алдында өтiп жатты. Бiрақ баспасөз жүзiнде, мiнбеден айтуға бiздiң, қазақстандық әдебиетшiлердiң азаматтық ерлiгi жетпегенiн мойындауымыз қажет…

Айтылғанның Қасiреттi көрсеткiштерiнiң бiрi – желтоқсанның 17-сi мен 18-де Алматы қаласында болған нәрсе. Мен, бiздiң көпұлтты елiмiздiң халықтарының және ең алдымен ұлы орыс халқының бауырластығынсыз қазақтардың тiршiлiгiн көз алдыма елестете алмаймын. Өзiмнiң бүкiл өмiрбаяныммен, өзiмнiң алғашқы жолымнан соңғы жолыма дейiнгi бүкiл шығармашылығыммен осы бауырластықты бекемдеуге ұмтылдым. Басқа нанымға менi ешқашан ешкiмде илiктiре алмайды. Бiрақ, естiгенiмдей, өрт сөндiрушi машиналарды, су атқылағышты, қабаған иттердi, көп қатпарлы резеңке тоқпақтарды сұрқия арандатудың құрбаны болған жас жiгiттер мен қыздарға қарсы ойланбастан шұғыл ала жүгiрудi қостаймын десем, онда өз арымның алдында, сiздердiң барлықтарыңыздың алдарыңызда ақ-адал болмас едiм. Менi мына мәселелер толғандырады: өкiмет органдары тәртiптi қалпына келтiруге көмек көрсетуге шақырғандардың, жуасытушы құралдармен қаруланғандардың барлығы етегiне намаз оқыған интернационалист екенiне бiздiң көзiмiз жете ме? Олардың арасында тәртiпсiздiкке қатысушыларды ызаландырып, ашындыру үшiн бар жағдайды пайдаланған және соның салдарынан ұлтаралық алауыздықты қоздырған жаны да, қолы да таза емес адам болмады ма екен?! Көзiмен көргендердiң айтқанындай, 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп сабаған солар емес пе екен? Ақырында, сонан кейiнгi күндерi қалалық транспортта, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тiл тигiзу мен қоқан-лоққы жасау солардан шығып отырған жоқ па екен? Мен сондай ұят оқиғаның артынша не болғанын естiгенде, жасырып қайтейiн, осы күнге дейiн өмiр сүргенiме өкiндiм. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көрсетулердi түбiрiнен қиып отыруды жақтаймын, өйткенi демократия анархия емес. Солай болғанмен де, тiптi кiнәлiлердi де оған деген сенiмнен айырмау керек. Бiз олардың жасағанына ғана емес, сондай-ақ олардың азаматтық болашағы үшiн де жауаптымыз.

Алматыда болған оқиғаға баға берiлдi. Сонымен қатар, менiң ойымша, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiне, Колбин жолдас, Сiздiң өзiңiзге республикада интернационалдық тәрбие және ұлтаралық қақтығыстар мәселесi қалай шешiлiп жатқанын әлi де мұқият, сан қырлы жағынан талдау керек. Бiз – тың – жүз ұлт планетасы деймiз, ол дұрыс деп ойлаймын. Не десек те әдемi әрi әлуеттi естiледi. Ал, солардың әрқайсысы қалай тұратыны туралы кiм ойланды екен? Саны қаншалықты аз болғанмен, олардың көпшiлiгi өзiнiң ұлттық мектебi, балалар бақшасы, кiтабы, баспасөз органдары болуын қалайтыны туралы ше? Қазақтардан, орыстардан, ұйғырлардан, кәрiстер мен немiстерден басқа сол жүз тiлдiлердiң қайсысында ондай жағдай бар? Мен кейбiреулердiң астық өткiзуге немесе өндiрiстiк жоспар секiлдi ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттiң қырларын тегiстеудi, тiлдердi деформациялауды шапшаңдатуға ұмтылуда деген ойды маңыма жолатпаймын. Барлық проблема бiздiң қоғамдық құрылыс әр ұлттың тұрғын санына қарамай әр мәдениеттiң гүлденуiне жасап отырған қисапсыз мүмкiндiктi пайдалана алмауымыздан барып туындайтынын жай ғана атап өткiм келедi.

Мен – Қазақпын. Өз халқымды мақтан етемiн. Маған оның көп қатпарлы тарихы қымбат, ал оның бүгiнгi күнi одан да қымбат. Осы бүгiнгi күн үшiн ол басқа халықтармен бiрге революция және совет өкiметiн орнату жолдарынан абыроймен өттi, халқының жартысына жуығын жұтқан қасiреттi ашаршылықты басынан өткердi, совет өкiметi өсiрiп-жеткiзген жас зиялыларынан айырған 37 және 38 жылдардың трагедиясын бастан кештi. Бiрақ, бiр рет және бiржолата таңдаған жолынан оны ештеңе айыра алмады. Соғыс жылдарында қазақтар Отанымыздың адал әрi қаһарман қорғаушыларының бiрi болды. Осы ер, кеңқолтық, жомарт, өршiл әрi кәдiмгi аңқау, ұлттық шектеушiлiкке мүлде жат халық өзiнiң кеңдiгiн тың игеру кезiнде де көрсеттi. Тыңға сан түрлi адамның келгенi ешкiмге құпия емес, оның iшiнде бұрынғы қылмыскерлер де, ақша қуған уақытша құлқынын тойдырушылар да болды. Осындай адамдардың байырғы халықтың ұлттық намысына тиетiн әрекеттер жасағаны да аз емес. Бiрақ, қазақтардың партия шақырып отырған iстiң ұлылығын түсiнуiне ұстамдылығы да жеттi.

Қазiр басқаша жағдай орнады. Республикада ұлттық арасалмақ өзгердi. Бұның өзi тыңдағы көп жерде қазақ мектебiнiң саны күрт кемiп кетуiне әкеп соқты, ал қалалардағы iстiң жайын айтпаса да болады. Тiптi Алматыдағы қазақ мектептерiнiң саны, егер қателеспесем, екеу не үшеу. Ал, балалар бақшасының мәселесi бұдан да өткiр. Және де ана тiлiн меңгеру дәл осы балалар бақшасынан басталатыны бiзге белгiлi. Кейбiр қазақ ауылдары, тiптi кей жердегi аудан орталықтарының әлеуметтiк жағдайлары тең емес.

Тыңда – әдемi жаңа үйлер, ал бұларда – тоқал тамдар, оларда – асфальт жолдар, ал бұларда – бабаларынан қалған баяғы керуен жолы.

1972 жылы бiз, бiр топ жазушы, Жангелдин ауданында болып, бiр кезде қала болған, қазақ сахарасындағы революция бесiгi аталған оның орталығы Торғайдың қораш күйiн көрiп жағамызды ұстадық. Сол кезде онда, совет өкiметi құрылғанына 55 жыл болған-ды, тiптi телеграф байланысы да жоқ едi. Ал, олай болатын себебi мынау екен: бұрын бұл аудан қараған Қостанай облысының басшылары, қазақтар бәрiбiр ата жұртынан ешқайда кетпейдi, сондықтан ең алдымен жағдайды келiмсектерге жасау керек деп ұйғарыпты. Қазақтардың ұстамдылығы мен бекзаттығын осындай көзқараспен сынауға бола ма екен?

Қандай ұлтқа жатпайық, бiздер-жазушылар үшiн өте бiр iрi мәселе – ол өзiмiз жазып жүрген, өзiмiз оқып жүрген ана тiлiнiң проблемасы. Онсыз бiздiң өмiр сүруiмiздiң мәнi жоқ. Сонымен бiрге бiз тiлдердiң өзара байланысын, өзара баюын құптаймыз. Орыс тiлiне қарап мен былай деймiн:

– Ты выгоды не ищешь хмурым днем,

Не видешь в криках о себе резона,

Ты чтишь язык – пусть говорят на нем,

Хоть тысяча людей, хоть миллионы.

Бiрақ саяси алыпсатарлар, бiздiң ұлттың мешелдерi өздерiнiң мансаптық құлшыныстарында кейде ақылға қонымсыз iске дейiн барды. Отыз жыл бұрын олардың Волга, Орал өзендерiнiң, Орал қаласының, тағы басқалардың қазақша атауларын ресми қолданудан шығарып тастауға қолдары жеттi. Сiздер жақсы бiлесiздер, мәселен, елдiң зердесiнен Пугачев көтерiлiсiн өшiру үшiн, Жайық сөзiн қолдануға II Екатерина тыйым салған. Ендi, мiне 250 жыл өткен соң оған екiншi рет – бұл жолы Қазақстан терминологиялық комиссиясы тыйым салды. Бiрақ халық ондай тыйымға құлақ аспады: оларды ежелгi қазақ атауларымен атап келедi.

Соңғы айтарым. Кейде тiптi басшы жолдастардың қазақ жастарының республика жоғары оқу орындарындағы (ЖОО) саны, айталық, орыс студенттерiнен көп екен дегенiн кiнәлағандай, тиiстi министрлiкке ескерткендей естiлдi. Ал, олар Қазақстанда көп болмағанда қайда болмақ? Алыстағы қазақ ауылдарындағы оқушылар, орыс тiлiн меңгермеген шопандар мен механизаторлардың балалары Мәскеу, Ленинград, Куйбышев, Новосiбiр немесе Украина ЖОО-да конкурстық сынақтардан өте ала ма?

Бұның бәрi – ұсақ-түйек емес, тiршiлiк мәселелерi, лениндiк ұлт саясатының мәселелерi. Оны көзге iлмеу дегенiмiз – советтiк өмiр шындығына ерiктi немесе ерiксiз түрде шiркеу түсiру." Менiң бiлуiмше, Жұбан ағаның сол жиындағы жалынды сөздерi әлi күнге еш жерде толық нұсқасында жариялана қоймаған сияқты. Тiптi, 2000 жылы Орал қаласында шыққан "Ақиқатын айтқан айбарлы ақын" деген жинақта да ықшамдалып берiлген.

Бұл қайта жазылған сөз жобасы болса да, ақынның осы сөздерi, естiген елдiң құлағында азаматтық ар-намыстың айбарлы да айбынды сөзiндей мәңгi қалды. Бұл сөз елдiгiмiздiң мәңгi өшпейтiн ерiк-жiгерiндей аңызға айналып жүре бердi. Әлi күнге дейiн ұлттық намыс биiгiнде тәңiрдiң үкiмiндей мәңгi тұр. Оны ендi ешкiм де өшiре алмақ емес. Өйткенi, ол көрмеген көздiң жанарына суарылып, естiген құлақтың жарғағына жан бiтiрiп, ұлттық сезiмдi тебiрентiп, тұла бойды шымырлатып, – жүректi жарып жiбере жаздаған сөз. Бұл ғасырлар бойы көкiректi күрмеп келген тасқынды намыстың сағасын ашып жiберген нағыз киелi аңыздай сөз. Бұл ақынның сол жиында "бүгiннен кейiн мен тiрi қалам ба, қалмаймын ба, оны тек бiр Алла ғана бiледi" деген ақырғы үнiмен ажарланған аңыз. Сондықтан да жастарымыздың соңғы тұяқ серпiлiсiмен қуаттанған аңызды бүгiнгi таңдағы қайбiр жандардың өшiрмек болған әрекеттерi ешқашанда күш ала алмайтыны анық. Содан да болар, аты аңызға айналып кеткен бұл сөзге куә болғандар 1986 жылдың 29-шы желтоқсанында болған жиынды көрген көздер мен естiген құлақтар бақытты. Жүрекке қонақтап, көңiлге мәңгi орныққан бұл аңыз, жазылып қағаз бетiне түспесе де, ел бостандығының символы болып қала бермек.

Бүгiндерi ақынның көзi жоқ. Оған да төзбеске ылаж жоқ, ажалдыға кiм араша тұрар?! Бiрақ, ең жаманы, ақынның рухымен алысу да бiздiң кейбiр оқыған адамдарымыздың керi әдетiне айналуда. Болмаса, Жұбан ақынның атылған оқтай сол бiр азаматтық ар-намыстық сөзiн өшiруге есi бар адам ұмтылар ма!? Оның үстiне өз ұлтының мүддесiн одан кем сезiнбейдi-ау деген жандардың кейде терiс сөзге баруы қаймана қазақтың жанын ауыртары сөзсiз. Бұған дәлел ретiнде екi-үш ғана мысалға келтiре кетсек те жетiп жатыр.

Мәселен, соның бiрi батыр десе батыр, өз аузынан естуiмше Жұбан ақынды өте жақсы көретiн ақсақалымыздың өзi өлерiнен сәл бұрын күпiрлiк жасап, "Ол жиында Жұбан ақын сөйлеген жоқ, бiрақ қап-қара боп түтiгiп, залдан шығып кеттi" деген сөзiн қалай ұғынсақ екен. Оған бiр iнiмiз дер кезiнде жақсылап жауап бердi. Дегенмен, сол құрметтi ақсақалымыздың "Қазақ әдебиетi" газетiнде айтқан бұл сөзi елдiң жүрегiне тiкендей қадалғанында сөз жоқ. Және ақынды көрер көзге қаралаған бұл сөздiң де ел арасына келеңсiздеу кейiппен таралып, қарапайым халықтың наразылығына ұрынғаны айдан анық. Басқа не деймiз.

Екiншi айтпағымыз, Софы Сматаев сияқты елдiң елеулi азаматы 2006 жылғы 15-шi желтоқсанда "Жас қазақ" газетiне берген сұхбатында Жұбақаңды бiрде жастар алдында сөйлегiсi келмедi деп жазғырып, ендi бiрде "желтоқсанның 30-ыншы жұлдызында болған Жазушылар одағындағы жиында (тiптi ол жиында сөйлемеген Сафуан ағамызды алдына шығарып) Сафуан Шаймерденов қатты сөйлеп, Жұбан Молдағалиев ащы айтты", – деп өте шығады. Шындығында Жазушылар одағындағы жиын 29-шы желтоқсанда өткен. Онда тек осы Жұбан Молдағалиев ағамыздың жоғарыдағы аңызға айналған сөзi ғана залды от-жалынға орап кеткен. Соны өзi басы-қасында жүрсе де, өз сұхбатында қалай болса, солай айта салған.

Үшiншiсi, қазақтың қазiргi көрнектi жазушыларының бiрi – Қалихан Ысқақов. Жазушылар одағын көгертiп-көктеткен Әди Шәрипов, Әнуар Әлiмжанов және Олжас Сүлейменов деп, ал кеп олардың iстерiн жер-көкке тигiзбей мақтағанын талай оқып жүрмiн. Сонда деймiн-ау, Жазушылар одағының ғұмырында үкiметтен ең көп пәтер алып, жазушылардың жас-кәрiсiн түгелге жақын риза еткен Жұбан Молдағалиев жөнiнде ләм-мим демейдi. Қалғанын айтпағанның өзiнде осы пәтер жөнiндегi еңбегi ауыз толтырып айтарлықтай едi ғой. Өкiнiшке қарай, көрнектi жазушымыз оны аузына да алмай кетедi. Бұл ненi бiлдiредi? Ауызбiршiлiктiң жоқтығын бiлдiрсе керек.

Осының бәрi келiп Жұбақаңның дүние салғалы бергi жиналып, қатталып дайын тұрған естелiктер жинағының мезгiлiнде жарық көрмеуiне әсер етiп отыр. Бұл ұлтымыздың ар-намысына ылайық па?! Жоқ, әрине. Егемен ел бола тұрып, Жұбан ақынның елi үшiн жасаған ерлiгiн еске алдырмауға тырысып келемiз. Бiрақ, ол өз халқының көкiрегiнде мәңгi қалған. Биыл ақын 90 жасқа толуға тиiс болатын. Ақын тiрi болмаса да бұл той ерекше той боп өтуге тиiстi. Олай дейтiнiмiзге себеп, бiрiншiден "Мен – Қазақпын!" деп кешегi қысымшылықтың өзiнде елiнiң ұл-қыздарына асқақ рух берiп келген дастаны. Екiншiсi, "Сары аяз, көк мұзда" тапталған ар-намысын қорғауға шыққан ұл-қыздарын қорғау жолында бас тiгiп, өзiнiң аталы сөзiн айтып өткендiгi нағыз ерлiк. Кешегi бейбiт заманның өзiнде, бiз ұлы халық деп есептейтiн орыс ағайындардың ортасында жүрiп те өз еңсесiн бастыртпаған Жұбақаңның қанатты iстерi жеткiлiктi. Соның бiр-екеуiн айтуды өзiмше жөн көрдiм.

Бiрiншiсi, орыс азаматы басқарған облыстардың бiрiне барғанда әлгi неме қазақ жазушыларын менсiнiңкiремей, қабылдағысы келмептi. Содан Жұбақаң:

– Бұл бiзге мән қоймағаны ғой. Онда бiз де қабылдауына таңсық болмай-ақ қояйық, – деп өз жөнiне кетедi. Кейiн бұл кiсiлердiң жүрген жерiне әлгiлер өздерi келiп, сәлем берiп, кешiрiм сұрапты. Сонда Жұбақаң өзiнiң көшелi сөзiн айтып, қатты ұялтқан көрiнедi.

Екiншiсi, бiздiң Алматыда Орыс әдебиетi мен өнерi күндерi өтетiн болып, қонақтарды құрақ ұшып қабылдауға әрекет жасалып жатса керек. Көп ұзамай олар да келiп қалыпты. Жұбақаң болса оларды самарқау қабылдаған. Бұған көңiлдерi көншiмеген Мәскеу мен Ленинградтан келген ақын-жазушылар ренiш бiлдiредi. Сонда Жұбақаң да:

– Өздерiң қонақты қалай қабылдасаңдар, қайтарымы да сондай болмақ, – дегенде, қонақтар не дерiн бiлмей, сөз аяғын ылажсыз әзiлге бұрып кеткен екен.

Осының алдында ғана өткен Қазақстан әдебиетi мен өнерi күндерiнде өздерiн биiк санайтын әлгiлер онша ықылас бiлдiре қоймаған сыңайлы. Соның есесiн Жұбақаң өздерiнiң алдына тарта қойған. Олар да адам ғой, кейiн өз қателiктерiн түсiнiп, бұрынғы райынан қайтқан екен.

Қай кезде де өзiнiң азаматтық ар-намысын биiк қоятын Жұбақаң дәл осылай өз ұлтының да ар-намысын биiк ұстап өткен жан. Олай болса, бұл кiсi жайындағы мақаламызды өзiне арнаған iнiлiк жырыммен аяқтайын.

"Алдырғандай ащы сабақ теңiзден, –

Сонау шақта орыс тiлiн емiзген,

Берiлмеген өзiң болдың әз аға

Бар қазақты "Мен – Қазақпын!" дегiзген.

Болашақтың бұлыңғырын аңғарып,

Шыққанда ұрпақ ақ сағымды қақ жарып.

Жақтадың сен ара түсiп қасқайып,

Сәуле шашып бейне таңдай ақ жарық.

Өмiр-өлiм арбасқанда алдыңда,

Дағдарыста тұрған кезде халқың да.

Айттың ашық сен аталы сөзiңдi,

Көк түрiктiк нағыз ерлiк қалпыңда.

Сенiң бейнең әр қазақтың көзiнде,

Тұрып қалдың, мiр оғындай сөзiнде.

Жұбан-Жүрек болып барша қазаққа,

Құрбан болып кеткендейсiң өзiң де.

Бұл дәуiр де жәймен жылжып кетер-ау,

Түбiмiзге түсiнбестiк жетер-ау.

Өзiңдейiн отқа түскен ерлердi

Қастер тұтып, халқың ту ғып өтер-ау!"

Жұбан Молдағалиев сол кездегi мiнберден "Мынадай сұмдықты көргенiмше, кешегi қырғын соғыста неге өлiп кетпедiм екен" – деп көкiрегiндегi өксiктi от-жалынмен шығарған ғой. Сол ерлiгiн, қала бердi, бұл кiсiнiң ақ-адал азаматтығын, сирек кездесетiн iрi ақындығын алаш жұрты мәңгiлiк аңызға айналдырғаны өмiр шындығы.

Оспан Сейфолла МIРКЕМЕЛҰЛЫ, ақын

ЖҰБАН ЖӘНЕ ЖЕЛТОҚСАН

Адаспаған қаратүнек тұманда,

Өзiн өзi жеңдiрмеген күмәнға.

Әдiл айтқан Желтоқсанның шындығын

Махамбеттiң жүрегi бар Жұбанда.

Ақын жүрек құйтырқысыз шын жылап,

Кейiдi ол жарамсаққа тұнжырап.

Бұғып қалды кейбiр қаламдастары

Көкiрегiн жүретұғын ұрғылап.

Жағынуды, Мәймөңкенi сүймедi,

"Мен – Қазақпын!" деген шалқар жыр кенi.

Жанталасты қансыраған жастардың

Бойындағы қара бұлтты түргелi.

– Теуiп жатса керзi етiкпен өкпеге,

Айтпайсыңдар "Ей, қойыңдар!" – деп неге?

Шырқырады қыздарым мен ұлдарым,

Обал қайда?! – дедi Жұбан кектене.

Мәскеу тұрды "Жастар қанын iшем", – деп,

"Құлдық!" – дедi мансаптылар бүкеңдеп.

Қадалады ақын айтқан әрбiр сөз

Горбачевтiң жүрегiне тiкен боп.

Колбиндердiң қолтығына емiнбей,

Әдiлет деп жан ұшырды, шегiнбей.

Таяқ жеген, дiрдектеген Алаңда

Аяды ол өрендерiн өрiмдей.

Дедi батыл: "Ұлтын сүйсе несi айып,

Соттамайық, кешiрiм де жасайық"!

Жұбан алғаш қолтығынан демедi,

Алаңдағы жүргендердi қасарып.

Жұбан қазақ жұрағатын қорғады,

Құтқармақ боп қырандарын тордағы.

Именбедi, сескенбедi, қорықпай

Ортасында жыландардың ордалы.

Сол желтоқсан сеңдi бұзды сiрескен,

Қанды оқиға!

Шықпау керек бұл естен!

Жұбанның атын жөндi бiлмейдi

Байшыкештер ел байлығын үлескен.

"Желтоқсанда" күйiнген де сол ақын,

Астарына сүйiнген де сол ақын.

КОКП-ның күшiгi боп қала алмай,

Көкжалдайын жалап жатты жарасын.

Болат ҮСЕНБАЕВ

Серіктес жаңалықтары