ЖҰРТ СYЙСIНГЕН ЖАПОНИЯ

ЖҰРТ СYЙСIНГЕН ЖАПОНИЯ

ЖҰРТ СYЙСIНГЕН ЖАПОНИЯ
ашық дереккөзі
256

Қазақстанға сакураны неге сыйлады?

Қазақ елi мен жапон жұртының арасында айтып түсiндiре алмайтын әлдеқандай iшкi бiр нәзiк байланыс бар екенi күмән туғызбаса керек. Тiптi, кеңестiк империя тұсында капиталистiк жүйеге қарсы жүгенсiз жүргiзiлген идеологиялық майдан – "қырғи-қабақ соғыс" жылдарында да сол сыры беймәлiм байланыс үзiлген емес. Қарапайым адамдардың өзi басқа капиталистiк, коммунистер "империалистер" деп айтатын державалар – АҚШ, Ұлыбритания, ФРГ, Франция, тағы басқаларын ұнатпағанымен, Жапонияға сәл-сәл бүйрегi бұрып тұратын. Жапон елiн жамандаудан, оның атына ауыр сөз айтудан бойларын аулақ ұстайтын едi. Неге? Осы бiр iштей сыйластық, өзара бауырластығын сезiну қалай, нелiктен пайда болды? Мұның сырын әлi күнге ешкiм түсiндiрiп бере қойған жоқ.

Бәлкiм, соғыстың соңғы жылдары және одан кейiнгi ауыр кезеңде мыңдаған жапон тұтқындарының қазақ жерiнде болып, түрлi құрылыстар салған кезiнен қалған құрмет пе екен? Бәлкiм, қазақ әдебиетiнiң классигi Мұхтар Әуезовтың 1950 жылдардың соңына қарай "Жапония жазбаларын" жазуы және диктофонды алғаш рет көрiп суреттеуi қазақ оқырмадарының жүрегiнде алыс Жапонияға деген сүйiспеншiлiгiн оятып, бейнеткеш, өз жұмыстарына әрi тындырымды әрi жұмбақ адамдарға iштей құрметiн одан сайын тереңдете түстi ме? Әйтеуiр, жапон елiн халқымыз жоғары бағалағаны рас. Көне мәдениетi аса бай жапон елi ХХ ғасырда экономикалық жағынан аса қуатты мемлекетке айнады. Тынық мұхиттың батыс бөлiгiндегi осынау мемлекетке жасалған тауарлар: автокөлiктер, радиотехника, электронды аппаратуралар мен сағаттар жоғары сұранысқа ие болды. Тiптi, 70-80 жылдары жапондық магнитофоны бар студент қазақ жастарының арасында өзiн өзгелерден биiк санап, құрбы-құрдастарының ортасында ерекшеленiп жүретiн.

Жапония – Тынық мұхитының терiскейiнде солтүстiк-шығыстан оңтүстiк-шығысқа қарай 2900 шақырымға созылып жатқан архипелагқа орналасқан ерекше мемлекет. Ел территориясын құрайтын 4 мыңнан астам аралдың әрбiрiнiң өзiне ғана тән ерекшелiгi жетерлiк. Ел территориясы – басты төрт аралдан: Хоккайдо, Хонсю, Сикоку және Кюсюдан тұрады. Жалпы аумағы 377819 шаршы шақырымды құрағанымен, құрылықтың көбiн тау-тасты жерлер мен тiк қиялар, терең құздар алып жатқандықтан ел территориясының 15 бөлiгi ғана адамдар өмiр сүруге қолайлы. Соның өзiнде адамдардың тығыз қоныстануы жағынан Жапония әлемдегi тоғызыншы орынды алады. 127 млн. халқы бар мемлекеттiң өзге елдерден басты айырмашылығының өзi де осында: тұрғындардың 99 пайызы жапондар. Мұның өзi ел өмiрiнiң өзге мемлекеттерге ұқсамайтын қырларын ерекшелеп көрсететiнi сөзсiз. Конституциялық монархияға негiзделген мемлекеттiк құрылысы жаңа заманға сай демократиямен толық үндестiк тауып отырғандықтан бұл елде саяси тұрғыдан қудаланушылар жоқ деуге болады.

Әрине, бұл ел ең алдымен әлемдегi барша халықтар үшiн жұмбақ аңызға айналған самурайларымен әйгiлi. Жаужүрек, өз антына адал әрi дұшпандарына еш аяушылық танытпайтын самурайлар жаудан жеңiлiп қалған жағдайда өзiне өзi қол салатын болған. Ғасырларға созылған осынау қатыгез салт-дәстүрдiң барша адамдардың бойында ерекше қасиеттер қалыптасуына ықпал тигiзгенiн айта кеткен жөн. Әрбiр жапондық өзi қолға алған iстi жерiне жеткiзе атқаруды, өзгелер жете алмаған биiктерге жетудi басты мұраты санайды. Яки, жапон халқы өздерi игерген iстердiң шыңына жеткiзбей қоймайтын аса табандылығы, iзденiмпаздығымен ерекшеленiп қана қоймай, әрқашан өз елiнiң шынайы патриоттары болып қалуда. Әлем халықтары соғыс мақсатында қылыштардың сан алуан түрiн ойлап тапты. Ұзыны да бар, қысқасы да бар. Имегi де, қолға ұстағанда жау үрейiн ұшыратын қаһарлысы да бар. Дегенмен, осынау сан аулан қылыштардың ортасында жапон қылышы – самурай семсерлерiнiң алар орны ерекше. Тiптi, мұны суық қару жасау өнерiнiң ең биiк шыңы, қайталанбас үлгiсi деп қарау керек. Самурай семсерiне қатысты тұтас философия қалыптасқаны мәлiм. Сондай-ақ жаңа замандағы жапон жеңiл машиналары да әлемде ерекше құрметтелетiнiн күнделiктi көзбен көрiп жүрмiз.

Жапонияны жанартаулар елi деп атауға толық негiз бар. Елде 200-ден астам жанартау болса, соның 77-сi қазiргi кезде де әрекет етуiн тоқтатқан жоқ. Ал сұлулығы жағынан қайталанбайтын Фудзияма жанартауы – жапон халқының ерекше қастерлейтiн, ұлттық символға айналған тауы. Фудзияма Токиодан 100 шақырым батысқа қарай орналасқан, Жапониядағы ең биiк тау. Оның биiктiгi – 3776 метр. Фудзияма ең соңғы рет 1707 жылы атқылағанына қарамастан, ол әлi сөнбеген жанартау деп саналады және оның кез келген сәтте атқылауы ықтимал. Ел аумағында жер астынан атқылап жатқан ыстық қайнарлардың аса көп екенiн және цунамилардың жиi тiркелетiнiн айта кету керек. Яғни, бұл аймақта жер сiлкiнiсi жиi болып тұратынын баршамыз жақсы бiлемiз. Жыл сайын Жапонияда 800-ден 1000-ға дейiн жер сiлкiнулер тiркеледi екен.

Бiр сөзбен айтқанда, өздерiн жанартаудың үстiнде отырғандай сезiнетiн жапондар, қала құрылыстарының қауiпсiздiгiне, құрылыс материалдарының берiктiгiне ерекше мән бередi. Теңiз жағалауларындағы жазықтарда орналасқан қалалардың бәрiнде жер сiлкiнiсiне қарсы амалдар аса жоғары деңгейде жүргiзiлетiнi сондықтан. Жапон қалаларының әрбiрi өзгелерге ұқсамайтын, өзiне ғана тән қасиеттерi, көрiнiстерiмен ерекшеленсе де, жапон астанасы Токионың әрбiр жапондық үшiн орны бөлек.

Жер шарындағы ең үлкен әрi жылы мұхиттың ортасында орналасқандықтан жапон жерiнiң өсiмдiктер әлемi аса бай. Мұндағы 17 мыңнан астам түрлi өсiмдiктердiң бiрқатары дүниенiң өзге түкпiрлерiнде ұшыраспайды. Ел территориясының 60 пайызын қалың ормандар, бейнелеп айтсақ, ит мұрыны өтпейiн қалың нулар алып жатыр. Әсiресе, жылына метрлеп әрi тасты жарып өсетiн аса берiк әрi иiлгiш бамбуктердiң орны ерекше. Өсiмдiктердi аса жақсы көретiн жапондық гүл өсiрушiлердiң икебана өнерi – гүлдерден қайталанбайтын өнер туындысын жасаушылар мен қарапайым тастардан философиялық мәнге толы парктер жасаушы шеберлердiң жаны соншалық нәзiктiгiне таңданушылар әлемде жылдан жылға ұлғайып келе жатқаны белгiлi. Бұл елде құстардың 400-ден астам түрi бар. Ал жануарлар әлемi онша бай емес. Аюлар, жабайы шошқа, бұғылар ғана ұшырасады. Бiрақ маймылдардың ерекше түрi – жапон макакалары ел халқының мақтанышына айналған.

Жоғарыда айтқанымыздай, жиi сiлкiнетiн аймақта орналасқандықтан жапондар құрылысқа ерекше ден қойып, оның берiктiгiне айрықша назар аударады. Сондай-ақ, сұлулылққа ерекше құштарлықтары қайталанбас құрылыс нысандарын салуға итермелеген. Әсiресе, 1603 жылы Бива көлiнiң шығыс жағалауында салынған Хиконе сарайы мен Эдо кезеңiндегi (1603-1868) Рицурин паркi өз сұлулығымен көргендердi тамсандырады. Ал төбесi сабанмен жабылған дәстүрлi жапон үйлерi – гассе-дзукилер өзiнiң қарапайымдылығы, тұрмысқа аса қолайлығымен өнер туындысына айналған. Сондықтан да осындай үйлерден тұрғызылған Сиракава-Го ауылын ЮНЕСКО әлемдiк мәдениет ескерткiштерi тiзiмiне енгiзген болатын. Мұның өзi елге туристердiң бұрынғыдан да көптеп ағылып келуiн қамтамасыз еттi. Жапон жерiнiң көп бөлiгiн таулар алып жатқандықтан адамдар өмiр сүруге қолайлы аймақтар тым аз. Сондықтан жапон халқы ғасырлар бойы iрi әрi тығыз топтасып өмiр сүруге тарихи тұрғыдан мәжбүр болып келедi. Әлемдегi ең iрi қалалардың бiрi Токионың тарихы мұның нақты дәлелi. 1869 жылы ел астанасына айналғанға дейiн бұл қала Эдо аталып келген-дi. Тiптi, ХVIII ғасырдың өзiнде-ақ қалада 1 миллионнан астам тұрғын өмiр сүрдi. Қазiр ел астанасы Токиода 30 млн.-нан астам тұрғын бар. Яғни, саны бүкiл Қазақстанның барша халқымен тең адамдарға әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен ағылған туристер қосылып, ел астанасын құмырсқаның илеуiндей етедi. Бiр ғажабы, осыншама халық шоғырланғанына қарамастан Токио әлемдегi қылмыс ең аз жасалатын, қауiпсiз қаланың бiрi болып саналады. Осындай iрi қалаларды жалғастырып жатқан темiр жолдардың мүлтiксiз қызметi де жапон халқының орынды мақтанышына айналған.

Жапон поезы – синкансен ("жебе поезд") әлемдегi ең жүйрiк поез болып саналады. Ол сағатына 260 шақырымнан астам жылдамдықпен жүйткидi. Иә, бiздiң Сарыарқаның шексiз даласында да осындай сикансендер жүйткiп жүрсе, шiркiн! Онда алматылықтар анау Астанаға небары 5 сағатта жетiп барып, сондағы туыстарын таңғалдырар едi-ау. Амал қанша, синкансендер бiзге қол жетпес арман.

Ұзақ ғасырлар бойы өзге әлемнен бөлектенiп жатқан жапон мәдениетi өзге мәдениеттердiң ықпалынан тыс болғаны белгiлi. Iшкi кодекстерi, түрлi салт-жоралғылар мен әдет-ғұрыптар өшпес iзiн қалдырған жапон мәдениетi ешкiмге ұқсамайтындығымен ерекше әсер қалдырады. Жапон халқының өнерi, әдебиетi, музыкасы мен театры барша әлемге кеңiнен танымал. Әйгiлi Нобель сыйлығының иегерi арасында жапон жазушыларының шоқтығы биiк. Бiр таңданарлығы, техникасы ерекше дамыған Жапония әлемдегi ең көп оқитын елдердiң бiрi болып саналады. 2005 жылы Мәскеудегi "Махаон" баспасынан жарық көрген "Большой иллюстрированный справочник" кiтабының жазуынша, бұл елде күнiне 70 млн. газет, жылына 1,5 млрд.кiтап сатылады екен.

Өткенiн қастерлемейтiн және терең бiлмейтiн, бүгiнгi жақсы iстерiн қадiрлемейтiн әрi жарқын келешектен үмiттенбейтiн ұлттың өрiсi тар. Өркениеттi, техникалық тұрғыдан озық ұлттарды болашаққа жетелеген, дамуына кең жол ашқан үмiт пен шынайы сенiм, қайсарлық пен табандылық екенi дау туғызбас ақиқат. Оның үстiне билiктiң әдiлдiкке бiр табан жақын болуы ХIХ ғасырға дейiн әлемдiк өркениеттiң соңында қалып келген Жапонияны зор табыстарға жетеледi. Екiншi Дүниежүзiлiк соғыста жеңiлiс тауып, төбесiн қайғының қара бұлты торлағанымен, тарихи тұрғыдан аса қысқа уақыт iшiнде әлемдегi жетекшi елге айналуы таңданарлық құбылыс. Сондықтан Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың былтыр осы елге сапары аса табысты болғаны, әсiресе қазақ елi қарапайым жапондықтардың зор қызығушылығын оятқаны белгiлi. Тiптi, жапон кәсiпкерлерiнiң де бiздiң елге зор қызығушылық танытып отырғанын осы елде өткiзiлген бизнес-форумдар айқын көрсетiп бердi. Жапон министрi Акира Амара мырза: "Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жаңғырту саясатын жүргiзуде. Бұл жұмыстың Президенттiң қолымен ойдағыдай атқарыларына сенемiз. Қазiрдiң өзiнде бiз Қазақстанда ғасыр ғажабын көрiп отырмыз", – деген болатын терең толғаныспен.

Әр сөз-лебiзiне тұңғиық терең мән берiп, әрбiр iс-әрекеттiң астарына әрқашан байыппен қарайтын жапондар елiмiздiң әлеуетiнiң күн өткен сайын нығайып келе жатқанын үнемi назарда ұстайтынын жасырған жоқ. Ең бастысы, өздерi әлемдегi теңдессiз еңбекқор әрi тындырымды халық болған соң, тәуелсiздiгiн алып, Еуразияның дәп кiндiгiнде жаңа Астанасын тұрғызып жатқан қазақ елiн де аса жоғары бағалайтындарын бiлдiрдi. Бiздiң елiмiздегi экологиялық проблемаларды шешу жолындағы азын-аулақ үлестерi ретiнде 100 түп сакура ағашын Қазақстанға тегiн жеткiзiп беретiндерiн де мақтанышпен мәлiмдедi. Сакура – жапондардың ұлттық мақтанышы әрi қайталанбас байлығы. Барша әлем қызығатын жапондық теңдессiз жаңа технология емес, кәдiмгi шиенiң бiр түрi. Бiрақ, жапон ұлты үшiн ең қасиеттi, жер бетiндегi барлық байлыққа бағаланбайтын киелi ағаш. Демек ең қасиеттi құндылығын шын жүректен тарту еткен ел қазақ халқының да шын қадiрiн ұққаны, бағалай бiлгенi де. Жапонияда Нұрсұлтан Әбiшұлы: "Мен Премьер-министр мырзаға жапон корпорацияларының Қазақстандағы стратегиясын өзгертудiң, сөйтiп құрал-жабдық жеткiзу мен қызмет көрстеуден тiкелей инвестициялауға көшудiң уақыты келгенiн айттым," – деген болатын екi ел басшыларының өзара әңгiмесi туралы айта келiп. Кейiнiрек Елбасы Қазақстандағы беделдi бес қазақ редакторларымен сұхбатында: "Бiз үйренетiн ұлттан ендi үйрететiн ұлтқа айналуымыз керек.

Үйренетiнi бардың ғана үйретерi болады. Үйрететiн ұлтқа айналу – қазақ ұлт ретiнде сапалық тұрғыдан жаңа сипатқа ауысуы керек деген сөз. Ол үшiн ұлттың өзi жаңғыруға тиiс. Iштей түлеуге тиiс. Ширығып, шынығуға тиiс", – дегенi бекер емес. Осы орайда Қазақстанға киелi сакураларын сыйлаған жапон халқынан үйренуiмiз әлi де көп екенiн де естен шығармауымыз керек.

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары