ШАБАНДОЗ
ШАБАНДОЗ
"Алғабас" совхозының ипподромы көрермендерге лық толған. Атүстiндегi сайыстан жарыс өтiп жатыр. Кезектi сайыстан соң ортаға астындағы қаракер атын ойнақтатып, палуан денелi Советжан шықты. Қызғыш жейдесiнiң жеңiн бiлектен жоғары түрiнiп алған. Сом бiлегiнiң көк тамырлары адырайып көзге анадайдан ұрып тұр. Бүктеп ұстаған қамшысын бура санына қадай ұстап, "Менiмен кiм шығар екен" дегендей жан-жағына көз қиығын тастады. Жылда өтетiн ат сайысының жеңiмпазы.
Төрешi Нұрқан дауыстап жар салды.
– Советжанмен сайысқа кiм шығады?
Тәуекелге бел буып, ортаға ат ойнатып шыққан жан жоқ. Советжанның мысы басқаны соншалық мынау деген жiгiттердiң өздерi де жүрексiнуде. Бiрiне-бiрi "Сен шық", "Сен шық" деп күңкiлдесiп жатыр.
Төрешi тағы дауыстады.
– Қане, Советжанға қарсыласатын қайсысың бар? Сайысқа тана тiгiлген. Жеңген алады.
Ол торы ат үстiнде көрерменнiң бiрi болып отырған. Елудiң бел ортасына шыққан кезi. Кенет арт жағынан әлдекiмнiң таныс дауысы саңқ ете қалды.
– Шыманбай шығады!
"Бұл кiм өзi?" – Артына бұрылып қарағанша, анау торы аттың сауырын қамшымен осып-осып жiбердi. Торы ытқып ортаға бiр-ақ шықты.
Жұрт жарыса дауыстап, гу ете қалды. Торының сауырына қамшы басқан құрдасы Есенқұл екен.
– Өй, ит-ай, мұның не сенiң?! – Ат басын керi қарай бұра бергенi сол едi, шаршы топтың сыртындағы жүк көлiгiнiң қорабында, биiктен қарап тұрған көпшiлiкке көзi түсiп кеттi. Солардың алдыңғы жағында үстiне көк қынама бешпет киген, басындағы ақ жаулығының бiр ұшын алдына, бiр ұшын артына тастай салған Күмiсжан көзiне оттай басылды. Өзiн көптен көрiп тұрғаны осы. Жасы ұлғайса да, бидай өңiндегi қыр мұрны, керiлген қасы, қарақаттай тұнық жанары әжiмдi жүзiнде әлi жарасым тауып тұрғандай. Жастық шақтары Қытайдағы Текес жерiнде өттi. Қызылкүре ауданы қалың қазақтың шоғырланған жерi. Шыманбай мектептiң жетi жылдығын бiтiрген соң, ары қарай оқудан бас тартқан. Ағасы Сыбаш: "Адам боламын десең, тағы оқы" – деп қаншама рет айтты. Әкесi Модын: "Жарайды, бәрiңнен оқымысты шыға қоймас. Шыманбайды үйлендiрiп малға салайын" деп көршi ауылдың қызына айттырған. Арада бiр жыл өткен соң Модын Әйбатты келiн етiп түсiрдi. Солай ол ерте үйлендi. Күмiсжанға қылшылдаған жiгiт кезiнде кездескен болатын. Шыманбай ауылдың алты ауызынан құралақан емес едi. Қыз ұзатқан тойларда жұрттың қолқа салуымен "Ақжарай" әнiн шырқағанда, тойшыл қауым дабыр-дұбырдан тына қалып, әуенге елiтiп отырушы едi.
Айт дегенде өлеңдi айта алмаймын еи-еи-и,
Айт дегеннiң көңiлiн қайтармаймын еи-еи-и.
Ақжарай шiркiн Жамалай,
Ырияй қалқам, ырияй дай.
Өлең деген немене өнерпазға еи-еи-и,
Ауру жолдас болады өмiр азға еи-еи-и.
Ақжарай шiркiн Жамалай,
Ырияй қалқам, ырияй дай.
Опа болмас дүние жиғанменен еи-еи-и,
Бiр күн тастап кетесiң қимағанмен еи-еи-и.
Ақжарай шiркiн Жамалай,
Ырияй қалқам, ырияй дай.
Жастармен алтыбақан теуiп жүрген, Күмiсжанды ән әуенi ерiксiз тартқаны бар. Ақ боз үйдiң түрiлген iргесiне келiп тiзе бүгiп, тор көзiнен ән салып отырған жiгiтке үздiге қараушы едi. Шыманбайдың әншiлiгi өз алдына, ал шабандоздығын басқалар аузынан суы құрығанша айтып тауыса алмайтын. Екi күннiң бiрiнде болатын көкпар онсыз өтпейтiн. Әлденеше рет доданы жарып, көкпарды жерден iлiп алып, көмбеге тастаған ептiлiгiне талайлар тәнтi. Биiктегi жамбыны да атпен шауып бара жатып, мылтықпен дәл атып түсiргенде таңдана қол соқпаған жан қалды ма. "Кiмсiң?! Шыманбаймын!" едi. Анталаған дүйiм жұрттың топ iшiнен iздегенi де сол болатын. Аты шыққан жiгiттi жұрт мақтаса, қыз қалай жақтамасын. Олар бiрiн-бiрi iштей ұнатқанмен, тағдыр оларды қоспады. Оның да бiр себебi болды. Көкпар десе жазатайым аттан құлап, жазым боламын-ау деген сақтық болсайшы, шiркiнде. Ондайда арқасы қозғаны соншалық отың не, суың не қойып кетедi. Шолақмыстағы Ақмолда бай берген көкпар қыз-қыз қайнап жатқан. Шыманбай бiр емес, бiрнеше рет додадан дара шығып, көмбеге салым салғанда желпiнген көрермен "Шыманбай жасасын!..", "Шыманбай жасасын!.." деп аспан астын жаңғыртып едi. Мақтағанды кiм жек көредi. Сонда атойлап додаға тағы түскен. Тобылғы сапты қамшыны ауызына бүктеп тiстеп, шатқаяқтаған топыр тұяқтардың арасынан жердегi серкенi қос қолдап көтере бергенi сол едi, апайтөс қара ат мiнген жуан мұртты бiреу қиқулап келiп кеудесiмен қақты. Атының басы кекжең етiп, мұның аузындағы қамшыға қатты тиiп, қайырып жiбермесi бар ма. Ауызынан жылымық қан бұрқ ете қалды. Серкенi тастай салып, аузына қолын апарып едi, екi күрек тiсi алдына қарай қайырылып кетiптi. Бұлталақтаған бос тiстерi бiреуге сөйлесе де, Әйбаттың дайындаған тамағын iшсе де бұлталақтап мазасын ала берген соң, өзi қолымен жұлып тынған. Содан саңырайған ауызынан намыстанып, көпке дейiн қызды ауылға ат басын бұрмайтын болды. Кейiн бергi бетке өткендердiң iшiнде Күмiсжанның да отбасы болған. Ана бiр жылы осындай жиында ұшырасқаны бар. Қанша дегенмен жылдар араға салқындығын салады екен. Екеуi де сәлем-саулықтан артыққа бара алмаған едi. Сол Күмiсжан ендi мiне көздерiнен ұшқын шашып, жымия қарап тұр. Тұла бойынан ток жүрiп өткендей болды. Iлезде етi қызып шыға келдi. "Советжанмен сайысқа түсуден қашып, Күмiсжанның алдында ұяттан өлер жайым жоқ. Нар тәуекел! Жығылсам жер көтерер". Намысқа шауып, үстiндегi тер сiңдi пиджагын шешiп тастап, жеңiн түрiндi. Советжан оның шағын денесiне қарап, миығынан мырс ете қалды.
Төрешi ысқырығы естiлгенде екеуi аттарына қамшы басып, жанаса бердi де қолдарымен ұстаса кеттi. Советжан оны ер үстiнен жұлып алмақшы болып, шiрене тартты. Шыманбайдың ырқына көнер түрi жоқ. Ат жалына жатып алып, дес берер емес. Қайта өзiне қарай тартып бара ма қалай. Советжан сонда ғана оның осал сайыскер емес екенiн бiлдi. Аттар да бiр орындарында тұяқтарымен жер тарпып, оқырынып шыр айналуда. Бiрде ол үзеңгiге табан тiреп шалқайса, бiрде бұл. Советжан тартыстан ала алмайтынын сездi ме, басқа айлаға көштi. Оң қолын босатып алып, бұғанадан шап бердi де шұқыршағына сұқ саусағын қатты батырып, өзiне қарай тартып қалды. Бұғанасының ауырғаны соншалық Шыманбайдың жаны шыға жаздады. Ерден көтерiлiп барып, қолын қағып үлгердi. Ендi айлаға Шыманбай басты. Астындағы торыны оған тiке салып, басынан қамшымен осып жiбергенде ат тiке қарғып, алдыңғы екi аяғын Советжан мiнген қарагердiң жалына артты. Ауыр салмақтан шатқаяқтап құларман халге келген қарагердiң үстiндегi Советжан абыржып жалтара бердi.
– Мына шал қайтедi-ей?!..
Ол ес жия алмай тұрған қас-қағым сәтте Шыманбай ербеңдеген қолынан шап берiп, бұра тартқанда, Советжанның қарсыласарға қауқары қалмай ерден ауып, қара жерге топ еттi. Қалың қауым шу ете түстi. Бiр-бiрiмен жарыса қауқылдасып жатыр.
– Бәрекелдi, Шыманбай!
– Күш атасын танымас деген осы!
Төрешi қара тананы оның алдына көлденең тартты. Ол тұқыл мүйiзiне байланған жiбiнен ұстап тұрып, Күмiсжанға көз қиығын тастап едi, ақ жаулықты әйел көздерiнен шуақ шашып, бар мейiрiмiн төгiп тұр екен.
* * *
Төрегелдiнiң Шыманбайы жаз жайлауы Далашыққа кештетiп жеттi. Сол түнi екi үш керегенiң бастарын түйiстiрiп, таң атқанша iлдалап түнеп шықты. Ертеңiне жайылымға малын өргiзiп, алты қанат киiз үйiн тiккен. Белдеу жiбiн тартып байлап жатқаны сол едi, көршi отардан Сандыбай Ақтабанын желдiртiп келе қалды.
– Шымеке, анау Шыбылдың жазығына Нарынқол, Шелек, Iле ауданының шабандоздары жиналып, көкпар шапқалы жатыр. Мен сонда кетiп барамын. Барсаң жүр. – Асыққаны соншалық, оның жауабын күтпестен атына қамшы басып, алақ-жұлақ тасырлата шаба жөнелдi.
Ол жан-жағына көз жiберiп, "Шыманбай қасқаны" iздедi. Әудем жер еңiс беткейде жайылып жүр екен. Бұл қасқаны қолға қалай түсiргенi әлi есiнде.
"Алғабас" жылқы зауытынан мiнiс атын алуға барған. Директор бiр жабағыны бердi. Арқасына ер салып жатып, жабық жайдың бұрышында тұрған қасқа құлынды көзi шалып қалды. Тұрқы бөлек екен. Жанына барып, кiшкене кекiлiнен, басынан еркелете сипады. Директор: "Енесi өлiп, жетiм қалды, – дедi көңiлсiз үнмен.– Асырап мал етiп аламын десең, сенiң есебiңе жазып берейiн". Шыманбай сөзге келмей келiстi. Сол құлынды құнан кезiнде баптап бәйгеге салды. Алды болып келдi. Дөненiнде де бәйгенiң алдын берген жоқ. Көкпарда топты жарып, жұлқына шабысын айтсайшы. Суырылып алға шыққанда жиналған қалың қауымның ауыздарынан суы құрып: "Пай! Пай! Шыманбайдың қасқасы-ай! Өрге салса да өршелене шабатынын қайтерсiң" – десiп жататын. Содан бұл "Шыманбай қасқа" атанып кеттi. Тау етегiндегi Табанқарағайдан анда-санда отындық ағаш тартқаны болмаса, өрiсте бос жүретiн.
Шыманбай атқа ер салып, қарғып мiндi. Ошақтағы қазанды жуып, ас қамына кiрiсiп жатқан әйелiне дауыстады.
– Әйбат, малға қара. Мен көкпарға кеттiм.
Әйелi шыж-быж болды да қалды.
– Көкпардан өлдiң бе? Ендi қартайғаныңда жас балалармен жағаласпай қойсаң еттi. Мен сенiң асыңды пiсiремiн бе, малыңа қараймын ба?
Шыманбай құлақ асқан жоқ. Атқа қамшы басты. Әлгiден байқамапты, итi соңынын ерiп, жүгiрiп келедi екен. Ол тiзгiнiн тартып, қату үнмен бұйыра сөйледi.
– Сырттан, малға қара! – Қамшымен отар жақты нұсқады. Ит басын салбыратып керi бұрылды.
Табанқарағай жақтағы Ақ кие Байсауылдың бергi жағы Шыбыл жазығы. Шопандар Далашыққа қалай келдi, солай Шыбылда көкпар басталады. Түс әлетiне дейiн жан-жақтан жиналған көкпаршылар көк серкенi кешке дейiн тартысып жатқаны.
Шыманбай келгенде көкпар қызған екен. Маңдайларын орамалдарымен шарт түйген алғабастықтар мен дегерестiктер тартысып жатыр. Көмбеге бiрде алғабастықтар салым салса, бiрде дегерестiктер салуда. Аты болдырған бiр жiгiт шауып келiп, ентiге сөйледi.
– Шымеке, шабыңыз.
Әлгiден делебесi қозып зорға шыдап тұрған Шыманбай көнетоз бас киiмiн қанжығасына байлай салып, жалаң басымен додаға қарай ұмтылды. Тiресiп тұрған шабандоздар жерден серкенi көтерiп ала алмай әлек. Аттан құлардай еңкейiп, созған қолы серкеге ендi жете бергенде, қарсыласы кеуделеп ығыстырып жiбередi. Шыманбай екпiндеп келiп, бiр бүйiрден соға килiктi. Алдыңғы екi ат қатты соққыдан сынадай жарылды. Тапырлаған ат тұяқтарының астындағы серкенiң сирағынан тарамыс қолдарымен шап берiп, көтере бергенi сол едi, алғабастықтардың бiрi "Шыманбай қасқаның" сауырын қамшымен салып-салып жiбердi.
– Шыманбай, ендi айырылма. Тарт!
Кеуделi жануар алдындағыларды киiп-жарып, топ арасынан сытылып шыға бердi. Бауырын жазып, жалы жалаудай желбiреп, артында шаң қалдырып, ағызып барады. Соңынан үздiк-создық қуғыншылар түстi. Шұбар ат та ұшқыр-ақ екен. Жетiп-ақ қалды. Үстiндегi көк жейделi шабандоз Шыманбайдың сол жақ тақымында салақтаған серкеге еңкейiп, қолын созғаны сол едi, ол оң жақ тақымына ауыстыра қойды. Шұбардың тiзгiнiн тартып, қайта күш аламын дегенше, "Шыманбай қасқа" ұзап, көмбеден бiр-ақ шықты. Желпiнген алғабастық көрермендердiң қуаныштарында шек жоқ. Шыманбай додадан серкенi тағы екi рет алып шықты. Көмбеге қарай қатарласа шапқан өз жiгiтiне серкенi берiп, қуғыншыны қақпайлады. Алғабастық көкпаршылар салым салуды үстемелей түстi. Кезектi дода тартысынан екi ат қатарласа шықты. Алғабастық Шыманбай мен дегерестiк Қорғанбектiң арасында керiлген серке. Екеуi де ат жалына жантая жатып, ырғай тартысуда. Қорғанбектiң шаң басқан өңi қарауытып кеткен. Ызаға булығып, кiжiне сөйледi.
– Әй, шұнақ шал, серкенi жiбер. Айтқанға көнбесең, ат үстiнен серкемен қосып жұлып аламын.
– Қолыңнан келсе, тартып ал, бала!
Жарыса шапқан қос аттың танаулары делдие кең ашылып, пыр-пыр тыныстайды. Ақиланған көздерi алдындағыны көрер емес. Жын қаққандай, ойпаңнан орғып, қыраттан қарғып барады. Кенет… Шыманбайдың астындағы ат сүрiнiп, омақаса құлады. Өзi екпiнiмен анадай жерге ұшып түстi. Дүн-дүние шыр көбелек айналғандай, тау шоқылары төңкерiлiп бара жатқандай болды. Иығы қой тасқа қатты соғылғанын бiледi. Содан кейiн жарық дүние бiр сәтке қарауытып сала бердi. Көзiн ашса, қаумалаған жұрт серкемен ұшықтап жатыр екен. Абылай қолтығынан демеп тұрғызды.
– Шымеке, сiздi Құдай сақтады. Мына тасқа басыңызбен соғылғанда, бар шаруаңыз бiтiп едi. Аттың аяғы сарышұнақтың iнiне кiрiп кетiптi.
Ол үстi-басын қағып, атына мiндi. Шартабақ күн көкжиекке қияқтана батып барады. Көкпаршылар ат бастарын келген жақтарына қарай бұрып, тарап жатыр. Шыманбай үйiне жеткенде қас қарайған едi. Әйбат отарды үй iргесiндегi шарбақ қоршауға қамапты. Жанына тiлiн салақтатып, Сырттан келдi. Құйрығын бұлғаңдатып, тiлiмен қолын жалады.
Түн ортасында төсектен тұрып, малға қарау қашанғы әдетi. Бүгiн де оянып кеттi. Сол жақ иығы қақсап ауырып жатыр екен. Жан шыдатар түрi жоқ. Қараңғы үйде қарманып, зорға киiндi. Сыртқа шықты. Арғы-бергi жұлдыздар самсап тұр. Сырттан жетiп келдi. Екеуi отарды айналды. Дала жым-жырт. Айнала мүлгiген тыныштық. Төсегiне қайта жантайды. Ауруы жанына батып, ыңырсып көз iлiндiре алсайшы. Солай таң атырды. Ертеңгiсiн Әйбатқа ауруы туралы тiс жарған жоқ. Әйтсе де неше жылдан берi сыралғы болған жан күйеуi қанша жасырса да сезгенi анық. Шай үстiнде оның жүзiне аянышпен қарап, жазғыра үн қатты
– Осы көкпарды қой дегенiм қашан… Көресiнi көрсең де алған бетiңнен қайтпай-ақ қойдың ғой. Ендi отырысың мынау, пұшайман болып.
– Басқаны қойсам да, көкпарды қоя алмаспын, Әйбат. Бос сөздi айтып қайтесiң, шайыңды қоюлап құй.
Екi жетiден соң жайлауға аудандық аурухананың бiр топ дәрiгерлерi ат iзiн салды. Хирург Шыманбайдың сол жақ иығын ары-берi қарап көрдi. "Етi ауырып қалған ғой,– деп сөмкесiнен сықпа дәрi алды.– Мынаны кешке жағып жатыңыз. Ары кетсе үш-төрт күнде ауырғаны басылып, құр аттай ойнақшып шыға келесiз әлi". Қанша жақса да дәрiден қайран болмады. Ауруы жанына батып, сол жақ қолы қозғалудан қалған. Солай iлдалап жүргенде екiншi ұлы Талғатжан орталықтан келе қалғаны мұндай жақсы болар ма. Көнбесiне қоймай астындағы "Нива" көлiгiне мiнгiзiп, Жалағаштағы Мәтiмхан сынықшыға алып барды. Сынықшы иығын ақырын қозғап, көрдi де: "Шыманбай, бұғанаң орнынан тайып кетiптi", – дедi. Ол: "Дәрiгер етi ауырып қалған деп едi". – Үнi күмiлжiп шықты. "Бiлмейтiн адамның сөзiн тыңдап қайтесiң,– дедi Мәтiмхан кейiс үнмен.– Саған қояр бiр шартым бар. Соны орындауға уәдеңдi берсең, бұғанаңды орнына саламын. Келiсесiң бе?". Шыманбай: "Қандай шарт қойсаңыз да келiсемiн. Тек осы аурудан құтқарсаңыз болды",– дедi. Мәтiмхан: "Ендеше, арақ iшпейсiң. Шартым сол",– дедi. Шыманбай тұтығып қалды. "Мейлi, iшпеуге тырысып көрейiн",– дедi амалсыздық танытып. Сынықшы бұғанасын орнына салды. Шыманбайдың көзi шырақтай жанды.
Жайлаудың күнделiктi күйбең тiршiлiгi. Отарды таңертең өргiзiп, кешке қотандаумен күндер өтiп жатыр. Сондай күндердiң бiрiнде Ахметтiң Тұрсынжаны үш құнанды қуып келдi.
– Шыманбай көке, мыналардың бiреуiне шалма тастап, ұстап берiңiзшi.
– Жарайды. – Ол қыл шылбырды шумақтап, атқа мiндi.– Құнандарды алдымнан айдап өт.
Тұрсынжан ұзап кеткен саяқтарды қайырып, Шыманбайдың алдына қарай желдiрте айдады. Ол оң қолындағы шалманы құлаштай айналдырып тұрып, желiп бара жатқан құнандарға лақтырды. Дөңгелене ұшқан шылбардың орауы жазылып, соңғысы артқы құнанның басына килiге кеттi. Құнан аспанға тiк шапшыды. Оқыранып, тепсiнiп оны сүйрей жөнелдi. Айтақырдағы сиырдың жаңа жапасына астындағы аттың аяғы тайып кетiп, тұмсығымен жер сүзе жығылды. Шыманбай үзеңгiден аяғын шығара алмай ат астында қалды. Орнынан тұрғанда сол жақ иығы баяғы гөй-гөйiне басып, зар қақсады. Жан шыдатпай ауырған иығын оң қолымен қапсыра ұстап, бүк түсiп бiразға дейiн отырып қалды. Киiз үй маңында жүрген Әйбат жан ұшырып жүгiрiп келдi.
– Шаңқай түсте боққа жығылып не көрiндi саған? – Ызадан табалағандай болды.
– Әйбат, бұғана тағы кеттi.– Ауырсынып, бетiн тыржитты.
– Мәтiмханға алып бара қоятын Талғатжан да жоқ. Ендi қайттық?
– Ол шартымды орындамадың деп орнына сала қоймас.
– Амал қанша, жалынып жалпайсаң, иiлер.
Жексенбiге дейiн әлi үш күн бар. Талғатжанның одан берiде келе қоюы екiталай. Ертеңiне көршi отардың шопаны Дәулетбай боз қасқасымен үй жанынан суыт өтiп бара бұған соға кеткен.
– Шымеке, көкпарға бара жатырмын. Бiрге жүрмейсiң бе?
Ол ұнжырғасы түсiп, басын шайқады.
– Бұғанам тағы шығып кеттi. Бара алмаспын.
– Сiздей көкпаршының бармағаны өкiнiштi, әрине. Жарайды, мен кеттiм.
Шыманбай мазасыздана бастады. Әлдене жоғалтқандай көңiлi жай табар емес. Киiз үй жаққа қарап едi, Әйбат көрiнбедi. "Шаппасам да көкпарды қызықтап қайтайын". Бағанда байлаулы тұрған "Шыманбай қасқаны" мiне салып, сауырына қамшы басты. Әйбат ат дүбiрiн естiп, үйден жүгiрiп шыққанша Шыманбай үй артындағы қырқадан асып бара жатты.
Бiрi қашып, бiрi қуған көкпаршылар көмбеге салымды алма кезек салуда. Сәлден соң шелектiк көкпаршылар алға шыға бастады. Дода тартысында солар суырылып шығып, қуғыншыларын шаң қаптыруда. Алғабастықтардың еңсесi көтерiлер түрi жоқ. Көрермендердi де көңiлсiздiк басты.
– Өй, ынжық өңшең! – Шыманбай одан әрiге шыдай алмады. Бiр орнында тықыршып тұрған қасқаның сауырын қамшымен осып жiберiп, додаға қарай ұмтылды. Үнемi отындық қарағай тартудан шобырланған жануар тебiнген сайын додаға түскен өзге аттарды ығыстырып, серкеге жеттi-ау әйтеуiр. Сау қолымен серкенiң асықты жiлiк сирағынан шап берiп, жұлқи көтердi. Серкенi иесiнiң тақымға алғанын сезген ат ышқына топты киiп-жарып шыға келдi де, сол бойда көмбеге қарай ақты. Қиқулаған қуғыншылар жете алмай қапы қалды. Шыманбай сол аққан бойда көмбеге жетiп, салым салды. Алғабастықтардың еңсесi көтерiлiп, жiгерлерi тасыды. Көпшiлiктiң ортасында тұрған шал сақалын тарамдады.
– Жайшылықта бәрi мықты, шынтуайтына келгенде шалы мықты.
Серке додаға тағы түстi. Бұл жолы шелектiк шабандоз алып шықты. Шыманбай соңынан қуып келедi. Ендi жеттiм дегенде ескi айдаудың шұқырына ат тұяғы сүрiнiп, кеудесiмен жер тiрей құлағанда, Шыманбай да бiр жағына ұшып кеттi. Қарғып тұрып, атының тiзгiнiне жармасты да, үстiне ырғып мiндi. Ананы қуып жетiп, серкенiң салақтаған сирағынан ұстап, бұра тартып, қолынан жұлып алды. Солай көмбеге өзi салды. Сонда ғана қолының ауырмағанын сездi. Әлгiнде құлағанда бұғанасы қайта орнына өздiгiнен түскен екен. Ал қалың көпшiлiк: "Шыманбай жасасын!.. Шыманбай жасасын!.." – деп даланы жаңғыртып жiбердi…
Көлбай Адырбекұлы