Сейсенбек МҰСТАФАЕВ: АСТАНАГА СУДЫ КЕРЕКУ МАҢЫНАН ТАРТУ КЕРЕК
Сейсенбек МҰСТАФАЕВ: АСТАНАГА СУДЫ КЕРЕКУ МАҢЫНАН ТАРТУ КЕРЕК
Ауызсу сапасыздығы мен су тапшылығы ұлт болашағына төнген қатер. Елiмiзде жерасты суларының мол көлемi болса да, ауызсумен қамтылмаған елдi мекендер республика өлкелерiнде әлi де баршылық. Күнделiктi тұрмыстағы қолданысқа жарамды сулардың тұтыну көлемi де жыл сайын көбеюде, сондықтан ауызсу проблемасы үлкен түйткiлге айналып келедi. Тiршiлiк көзi — су десек те, судан ауру тауып жатқандар саны аз емес. Елiмiзде суға қатысты қиындықтар ерте кезде-ақ туындаған. Оны шешудiң сан түрлi жолдары да үнемi ұсынылып келедi. Бұл мәселе жөнiнде өзгелерден гөрi неғұрлым молынан хабардар, ауызсу проблемасын шешудi күнделiктi мiндетi деп санайтын "Алматыгидрогеология" АҚ бас директоры, геолого-минерология ғылымының докторы, академик Сейсенбек Мұстафаев мырзаның өзiндiк тұжырымдары мен белгiлi ғалымды толғандырған жайттарды тыңдаған едiк.
— XXI ғасыр — ауызсу ғасыры деп те аталады. Жер бетiнде судың мөлшерi өте көп, бiрақ ауызсу проблемасының асқындап тұрғаны тағы бар. БҰҰ-да бұған соңғы кездерi ерекше назар аударып отыр. 7 миллиардқа жақындаған адамзат су тапшылығынан орны толмас шығынға ұшырайды дейдi. Сiздiң ойыңыз қалай?
— БҰҰ қазiр ауызсу тапшылығы проблемасын бүкiләлемдiк деңгейде дұрыс көтерiп отыр. Ұйымның суға қатысты алаңдаушылықтары мен басауыртуларының орынды екенiн және дереу iске кiрiсу қажеттiгiн кез келген адам сезiнуi тиiс. Жер бетiнде XXI ғасырдың басты стратегиялық ресурсы мұнай емес, су болатыны бағзыдан белгiлi жайт. Өкiнiшке қарай әзiрге ешкiмнiң оны мойындағысы жоқ. Судың тұрақты жетiспеушiлiгi әлемдiк мұз еру қаупi мен жылынудан да ауқымды проблема боп тұр. Қазiрдiң өзiнде су тапшылығы бiрқатар елдердi кедейлiк пен жоқшылыққа, сондай-ақ саяси тұрақсыздыққа әкелуде. БҰҰ-ның мәлiметтерi бойынша, бүгiнде жер бетiндегi 1,2 миллиард адамның таза ауызсуға қолы жетпей, аса қиын күн кешуде. Ал 2,5 миллиард адам антисанитарлық жағдайда өмiр сүруде. Сонымен қатар Жер шарында жыл сайын 5 миллионға жуық адам судан келетiн кесапаттардан көз жұмады екен. Бұл дегенiңiз, жер бетiнде болып жатқан барлық соғыстардың құрбандарынан 10 есеге асып түседi деген сөз. Ауызсу тапшылығы этникалық, тiптен халықаралық қақтығыстарға түрткi болуы ықтимал. Бұған мысал ретiнде Қазақстанды атауға болады, ауызсу саясаты еларалық қақтығыстарды өршiтудiң аз-ақ алдында тұр. Елiмiзге көршiлес Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тiптi Ресеймен де жағдай суға бола қиындап барады. Мәселен, ұлан-байтақ территориядағы суы мол күретамыр Iле, Ертiс, Шу, Талас, Сырдария, Орал өзендерi бастауын жоғарыда аталған елдердiң асуларынан алады.
Қазақстандағы таза ауызсу проблемасы қатты байқалады. Қазiргi таңда елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi елдi мекендердi ауызсумен қамтамасыз етуде туындаған қиындықтарды санамалап шығу да оңай емес. Тiптен ауызсуға жарамайтын лас суларды пайдаланып отырған, сондай-ақ су тартылмаған аймақтар бар. Бұл жерлерде жерасты және жерүстi сулары жақсы таралмаған, ал ауызсуға жарайтын жерүстi су объектiлерi шектен тыс ластанған. Жерүстi тұщы өзен-көл суларымен ең нашар қамтамасыз етiлген бiздiң елiмiз, ТМД елдерiнiң iшiнде соңғы орында тұр. Бұған себеп, ластанған су объектiлерi және жерүстi суларының аздығы. Жерүстi суларымен қамтамасыз етудiң жылдық үлес салмағы 1 шаршы шақырымға 10,7 мың м3 және бiр адамға 1,98 мың м3.
— Қазақстандағы үлкен өзен суларының бастауы шетелде екенiн айттыңыз. Ал елiмiздiң территориясындағы тұщы сулардың негiзгi көздерi қай өңiрлерде?
— Иә, бiздегi Iле, Ертiс, Сырдария, шу, Талас, Орал өзендерi транзиттiк болып табылады. Ол баршаға белгiлi. Жерүстi сулары ресурсының көпжылдық орташа мөлшерi жылына 100,5 шақырым текше, ал транзиттiк ағын мөлшерi жылына 43,93 шақырым текшенi құрайды. Осылайша жерүстi су ресурстарының негiзгi бассейнi транзиттiк өзендердiң еншiсiнде.
Әрине, жерүстi суларының тапшылығы жағдайында жерасты суларының маңызы зор. Жерасты су ресурстарының минерализацияланған 10 г/л көлемi орта болжаммен тәулiгiне 176105 мың м3, ал iшуге жарамды тұщы су 1г/л минерализациямен тәулiгiне 110789 мың м3, яғни 63 пайызын құрайды. Қазақстандағы жерасты сулары бiркелкi орналаспаған. Жерасты суларының ең үлкен көлемi (59 пайыз) елiмiздiң оңтүстiк өңiрлерiне шоғырланған. Оңтүстiк Қазақстан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында ауызсу мөлшерi жеткiлiктi деп айтуға болады және құрамы таза болып келедi. Шығыс Қазақстанда — 14 пайыз, Орталық Қазақстан, яғни Ақмола, Қарағанды облыстарында — 19 пайыз, Солтүстiк өңiрлерде: Қостанай, Солтүстiк Қазақстан және Павлодар облыстарына — 1,2 пайыз, Батыс Қазақстан: Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына — 6 пайыздан келедi. Iшуге жарамды жерасты тұщы суларының тапшылығы Атырау, Солтүстiк-Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарында қатты байқалады.
— Iшуге жарамды жерасты суларының деңгейi қандай? Жаңа су көздерiн ашу жұмыстары қай жерлерде жүргiзiлiп жатыр? Қазiр артезиан құдықтары туралы айтылмайтын болды ғой?
— 2009 жылы Қазақстанда әртүрлi мақсаттарда пайдаланылатын 1282 жерасты сулары ошақтары зерттелдi. Пайдалану үшiн барлау жасалған су қорларының көлемi 42306 мың м3/тәулiктi немесе болжанған жерасты суларының 24 пайызын құрайды. Пайдалану үшiн барлау жасалған қорлардың түрлi мақсатта қолданылатынын айтқан болатынбыз, соларды тiзбектей кетсек: тұрмыстық-iшуге жарамды сумен қамтамасыз ету, өндiрiстiк-техникалық сумен жарақтау, егiстiк жерлердi суару, бальнеологиялық мақсаттарда пайдаланылады. Барлық зерттелген жерасты су қорларының 88 пайызын тұщы су көздерi құрайды. Бұл дегенiңiз, Қазақстан аумағындағы iшуге жарамды су қорларының барлығы зерттелгендiгiн бiлдiредi. Яғни, ауызсумен жарақтау мүмкiндiгi өте жоғары. Барланған жерасты су ресурстарының басым бөлiгi жердiң қабатты және топырақты, су тұтқыш бөлiктерiнде жиi кездеседi. Атап айтсақ, ағынды сулардың гидрогеологиялық бассейндерiнде, жаңа өзен арналары жазықтықтарында сақталған. Ал шөл және шөлейт аудандардағы, сондай-ақ тектоникалық бұзылу болған аймақтарда жерасты сулары аз зерттелген.
— Республикадағы жерасты сулары ауызсуға пайдалануға жарамды ма?
— Iшуге жарамды суларымыз жетерлiк. Тұрмыстық ауызсу қажеттiлiктерiн қамтамасыз ету мақсатында жерасты суларының 802 бастауы анықталған. Десе де бұл сулардың iшiнде де iшуге жарамды болғанмен, сапасы нашарлары да бар. Мәселен, Алматы облысы дүниежүзiндегi ең бiр таза тұщы суы бар аймақ болып табылады. Дәл сол сияқты жерасты суы мол Оңтүстiк Қазақстан облысында да құрамы мен сапасы жоғары су бар. Ал Астана, Ақтау қалаларында ауызсудың сапасы үлкен проблемаға айналып отырғаны баршаға аян.
— Астана қаласында ауызсу қоры өте аз және сапасы нашар екенi жиi айтылады. Осы мәселенi қалай шешуге болады? Өзге қалаларда да су тапшылығын сезiнетiн кез тым алыс емес сияқты.
— Астана қаласындағы iшуге жарамды су көзi — Вячеславск ашық су қоймасы. Астанамызда 639 мың 311 тұрғын бар, олардың тұтынуына тәулiгiне 159,83 мың текше метр судан келедi екен. Су тапшылығын жою мақсатында Ертiс-Қарағанды каналы альтернативтi бастау болып отыр. Ертiс-Қарағанды каналын Есiл өзенiне қосатын құрылыс аяқталды.
Астана қаласының тұрмысқа қажеттi тұщы сумен қамту үшiн маңайдағы Целиноград, Ақмола, Рождественское және Нұра жер асты су қорлары барланған едi. Соның iшiнде Нұра су қоры 16 елдi мекендi сумен қамтиды. Сондықтан Астанаға тәулiгiне 90-95 текше метр су ғана қалып отыр. Алайда, әлгi айтылған ошақтардан су толықтай тартылған жоқ, себебi бастаулар әлi игерiлген жоқ. Сол себептi Астананы сумен қамтуда тек жерүстi сулары ғана қалып отыр.
Астана территориясының геологиялық-гидрогеологиялық жағдайы тұщы су ресурстарының жиналуына мүмкiндiк бермейдi.
Қала маңайындағы сулардың жеткiлiксiз екендiгiн ескере отырып, алыстан су тарту идеялары оңайырақ көрiнедi. Мәселен, Павлодар облысындағы Ертiс өзенiнiң оң жағалауы және Оңтүстiк-Балқаш жазығының оңтүстiк бөлiгiнде iшуге жарамды жерасты су қорлары бар. Мiне, осы су ресурсын Астанаға су құбырларымен жiберуге болады.
Жалпы республиканың барлық қалаларының сумен қамтылуының 80 пайызы жерасты суларының үлесiне тиесiлi. Сондықтан халықты таза ауызсумен қамтамасыз етудi әлеуметтiк жауапкершiлiк деп түсiнген абзал. Жерасты сулары iшуге жарамдылық сапасы жағынан жерүстi суларынан басымдылығы жоғары. Жерасты суларының сапасы жоғары, құрамы таза және булану мен ластанудан жақсы сақталған.
— Шалғай аудандарда әлi де ауызсу тапшы ауылдар бар. Оларды сумен қамтамасыз етудiң тың жолдарын табуға бола ма?
— Қазақстанда судан тапшылық көрiп отырған елдi мекендерге, әсiресе ауылды жерлердi сумен қамту бағдарламасы әзiрленiп жатыр. Жуырда ғана ҚР Үкiметi сумен қамту және алыс аймақтардағы су беру жұмыстарын жақсартуға қаражат бөлдi. Сондықтан алдағы 2-3 жылдың iшiнде елiмiздегi ауызсу проблемасы тегiстей шешiледi деп айтуға негiз бар.
— Минералды және термалды сулардың зерттелуi қалай жүргiзiлуде? Жаңа бастау көздерi ашылды ма?
— Елiмiздiң аумағындағы 67 минералды су ошақтары барлау жұмыстары негiзiнде анықталды. Осынау минералды сулардың ошақтарын ашу барысында бүгiнде елiмiзде түрлi емдiк сауықтыру орындары мен санаторийлер жұмыс iстеуде. Ел аумағында минералды су шоғырланған бiрқатар ошақтарды игеру алдағы күндердiң еншiсiнде. Бүгiнде 1500-ге жуық зерттелмеген минералды су бастаулары бар. Республикада термалды су көздерi кең таралған, жылуэнергетикалық жерасты сулары артезиан бассейндерiне жинақталған. Осыдан бiраз бұрын Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов ауызсу мәселесi бойынша жан-жақты зерделенген ұсыныстар жасауды тапсырған едi. "Кеңес барысында айтылған нәтижелер бойынша, сiздердiң ғылыми қолдауларыңызды суға қатысты мәселелердi шешуде көргiм келедi. Таза ауызсу, жер асты сулары, сумен қамтасыз ету шаралары алдағы айларда менiң жұмысымда да басты басымдық болады. Осыған байланысты бiрқатар кеңестер өткiземiн. Атап айтқанда, маңызды шешiмдер қабылданатын болады. Сондықтан осы тұрғыда ғылым тарапынан тиiстi қолдау маған өте қажет", – деген едi Үкiмет басшысы. Өкiнiшке қарай, термалды сулар жылуэнергетикалық шикiзат ретiнде қолданылмайды. Негiзiнен мұндай қолданыстың болашағы жоғары, әсiресе термалды аумақтары көп Алматы, Оңтүстiк Қазақстан облысында шикiзат ретiнде қолдану мүмкiндiгi бар.
— Әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Ақниет ОСПАНБАЙ