ҚАЗАҚ КӨШIНIҢ БҰРАЛАҢ ЖОЛЫ
ҚАЗАҚ КӨШIНIҢ БҰРАЛАҢ ЖОЛЫ
Осы аптада Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құрамындағы Көшi-қон комитетi таратылып, төрағасы Қабылсаят Әбiшев жұмыстан босады. Көшi-қон комитетiнiң өзi Iшкi iстер министрлiгiнiң құрамындағы Көшi-қон полициясы комитетiнiң көшi-қон басқармасы болып жасақталып жатыр. Демек, бұған дейiн осы комитеттiң төрағасы қызметiн атқарып келген Қабылсаят Әбiшевтiң сөзiмен айтқанда, "Мүйiз сұраймыз деп, құлақтан айрылған" күй кешiп отыр.
КӨШI-ҚОНМЕН АЙНАЛЫСАТЫН ЖЕКЕ ВЕДОМСТВО КЕРЕК ПЕ?
1991 жылы көктемде Моңғолиядағы қазақтарды Еңбек келiсiм-шарты негiзiнде көшiрiп әкелу басталғанда, бұл оқиғаның тарихи маңызы терең талқыланып, шетте қалған қазақты атажұртына әкелу iсiнiң басталғаны тәптiштей баяндалған едi. Одан берi жиырма жыл өттi. Ол кезеңде Қазақстан әлi одақ құрамынан босап шықпаған болатын. Көшi-қон жүйелi әрi жоспарлы түрде қолға алынбаса да, сол кездегi қабылдап алған тараптың да, келген адамдардың да көңiл күйi өзгеше едi. Соның нәтижесi болар, 1991-1993 жылдар аралығында 80 мың адам келiп үлгердi.
1997 жылдан көшi-қон iсiн жүйелi түрде басқару мақсатында Көшi-қон және демография агенттiгi құрылды. Және осы жылы "Халықтың көшi-қоны" атты заң қабылданды. 2006 жылы бұл агенттiк таратылып, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң құрамында Көшi-қон комитетi жасақталды. Ендi мiне, басқарма бөлiм деңгейiне дейiн құлдырап отыр.
Бұған дейiнгi айтылған пiкiрлерге қарағанда, көшi-қон iсiмен айналысатын жеке ведомство керек деген ой көп айтылған. Қабылсаят Әбiшев көшi-қон процестерiнiң өте күрделi екендiгiн айта отырып, көршi Әзiрбайжан, Түркiменстан және Ресейде арнайы жеке ведомстволардың жұмыс жасап отырғанын жеткiздi. Айталық, Әзiрбайжан мен Қырғызстан, Түркiменстанда министрлiк, Ресейде Федералдық көшi-қон қызметi жұмыс iстейдi.
Бұған дейiн этникалық көшi-қон, босқындар iсi және еңбек миграциясымен Еңбек министрлiгi айналысып келсе, ендi ол екiге жарылып отыр. Қабылсаят Әбiшев қызметкерлерiнiң жартысы Iшкi iстер министрлiгiнiң құрамына енiп, қалғаны Еңбек министрлiгiнiң құрамында қалғандығын айтады. Iшкi iстер органдары этникалық көшi-қон және босқындар iсiне жауапты болса, Еңбек министрлiгi еңбек миграциясын мойнына алмақшы. Ал, iшкi көшi-қон iсiн реттеу мәселесiне кiм жауап беретiндiгi түсiнiксiз. Қазiр iшкi көшi-қоннан туындап отырған мәселелер де өте көп екендiгi белгiлi. Сөйтiп, бұған дейiн де бiр арнаға тоғыспаған көшi-қон iсi ендi мүлдем қожырайтын болды.
Соның iшiнде, шеттегi қандастарын көшiрiп алушы үш мемлекеттiң бiрiмiз деп бөркiмiздi аспанға ататын этникалық көшi-қон iсiнiң тығырыққа тiрелгенi де анық. Мәжiлiс депутаты Уәлихан Қалижан Көшi-қон комитетiнiң таратылуы көшi-қонға ешқандай керi әсер етпейдi деген пiкiрде.
– Өйткенi, бұған дейiн көшi-қон саласына жыл сайын 16 миллиард теңге қаржы бөлiнiп келсе, бiз жақында ғана қабылдаған үш жылдық бюджетте көшi-қонға бөлiнген қаржы керi шақырылған жоқ. Демек, мемлекеттiк көшi-қон квотасы жылдағыдай 20 мың отбасына бөлiнетiн болады, – дейдi ол.
Көшi-қон реттелген 20 жыл iшiнде осы салада жүйелi түрде жүзеге асқан бiр ғана мәселе бар. Ол – азаматтық беру iсi. Ал, Қытай мен Қазақстан арасында мемлекеттiк көшi-қон келiсiмiнiң жасалмауы себептi, қазiр Қытайдан келетiн көш тоқтады. Бiр кездерi Қазақстан Қытайдан келетiн қазақтарға туысшылау визасын берiп келген едi, оны соңғы үш жылда арнайы Қаулы арқылы тоқтатып тастады. Өзбекстанмен арадағы шекара бiрде ашылып, бiрде жабылып тұрғандықтан, ол елден келетiн қазақтың да саны күрт азайды. Моңғолиядан келетiн көштiң тоқтауына әлеуметтiк қиындықтар себеп болып отыр. Қабылсаят Әбiшевтiң өз сөзiмен айтқанда, Моңғолиядан көшiп келетiндер үшiн кемiнде жолына 1000 доллардай қаржы керек көрiнедi (Мұрат Алмасбекұлы, "Алаш айнасы" газетi, 6 қазан. 2009 жыл). Демек, көшi-қон саласы елiмiздегi стратегиялық маңызды сала болғанына қарамастан, құқықтық тұрғыдан жетiлдiрiлген деуге келмейдi.
300 МЫҢ ЖАЛҒАН ОРАЛМАН: ЖЕГIЗГЕН СЕН АҚЫМАҚ ПА, ЖЕГЕН ОЛ АҚЫМАҚ ПА?
Құқық қорғау органдары анықтағандай, мемлекеттiк көшi-қон квотасын үлестiру барысында 300 миллион теңге қолды болған. Көшi-қон комитетiнiң тарауына себеп болған да осы мәселе көрiнедi. Қазiр Көшi-қон комитетiнiң бұрынғы шенеунiктерi де, Парламент мәжiлiсiнiң депутаттары да бұл iсте оралмандарды кiнәлауда. Шын мәнiсiнде, сыбайлас жемқорлыққа жол берген кiм? Қазынаның қақпағын алаяққа ашып берген кiм? Осы сұрақтардың жауабы табылар емес. Қабылсаят Әбiшев мырза "Abai.kz" сайтына берген сұхбатында ("Мүйiз сұраймыз деп, құлақтан айрылдық", сұхбаттасқан Төлен Тiлеубай) "5 жыл iшiнде 200-300 мыңға жуық оралман қолдан жасалған құжатпен тiркелiптi" деген мәлiмет айтады.
2004 жылға дейiнгi мемлекеттiк көшi-қон квотасы туралы заң бойынша, көшiп келушiлерге арнайы пәтер берiлетiн. 2004 жылғы бюджет туралы заң бойынша, оралмандарға пәтер беру iсi тоқтатылды да, ол бiр реткi жәрдемақымен алмастырылды. Бiр адамға төленетiн жәрдемақы шамамен 1000 АҚШ доллары көлемiнде болып келдi. Жалған құжатпен жәрдемақы алу iсi осы кезеңде басталған. Демек, көшi-қон комитетiндегi шенеунiктер мен оралмандар арасындағы делдалдардың саудасы осылай қызған. Қабылсаят Әбiшев қазiр прокуратураның Жамбыл, Қостанай, Ақтөбе тағы басқа да Көшi-қон басқармаларының басшысы қызметiн атқарған адамдардың iсiн сотта қарап жатқандығын айтады.
Былтыр Қостанайға Моңғолиядан 94 отбасы келген екен. Соның 4-еуi ғана өмiрде бар отбасылар болып шыққан. Қалғандарын iздестiрiп таппай жатқан көрiнедi.
– Моңғолиядан келетiн қазақтар Ресей арқылы өтетiн болғаннан кейiн, оларға бұндай махинацияларды жасау қиынға соғады, ал Өзбекстаннан келетiн қазақтар арада шекара жоқтығын пайдаланып, өте көп былыққа батқан, – дейдi Қабылсаят Әбiшев.
Уәлихан Қалижан көшi-қон саясатының тығырыққа тiрелуiне оралмандардың өздерi кiнәлi деген пiкiрде.
– Өйткенi, олар соңғы кездерi жалған құжат жасаумен көбiрек шұғылданып кеттi, – дейдi ол.
Бiрақ, осы жалған құжатпен ақша алуына кiм жол берiп отыр. Мәселе, сонда. Өйткенi, оралман бiр реткi жәрдемақыға қол жеткiзу үшiн ең әуелi Қазақстан Республикасы азаматтығын алуға өтiнiш тапсыруы керек. Ол өтiнiш қабылданғаннан кейiн ғана қаржы оның есепшотына аударылады. Бұл аралықта ол көптеген тексерулерден өтетiн болады. Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, шекара қызметi, iшкi iстер органдарының тексеруiнен кейiн ғана, олардың қолына азаматтыққа тапсырды деген анықтама берiледi. Ал, Iшкi iстер органдары көптеген оралманның азаматтығын алмай жүргендiгi жайында дабыл қағып отыр. Демек, бұл iсте түсiнiксiз жағдайлар өте көп. Ал, оның көшi-қон саясатын ары қарай жүргiзуге қаншалықты әсер ететiнi беймәлiм.
Есенгүл Кәпқызы