АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС

АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС

АСЫЛ АДАМ АЙНЫМАС
ашық дереккөзі
292

Қазақ елi – танымы терең, дана, кемеңгер халық. Ұлтымыздың зерделi зейiнi мен табиғатпен астасқан кiсiлiк кең пейiлi, оның тiлiндегi әрбiр бейнелi сөзiнен аңқып есiп тұрады. Бұл кезектi бiр қыздырма қызыл сөз емес. Рухани қазынамыздың басқа жұрттар таңырқай мойындап, сүйсiне, қызыға қызғанып айтқан шындық қалпы. Әрбiр сөз – сана мен сезiмнiң сыртқа шыққан сәулесi. Сондықтан, қазақ жұрты тiлдi – қатынас құралы деп емес, жанымның сыры, ақылымның нұры деп бiлген. Ал егер ұлтымыздың осы бiр ғажайып iшкi әлемiн бүгiнгi ұрпақ жете ұғынбай, қайран бабалар сөзi қор боп жатса, ол өзiмiздiң жан қажетiнен гөрi, тән қажетiн күйттеген тiрлiгiмiздiң кесiрi.

Мұны заманға жабудың жөнi жоқ. Заман адамды емес, адам заманды жасайды. Олай болса, кiсiнiң кiсiлiгi, адамның адамдығы күндi уақыт жетелеп, бiрiнiң орнын бiрi басқан нақты тарихи уақиғалар мен кезеңдердiң көрсеткiшi – заманда емес, сол заманды тудырып отырған адамда, соның iшкi жан әлемiнде, ниетi мен кiсiлiк қасиеттердi қаншалықты қадiрлеп, қастер тұтуында тұр. Бұл ой дана Абайдың:

“Жүректiң көзi ашылса,

Хәктiктiң түсер сәулесi.

Iштегi кiрдi қашырса,

Адамның хикмет кеудесi” – деген сөзiнде анық айтылған. Ендеше салдардың себебiн iздеп, тауып, сол себеп негiзiнде терiс салдарды түзеуге бас байлаған, ғалымдығымен бiрге, мейiрiм, шапағат, адамдық қасиеттердi қастер тұтқан жандар заманды, ұрпақты оң жолға бастайды.

Осындай көппен дүрмекке ермейтiн, қай iске кез келсе де, ақыл сенбей сенбейтiн, әбден тоң боп қатып, қалыптасып қалған түсiнiктердiң тас қамалын бұзып, шындықтың қырық қырлы қиындығын саралап барып сөз айтатын азаматтардың бiрi мен бiрегейi – Мекемтас Мырзахметұлының әр сөзi, бойда қайрат, ойда көзi бар жандардың ақыл мен сезiмiне ұялайтынын оқып та, көрiп те жүрмiз. Мұның басты өзегi ғалымның нық тұғыры мен азаматтық ұстанымының болаттай берiктiгiнде. Олай болуының бiрнеше себептерi бар:

Бiрiншi, жасынан бiлiм, ғылымға құныға құмартып өскен ойлы да зерек жанның алпыс жастан астам ғұмыры патша империясының ұлыорыстық саясатын түрлi саяси ұрандармен бүркемелей отырып, астарлы түрде жалғастырған Кеңес үкiметiнiң тоталитарлық жүйесiнде өттi. Қаншалықты құпия сақтағанмен, халық тарихы, күнделiктi өмiрдегi қазақ ұлтының бодандық құрсауында өтiп жатқан тағдыры ғылым жолында жүрген талапты жастың мұрағат сөрелерiнен, әдеби шығармалардың астарлы өзегiнен, тiптi аяқ аттаған сайын байқалар әдiлетсiздiктерден көрiп, жүрегiне шемен болып қатты. Бұл жайды тәуелсiздiк алғаннан соңғы бейбiт күннiң көп "қаһармандарының" бiрi болып емес, тоталитарлық жүйенiң ұлт бостандығын құрсаулаған тар қапасында ұлтының өткенi мен рухани мұраларын, тарихи жадын ояту жолында жазған мақалаларынан да, Кеңес Одағы аяқ асты ыдырап, "көк тұман алдыңдағы келер заман" шақ туған өлiара кезеңнiң өзiнде де алдыңғылардың бiрi болып, отарлық езгi зардаптарын нақты деректер негiзiнде дәлелдей отырып, отарсыздануға, тәуелсiз азат танымға шақырған "Қазақ қалай орыстандырылды?" сынды еңбектерiнен де анық көруге болады.

Екiншi, қазақта "Ұяда ненi көрсең, ұшқанда соны iлесiң" деген сөз бар. Жастықтың жалындаған отымен ғылымның соңына түскен Мекемтас ағаның нағыз ұлтжанды азамат болып шығуына 1961-1964 жылдарда халқымыздың батыр ұлы, ұлт намысының темiрқазығы Бауыржан Момышұлының қолында тұрып, тағылымды тәрбиесiн көруiнiң зор ықпалы болды.

Үшiншi, Абай: "Әуелi адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселермен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелi хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар тумысынан болады, қалмыс өзгелерiнiң бәрi жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады", – деген. Ал осы Мекемтас ағаның жақсы ұстаздары М.Әуезов, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев сынды ғалымдар десек, олардың өздерiнiң пiр тұтар ұстаздары, нәр алған рухани бастау бұлақтары – Абай сөзi, Абай тағылымы. Сондықтан да Мекемтас аға осы ұстаздарының еңбектерiн оқып, игеру арқылы Абай әлемiне ендi. Сөйтiп барып, ұстаздар салған ғылым жолына бар саналы өмiрiн сарп етiп, оны одан әрi өрiстеттi, көкжиегiн кеңейттi. Бұл айтуға ғана оңай. Әйтпесе, "Ғылым – инемен құдық қазғандай". Ол, әсiресе, өз заманындағы өмiр ағысына қатысты тақырыптарды ғана сөз етпей, келер ұрпақтың сұранысын өтей алатын көркемдiк-эстетикалық және адамзаттық, ұлттық құндылықтарды өнер өзегiне айналдыра отырып, мәңгiлiк мұра жауһарларын тудырушы кемеңгер тұлғалар шығармашылықтары жайлы болса, онда оның әр сөзiнiң мән-мазмұны да зор болмағы аян. Мiне, осы себептен де Мекемтас аға кез келген тақырыпқа қатысты бiр ауыз сөздi де дәлел, дәйексiз айтпайды және шәкiрттерi бiзден де: "Ғылымда бос сылдыр сөз болмауы керек. Әр сөздiң астарында ақылдың, ойдың нәрi, тұжырымды пiкiр тұруы қажет", – деп осы ұстанымды үнемi талап ететiнi содан. Басқа саланы бiлмеймiн, ғылымда ғалымның арқа сүйер берiк негiзi, алдыға қойған ғылыми ұстанымы болуы керек. Бұл орайда Мекемтас ағаның ғылыми тұғыры – Абай мен Мұхтар Әуезов болса, ғылыми позициясы – ғылымды ұлт мүддесiне, қала бердi адам баласының игiлiгiне қызмет еткiзу.

Патша өкiметi тұсында "Орыссыз топ құрса, шақырған адам бармайтын" заман болса, бүгiнде билiксiз жерде белсене сөйлеген жандарды сирек еститiн кеселге тап болдық. Десек те, Мекемтас аға бiреудiң мақтауы мен марапатына шөлдеп жүрген жан емес. Сондықтан бiздiң мақсат кезiнде "Абай" журналына қатысты Ж.Аймауытұлының: "Абайды бетке ұстасақ, бiлгiшке ергiштiк нысанамызды көрсетемiз – бiр, адамдық борышымызды атқарамыз – екi",– дегенiндей, бүгiнгi көпшiлiк қауымға жанында жүрген жақсы адамның азаматтық, шығармашылық, ұлтжандылық тұлғасын таныту, тағылымды үлгiсiн көрсету. Олай болса, осы жазылған жайлар ҚР Мемлекеттiк сыйлығының, "Түрiк дүниесiне қызмет" сыйлығының лауреаты, "Құрмет" және "Ана тiлi айбары" ордендерiнiң иегерi, ҚР Әлеуметтiк ҒА академигi, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының қаламынан туған ғылыми туындыларының өнегелi өзегiн айғақтаса, осы өзектен нәр алып, өркендеп өскен ғалым еңбектерi iрi-iрi бiрнеше салаларда өз жалғастығын табуда. Олай дейтiнiмiз осы салаларда алпыс жылдан астам еңбек етiп, 50-ден аса кiтаптар, монографиялар, жинақтар, оқулықтар және 800-ге жуық ғылыми, публицистикалық еңбектер жазған ғалым, өзiндiк ғылыми негiздi жол салып қана қоймай, аталмыш өзектi мәселелерге iзбасар шәкiрттерiн де баулуда. Ғалым еңбектерiнiң сан тарап салалары хақында жазғанда бiз олардың кейбiрiн ғана әдебиет сүйер көпшiлiкке шолу түрiнде баян етпекпiз. Өйткенi бiр мақалада әр саласы өз алдына iргелi ғылыми зерттеулерге жүк болар ауқымды мәселелер жайлы жазу мүмкiн еместiгi әркiмге де түсiнiктi болар деп ойлаймыз.

Сонымен, Мекемтас ағаның ғылыми еңбектерiнiң алдыңғы кезекте тұрған ең мол саласы – абайтануға арналған зерттеулерi. Жалпы әдебиеттану ғылымының қазақ әдебиетi тарихы саласындағы тұлғатануда тұңғыш рет ғылыми тұрғыда арнайы зерттеу нысанына алынған сөз зергерлерi – Абай мен Сұлтанмахмұт. Абай шығармашылығын: а) Абай мұрасын жинау, насихаттау, жариялау; ә) Абай мұрасының ғылыми негiзiн салу; б) Абайдың көркем бейнесiн сомдау; в) әдебиет тарихына абайтану курсын енгiзу арқылы абайтануды тұлғатану аясында ғылыми кең панорамалы аренаға алып шыққан М.Әуезов болды. Сұлтанмахмұт шығармашылығын: а) Сұлтанмахмұттың шығармашылық ғұмырбаяны; ә) ақын мұрасын жинап, баспаға даярлау бағытында бастапқы жұмыстарды ғана атқарып үлгерген Ж.Аймауытұлы болатын. Мiне, осы М.Әуезов негiзiн қалаған абайтану саласында оннан аса ғылыми, педагогикалық көлемдi еңбектер жазған ғалым – Мекемтас Мырзахметұлы. Мекемтас ағаның ғылымдағы алғашқы шыққан биiгi де абайтануға қатысты 1965 жылы академик Қажым Жұмалиевтiң жетекшiлiгiмен қорғаған "Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының зерттелу жайы" тақырыбындағы диссертациясы болса, осы диссертация негiзiнде жазылған "Абайтану тарихы" монографиясы қазiргi күнде әдебиеттану, абайтану ғылымдарында ең маңызды ғылыми еңбектер қатарынан орын алады. Сөйтiп, алғаш абайтану тарихын зерттеу барысында танысқан М.Әуезовтiң: "Абайда Батыстан кiрген белгiден гөрi Шығыс белгiсi басымырақ, нығырақ. Батысқа келгенде ол арқасын Шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тiреп алып келедi", – деген ғылыми тезисiн абайтанудағы келешек зерттеулерiне басты нысана етiп алған ғалым, осы мәселеде тереңдей iзерлi iзденiстер жүргiзе отырып, 1989 жылы қорғаған "Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары" атты диссертациясында, әсiресе, оның "Абай мұрасының Шығысқа қатысы – М.Әуезов зерттеулерiнде" деген тарауында барынша кең түрде талдап жазған. Кейiн бұл тақырыпта арнайы "Абай және Шығыс" атты монографиясы да жарық көрдi. Мекемтас Мырзахметұлының абайтанудағы ең басты жаңалығы да осы Абайдың Шығысқа қатысы болатын. Ал саяси жүйе мен жылдар бойғы санаға сiңiрiлiп, қалыптасқан қағидаға қайшы түзелген сөз ғылыми ортаның өзiне тосаң, тiптi бүлiкшiлдiк мәнде әсер еткенi жайлы академик Зәки Ахметов былай деп еске алатыны бар: "Мекемтастың Әуезов концепциясына, әсiресе, Абайдың Шығысқа қатысына өзiнше жаңаша баратыны бар. Абайдағы исламият мәселесiне бiз қатты таластық, пiкiр алысып, сынастық та. Сен осы мәселенi айта бермесеңшi дедiк. Бiрақ мұның өзiн тереңiрек айтатын заман туды ғой. Бiз қой-қойлап жүргенде заман бұлай еркiн емес едi. Ол кезде де диссертант қой десек те қоймай, өз ойынан қайтпады. Хауас, Жувонмарт, Мутакалләмин, т.б. көтерiп жүрдi. Ал бүгiн қарап отырсақ, бұл автордың кемшiлiгi емес, жетiстiгi болып отыр. Мен ойлаушы едiм, кейде кiсiнiң айтқанына көнбейтiн, өз бетiмен жүретiн қисық жiгiт шығар деп. Ал бүгiнгi тұрғыдан қарасақ, адамның өз танымынан таймауы, сыртқы ырыққа көнбеуi, ғылымда өз "убеждениесiнде" тұрып алуы – бұл оның артықшылығы екен. Қазiргi күнде бiзге осындай ғалымдар қажет болып отыр".

Мекемтас ағаның әдебиеттанудағы екiншi бiр арналы саласы – мұхтартану. Бұл бағыттағы ғалым еңбектерiнiң басты көрсеткiшi – М.О.Әуезовтiң әдеби-ғылыми мұрасын зерттеу негiзiнде Абай шығармашылығының терең қатпарлы сыр-сипаттарын ашуынан айқын танылады. "Бiз Абайды танудың, танытудың жолы М.Әуезовтiң ақын жайлы еңбектерiн танудан, соларды зерлеп, зерделеп бiлуден, қысқасы, мұхтартанудан бастауға тиiспiз", – деген ғалым сөзiнде осындай терең мән бар. Бұл саладағы Мекемтас Мырзахметұлының "Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары", "Абайтанудан жарияланбаған материалдар", "Восхождение Мухтара Ауезова к Абаю", "Әуезов және Абай", "Абайтану дәрiстерiнiң дерек көздерi", т.б. ондаған зерттеулерi мен М.Әуезовтiң жарияланбаған, жарияланса да түрлi цензуралық қысқартуларға ұшыраған "Әдебиет тарихы" сынды еңбектерiн ғылыми айналымға қайта енгiзуде атқарған iстерiнiң өзi адамның ғұмырлық еңбегiне татырлық қажырлы ғылыми жұмыстар екенiн оқымысты қауым жақсы бiледi.

Әдебиеттану ғылымында әдебиет тарихын бiлу үшiн, оны дәуiрлеу, әдебиеттiң бастау көздерiн айқындау, әдеби процестiң даму заңдылықтарын жүйелеу сынды мәселелердi терең игеру қажет. Соған сай әдеби шығармаларды талдаудың екi түрлi әдiс-тәсiлдерi қалыптасқан. Оның бiрi – көркемдiк мектеп, екiншiсi – тарихи мектеп. Әрине, әдеби шығарманың iшкi көркемдiк қуатын, мәтiннiң мазмұндық желiсiн, автордың сөз мәнерi мен сол дәуiрдiң әдеби туындыларындағы стильдiк ортақ белгiлердiң көркем мұраны танудағы мәнi айрықша, дегенмен әдеби шығармадағы дәуiр тынысын танытар әлеуметтiк салдарлар мен тарихи оқиғалардың бейнеленуi, сол шығармалардың шығу мезгiлiн, себебiн, айқындауға негiз болады. Яғни әдебиеттегi бағыттар мен ағымдардың бәрi тарихи шындықты бейнелеудегi сөз зергерлерiнiң iзденiстерiнен туады. Басқаша айтқанда, әдебиет көркем өнер туындысы ретiнде ұлтымыздың гуманистiк, эстетикалық, өзге де iзгi қасиеттерiн танытып, дүниенiң көрiнген және көрiнбеген сырларын ашып, адамның жан әлемiн суреттеп, сөз өнерiн сүйер қауымның өнер дүниесiнен рационалды және эмоционалды қанағат табуына әсер етiп қана қоймай, заманның шындық қалпын ұлттық, адамзаттық мүдделер тұрғысында бейнелейдi. Сондықтан әдеби шығармада тарихтың көркем бейнесi бедерленедi. Мұны алғаш рет М.Әуезов өзiнiң "Әдебиет тарихы" атты еңбегiнде ғылыми негiздеп жазса, осы жайды әдебиет дамуындағы нақты деректермен дәлелдеп саралаған – Мекемтас Мырзахметұлы. Мысалы, ол ХIХ ғасырдағы қазақ әдебиетiне арналған зерттеулерiнде, әсiресе, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында халықтың көркем мұрасын ел тарихымен бiрлiкте талдауды ұсынған бағдарламалық мәндегi "Отаршылдық дәуiрдегi әдебиет" атты зерттеуiнде дәйектеп жазды. Нәтижесiнде қазiргi көптеген әдеби зерттеу еңбектерде әдебиет туындылары ел тарихымен бiрлiкте қарастырылуда.

Бүгiнгi ұрпақ батыр атамыз Бауыржан Момышұлын Ә.Нұршайықовтың, А.Бектiң көркем шығармалары мен Баукеңнiң "Ұшқан ұя", "Москва үшiн шайқас" сынды кiтаптары, осы аттас көркем фильм арқылы ғана бiледi. Ал Б.Момышұлының күллi шығармашылық еңбектерiнiң жиыны 30 том екенiн, аты аңызға айналған атамыздың көркем мұраларын ғылыми тұрғыда тану мәселесiнiң қажеттiгiн, тұлғалық энциклопедиясын даярлап, шығарудың кезек күттiрмес жай екенiн көтерiп қана қоймай, қолға алып, iс жүзiнде жүзеге асырып жатқан еңбеккер тұлға да Мекемтас аға екенiн қалың көпшiлiктiң бiле жүргенi артық болмас деп ойлаймыз.

Осы айтылғандардан өзге Мекемтас Мырзахметұлының түрiктану, отарлық езгi тарихын әшкерелеу арқылы, отарсыздану, азат танымға баулу, ұлттың жер-су (ойконимдер) атауларының тарихи аталымдарын қайтару, тiл тағдыры, қазiргi замандағы әдiлетсiздiктерге қарсы ымырасыз қайраткерлiк жанкештi күрес пен ұрпақты ұлттық, адамдық құндылықтарды қастерлеуге баулитын педагогикалық қызметтерiнiң әрқайсысы – нар белiн қайыстырар ауыр еңбектiң нәтижелi жемiстерi.

Марат Бекбосынов, филология ғылымдарының кандидаты Абай атындағы Қазақ ҰПУ-тi жанындағы "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкерi

Серіктес жаңалықтары