ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – ҚАСИЕТТIМ, ҚАДIРЛIМ

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – ҚАСИЕТТIМ, ҚАДIРЛIМ

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ – ҚАСИЕТТIМ, ҚАДIРЛIМ
ашық дереккөзі
254

ЖЫР ЖАЗЫП ОТЫРМЫН

Түн iшi. Бөлме. Ояумын.

Жүзiмде сәл-пәл қаяу мұң.

Айналам тыныш. Ұйқыда,

Балам да, жарым — аяулым.

Қолымда қалам. Ендi мен

Қағазға қарап телмiрем.

Үнсiздiк басқан айнала,

Тiрлiкке осы көндiгем.

Сезiмдер бунап дененi,

Жыр бесiгiне бөледi.

Жанымда шамның жарығы,

Жаныма сәуле төгедi.

Өмiрде ненi ұғындым,

Апырмай, неден түңiлдiм.

Дегенде бiр кез қағазға,

Iздерi түстi жырымның.

Шабытсыз қалай тасып ек,

Болады сол кез хошың тек.

Жыр жазу қандай рахат,

Жыр жазу қандай қасiрет.

БIР МҰҢ БАР

Бiр мұң бар,

Серiгiм бе, досым ба?

Қашан көрсең маңайымда, қасымда.

Жетi туып бiр қалғаным емес ол,

Ұқсамайды орны бөлек асылға.

Бiр мұң бар,

Орын тепкен жанымнан,

Iздетпей-ақ, iздемей-ақ табылған.

Тұтқиылдан арсалаңдап тап келер,

Жолдасымдай аңсап, күтiп сағынған.

Таңырқаймын,

Неге сонша жабысты,

Жек көредi қашықтықты, алысты.

Жұп жазылмай көптен қатар келемiз,

Ес бiлгеннен өзi келiп танысты.

Шаттануға,

Шектен шыға болмайды,

Шыға келiп әп жыландай арбайды.

Емешесi құрып жүрген адамдай,

Сүйретiлiп соңымнан бiр қалмайды.

Тасымайды,

Жүректегi жыр-ағын,

Қоңырқайлау күйi менiң жанымның.

…Жүрмегендей жайдан-жайға мұң бiрге,

Сезсiн дей ме шат көңiлдiң қадiрiн.

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Осы қыздың нұрға толса жанары,

Көкiрегiмде үмiт шоғы жанады.

Тiршiлiгiм тұшымдылау, тұщылау,

Сәуiр самал сергiтедi сананы.

Кiрбiң күндер жырақ жүрсiн жанынан,

Тайдырмағай бақытынан, бағынан.

Қыз сезiмiн биiк қойған ел едiк,

Бәрiнен де, тiптi, ханның тағынан.

Сен сұлусың, асқан ару жоқ басқа,

Қателеспе аңдаусызда, шоқ баспа.

Қасиетiңдi қарағаннан қалт ұққан,

Ынтық болғай тек жiгiттер нарқасқа.

Қыр гүлдерi иiсiн бойға сiңдiрген,

Ару күнмен аспандағы тең күлген.

Ерiнiнде бал бұлақтың шырыны,

Шырын дәмдi желпiп өткен жел бiлген.

Қазақ қызы — қасиеттiм, қадiрлiм,

Нақ өзi ол ұятым мен арымның.

Тағдыр оның қайғырғанын көрсетпе,

Шапағаты шаттандырсын тәңiрдiң.

ЖАНТАЛАС

Жан-жақтың бәрi жанталас,

Жан-жақтың бәрi арпалыс.

Жан-жағыңдағы не талас?

Жан-жағыңдағы не жарыс?

Қарекет, қимыл қарқынды,

Қиял-пырақ ұшқыр-ақ.

Уақыт алар алқымды,

Жата кетсең жастық ап.

Сөз-семсер тiптi, серпiндi,

Қиып түсу арманы.

Ескермес ешкiм еркiңдi,

Мүлгiген дүние қалмады.

Өмiрге мүлде жақпады,

Жайбарақаттық, жай тұрыс.

…Қаладан сәл-пәл сыртқары,

Қорым жақ қана тым-тырыс.

КӨҢIЛ-МАТА…

Қап-қара бұлт тас төбемнен,

Төнiп тұрған секiлдi.

Бұлт емес-ау тас көтергем,

Мұң тұмшалап бетiмдi.

Тас болғанда зiл қара тас,

Сонша батпан болар ма?

Жалын-ұшқын бiр қарамас,

Жолар емес жанарға.

Сұрқы қашып маңайыңның,

Сән-әрiнен айрылған.

Үйдей пәле-уайымның,

Уы тарап, жайылған.

Дүние бұлдыр, бұлдыр-бұлдыр,

Қанықтығы қашқан ба?

Қайда кеткен, дейсiң құрғыр,

Еш хабарсыз достар да.

Кiмге керек сенiң сырың,

Сөзiңе кiм иланады.

Көңiл-мата пырым-пырым,

Осындай да күй болады.

ҚАЗАЛЫ

Қазақ исi бұрқыраған аймағым,

Асыл заттай ала бөтен ардағым.

Арда туған ұлдарыңның бiрi едiм,

Ақ жүрекпен асқақ жырды арнадым.

Ей, Қазалы, атың неткен ыстық-ты,

Сағынышым көзден жасты ыршытты.

Сенде ылғи тұп-тұнық боп таң атты,

Сенде ылғи күлiмсiреп күн шықты.

Сен шежiре бүгiп жатқан сан сырды,

Бiлсек деймiз ақиқатты, бар шынды.

Сылқым сұлу — Сырдан аққан лай су,

Перзентiңе iшкен кезде бал-сынды.

Оттан түспей бұрқ-сарқ қайнап қазаның,

Тарқамаған қыз-қыз қайнап базарың.

Оғыздарға орда болған Жанкенттiң,

Жан сырына қанықтыршы, Қазалым.

Азулы ер Азияны қаратқан,

Аспандағы жұлдыздайын дара аққан.

Тәуеп етiп, топырағыңа табындым,

Жалаңтөстей баһадүрдi жаратқан.

Жауға қарсы жолбарысша атылды,

Теңдiк сұрап ұйқысыз таң атырды.

Сен туғыздың елiм десе, жер десе,

Жанқожадай жанын берген батырды.

Содан соң да жылжымады бекер күн,

Көп болуын тiлеп өстi ел ердiң.

Жалындаған жастықты аңсап, ақыры

Жарық күнге Ғаниыңды әкелдiң.

Қаяу болса жарасар ма көңiлге,

Күй шалқыса несi айып төрiңде.

Әнсiз тiрлiк тiрлiк пе деп тәйiрi,

Тарту еттiң Розаны өмiрге.

Қазақтықты қазық қылып бекiттiң,

Жас өскiндi жаман жолдан жерiттiң.

Ұрпағыңды ұлылыққа ұйытып,

Бабалардың соңдарына ерiттiң.

Шежiренi шерткен кезде шалдарың,

Құлақ қойып тыңдай қалар жан-жағым.

Iнiлердiң бойындағы iзеттiк,

Ағалардан тарайтынын аңғардым.

Таба алмадым мiн, кемшiлiк бiрiңнен,

Шығып келе жатырсыңдар сенiмнен.

Келiндердiң сәлемi де сүйсiнттi,

Қол қусырып, инағаштай иiлген.

…Дәстүр дәмiн ықыластана тарттырар,

Ондай адам тұғырында нық тұрар.

Қазақ қалай қазақ болу керегiн,

Қазалының қазақтары ұқтырар.

Нұрперзент ДОМБАЙ

Серіктес жаңалықтары