“ХАН ШАТЫРЫ” ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЙБАРЫ ЕМЕС ПЕ?
“ХАН ШАТЫРЫ” ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АЙБАРЫ ЕМЕС ПЕ?
Араға екi жыл салып Астана қаласына тағы да жолымыз түстi. Бұл шiлде айының орта шенi болатын. Алматының тыныс тарылтар қапырығынан келген бiзге Арқаның көңiл шалқытар самал желi бойымызға қуат берiп көтерiңкi күйге бөледi.
Әлi де құрылысы толық аяқталмаған, қаңқасы ғана қарайып тұрған азын-аулақ тұрғын үйлердi есепке алмағанда екi жыл iшiнде аспанмен астасып салынған зәулiм де әсем ғимараттар қалаға ерекше рең берiп тұр. Екi жыл бұрын отырығызылған жас көшеттер де кәдiмгiдей бой түзеп қалыпты. Осының өзi топырағы құнарлы арқа жерi не ексең де, қуана қабылдап алатынын айғақтап тұрғандай.
Қала көшелерiнiң тазалығы мен жинақылығы да бiрден көзге шалынады. Көше бойына ұқыпты отырғызылған түрлi түстi алау гүлдер көз жауын алып, әсем де, дара қала Алматыны ерiксiз еске түсiредi. "Ел астанасы осылайша гүлге оранып жатуы керек қой" деген мақтаныш сезiмге бөленесiң. Бiздi тағы бiр елең еткiзген жәйт, жолаушы көлiктерiндегi жолсерiк қыз-келiншiктердiң кiршiксiз аппақ киiмдерi. Олардың салмақты да, биязы қимылына сүйсiнгенiмiз сонша, айтқан хабар-ошарына құлақ аспауға ылажың қалмайды. Көлiктiң тоқтайтын және келесi баратын аялдамаларын таза қазақ тiлiнде хабарлайтынына куә болып, орыс тiлдi аймақтағы мұндай күтпеген оң өзгерiстерге ерекше таңданғанымызды жасыра алмадық. Демек, қазақ тiлiн бiлмейтiндерге бұл жұмыста орын жоқ деген емеурiн танытқаны. Сонымен бiрге жолаушы көлiктерi iшiнде төгiлген қазақтың халық әндерi мен тағылымды термелерi құлақ құрышын қандырып, жаныңды жадыратады. Бiр өкiнiштiсi, Алматыдағы жағдай мүлдем өзгеше. Мұндағы жолсерiктерi түгелге дерлiк орыс тiлiнде сөйлейдi, iлуде бiреуi "келесi тоқтайтын жер Әуезова немесе Байтурсынова көшесi ("аялдама" сөзiн бiлмейдi) деп сарнап тұрғанын естiгенде iштей қынжыласың. Ескертпеңе құлақ аспайды. Кондукторлардың бiрыңғай киiм формаларын былай қойғанда, үстерiне жөнi дұрыс киiм киiп жүргендерi аз, тек ақша алғандарына мәз. Осы тұста ерен еңбегiмен, тапсырылған iстiң орындалуын қатаң бақылауымен елге танылған қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың сүбелi үлесiн атап айтуға тұрарлық.
Ендiгi әңгiмемiздiң желiсiн, мақала тақырыбына бұрайық. Астанада пайдалануға берiлгенiне бiраз уақыт болған әсем ғимараттардың бiрегейi — "Хан шатыры" кешенiн тамашалауға ат басын тiредiк. Қалаға жолы түскендердiң осынау әсем ғимаратқа соқпай кететiндерi әсте жоқ шығар. Әдетте, кiреберiсте "Қош келдiңiздер!" деген қазақ кошаметiнiң орнында "Мы открылись" деп қарсы алған мағынасыз, орынсыз орыс сөзiн көрiп, үкiлi үмiтiмiз су сепкендей басылып қалды. Десек те, «үмiтсiз – шайтан» деген оймен iшке ендiк. Зор ғимарат iшiнде шын қазақша жазылған бiрауыз сөздi емге табу мүмкiн емес сияқты. Шынымызды айтсақ, орысша жазылған сөзге де зар болғандаймыз. Есесiне, кешен iшi толған ағылшын тiлiнде жазылған жарнамалар. Көп қабатты үйдiң қабырғаларындағы Pamsev, ic walkiki, lovis, sela, openinc soon т.б. сөздердiң мәнiн түсiну оңай емес. Бұл кiмдер үшiн жазылғанын түсiнбедiк. Әлде, ұлттың тiлi өшсе, көп ұзамай өздерi де құритынын қазақтың мәртебесiн асқақтатып тұрған "Хан тәңiрi" кешенiн безендiрумен айналысқандар бiлмегенi ме, әлде қажет етпегенi ме? Түсiнiксiз тiрлiк. Шiркiн, қаптаған мына жат сөздердiң орнына жас ұрпаққа ұлтын сүюге септiгiн тигiзетiн хан, билер мен ұлы тұлғалардың алтынға бергiсiз асыл сөздерiн көрнектi етiп жазып қойса, тiптен олардың портреттерiн қатарластырып орнатып қойса, келген қонақтар iштей риза болары сөзсiз. Ұлтының өткенiн ұлықтай бiлетiн ел азаматтарының ендiгi тiрлiгi осы бағытта өрбiсе құба-құп.
"Хан шатыры" кешенiнен шыға бере жанымдағы қаракөз қарындастың бiрдеңеге шұқшиып күлiп тұрғанын байқап қалдым. Кiшкене тақтайшаға: "По газонам не ходить, штраф 5000 теңге" деп жазылған "теберiк" сөз екен. Қай кезде де қамсыз, бей-жай жүретiн қазақтарға айыппұлдың мөлшерiн бiлмей қалмасын деген "жанашырлық" секiлдi көрiндi бұл.
Карiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ, Журналистер одағының мүшесi