ҚАЗАҚША ЖАРНАМАНЫҢ ҚУАНЫШЫ
ҚАЗАҚША ЖАРНАМАНЫҢ ҚУАНЫШЫ
Алматы қатынас жолдары университетi мен Семей мемлекеттiк педагогикалық институтының талапкерлерге арналған жарнамалары "Қазақстан", "Қазақстан-Павлодар" телеарналарынан мемлекеттiк тiлде ұсынылғанда, керекулiктер риза болды.
Әрине, тәуелсiз елдiң ұрпағы мемлекеттiк тiлдi үйренуi керек, бiлуi тиiс, ал оған жағдай жасауға мiндеттi аға буын, ата-ана. Кейде ана тiлiн бiлетiн адамдардың өздерi "Ауру қалса да, әдет қалмайдының" керiмен өзге тiлде сөйлесiп кете беретiнiн мойындайды. Осының бiр көрiнiсi болса керек, мектептерде, балабақшаларда мемлекеттiк тiлдегi сыныптар, мектепалды топтар ашылып, қазақша бiлiм алып жатқан балалар саны күннен-күнге көбейiп, оқыту сағаттары артып жатса да, керекулiк жоғары оқу орындары мен колледждерi талапкерлердi оқуға шақыру бейнежазба жарнамасын, жүгiртпе жол хабарландыруларын теледидардан мемлекеттiк тiлде ұсынуға асықпайды. Содан бiз ректорларға, телеарна басшыларына хат жазып, нәтижеге жетпей тынбайтынымызды аңғарттық. Бiр емес, екi қайтара жаздық. Әрине, олқылық мамандар мен орындаушылар тарапынан кеткен болар деп түйдiк, әйтпесе ректорлар "жарнаманы мемлекеттiк тiлде бермеңдер!" демейдi ғой. Сөйтiп, Алматы мен Семей оқу орындарының көшiнен қалмауға бекiндiк.
Облыстық бiлiм басқармасына да "мектеп түлектерi мен жастар қазақша екi сөздiң басын құрап сөйлеу түгiлi ауызша ақпаратты ұқпайтын болғаны ма? Баспасөз беттерiнде және електiрендiк (электрондық) БАҚ-та талапкерлерге арналған жарнама, хабарландырулардың мемлекеттiк тiлдегi үлгiсiнiң ұсынылмауы нелiктен? Бұны бiздер, көрермендер, оқырмандар, керекулiк оқу орындарының мектеп түлектерiне қазақ тiлiнен қойған "екiлiгi" деп ұқтық…" деген сөздерi бар хат жолданды. Өйткенi "Елiмiздiң болашағы – бүгiнгi жастар тiл бiлмесе, келешегiмiз не болмақ?" деген ой маза бермедi. Бiлiм басқармасы "оқу орындарына заң талаптарының орындалуы және қатаң бақылауға алыну қажеттiлiгi туралы хат жiберiлгенiн және аталған мәселенiң басқарма бақылауына алынғанын" айтты.
Оқу орындары, телеарналар басшылары бұдан былай жоғарыда аталған кемшiлiктердiң болмайтындығын, яғни жарнамалық ақпараттардың кез келген түрi мемлекеттiк тiлде де берiлетiнiн айтып сендiрдi, сондықтан келесi жылы талапкерлерге арналған ақпараттың мемлекеттiк тiлдегi нұсқасы мiндеттi түрде көрсетiлетiндiгiне сенгiмiз келедi.
Алаш туын әрқашан асқақтатып жүрген Алматы мен Семейдiң үлгiсi бiздерге едәуiр дем бердi. Жарайсың, Семей! Жарайсың жайсаң, Алматым!
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ