"ЕДНАННЯНЫ" ЕЛ БIЛЕДI

"ЕДНАННЯНЫ" ЕЛ БIЛЕДI

"ЕДНАННЯНЫ" ЕЛ БIЛЕДI
ашық дереккөзі
125

Екi араны мыңдаған шақырым бөлiп жатса да, қазақ және украинның өзара қарым-қатынасында бiр рухани үндестiк жатыр. Ол – тегiннен тегiн емес. Украин ұлты тегi жөнiнен славян халықтарының қатарына қосылғанымен, олардың бойында қыпшақтың да қаны бар. Өйткенi, бүгiнгi Украина аумағының басым бөлiгi шамамен 1036-1300 жылдары (қыпшақ тайпаларының оңтүстiк орыс княздықтарының шекарасына келiп, ат басын тiреген кезең) ұлан байтақ Қыпшақ кеңiстiгiнiң құрамына ендi. Жекелеген тарихшылардың айтуынша, украиндық казактардың ұясы Запорожская Сечь – сол қыпшақ дәуiрiнiң жаңғырығы. Оған дәлел ретiнде казактардың шаш орнына тұлым қоюын, ал тiлiнде түркi сөздерiнiң молдығын көлденең тартады…

"Запорожская Сечь" демекшi, Жайық өңiрiнде алғаш пайда болған украиндар орыс патшасы – Екiншi Екатеринаның екпiнiмен елiнен қуылып, жер аударылғандар екен. Сонан кейiн ғасырлар бойы украиндар ерiктi және ерiксiз түрде қазақ жерiне қоныс аудара берген. Қазақ жерiн жаппай отарлауға тырысқан содыр Столыпинның тұсында бұл науқан тiптi кең көлемде жүргiзiлген-дi. Столыпинның лайықты iзбасары Н.Хрущевтiң тұсында тың игеруге келгендердiң iшiнде украиндардың саны аз болған жоқ… Бүгiнде өңiрiмiзде 17 мың украин өмiр сүрiп жатыр. Ал бүкiл елiмiз бойынша ше?! "Өкiнiшке қарай, әзiрге соны бiлудiң сәтi түскен жоқ,– дейдi "Еднання" украин ұлттық-мәдени орталығының жетекшiсi Виктор Иванович Тарасенко.– Себебi биыл республикалық халық санағының түпкiлiктi қорытындылары әлi шыға қойған жоқ". … "Еднанняның" құрылған уақыты – 1994 жыл. Оның негiзiн қалаған – бүгiнде облысымызға танымал қайраткер, ұлты украин Екатерина Балғабаева. Ұлттық мәдени орталықтың аяғынан тiк тұрып кетуiне тәжiрибелi басшы, салиқалы азамат Александр Маючий өзге де ұлты украиндармен бiрге септiгiн тигiздi. Сөйтiп, бүгiнде "Еднання" өзге ұлттық-мәдени орталықтармен бiрге Ақжайық алабындағы қоғамдық тұрақтылық пен халықтардың өзара татулығы ахуалына лайықты үлесiн қосып келедi. Қазiр украиндар негiзiнен облысымыздың солтүстiк аудандарында өмiр сүрiп жатыр. Орталық жанында "Берегиня" украин ұлттық хоры жұмыс iстейдi. Бұдан басқа, Дариян ауылында украин фольклорлық үйi бар. Сонымен қатар, В.Юхименко жетекшiлiк ететiн ақсақалдар кеңесi де отырыстарын тұрақты өткiзiп тұрады. Украиндар облыстағы жылт еткен кез келген жаңалық пен әлеуметтiк шаралардан сырт қалып көрген емес. Қоғамдық өмiрде жүйелi ұйымдастырылатын облыстық деңгейдегi жиындар мен "дөңгелек үстелдерге", өнер сайыстары мен спорт жарыстарына белсене қатысу орталық мүшелерi үшiн дағдылы iске айналған. Мәселен, "Еднання" Қазақстан Респуликасы Қарулы Күштерiнiң Батыс тобының жекелеген бөлiмшелерiмен рухани қарым-қатынас жасауды жолға қойыпты. Оған бiр мысал, мамыр айында осындай бөлiмшелердiң бiрiнде өткен өзге ұлт өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлдi қаншалықты меңгергендiгiн анықтайтын өнер байқауына қатысуы. Әрине, тарихи атамекенi – Украинамен тұрақты байланыс жақсы жолға қойылған. Бүкiл қарым-қатынас Украинаның Қазақстандағы елшiлiгi арқылы жүзеге асырылады. Украина президентi В.Януковичтiң ықпалымен биыл бүкiл әлемдегi украина диаспорасының өкiлдерi Львов қаласында бас қосқан. Әр жерден келген қандастар өзара дидарласып, украин кiтаптарының көрмесiне қатысып, аймақтардан келген көркемөнерпаздардың ұлттық әндердi шырқап, би билеуiн тамашалаған. Соған қатысқан В. Тарасенко нағыз украин тiлiнде жазылған кiтаптарды сый ретiнде қабылдап, танысқанына таңданыпты: "Жасыратыны жоқ, украин тiлiне жетiк емеспiн. Өмiр бойы қазақ жерлестерiм сияқты орыс тiлдi ортада өстiк қой. Қаншама орыс-украин бiр дiңнен жаратылса да, нағыз туған тiлдiң мөлдiр тұнығын кiтаптардан "қалқып iшiп", соған қатысты бiлiмiмнiң әлi де кемшiндiгiне көзiм жеттi. Менi мына бiр жәйт қынжылтады: қазiр осындағы егде жастағы қандастарым, мәселен, ұлттық хорда ән салатын кейуаналар ана тiлiн ұмытқан жоқ. Ал жастарымыз туған тiлiне шорқақ, тiптi ықылассыз, көбiне ағылшын тiлiне ден қойғанды қалайды. Жаһандастырудың жағымсыз қылаң беруi осындай шығар, өкпе арту да қиын. Ендi он жылдан кейiн осындағы украиндардың аты да, заты да басқаша болып қалатын сыңайлы…" Айтпақшы, төрағаның орынбасары Вадим Юхименко өзiнiң туып-өскен өңiрi Украинаның Черкасск облысымен арадағы байланысты үзген емес. Жыл сайын сонда қатынап, жерлестерiн осында шақырып, кездесулер ұйымдастырып жүр. Черкасск-украинның ұлы ақыны Тарас Шевченконың кiндiк қанының тамған жерi. Сондықтан "Еднання" басшыларының қазақ пен украин арасындағы ежелгi қарым-қатынас және ынтымақтың белгiсi ретiнде Орал қаласындағы Т.Шевченко атындағы көшеге ескерткiш тақта орнату мақсаты да бар. Тарасенконың өзi де Украинадан. Әке-шешесi осы елдiң астанасы-Киевте өсiп-өнiптi. Сонан кейiн екiншi үлкен қала – Харьковта болып, 1937 жылы Жайық өңiрiне қоныс аударса керек. Ежовтық зорлық-зомбылық бұл отбасын да айналып өтпеген. Әкесi тұтқындалып, кейiн әйтеуiр құтылғанға ұқсайды. Ал әкесiнiң бауыры Антонина ұзақ жылға жазықсыздан жазықсыз түрмеге отырды. Ақырында аман-есен оралды. Әке-шешесi өмiр бойы орман өсiрумен айналысса, Виктор Иванович өз бақытын қаржы саласынан тапты. Кеңес өкiметi кезiнде қаржы саласында жұмыс iстесе, Қазақстан тәуелсiздiкке қол жеткiзгенде "Крамдс банкке" ауысып, кейiн өңiрiмiздегi бiрiншi сақтандыру қорының тұсауын кестi. Ломбардта жұмыс iстеген шағы да бар. Бiр сөзбен айтқанда, бар тәжiрибесi мен қажыр-қайратын облысымыздағы қаржы iсiне сарқа жұмсады. Қазiр де 63 жастағы азаматтың сөзi түзу, жүрiсi ширақ. Өзi әзiлдеп айтқанындай, "стандартқа сай" екi баласы бар. Жан жары Надежда да тың, үйiшiлiк жұмыстарды қиналмай атқарады. Оның пайымдауынша, елiмiз бен өңiрiмiздегi бүкiл диаспоралардың қоғам мен заң алдындағы тең құқылығы толық қамтамасыз етiлген. Олардың iшкi iсiне ешкiм де қол сұқпайды. Бiрақ мемлекет бiздегi диаспоралардың емiн-еркiн дамуына және тарихи Отандарымен тұрақты қарым-қатынас жасауына барынша қамқор. " – Мiне, осындай қамқорлыққа бiз де қашанда қарымта қайтаруға даярмыз," – дедi сөз соңында В. Тарасенко.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары