ҰРПАҚ ҚАМЫ – ҰЛТ ҚАМЫ ЕКЕНI ЕСТЕ БОЛСА...
ҰРПАҚ ҚАМЫ – ҰЛТ ҚАМЫ ЕКЕНI ЕСТЕ БОЛСА...
"Адамзат мәңгi" дегенде бiз ұрпақтан ұрпақ өрбитiн жер бетiндегi тiршiлiктiң жалғасын айтамыз. Демек әрбiр саналы ұрпақ өзiн ғана ойлап қоймай, өзiнен кейiнгiнiң қамын көбiрек ойлайды. Егер қайықтағы екеудiң бiреуi өлу керек болса, сөз жоқ, кәрi кетiп, жас қалады. Шыңғыс Айтматовтың "Теңiз жағалаған тарғыл төбет" атты хикаятында бiр үйлi жан өзiн-өзi теңiзге лақтырып, қайықта қаршадай ғана бала қалып, сол бала бүтiн бiр ұрпақтың жалғасы болып едi ғой. Егер үй өртенiп жатса, жер сiлкiнсе, су тасқыны болса, тағы да басқа толып жатқан кездейсоқ апаттарда адам ең әуелi жас баланы құтқаруға тырысатыны да сондықтан.
Алайда, бүгiнгi таңда керiсiнше, тастанды сәбилер, шет елдерге сатылған балалар санының күннен-күнге арта түсуi, қыздарымыздың жеңiл жолға салынуы, "көкек әкелердiң" көбеюi барлығымызды да, жалпы қоғамды, әрi мемлекеттi толғандыратын өзектi мәселеге айналып отыр. Болашақ ұрпақты осынау қасiреттi iндеттен қалай сақтап қаламыз? Бұл сұрау халқы үшiн жаны күйетiн әр азаматтың көкейiнен орын алатыны рас.
Бүгiнгi таңда жетiмханаларда ана, әке мейiрiмiнсiз өсiп жатқан кiнәсiз, панасыз 98 мыңнан астам сәбилердiң аянышты халiн көре, бiле жүре олардың көбеюiне жол беру қатыгездiк болар едi деп ойлаймыз. Олай дейтiнiмiз, ана сүтiнiң дәмiн, әке алақанының жылуын сезбей ержеткен тастанды, шет елдерге сатылған балалардан қандай азамат өсiп шықпақ, осыған бiр сәт ой жiберейiкшi.
Тiлi, дiлi, дiнi, салт-дәстүрi, тiптен түп-тұрпаты басқа, әлемнiң 25 жат елдерiне еңiрей-еңiрей сатылып кеткенiне өзегi өртенген, көкiрегi шерге толы 8 мыңнан астам балаларымыз ертең өз елiн керек ете ме? Отанына әсте қайтып орала ма? Осы ретте Әлихан Бөкейхановтың: "Ұлым деп ойлайтын жұрт болмаса, жұртым деп еңiрейтiн ұл қайдан болады?" – деген сөзi ерiксiз ойға оралады. Ежелден жетiмi мен жесiрiн жылатпаған ел емес пе едiк? Ендеше, бүгiнгi таңда жетiмдерiмiзге сұрауы жоқтай, қатыгез қабақ танытуымыздың сыры неде?! Ойлап қарасақ, орыс жазушысы Василий Гросманның: "Заманның өгей баласы болғаннан асқан трагедия жоқ" – деген сөзi, бiздегi қаракөз жетiмектерiмiздiң тағдыр-талайына арналып айтылғандай әсер етедi.
Негiзiнде мемлекет тек басқадай мүмкiндiгi болмаған жағдайда, яғни, мәжбүрлiктен, сәбидi аштан өлтiрмеу жолында басқа шара қалмағандықтан ғана оларды шетелдiктерге асырап алуға беруi мүмкiн.
Осы орайда Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты кезiнде қоғам қайраткерi А.Айталының Парламент Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында айтқан: "Балаларын тәрбиелей алмай шет елге асыру негiзiнен кедей мемлекеттерге, тұрғындарының басым көпшiлiгi қайыршы, сонымен қатар патриоттық сана-сезiмi төмен елдерге тән", – деген сөзiн ерiксiз толықтай құптауымызға тура келедi.
Қазақстан балалары, перзенттерi елiмiздiң ұлттық қоры ретiнде өз мемлекетiмiзде қалуын, тәрбиеленуiн, өсуiн, емделуiн халқымыздың басым көпшiлiгi қолдайды. Сондықтан да "Жетiмдер туралы" көптiң көңiлiнен шығатын заң қабылданғаны да дұрыс шығар. Өйткенi, бар мәселе заң талаптарына сай шешiмiн таппаса, шырылдап, шырқырап айта бергенмен бұл күрделi мәселенiң шешiле қоюы қиын. Осы заңды шұғыл заңдар қатарында қабылдағанда ғана бiз бұған дейiнгi асырап алынған балалардың да, кейiнгi балалардың да, елдегi жалпы жағдайды да жақсартуға үлес қосқан болар едiк. Елiмiзде жетiмдер болмауына да жағдай жасалар едi.
"Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар", "Баласыз үйде бақыт болмайды", – дейдi қазақ. Сондықтан да болар, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елiмiздiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын талдаған Қазақстан халқына Жолдауында "2015 жылға дейiн халқымыздың саны 20 миллионға жетуi тиiс. Әйтпесе, экономикалық жағдайымыз қиын болады" – делiнген.
Иә, шындығында халықтың өсiмi – мемлекеттiң алдында тұрған үлкен мәселе, оны шешпеске болмайды. Неге десеңiз, осыншама кең байтақ, қазба, табиғи байлықтарға бай жерiмiз бола тұрып, халықтың саны өспей, азая берсе ертең қиыншылықтар көбейе бередi. Ұлтқа үлкен қатер, еңселi ел болуымызға қауiп. Iргелi де мықты мемлекет болуымызға кедергi. Осы орайда, балаларым болса екен деу – табиғи нәрсе, бала болмаса, адам мен адамның арасындағы табиғи байланысының болуы да мүмкiн емес. Ал бұл байланыс жойылса, тiршiлiк ортақтығы да жойылатындығын әсте естен шығармасақ екен. Олай дейтiнiмiз, жер бетiнде адамнан артық еш нәрсе жоқ екенi мәлiм. Өзiң үшiн ғана өмiр сүру – озбырлық. Сондай-ақ, Конституциямыздың 1-бабындағы "Мемлекеттiң басты байлығы – адам және оның өмiрi" делiнген қағиданы да әр кез жадымызда сақтау баршамыздың парызымыз болса керек.
Осы төңiрегiнде қыздар мен жiгiттерiмiз – болашақ әкелер мен аналар ойланса жақсы болар едi. Олардың ойланбай жасаған қадамдары мен өмiрге тым жеңiл қарауы қандай зардаптарға әкеп соғатынын түсiнсе екен. Осы ретте, ұрпақ қамы – ұлт қамы екенiн әсте естен шығармасақ екен. Өйткенi, "Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ", – деп бекер айтылмаса керек.
Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегерi