МҮСIНШIНIҢ МҰҢЫН КIМ ТЫҢДАЙДЫ?

МҮСIНШIНIҢ МҰҢЫН КIМ ТЫҢДАЙДЫ?

МҮСIНШIНIҢ МҰҢЫН КIМ ТЫҢДАЙДЫ?
ашық дереккөзі
665

Қазақ тарихы кiмдердiң қолымен жасалып жатыр? Кейiнгi өскелең ұрпақ қиын-қыстау заманда елiн, жерiн, Отанын жаудан қорғаған хас батырларын қалай танып жүр? Бұл сауалға жауапты әркiм әрқалай беруi мүмкiн.

Жақында Мәдениет министрлiгiнiң қолдауы бойынша "Жауһар" ұлттық салт-дәстүрлi қолдау қоры" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Қазақ тарихы: Мүсiншiлер қолымен" атты тақырыпта конференция болып өттi. Қазiргi мүсiн өнерi майталмандарының қолынан шыққан өнер туындылары көрмеге қойылды. Бәрi де қажырлы еңбек пен ұзақ уақыттың еншiсiнде өмiрге келген дүниелер. Қайсыбiрiне терең назар салып қарасаңыз да, кешегi қазақ ұлтының болмыс-бiтiмi мен тiршiлiгi көз алдыңызға айна-қатесiз келедi. Қазақ халқының ұлттық реңкiн мүсiн өнерiмен жеткiзген әрбiр туындыда үлкен сыр тұнып тұрған сияқты. Бiр айта кетерлiгi, дәл осындай көрме елiмiз тәуелсiздiк алғалы берi ұйымдастырылмаған көрiнедi. Тiптi, қазақ мүсiн өнерiнiң дамуына өзiндiк үлес қосып келген шеберлердiң туындысы қатыстырылған тұңғыш көрме 1957 жылы Алматы қаласында өтiптi. Оған 12 мүсiншi қатысып, 60-тан астам еңбек паш етiлген. Мiне, содан берi аттай 53 жыл өтсе де, мүсiншiлердiң өнерiн халыққа таныстыратын көрменiң болмағаны көңiлге қаяу салады. Осыдан кейiн-ақ, елiмiзде мүсiн өнерiнiң тасадағы кенжелеп қалған өнер екенiн ерiксiз мойындайсыз.

Ерекше үйлесiм мен тапқырлықты ұштастыра бiлетiн мүсiншiлердiң бiз бiлмейтiн сан қырлы мәселесi көп. Тiптi, титтей ғана дүниенi жасауға қаншама уақытын сарқа жұмсайтын томаға-тұйық мүсiншiнiң жағдайына үңiлiп жатқан кiм бар? Бүгiнгi мүсiн өнерiнiң бет-алысы мен өзектi мәселелерiн бұқара халыққа жеткiзу мақсатында бас қосқан мүсiншiлер бiраз жайттан сыр шерттi. Ең алдымен, олардың айтуынша, күнi бүгiнге дейiн Үкiмет тарапынан мүсiн өнерiн насихаттау және мүсiншiлердiң туындыларын қолдау жағы мардымсыз екен. Табиғи талантымен дараланып, көзге түсiп жүрген мықты мүсiншiлердiң кейбiрi нарықтық заманның қиындығына төзе алмай, кәсiбiн – нәсiп етуге мойынсұнбады. Сол бiр егемендiкке қол жеткiзген аумалы-төкпелi уақыт онсыз да насихаты төмен мүсiн өнерiне деген ынта мен қамқорлықты бәсеңдеттi. Алайда, елiмiз тәуелсiздiгiн алып, төл мұрасын жинақтап жатқанда мүсiншiлердiң беймаза күй кешуi мүлдем қызық. Мәселен, мүсiншi Асқар Есдәулетов қазiргi кезде бұл өнердiң бәзбiр шенеунiктердiң қолшоқпарына айналғанын ашына жеткiздi. "Мүсiн – тазалықты сүйетiн ауыр әрi құдiреттi өнер. Бұған қолдың кiрi – ақшаны араластыруға болмайды. Қазақстанның мүсiн өнерiнiң iлгерi қадам басуы үшiн жаңа, тың идеялар қажет" дейдi ол. Ал, мүсiншi Молдақұл Нарымбетовтiң "Бiз қашанғы батырлардың, хандардың бейнесiн сомдай беремiз? Жаңа заманға сай басқа да дүниелердi неге жасамаймыз?" деген пiкiрiне қарсы келгендер де табылды. Мәселен, суретшi Еркiн Нұразхан: "Бұл өте жаңсақ пiкiр. Қазақтың тарихы кешегi күннен басталған жоқ. Талай қиын кезеңде жерi, елi үшiн басын бәйгеге тiккен батыр азаматтарымызды кейiнгi ұрпақ бiлуi керек. Ал, мүсiннiң дұрыс шықпауы – сол батырдың немесе ханның емес, мүсiншiнiң кiнәсi. Сондықтан мүсiншiлер де кейiпкерi туралы iзденуi керек, зерттеуi керек" дегендi қаперге салды.

Мүсiншi Марат Әйнеков болса, "Қазақ мүсiн өнерiн тек iрi орталықтағы жұрт ғана бiледi. Неге бiз шалғайда жатқан елдiмекендерге, ауылдарға барып көрме ұйымдастырмаймыз? Бiз жасап жатқан дүниемiздi халыққа арнамасақ, кiмге арнаймыз?" деген ойын бiлдiрдi.

Расында да, елiмiзде бүгiнге дейiн қазақ мүсiн өнерi туралы жан-жақты мәлiмет беретiн каталог та жарық көрмептi. Мемлекеттiк орталық мұражайы Шетел классикалық өнерi орталығының жетекшiсi Галина Сырлыбаеваның сөзiне сенсек, елiмiздiң мүсiншiлерiнiң картинасының аттары енетiн сүбелi еңбек келер жылы қолға тиетiн көрiнедi. “– Қазақстан мүсiн өнерiнiң тарихи нақтылығын қалыпқа келтiрумен айналысып жүрмiн. Бейнелеу өнерiнiң басқа түрлерiмен салыстырғанда мүсiн өнерi кенже саналады. Өткен ғасырдың 50-жылдары қалыптаса бастаған оның тарихы қағаз бетiне түсiрiлген жоқ. Сондықтан көпшiлiк бүгiнде кейбiр жеке мүсiншiлердi тануы да, танымауы да мүмкiн. Қысқасы, мүсiн саласы қоғамнан алшақ жатыр,” – дедi өз баяндамасында Галина Сырлыбаева.

Әрине, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас. Мүсiншiлердiң сөзiне қарағанда, мүсiн өнерiне соңғы екi жылдың көлемiнде ғана көңiл бөлiнiп жатқан көрiнедi. Алайда, өздерiн қоғамнан тысқары сезiнетiн мүсiншiлердiң атын да, олардың туындыларын да қарапайым халық бiле бермейдi. Осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған "Жауһар" ұлттық салт-дәстүрдi қолдау қоры" қоғамдық қорының атқарушы директоры Медет Шаяхметұлы: "Мүсiншiлер өзiнше бiр момын, бұйығы халық. Қазiргi кезде мүсiн өнерi қалай дамып жатыр? Қандай бағытпен келедi? Бұл жағы бiзге де, қоғамға да белгiсiз", деп, халықтың мол мұрасы саналатын мүсiн өнерiнiң мән-жайын айтып жатқандар да некен-саяқ дегендi алға тартады. Шынында да, қазақ мүсiн өнерi тұрғысында бiлетiнiмiзден бiлмейтiнiмiз көп сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары