САУД АРАБИЯСЫНАН СОЗЫЛҒАН КӨШ

САУД АРАБИЯСЫНАН СОЗЫЛҒАН КӨШ

САУД АРАБИЯСЫНАН СОЗЫЛҒАН КӨШ
ашық дереккөзі
180

Жырақта жүрген қандастарымыздың Отанына оралуы үлкен қуаныш. Ата-бабасының кiндiк қаны тамған тарихи жерiне келiп жатқандардың жыл санап арта түсуi ел үшiн абырой.

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшiлiгiнiң баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, Жидда қаласында Қазақстан елшiсi Қайрат Лама Шариф сол елдегi қазақтармен кездесу өткiзiп, Сауд Арабиясындағы 7 қазақ отбасын, яғни 59 адамды ата-бабаларының кiндiк қаны тамған тарихи Отанына көшiру туралы шешiм қабылдағанын жеткiздi. Сауд Арабиясындағы қандас-бауырлардың атақонысына бағыттаған көшi "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша жүзеге асқан. Маңғыстау облысына атбасын тiреген қазақтарды жергiлiктi билiк өкiлдерi күтiп алып, Ақтау қаласындағы оралмандарды бейiмдеу орталығына орналастырды. Әзiрге олар осы орталықта бола тұрады. Мұнда Қазақстан азаматтығын алуға байланысты құжаттарды рәсiмдеп, тез арада оралман мәртебесiн алуға көмек көрсетiледi. Сондай-ақ, оларға көшi-қон квотасы мен мемлекет тарапынан бiр реттiк жәрдемақы беру қарастырылып, жол шығындары да өтеп берiлмекшi. Орталықта оралмандарды жұмыспен қамтуға байланысты шаштараз, тiгiн шеберханасы, аяқ-киiм, сағат жөндеу, фотосалон сияқты қызмет түрлерi ашылып отыр. Бұдан бөлек мемлекеттiк "Балапан" бағдарламасы аясында орталықтың жанынан мектеп жасына дейiнгi шағын балалалар үйi жұмысқа кiрiсiп, жұрттың көзайымына айналды.

"2009-2011 жылдары оралмандар квотасы" туралы Елбасының бұйрығына сәйкес, ағымдағы жылы облысқа 2 мың 500 оралман келедi деп шешiлген. Ал, қыркүйектiң басында Маңғыстау облысына 79 жаннан тұратын 10 отбасы оралмақшы. Маңғыстау облыстық көшi-қон және демография басқармасының бастығы Чапай Әбiловтiң сөзiне қарағанда, қазiргi кезде оралмандардың құжаттарын тексеру шарасы жүрiп жатыр. Алайда, нақты қайда қоныс тебетiнi әзiрге белгiсiз. Көшi-қон комитетiнiң Маңғыстау облысы бойынша департаментi директорының орынбасары Амангүл Жайылғановамен тiлдескенiмiзде, Сауд Арабиясынан келген қандастар уақытша бейiмдеу орталығында 6 ай уақыт шамасында тiршiлiк ететiнiн жеткiздi. "Өйткенi, қандастардың құжаты парсы, араб тiлiнде жазылған. Қазiр аудармашылар тәржiмалаумен айналысып жатыр. Қолданыстағы заңнамалық құжаттарға сәйкес, оралман мәртебесiн алғандарға баспана алу үшiн қаржылай көмек берiледi. Егер құжаттарды жылдың соңына дейiн реттеп үлгерсек, қаражат та дер кезiнде үлестiрiледi. "Нұрлы көш" бағдарламасы жүзеге асып жатқан 4 облыстың қайсысын қаласа, сонда жiберемiз. Ол – оралманның өз еркi. Бiрақ та, қандастар мемлекет тарапынан берiлген баспананы жұмыс iстеп, қайтаратын болады", – дейдi Көшi-қон комитетiнiң Маңғыстау облысы бойынша департаментi директорының орынбасары Амангүл Әбдiғалиқызы.

Өмiрдiң қиын-қыстау кезеңiнде Иран мен Ауғанстан арқылы Сауд Арабиясына өтiп кеткен қандастардың арманы – түтiнiн тарихи мекенiнде түтету едi. Ендi, мiне, асқақ мұратына жетiп отырған 7 отбасы балаларының болашағын тек Қазақстанмен ғана байланыстырады. Көштiң басында келген қандасымыз Әбдiбәки Қожаназар қарсы алу сәтiнде: "Талай жыл жырақта жалтақтап жүрдiк. Жергiлiктi халықтың қас-қабағына қарамасақ, бiр күнi "кетiңдер!" деп айтатындай көрiндi. Елдi, тарихи Отанымызды қатты сағындық. Туған жерiңе жететiн ыстық ұя жоқ екен!" деп жүрекжарды сағынышын толқи жеткiздi.

Әрине, әрбiр ұлт өз жерiнiң, өз Отанының қожайыны. Әр мемлекеттiң тiлi өз елiнде ғана дамиды. Сол себептен Сауд Арабиясынан келген оралмандар ең алдымен баласының туған тiлi мен дiлiн сақтап қалуы үшiн тарихи атақонысына жол тартқанын тебiрiне айтады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары