ОРАЛМАН ОРЫСША ОҚУҒА МӘЖБҮР

ОРАЛМАН ОРЫСША ОҚУҒА МӘЖБҮР

ОРАЛМАН ОРЫСША ОҚУҒА МӘЖБҮР
ашық дереккөзі
253

Бiлiм және ғылым министрлiгi қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептердiң санының жыл санап артып келе жатқандығын, Қазақстанда мектеп жасындағы балалардың 70-80 пайызы мемлекеттiк тiлде бiлiм алатындығын жиi көлденең тартады. Алайда, қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектебi жоқ өңiрлер әлi көп екен.

3 қыркүйек күнi "Азаттық радиосының" интернет парағында "Есiл ауылында қазақ сыныбын ашуды сұраған оралмандар балаларын мектепке жiбермедi" деген тақырыпта Саят Серiктiң мақаласы жарияланды. Онда Қарағанды облысының Осакаровка ауданы, Есiл ауылында Моңғолиядан келген 24 отбасы тұратындығы айтылады. Осы отбасыларда мектеп жасында 37 бала бар екен. Олар балаларын аудандағы мектеп интернатқа жiбергiсi келмейдi. Ал, ауылдағы жалғыз мектеп орыстiлдi. Қазақ сыныптарын ашуға бала саны толмайтын көрiнедi. Бiз осы мақала жарияланысымен, мақала авторы Саят Серiкке хабарласқан едiк. Ол Есiл ауылындағы 37 баланың 3-қыркүйекке дейiн мектепке бармағандығын айтты. Саят Серiк бұл ауыл тұрғындарының негiзгi күн көрiсi мал мен егiн шаруашылығы екендiгiн айтады. Ал, оралмандар тұрақты еңбек жоқтықтан ескi металл терiп күн көруге мәжбүр дейдi ол.

– Тұрғындар жақында тағы 2 отбасының көшiп келгендiгiн айтты. Ол отбасылар да көп балалы көрiнедi. Мектеп жасында 7-8 бала бар екен. Ал, аудандағы колледжде де сабақ тек орыс тiлiнде жүргiзiледi.

Қарағанды облыстық Бiлiм департаментiнiң бас маманы Райхан Келбетова бұл мәселеге орай, арнайы тексеру өткiзгендiктерiн жеткiздi. Райхан Шадырқызы ауылда мектеп жасындағы балалардың саны 37-ге толмайды дейдi.

– Оралмандар әлi көшiп келмеген туысқандарының балаларын да бұл тiзiмге қосып жiберген. Мен нақты санын бiлмеймiн. Бiрақ, арнайы қазақ сыныбын ашу үшiн мемлекеттiк стандартқа сай оқитын балалардың саны 41-ге жетуi керек. Ал, бұл ауылда қазақша оқуға ниет етушiлер отызға жетпейдi және әр сыныпта 1-2-ден ғана. Бiр бала үшiн бiр сынып жасақтай алмаймыз ғой. Оны оқытатын мұғалiм керек, – дейдi.

Осакаровка ауданы Бiлiм департаментiнiң басшысы Зура Өскеева ауылдағы мектеп жасындағы оралман балаларының саны 27 дейдi. Оның 5-i дайындық сыныбында, бесеуi – 1-сыныпта оқиды екен. Олар ауылда ашылған қазақ сыныбында бiлiм ала бастаған. Өйткенi, бастауыш сынып ашу үшiн баланың саны жеткiлiктi болып отыр.

– Бұл мектепте 190-дай бала бiлiм алады. Оның жетеуi қазақ балаcы: екеуi жергiлiктi тұрғынның, бесеуi – оралманның баласы. Қалғандары өзге ұлт өкiлдерiнiң баласы болғандықтан, мектеп тек орыс тiлiнде. Қалған 10 баланың бiреуi үйде оқиды, мұғалiмдер үйге кеп дәрiс бередi. Қалғандары аудандағы мектеп интернатта оқиды. Қазақ мектебiнде. Қазiр қарсылық көрсетiп отырған, мектепке бармай қалған ешкiм жоқ, бәрi сабақта, – дейдi Зура Түсiпқалиқызы.

Өкiнiшке қарай, бiз Бiлiм министрлiгiнен Есiл ауылында қазақ сыныптарын ашуды талап етiп отырған оралмандардың өзiмен байланыса алмадық. Саят Серiктiң берген телефондары өшiрулi тұр. Зура Түсiпқалиқызы бұл әңгiменi мектепте мұғалiм болғысы келетiн математик бiр оралман ұстаз ұйымдастырып жүр. Әйтпесе, оралмандар қазiргi күйiне дән риза дегендi айтады.

Қалай дегенмен де, солтүстiк өңiрлерде қазақ мектебi жоқ, мұндай ауылдар әлi де көптеп кездеседi. Бұл бiздiң бiлiм берудiң бiрыңғай ұлттық стандартқа көше алмай отырғандығының салдары.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары