ЖАНАРМАЙ НАРЫҒЫ: ОҢТҮСТIК КӘСIПКЕРЛЕРIНIҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

ЖАНАРМАЙ НАРЫҒЫ: ОҢТҮСТIК КӘСIПКЕРЛЕРIНIҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

ЖАНАРМАЙ НАРЫҒЫ: ОҢТҮСТIК КӘСIПКЕРЛЕРIНIҢ ЖАНАЙҚАЙЫ
ашық дереккөзі
386

"Оңтүстiк Қазақстан облысының жанармай нарығында әдiл бәсекелестiк жоқ. Бұл салада өзгелермен салыстырғанда қаржылық жағдайы жақсы операторлардың ғана дегенi болып тұр. Ал, шағын және орта кәсiпкерлiк саласындағы жанармай сатушылардың күнi қараң. Олар жоғарыдағы ат төбелiндей компанияларға тәуелдi. Бұған бензин бағасын тұрақтандыруды сылтау еткен билiктiң өзi мүмкiндiк берiп отыр".

Шымкентте бас қосқан облыстағы бiр топ жанармай бекеттерiнiң қожайындары өздерiнiң жанайқайын осылай деп жеткiздi. Жалпы, жеке кәсiпкерлердiң жанармайға қатысты қалыптасқан ахуалды шешудi жергiлiктi әкiмдiктiң алдына қоюы, наразылық бiлдiруi бiр бүгiн емес. Жыл басынан берi жалғасып келе жатыр. Тiптi, биыл Елбасының халыққа Жолдау арнаған күнi облыстық әкiмдiктiң алдына кәсiпкерлердiң наразылық жиыны өтiп, шенеунiктер сол күнi Жолдауды емес, жанармай дауын тыңдаған болатын. Әлi күнге кәсiпкерлер мұң-мұқтажын айтудан, әкiмдiк тыңдаудан шаршамайды. Бiрақ, түбегейлi шешiлiп жатқан ештеңе жоқ сияқты.

Бiтпес дау әрiден созылып келедi. Қаңтар айында "Жанар-жағармай кәсiбiмен айналысатын тұлғалар" қауымдастығына мүше кәсiпкерлер жанармайдың әдiл бөлiнуi үшiн "Торғай Петролеум", "Санойл", "Құмкөлтранссервис" секiлдi iрi компаниялардан өнiмдi операторлар арқылы сатып алу туралы ортақ келiсiмге келген едi. Бұл келiсiмнiң жасалуына сол кезде облыс әкiмдiгi ұйтқы болған. Шiлдеде өнiмдi тiкелей зауыттан сатып алып, оны бекеттерге таратуға мiндеттi 11 оператордың аты-жөндерi аталды. Атап айтар болсақ: "Оскаройл" ЖШС, "Майсс" ЖШС, "Кинг Дом", К.Орашов ЖК, "Мұнайинвестментгрупп" АҚ, "Еркебұлақ" ЖШС, "Шымкентмұнайөнiмдерi" АҚ, "Төлебимұнайгаз" АҚ, "Арнапетролеум" ЖШС, "Синойл" ЖШС және "Қазына-2" ЖШС. Тiзiмдi облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жасақтаған көрiнедi. Iрiктелген 11 оператордың барлығы да осы саладағы iрi алпауыттар. Келiсiм бойынша операторлар тасымалдаушылардан алған жанармайдың әр литрiне 2,5 теңге ғана қосуы тиiс болатын. Бүгiнгi күнi бұл келiсiм орындалмай отыр.

Кәсiпкерлердiң берген мәлiметтерiне қарағанда, жоғарыдағы операторлар бензиннiң АИ-92 түрiн зауыттан 68 теңгеден алса, оны кәсiпкерлерге 77,5 теңгеден сатып келедi. Яғни, арадағы айырмашылық 9,5 теңгенi құрайды. АИ-80 бензинiнiң сатып алу-сату бағасындағы айырмашылық 5 теңге (53-58). Ал дизелдiк отынның зауыттық бағасы 55 теңге болса, кәсiпкерлерге сатылатын баға 62,5 теңгенi құрайды (айырма 7,5теңге). Алпауыттардың келiсiмде көрсетiлген мiндеттерiн орындатуға құзырлы органдардың, жергiлiктi билiктiң не қауқары, не құлқы жетпей отырғаны белгiсiз.

– Қазiр бәрiнiң оператор болғысы келедi. Бiрақ оған менiң шамам келмейдi. Иелiгiмде тек бiр ғана жанармай бекетi бар. Оның өзi де ауданда. Бұрын "Петро Қазақстанмен" арадағы келiсiм бойынша жанармайды тiкелей зауыттан алатынбыз. Зауыт байсың ба, кедейсiң бе деп қарамайтын. Тапсырыстарды кедергiсiз қабылдайтын. Ал қазiр операторлар олай емес. Тiлiн тапсаң, бензин аласың, таба алмасаң, "ертең кел" дейдi, "таусылып қалды" дейдi. Құлдық ұрмағанға дым да жоқ,-дейдi Шардарадан келген кәсiпкер Арыстан Жұмабеков.

– О баста мұндай жүйенi енгiзудегi мақсат, бензин бағасын тұрақтандыру болатын. Әкiмшiлiк осы мақсатына жеттi. Бiрақ сол үшiн шағын және орта кәсiпкерлердi құрбандыққа шалудың қажетi бар ма едi?! Ешкiмге зардабы тимейтiн жол жоқ па?

Алғашқыда әкiмдiктегiлер: "Бұл тәсiл уақытша жүргiзiледi, 2 айдан кейiн бәрi бұрынғы қалпына түседi" деген едi. Бiрақ арада тоғыз ай өттi ғой. Қарап отырсаңыз, бұл тәсiлдiң дұрыс еместiгi қазiрдiң өзiнде белгiлi болып отыр. Өйткенi, бензин бағасын Үкiмет белгiлеп қойған. Одан бiр тиын артық сатсаң, үстiңнен iс қозғалады. Олай болса, араға операторларды салып, оларға күнiмiздi қаратқаннан кiм ұтты, кiм ұтылды?

Шағын және орта кәсiпкерлерге жанармай саудасымен айналысу тиiмсiз болып барады. Басқа кәсiпке ауысып жатқандар да бар. Бiз де мемлекетке салық төлеймiз, өзге де шығындарымыз көп. Соларды жабу үшiн жұмысшылар қысқартуға ұшырап жатыр. Облыста жанармай нарығында бүгiнде 10 мың адам жұмыс iстейдi. Сонда жоғарыдағы жүйенiң зардабын бiз ғана емес қарапайым қызметкерлер де тартып отыр емес пе?! Оған неге ешкiмнiң басы ауырмайды?!-дедi кәсiпкер Амангелдi Камалов.

– Менiң осы салада жүрген iрi кәсiпорындар сияқты жанармайды жүз тонналап алуға шамам жетпейдi. Менiң сұранысым тек 100 текше метрдiң төңiрегiнде. Яғни, бұл кәсiптен түсетiн пайда тиын-тебен ғана. Осы бизнестi бастағанда банктен iрi көлемде несие алғанмын. Қазiр соны төлеуге де шамам келмей отыр. Банк үйiмдi алып қояйын деп жатыр. Осыны айтып облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Берiк Оспановқа, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Серiк Ибадуллаевқа бардым. Бiрақ мұң-мұқтажға олар құлақ асып отырған жоқ,– дейдi Жаңыл Тояшева.

Бiр қызығы, жанармай нарығындағы мұндай жағдай Оңтүстiк Қазақстан облысында ғана қалыптасқан сыңайлы. Мәселен, бiзден халқы екi есе аз көршiлес Жамбыл облысында операторлардың саны 100-ге жуықтайды. "Онда жанармай сатумен айналысатын әр кәсiпкердi оператор десе болады, сол себептi талас-тартыс туындап отырған жоқ. Ал, 2,5 миллион халқы бар, көлiк саны жағынан республикада екiншi орын алатын бiзде 11 операторға жүздеген кәсiпкердiң күнi қарап отыр", дейдi нарызылық бiлдiрушiлер. Оңтүстiктегi осы өзгешелiк өнiмнiң бағасына да әсер етпей отырған жоқ. Бензиннiң шығатын жерi Шымкент. Бiрақ жоғарыдағы бюрократиялық кедергiлердiң кесiрiнен Шымкентте бензин өзге өңiрлердегiден айтарлықтай қымбат.

– Мен кеше ғана Алматыда болдым. Онда АИ-92 бензинi 76-78 теңгеден сатылуда. Ал Шымкентте ол 86 теңге. Дизельдiк отын Алматыда 61-62 теңге болса, Шымкентте 68 теңге,– дейдi кәсiпкерлердiң бiрi.

Шымкентте мұнай өнiмдерiнiң қымбат болуы, аталған өнiмдердi жанармай бекеттерiне таратуда әдiл бәсекелестiктiң қалыптаспауын әркiм сан-саққа жорып жатыр. Бұдан сыбайлас жемқорлықтың көрiнiстерi байқалады дегендер де бар. Кәсiпкерлердiң жазған шағымына қарағанда, операторлар оларға өнiмдi қымбат бағамен сатуын облыс әкiмдiгiнен, тексерушi органдардан келетiн қызметкерлерге бензиннiң әр тоннасына 10 доллардан заңсыз қаражат жинап беретiндiгiмен түсiндiрiптi. "Әй!" дейтiн әжелердiң, "қой!" дейтiн қожалардың" тым-тырс жатуына да осы жағдай әсер етпесе деңiз. Елбасының құқық қорғау жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру туралы Жарлығында шағын және орта кәсiпкерлiкке кедергi келтiруге, бизнестi заңсыз тартып алуға қарсы iс-қимыл жасауды мiндеттегенi белгiлi. Ал, Оңтүстiктегi шенеунiктердiң кәсiпкерлер арасында әлсiздердi күштiлердiң ығына жығып беру саясатын жүргiзуi мемлекет басшысының жоғарыдағы тапсырмасымен қаншалықты үйлесер екен?!

Кәсiпкерлер: "Облыс әкiмдiгiнiң алдына барып, қайта-қайта наразылық жиынын өткiзуден де шаршадық" дейдi. Олар ендi нақты шараны қолға алмақ. Елбасыға дейiн арызданамыз деген олар: "Егер әкiмдiк тарапынан ешқандай шара болмаса, Астанаға барып, баспасөз мәслихатын өткiзiп, мәселеге Үкiметтiң мойнын бұрғызамыз" деп отыр.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы

P.S. Өткен жұмада облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшылары наразылық бiлдiрушi кәсiпкерлер мен операторлардың басын қосып жиын өткiздi. Осы жиында айтылған әңгiмелерге қарағанда, облыстағы жанармай бекеттерiндегi бензин жетiспеушiлiгi осы өнiмге деген сұраныс көлемiнiң нақты есептелмейтiндiгiмен байланысты көрiнедi. Соның салдарынан АИ-92 бензинi жетпей қалса, керiсiнше АИ-80 мен дизельдiк отын артылып қалады.

Осындай жағдайда 11 оператор расында да өзгелерге қарағанда артықшылықты пайдаланады. Олар тасымалдаушылардан жанармайды қалауынша сатып алады. Артылғанын ғана оператор болу бақытын иелене алмаған кәсiпкерлерге сатады. Тiптi, өтпей жатқан АИ-80 мен дизельдiк отынды да кәсiпкерлерге мәжбүрлеп өткiзедi. Бұл талапқа көнбегендерге дым да жоқ. Осыдан кейiн-ақ әдiл бәсекелестiктiң ауылы алыста екенi анық байқалып тұр емес пе?

Басқосуда операторлардың санын 21-ге дейiн жеткiзу туралы кәсiпкерлердiң талабын басқарма басшылары қанағаттандырусыз қалдырды. Өйткенi конкурс өтiп қойған, операторларды көбейту жаңа жылға дейiн мүмкiн емес екен. Дегенмен басқарма басшылары: "мәселенi у-шусыз шешемiз" дедi. Олар әр кәсiпкерге қанша жанар майдың қажеттiлiгi жөнiнде нақты мәлiмет берудi мiндеттеуде. Бiрақ мәселенiң бұл жолы да бiржақты шешiлетiнiне көп кәсiпкерлер күмәнмен қарап отыр.

Серіктес жаңалықтары