ҚОҒАМДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ

ҚОҒАМДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ

ҚОҒАМДЫҚ ИНТЕГРАЦИЯНЫҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫ
ашық дереккөзі
153

"Eurasianet.org" сайтында тамыздың 24-iнде Игорь Савиннiң "Казахстан: Этническая интеграция через образование" атты мақаласы жарық көрдi. Онда кеңестiк дәуiрден Қазақстанда бiрнеше тiлде бiлiм берудiң жалғасып келе жатқандығы айтылады. Автор Қазақстандағы ұлттық мектептерде қазақ және орыс тiлiндегi пәндердi көбейту арқылы өзге ұлт өкiлдерiн қазақ қоғамына интеграциялаудың жолдарын ұсынады.

Дәл осы ой "Түркiстан" газетiнде 2004 жылдың 25-қарашасында (№47) "Мемлекеттiк тiл қажеттiлiкке айнала бастады" деген мақалада айтылған едi. Оңтүстiк Қазақстан облысының Сайрам ауданындағы өзбек мектептерiнiң мұғалiмдерi мен оқушыларымен жүздесiп олардың ұлттық бiрыңғай тестiнi қай тiлде тапсыратындығы жайында пiкiрлерiн сұрап бiлгенбiз. Қазақстан орта бiлiмдi 4-5 тiлде жүргiзгенiмен, жоғары бiлiмдi тек екi тiлде – қазақ, орыс тiлдерiнде жүргiзедi. Ал, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы өзбек мектебiнiң түлектерi ҰБТ-ыны қазақша тапсыруды қалайтындықтарын жеткiзген едi. Содан берi 6 жыл өтсе де, бұл мектептерде осы мәселе әлi өзектiлiгiн жоймапты.

Аталған мақаланың берген мәлiметтерiне сүйенсек, Оңтүстiк Қазақстан облысында 2007-2008 оқу жылдарында жалпы бiлiм беретiн мектептерде 520557 оқушы оқиды. Оның 375735-i қазақ тiлiнде, 80 069-ы өзбек тiлiнде, 61307-сi орыс тiлiнде, 3446-сы тәжiк тiлiнде бiлiм алады. Облыста жалпы бiлiм беретiн 1031 мектеп бар, оның 600-ден астамы – қазақ тiлiнде, 80-нен астамы өзбек тiлiнде, 15-i – орыс тiлiнде, 3-еуi – тәжiк тiлiнде бiлiм бередi.

Осы өзбек және тәжiк тiлдерiнде бiлiм алатын оқушылардың Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуы өте қиын. Өйткенi, 11 жыл бойы өзге тiлде сөйлеп келген оқушы, 11-сыныпты бiтiрген кезде ҰБТ тапсыру үшiн не қазақ, не орыс тiлiн таңдауы тиiс. Алайда, барлық көпшiлiкке мәлiм Оңтүстiк Қазақстан қазағы басым өлке. Онда өзге тiлдерден гөрi, қазақ тiлiнiң мерейi үстем екенi айқын. Демек, ұлт мектептерiнде бiлiм алып жатқан жүз мыңдай оқушының ҰБТ тапсырарда қазақ тiлiн таңдауы түсiнiктi.

Сондықтан да, Бiлiм және ғылым министрлiгi өзбек және өзге де ұлт мектептерiнде бiрнеше пәндi мемлекеттiк тiлде енгiзу мәселесiн қолға алу керек едi. Бұл әңгiме 2000 жылдың басында бiраз сөз болды да қалды. ҰБТ-ны алғаш тәжiрибеге енгiзген Жақсыбек Құлекеев қазақ мектептерiнде бiрнеше пәндi ағылшын тiлiнде, бiрнеше пәндi орыс тiлiнде, керiсiнше, орыс мектептерiнде бiрнеше пәндi қазақ тiлiнде, бiрнеше пәндi ағылшын тiлiнде енгiзудi қолға алды. Бiрақ, көп ұзамай министр тағын ауыстырған оның бастамасын соңғы министрлер қолдап кете қойған жоқ. Сөйтiп, өзгетiлдi мектептерде мемлекеттiк тiлдегi пәндердiң санын көбейту мәселесi күн тәртiбiнен ысырылып қалған едi. Бiрақ, Сайрам ауданындағы өзбек мектептерiне көмек билiктен емес, өзге жақтан келдi.

Аталған мақаланың авторы Игорь Савин 2003 жылдан ұлт мектептерiнiң түлектерiн Қазақстан қоғамына интеграциялауға көмек қолын созуды мақсат етiптi. Сөйтiп, өзбек мектептерiнiң мұғалiмдерiн қазақ және орыс тiлiнде бiлiм беруге бейiмдеудi қолға алған екен. Оның жобаларын жүзеге асыруға ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылық iсi жөнiндегi жоғары комиссары кеңсесiнiң қызметкерлерi көмектесiптi. Автор мақаласында 2005 жылы облыстық Бiлiм департаментi мен облыстық мұғалiмдердiң бiлiмiн жетiлдiру институты ҰБТ-ға енетiн 7 пән бойынша өзбек тiлiнiң мұғалiмдерiне арналған арнайы курстар ұйымдастырылғанын айтады. Ол курста 150 өзбек мұғалiмi оқыған. Бұрын өзбек мектептерiнiң түлектерi ЖОО-ға түсуге мүмкiндiк ала алмай келсе, бұдан кейiн оқуға түсушiлердiң саны кәдiмгiдей өскен. Мәселен, 2004 жылы Сайрам ауданындағы бiр мектептiң 19 түлегi студент атанса, 2007 ол 79-ға артқан.

2006 жылы Қазақстанның Бiлiм және ғылым министрлiгi Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмшiлiгiне бұл тәжiрибенi кеңiнен тарату жөнiнде ұсыныс хат жолдайды. Әрi бұл жобаны мемлекет қолдайтындығын мәлiмдеген. Алайда, министрлердiң жиi ауысуының салдары бұл жобаны ары қарай қолдауға мүмкiндiк бермей отыр. Сөйтiп, ол тек қоғамдық деңгейде жүзеге асуда.

Бiрақ, оның бiр кiлтипаны бар. Егер, жоба авторлары орыстiлдi болса, жобаға қатысушыларға сабақ қай тiлде жүргiзiлдi? Автор өз мақаласында – қазақ, орыс тiлдерiнде дегендi жиi қолданады. Оңтүстiк өңiрдiң тұрғындары орыс тiлiнен гөрi қазақ тiлiн көбiрек таңдауы ықтимал. Алайда, бiздегi қоғамдық негiздегi жобалардың көбi – орыс тiлiнде жүзеге асырылатындығы ақиқат. Сонда, Қазақстан қоғамына бейiмдеу үшiн қай тiлдi таңдауымыз керек. Орыс тiлiн бе, әлде қазақ тiлiн? Әрине, онсызда тасада қалып, жиырма жыл бойы жырға айналған қазақ тiлiн таңдауға мiндеттiмiз. Алайда, ұлттық азшылықтардың сойылын соғушы шетелдiктер бұны ескере қояр ма екен? Сондықтан да, Бiлiм және ғылым министрлiгi бұл бастаманы өзi қолға алуы керек. Сөйтiп, ұлттық мектептерде мемлекеттiк тiлдегi пәндердi көбейту арқылы мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейтуге күш салуы тиiс. Мұның өзi қоғамдық интеграцияның болашағын кеңейтiп, адамдар арасындағы түсiнiктi оңайлата түсетiнi айдан анық.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары