ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨЛIКТЕРГЕ КЕДЕРГI ЖОҚ

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨЛIКТЕРГЕ КЕДЕРГI ЖОҚ

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӨЛIКТЕРГЕ КЕДЕРГI ЖОҚ
ашық дереккөзі
391

Бұрынғы көркiн жоғалтқан Қырғызстан қазақстандық туристермен қайта қауышуды аңсап отыр. "Шетелдiк қонақтарға" Ыстықкөл – бәз баяғыдай жұмақ жер" деп жанталасқан қырғыздар экономиканың басты күшiне айналған туризмдi жандандыруды қолға алыпты. Есеңгiреп қалған ел экономикасын аяқтан тұрғызу үшiн жергiлiктi үкiмет барлық жолдарды қарастыруда. Елдегi жағдайды қалыпқа түсуiне Қазақстан Үкiметi де қолдан келген көмегiн аямай отырғаны жақсы мәлiм.

Жуырда Бiшкекте халықаралық донор форумы болып өттi. Қол ұшын созған 30 халықаралық ұйым мен 50 донор мемлкеттердiң өкiлдерi қатысқан форумда Ош пен Жалалабад облыстарына баса көңiл бөлiндi. Қырғызстан экономикасын жандандыру үшiн 450 миллион доллар қажет екенi белгiлi болды.

– Ош пен Жалалабад облысын қалпына келтiру үшiн 350 миллион доллар керек. Ал 100 миллион доллар бұл облыстардың экономикасын жөндеуге салынады, – дедi президент Роза Отунбаева. Соңғы мәлiметтерге сенсек, елдiң ЖIӨ-сi 5 пайызға төмендеген. Ал энергетика және сауда-саттық саласына 50-180 миллон доллар шұғыл қажет екен.

Елдегi ауыр ахуалды қалыпқа келтiру үшiн үкiмет шетелден көмек сұрауға кiрiстi. Бұған дейiн президент сайлауын өткiзуге БҰҰ-нан қаржылай көмек сұраған едi. Алайда, БҰҰ әкiмшiлiгi қаржылай көмек беруден бас тартып, қайырымдылық шараларымен ғана жәрдемдесе алатындығын айтқан болатын. Бұдан кейiн де Ресейден қомақты қаражат сұралды, одан де ештеңе шықпады деуге болады. Шiлдеде жаңа президент Роза Отунбаева ЕҚЫҰ-нан полиция күшiнiң Қырғызстан Республикасына келуi қажеттi екенiн атап өткен. Елдiң оңтүстiгiндегi халықтың құқығын қорғау үшiн қабылданған "саяси шешiм екенiн айтқан. Косовомен тағдырлас елдiң iшкi жағдайды ушықтырып алмау үшiн жасалған шараларының бiрi осы.

Қырғыз халқының маңдайға бiткен бағы – Ыстықкөл туралы сөз қозғағанда "шетелдiк" деп отырған қонақтары қазақтар. Мiне, осы мақсатты көздесе керек, қазақстандық туристердiң аяқ алысы сирегенiн сезген Қырғызстан таяуда елiмiзге жоғары лауазымды өкiл жiбердi. Қырғызстанның Iшкi iстер министрi Құбатбек Байболов Алматыда баспасөз өкiлдерiмен кездестi. Мұнда сөз болған негiзгi жайт – "Алатау берметiнiң" жағалауында демалуды ұнататын алматылықтар мен Қазақстан азаматтарын қырғыз елiне саяхаттаудың қауiпсiз екендiгiне сендiру. Құбатбек Байболовтың айтуынша, шетелдiк туристердiң қобалжуына еш негiз жоқ. Елде болған оқиға тек қырғыз бауырларға ғана қатысты, iшкi саяси күрестiң көл жағасында орын ала қоюы екiталай екендiгiн айтты.

Расында, республикадағы өзен-көлдерде демалу қаншалықты қымбатқа түсетiндiгi баршаға аян. Сондықтан болар көпшiлiк iргедегi Ыстықкөлдi тәуiр көредi. "Сiздер Ыстықкөлдiң қандай екенiн бiлесiздер. Қапшағай ондай емес қой. Сондықтан Қапшағай, Балқаш, Аралмен оны салыстыруға келмейдi" дейдi Қ.Байболов. Бiрақ көктем төңкерiсiнен кейiн Ыстықкөлге ешкiмнiң аяқ басуға жүрегi дауаламай қалған-ды. Бұл ахуалды жеңiлдету үшiн қоғамдық жасақшылар қойылған көрiнедi.

– Әрбiр пансионатқа жергiлiктi құқық қоғау органдары, Iшкi iстер академиясының курсанттары қойылған. Оның үстiне шекараға кiрген бойда қажеттi телефон номерлерi көрстелiген анықтама берiледi, – дейдi Iшкi iстер министрi.

Бұлай жарылқап отырған Қырғыз Республикасы жеңiл көлiгiмен барған туристердi де құжат тексерiп, мазаламайтындарын айтты. Осыған дейiн қазақстандық көлiк номерлерiн көрген қырғыз МАИ қызметкерлерi қырғидай тиетiнi көпке белгiлi едi. "Мен қазақ номерлерi бар көлiктердi тоқтатуға мүлдем тыйым салдым…" дедi ол. Иә, демалуға баратын туристерге айтарлықтай жеңiлдiк жасалыпты, дегенмен маусым аяқталып бара жатқандығын ескеру керек. Бұл кездесудi тиiмдi пайдаланған журналистер Ыстықкөл маңайындағы қылмыстық топтың барлығын ортаға салды. Сөз жоқ, бiр емес, екi қылмыстық топтың торуылдайтынын ешкiм жасырып отырған жоқ. "Олар сiздерге қол тигiзбейдi. Сiздер олардың "клиенттерi" емессiздер" дедi өкiл. Осы орайда жақында болған оқиға еске түседi. Таңдай қағып, таң қалсақ та еуропалық бандиттердiң iзбасарлары өз тобының жетекшiсiне азан шақырып, "Әке" деген есiм берген көрiнедi. Ыстықкөл жағасына киiз үй тiгiп, жылқы сойып жасалған ұлан-асыр той да жаңа есiмнiң құрметiне ұйымдастырылса керек. 1969 жылы жазылған Марио Пьюзоның "Өкiл әке" атты кiтабының жалғастырушылары қырғыз бауырларымыз болғаны ма?!.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары