“ДОСТЫҚТА” БОЛҒАН ЕКI КҮН

“ДОСТЫҚТА” БОЛҒАН ЕКI КҮН

“ДОСТЫҚТА” БОЛҒАН ЕКI КҮН
ашық дереккөзі
277

Осыдан жиырма жыл бұрын бұл жерде тек "Достық" стансасының жеке ғимараты мен төрт-бес қос қабатты тұрғын үй қалқайып тұратын. Стансада небәрi қырық бес адам жұмыс iстептi.Солар Қытайға жiберiлетiн шикiзатты жүк вагондарынан түсiрiп, тар жолда тұрған Қытай вагондарына тиеп, аспан асты елiнен келген дайын тауарларды кең жолда тұрған өзiмiздiң вагондарға тиейтiн. Қазiр стансаның көрiнiсi мүлдем басқа. Стансада жетi жүк тиеп, артатын алаң бар. Оның бесеуiнiң төбесi жабылған. Әкiмшiлiк ғимараттары мен әлеуметтiк мақсатта салынған жайлар бой көтерген. Бүгiнгi үлгiмен салынған екi, үш қабатты сәндi тұрғын үйлер қаншама. Бiр қазақ және аралас орта мектебiнен жыл сайын жүздеген түлектер қанат қағып ұшуда. Жалпы стансада қазiр халық саны жетi мыңнан асыпты. Тек өзгермеген дүлей желi ғана. Жоңғар тауы мен Тарбағатайдың соңғы сiлемдерi арасынан соққан желде бiр тыным болсайшы. Кейде қиыршық тастарды суырып, көкiрегiңнен керi итергенде алға қадам басып жүрудiң өзi көп күшке түседi.

"Достықтың" күшығыс жағында "Алашанқай" стансасы бар. Екi ел шекаралық стансалардың арасын небәрi жетi-ақ шақырым жер бөлiп жатыр. Шойын жолдары осы "Достық" стансасында түйiскен. Негiзгi жүк тиеп, түсiру жұмыстары да осы "Достықта" атқарылады. Өткен аптада "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясының АҚ халықаралық шекаралық "Достық" пен "Алашанқай" стансаларында темiр жолдар түйiскенiнiң жиырма жылдық тойын атап өтуге темiржолдың ардагерлерi мен бiр топ журналистердi арнайы шақырған едi. Мерекелiк шаралар екi күнге созылып, ардагерлерлерге, станса жұмысшылары мен қызметкерлерiне лайықты құрмет көрсетiлдi. Елiмiзге танымал өнер шеберлерiнiң концертi болды.

Екi жақтан жүк артқан вагондар құрамын стансаға белгiленген уақытта кiргiзiп, белгiленген уақытта шығарып тұру Жол қатынасын автоматты басқару жүйесi бөлiмiнiң мiндетi екен. Қай жүк вагондар құрамы қай жолда тұр, қайсысы жүк түсiру алаңдарында, мұның бәрi схемалық қабырғада алақандағыдай көрiнiп тұр. Вагондар қозғалысы компьютермен бағытталады. Бiздiң бiр байқағанымыз, орталықтың үлкен анықтамалығы тек ресми тiлде ғана жазылыпты.

Бiз №3 жүк түсiрiп, тиеу алаңын темiржолшылар "ангар" деп атайды екен. "Кедентранссервиз" акционерлiк қоғамына қарасты филиал директорының орынбасары Кенжеболат Салықбаевтың айтуына қарағанда, бұл алаңның үстi биыл ғана жабылып, жарық пен су жүйелерi талапқа сай жүргiзiлген. Алаңның жалпы көлемi 5700 текше метр. Екi жақты темiр жолдары енгiзiлген. Бiрi рельстерiнiң аралығы 1435 милиметрлiк қытай темiр жолы да, қарсы бетiнде рельстерiнiң ара қашықтығы 1520 милиметрлiк бiздiң темiр жол бар. Алаңға он үш жүк вагоны сияды. Жүктер қолмен және механикаландырылған тәсiлмен түсiрiледi екен. Жүк түрлерi әрқалай. Қолмен түсiрiлiп, тиейтiн жүктерге 104 жұмысшы жұмылдырылса, механикаландырылған тәсiлдi 64 жұмысшы атқарады. Мұнда жұмыс тәулiк бойына тоқтаусыз жүргiзiледi. Тәулiгiне кеденнен өткен елу екi вагонның жүгi осы ангарда түсiрiлiп, тиеледi. Әр вагондар құрамындағы жүктердi түсiруге берiлген кесiмдi уақыт 2 сағат 15 минут. Тиеуге берiлетiн уақыт та осындай. Жалпы 9 сағаттың iшiнде бүкiл бiр құрамның вагондарындағы жүк түсiрiлiп, екiншi құрамның вагондарына тиелiнедi екен. Жүктердi түсiру мен тиеу екi жақтың да жауапты адамдарының көз алдында жүргiзiледi. "Достық" халықаралық транзиттiк станса болғандықтан, Қытайдың Ресей, Украина және Орта Азия республикаларына бағытталған тауарлары осы жерден рәсiмделiп өтедi. Кейде күдiктi әрi қауiптi саналатын тауарлар артылған вагондар құрамы керi қайтарылып та жататын жағдайлар да кездесiп қалады. Қытай темiржолшылары Ресей мен Украинаға бағыттаған тауарларының құжаттарын барлық талап деңгейiнде жасайды екен де, ал Қазақстан және Орта Азия елдерiне жiберетiн кейбiр тауарлардың құжаттарын толтыруда салғырттық танытатын жайлары да бар көрiнедi. Бұл стансаның қалыпты жұмыс iстеуiне айтарлықтай кедергi келтiрсе керек. Алқалы топ бұл мәселеге байланысты арнайы сарапшылар тобын құрып, кемшiлiктiң кiмнен кеткенiн анықтау жағын қарастыратын болып шештi. Олқылық кiмнен? Бiздiң талаптарымыздан кеткен олқылық па? Әлде қытай темiржолшыларының селқостығынан ба?

Стансаның тау жақ бетiнде жел күшiнен электр энергиясын жасайтын алып қондырғы тұр. Биiктiгi қырық метр. Мұны осыдан бiраз жыл бұрын бiздiң Үкiмет тапсырысымен француздар қыруар қаржыға жасапты. Өздерi келiп орнатқан. Бiрақ, жұмыс iстете алмаған. Ақырында "Бiздiң қондырғы сiздердiң жел күшiне сәйкес келмейдi екен"– деп кетiп қалыпты. Ендi мiне құр қаңқа болып тұрған жайы бар. Босқа кеткен қаражатты айтсайшы.

"Алашанқай" стансасында да қытайлардың өздерi жасаған осындай жүздеген қондырғылары бар. Станса электр қуатының көбiн содан алады. Арзан әрi экологиялық жағынан таза. Қондырғы осы жердiң жел қуатының күшiне есептелiнiп iстелген. Бiз қытайлық әрiптестермен қатарласа, қабаттаса жүрдiк. Олар өз көлiктерiне мiнер алдында бақшадағы қарақшыдай қалқиған әлгi алып қондырғыны қолдарымен шошайта көрсетiп, мырс-мырс күлгендерiн байқап қалдық. "Кiмге күлкi, кiмге түрпi?" деген осы екен-ау…

"Темiржолшылар саябағында" жиырма жылдық мерекенiң салтанатты жиыны өттi. Жиналғандардың 95 пайызы жергiлiктi ұлт өкiлдерi. "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясы акционерлiк қоғамының Алматы темiржолы бөлiмiнiң бастығы Бауыржан Орынбасаров қалың көпшiлiктi орыс тiлiнде құттықтады. Өзiне қайдам, мемлекеттiк тiлдi ескермей бiрден ресми тiлде сөйлегенi көпшiлiкке оғаштау көрiндi. Ол сөзiн:

– Қазақстан мен Қытайдың достық қарым-қатынасы бiздiң табысымыздың кепiлi болып отыр. Бiз жүк тасымалында алға қойған мiндеттерiмiздi артығымен орындап келемiз. Өткен жылы осы стансадан 15500 тоннаға жуық жүк өткiзiлдi. Бұл үлкен жетiстiк. Сiздердiң Қазақстан мен Қытай темiржолының игiлiгi үшiн әлi де еңбек жеңiстерiне жететiндерiңiзге сенiмiм зор, – деп түйiндедi…

Алакөл ауданының әкiмi Бағдат Қарасаев әлi мемлекеттiк, содан соң ресми тiлде сөйледi.

– Бiз бүгiн тарихи мерекеде бас қосып отырмыз. Елбасымыздың бiлiктi де тұрақты саясатының арқасында республикамыз әлемдiк қауымдастықтан өз орнын алып отыр. 1990 жылы осы "Достыққа" 56 темiржолшы, 150 шекара қызметкерi болған. Ендi мiне станса халқы бiрнеше есеге өсiп отыр. Станса темiржолшылары Қазақстан экономикасына көп үлес қосуда. Олардың кешегi жетiстiгi бүгiн де жалғасын табуда. Экономикамыздың көтерiлгенiнiң арқасында стансада әлеуметтiк сала айтарлықтай өстi. Облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлiнiп, жаңадан мектеп салынып, 150 орынды емдеу орталығы ашылайын деп жатыр. Жаңа әкiмшiлiк ғимараты пайдалануға берiлдi. Биыл 280 төсектiк балабақша мен темiржолшылар Мәдениет сарайының құрылыстары басталды. Келесi жылы Спорт сарайы салынатын болады. Жыл соңына дейiн толық аяқтауды межелеп отырмыз. Барлығыңызды осы жиырма жылдық мерекелерiңiзбен құттықтаймын!

Ардагер темiржолшы Нығмет Тұрғанбаев ресми тiлде сөз бастап едi менiң жанымда тұрған егде әйел қабағын кiржитiп, қасындағы кiсiге: "Ақсақал қазақша сөйлей бермей ме?" – дедi. Ол да көңiлсiздеу үнмен: "Ауру қалса да әдет қалмайды" – деп қолын сiлтей салды.

Саябақтың қақпасына керiлген лентаны Алакөл ауданының әкiмi Қарасаев кестi. Мерекелiк шара саябақтың сахналық алаңында жалғасты. Қытайдан келген бiр топ темiржолшылар мен журналистерге құрмет көрсетiлiп, алдыңғы жақтан орын берiлдi. Жүргiзушiлер алаң толы көпшiлiктi мерекелерiмен құттықтап, екi ел әнұрандарының орындалатынына ишарат жасады. Сол бойда Қытай Халық Республикасының әнұраны асқақтата орындалды. Жұрт мұны күтпесе керек. "Бұлардың мұнысы қалай? Әуелi өз республикамыздың Әнұраны орындалмаушы ма едi?" Абдырап қалған көпшiлiк бiр-бiрiне сұраулы пiшiнмен қарап, ыңғайсыз күйге түскен. Қытай гимнiнен кейiн едәуiр уақыт үнсiздiк орын алды. Жүргiзушiлер сахнаның бiр жақ бұрышына жалтақтаумен әуре. Күткен адамға аз уақыттың өзi көп көрiнедi емес пе. Қалың қауымның шыдамы таусылып, орындарынан қозғалақтап кеттi. Өкiнiшке қарай, жұрттың күткенi болмады. Жүргiзушiлер сөйлеушiлердi сахнаға шақырды. Тек "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясы акционерлiк қоғамының жекелей басқару және әлеуметтiк мәселелер жөнiндегi вице-президентi Асқат Акчуриннiң екi тiлде сөйлеген сөзiнен кейiн ғана Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Оның сөзi қытай тiлiне қабаттаса аударылды. Қытайдан келген қонақтар да сөз алып, әрiптестерiн құттықтады.

Алдын ала жасалынған бағдарлама бойынша, бiрiншi Қазақстанның, содан соң Қытайдың Әнұраны орындалуы керек екен. Дыбыс күшейткiш аппаратта отырғандар бiздiң Әнұран таспасын таппай, әуре-сарсаңға түскен. Негiзiнен мәдени шараның музыкалық көркемдеу жағы алдын ала жарияланған тендердi жеңiп алған "Бауыржан шоу" күлкi-сықақ театрына тапсырылса керек. Несiн айтасың, жат жұрттық сыншылардың алдында ұятқа қалдырғаны көпшiлiк қауымның жанына қатты батты.

"Экономтрансконсалтинг" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң бас директоры, экономика ғылымдарының докторы Нығыметжан Есенғарин:

– "Достық" стансасы жыл сайын өсiп отырған екi ел тауар айналымына аздық ететiнi қазiрдiң өзiнде байқалуда. Сондықтан Жетiгеннен бастап Қорғасқа дейiн екiншi темiр жол салынып жатыр. Бүгiнде Қытай жағы Қорғасқа дейiнгi жолды салып болды. Бiз салудамыз. Сол темiр жолдар пайдалануға берiлген кезде Қытай елiмен жүк айналымының жалпы көлемi 40 миллион тоннаға жетедi деген болжамымыз бар. Екi жолмен Қытайдан Ресейге, одан ары Еуропа елдерiне жылына шамамен үш миллион тонна жүк тасылады. Сонда бiздiң темiржолдар жүк тасымалын өткiзетiн аса маңызды транзиттiк рол атқарады. Бұл бiздiң экономикаға көп пайда келтiредi, – дедi.

Бұрынғы Транспорт және коммуникация министрi, қазiргi "Камкор" жөндеу корпорациясының бас директоры Юрий Иванович Лавраненко:

"– Екiбастұзда жүк вагондарын жасау зауытының құрылысы жүрiп жатыр. Оның бiрiншi кезеңi iске қосылды. Бұл бөлiктен жылына мың жүк вагоны шығатын болады. Екiншi кезеңi бiткен кезде бiз жылына екi мыңға жуық вагон шығаратын боламыз. Сондай-ақ, бiзде жаңа американдық соңғы үлгiдегi тепловоз да жасалынуда. Қазiр өзiмiзде жасалынған жүк вагондарының алғашқылары осы Алматы темiр жол бөлiмiнде жүрiп жатыр. Транзиттiк жолға талас көп. Былайша айтсақ, бұл "алтын жұмыртқа". Сiздер Жаңаөзен-Горган темiр жолы салынып жатқанын жақсы бiлесiздер. Ары қарай Иран. Одан ары Түркия. Босфор бұғазынан Еуропа құрлығына жер асты темiр жолының құрылысы жүруде. Болашақта Шығыс пен Батысқа жеткiзiлетiн жүк тасымалы бiздiң ел арқылы өтетiн болады," – дедi.

Екi елге ортақ мерекеге Қытай журналистерi толық қатысты. Ал бiздiң журналистер тек "Достық" стансасымен танысумен шектелдi. Қытайдағы "Алашанқай" стансасына ардагерлердi ғана алып барды. "Алашанқай" қазақы өлшемге салсақ, "Достықтан" әудем жерде ғана. Қытай журналистерi бiзге келгенде, бiздiң журналистер неге "Алашанқай" стансасының тыныс-тiршiлiгiмен танысып, мерекелiк мәдени шараларын көрiп қайтпасқа. Жалпы бiзден оларды неге жасырды? Жақсы жақтарын көрiп қояды деп алып барғысы келмегендерi ме? Басқа қандай себеп бар? Қалай айтқанда да Қытай ұлы держава. Өкiнiштiсi сол, көкейге кептелген сұраққа нақты жауап беретiн жан болмады. Есесiне мұндағы жұртшылықтың айтар назы бар екен.

– Қаржы дағдарысына дейiн бiздiң жағдайымыз өте жақсы болды. Айлық еңбекақымызға 90-нан 100 мың теңгеге дейiн алып жүрдiк. Ал қазiр 40 пен 45 мың теңге аралығында ғана. Кейде "Алашанқайға" алып барып, екi-үш күн жұмыс iстетедi. Содан айлық еңбекақымызға шамалы үстемақы қосылады. Бiздiң дүкендерде азық-түлiк, киiм-кешек Алматыға қарағанда әлдеқайда қымбат. Суды да сатып алып iшемiз. Ауа райының мiнезiн өздерiңiз де көрiп тұрсыздар. Дауылды жел тұрғанда қиыршық тастар суырады. Атырау облысында ауа райының осындай жайсыздықтарына байланысты көп мөлшерде үстемеақы төлейдi ғой. Ал бiзде оның мөлшерi айтуға да тұрмайды. Қаржы дағдарысы бiтсе, айлық еңбекақымыз қайта көтерiлiп, жағдайымыз бұрынғыдай жақсара ма деп үмiттенiп жүрмiз,-– дейдi олар.

"Достық" шекаралық станса Қытайға қол созым-ақ жерде. Негiзгi тұтыну тауарлары сол жақтан келедi. Аудан әкiмшiлiгi станса орталығынан неге бiр көтерме сауда орнын ашпасқа?!

Бiздiң "Достық" стансасындағы екi күндiк iс-сапарымыз осылай өттi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары