2025-2026 оқу жылының басында Қазақстан Республикасында 116 жоғары оқу орны жұмыс істеді, ондағы студенттердің жалпы саны 678,1 мың адамды құрады, оның 52,5% – әйелдер, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлттық статистиканың мәліметінше, мамандықтар бөлінісінде биыл оқуға түскендердің негізгі үлесі педагогикалық ғылымдарды таңдаған – 25,4%. Екінші орында инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы мамандықтары – оқуға түскендердің 16,3%, үштікті бизнес, басқару және құқықпен байланысты мамандықтар бойынша оқуға түскендер түйіндейді – 14,1%. Сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандықтарын таңдағандар да басым, онда оқуға түскендердің 11,3%.
Жас құрамы бойынша білім алушылардың негізгі үлесі, яғни 69,5% 17-20 жас аралығындағылар. Сондай-ақ студенттер арасында 15 жастағы 25 адам және 40 жастан асқан 11 822 білім алушы бар.
Студенттердің 65,6% қазақ тілінде, 24,8% – орыс тілінде, қалған 9,6% – шет тілдерінде жоғары білім алып жатыр.
Биылғы оқу жылында жоғары білім алу үшін Қазақстанды негізінен Түрікменстан, Өзбекстан, Қытай, Үндістан және Ресей азаматтары таңдаған.