КӨШI-ҚОН САЯСАТЫ ЖӘНЕ ОРАЛМАНДАР АХУАЛЫ
КӨШI-ҚОН САЯСАТЫ ЖӘНЕ ОРАЛМАНДАР АХУАЛЫ
Келешек үдесiнен шығу үшiн әлемдiк қауымдастықта қазақ халқының өз орнын белгiлеуге ұмтылуы – қалыпты құбылыс. Әр елдiң көкейiндегi iзгi сауал осы болса керек. Көп қасiреттi бастан кешсе де, бұта шайнар бураның азуындай босамауға бекiнiп, қайта бекiне түскен қазақ ұлт қуатын кемiтпей, Азиядағы алдыңғы ел екенiн танытып бақты. Әлдебiр алып мемлекеттiң қатардағы қаласындағы тұрғындарының санындай ғана халқы бар Қазақстан жоғын бардай, көбiн көлдей ғып көрсетпесе болмайтын күрделi кезең туғанда, шекара сыртындағы қиыр жайлап, шет қонған қандастарына алғашқылардың бiрi болып есiгiн ашты.
Содан берi уақыт жиырма жылға жуықтаса да көшi-қон мәселесi Үкiмет назарындағы өзектi мәселе болып, бiр сәтке кейiн ысырылған емес. Елдiң елдiгiн шеттегi отандастарымыздың есебiнен түгендеудi де естен шығармау керектiгiн Елбасы да қажет жерде қадап тұрып айтып жатады. Тастүйiн тұтастықтың тiрегi ең алдымен көп болып бой көрсете бiлуде. Сонау 1991-2001 жылдың өзiнде-ақ, бас-аяғы он жылда елiмiзден 2,5 миллион адам көшiп кеткенде, оның орнын бiртiндеп көшiп келiп жатқан бiр миллионнан артық бауырымыз бүтiндеп жатыр.
Көшi-қон мәселесi аз да болса шешiмiн тауып келедi дегеннiң өзiнде түйiнiн таппаған түйткiлдi тұстары мен нәзiк иiрiмдерi көп-ақ. Әлi күнге оралмандардың азаматтық алу, олардың оралман ретiндегi мәртебесi, Үкiмет тарапынан тиесiлi жәрдемақыға қол жеткiзу, баспана алу мен жер телiмiне ие болу, тiл мәселесi, алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу жайы Үкiмет мүшелерiнiң түбегейлi жұмыс iстеуiн қажет етедi. Осыншама қат-қабат шаруамен айналысуы тиiс Көшi-қон комитетiнiң қоғамдағы рөлiнiң төмендiгi де ойландырмай қоймайды. Бұл комитеттiң қызмет аясын кеңейте түсу керектiгi талай жылдан берi айтылып келе жатса да, белсендiлiгi төмен, бота тiрсектеу қалпынан айныған жоқ. Өйткенi, бұлқынып шығып, бұзып-жарып iс қылатындай бұл құзырлы мекеменiң қолында басы бүтiн билiк жоқ. Оның беделiн арттырып, мәртебе биiгiнiң белгiленуi Үкiмет құрылымының басқа тармақтарына да байланысты екенi белгiлi. Жат жұрттан келген адамның жасып, кiрiптар күй кешетiнi аян. Мүсәпiр болып тұрған жанның алдында шiренетiн шенеунiктер де жеткiлiктi. Олар Сыртқы iстер министрлiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, Байланыс және ақпарат, Бiлiм және ғылым министрлiктерi секiлдi бiрiне бiрi жалғанған бiрнеше ведомстволарға тәуелдi. "Осы сендер-ақ бәле болдыңдар ғой әбден" дейтiндер де табылады. Әрқайсысы өзiне қатысты мәселенi шешуi керек, бiрақ айналып келгенде, батасы да, қатесi де Көшi-қон комитетiне тиесiлi болып жататыны шындық. Бұл мемлекеттiк органның оралмандарға арналған Президент квотасын бөлiп, қаржысын берумен ғана айналысып отырғаны ешкiмге жасырын емес. Әу баста басқаларға қарағанда қолы қысқалау екенiн көрсетiп алып едi, содан берi жылдар өтсе де алдына күнi түсiп келген "жарлы-жақыбайды" жарылқап тастағаны шамалы. Ал бұл салада атқарылуға тиiс шаруа шаш етектен.
Қазақстан — қандастарын тарихи отанына қабылдаумен жүйелi айналысып, мемлекет қазынасынан қомақты қаржы жұмсап отырған әлемдегi үш елдiң бiрi. Тiптi сонау жылдары соғыс болып жатқан Ауғанстан мен Тәжiкстаннан қазақтарды ұшақпен алып шығу да ұйымдастырылған болатын. Мұндай жағдай тек Қазақстан тәжiрибесiнде ғана болған шығар-ау. Көшi-қон мәселесiнде елiмiздiң Израиль мен Германия сияқты өз бауырларын тарихи отандарына қабылдап жатқан мемлекеттердiң тәжiрибесiнен үлгi алудың қажеттiлiгi жиi ауызға алынады. Саясат салқынына ұрынып, бұралаң жолды бастан кешуге мәжбүр болған ағайындарының аяғын жерге тигiзбей қарсы алып, бауырына басып, тiршiлiк ағымына iлестiрiп әкеткендерiне мұндағы қағазбастылықтан қажыған оралман бауырларымыз қызығып, әлде кiжiнiп мысалға алады. Мұндағы заңдардың кей шақта аяқасты бұрмалана салуы, тiл кедергiсi, бiр есiкке кiру үшiн бiр құшақ құжат жинау дағдысы оларды әлi күнге шаршатып келе жатқаны рас.
Көшi-қонға байланысты мәселенiң екiншi қыры бары да белгiлi. Олардың кейбiрi монтиып момын болып келгенiмен, жалпы жұрт жолығып отырған қиындық бiр басына түскендей, Қазақстанға келгенiн қамқорлық деп сезiнбей, керiсiнше, мiндет қып, еншiсiне бұйырған елдiң ықыласы мен пейiлiн мiсе тұтпастың кейпiн көрсетедi. Түгiн тартса майы шыққан қазақ жерiнiң қай-қай қонысын да жайлы демей, арамызға келген ағайынның көпшiлiгi тiршiлiкке қолайлы, шаруаға ыңғайлы оңтүстiк өңiрлерге барып тұрақтап, түтiн түтетудi мақсат етедi. Алда-жалда бұл тiлектерi табан астында орындала қалмаса оралманның азаматтық құқықтары тапталып, аяқасты болды деп бұртаңдап шығатындары да өтiрiк емес. Отандастарының қатарынан сап түзеген оралман қазақтардың көпшiлiгi мұнда ұсынылған қызметке, берiлген жұмыс орнына көңiл толмастық бiлдiрiп жататынын да жасырудың қажетi жоқ. Өздерiнiң бiлiм-бiлiгiне, қабiлет-қарымына өз елiнде кемшiн көрiп, төмен көзқараспен қарайды деген ұғым қалыптасқан. Анығында олай емес. Табиғи сұрыпталу процесiнде бұл көзқарас өзiнiң бұрыс жағын бәрiбiр көрсетiп алады. Себебi "шын талант болсаң, жарып шықпай қоймайсың" деген қисын уақыт өте келе өзiнiң дұрыстығын дәлелдемей қоймайды. Елбасы оралман мәселесi сөз болғанда-ақ " Елге келген соң көпшiлiкке iлесiп, өз күндерiңiздi өздерiңiз көрiп кетiңiздер. Келемiн деген отандастарға есiк ашық. Барлығын бiрдей қаражаттандырып, жаппай, мысалы, 1 миллион халыққа қаражат беремiз деп бiз айта алмаймыз. Ондай жағдай жоқ. Баяғыда 1961 жылы 200 мың қазақ Қытайдан көшкен кезде оларға да ешқандай жағдай жасалған жоқ едi ғой. Бәрi елiм деп келдi де, сiңiсiп кеттi. Сондықтан сырттан келген қандастарымыз мемлекетке қол жая бермей, өздерi де ширақтық танытуы керек. Мемлекеттiң мiндетi – адамдардың еңбек етiп, өмiр сүруiнiң тиiстi заңдық тетiктерiн жасау, конституциялық құқықтарына кепiлдiк беру" деп қайрап, қайраттандырып тұрып айтып жатады.
Оралмандар тағдыры сөз болғанда, олардың жұмыс пен баспанамен қамтылу жайын айналып өте алмайсың. Халқымыздың қатарын қалыңдату үшiн шеттегi ағайынды арамызға шақыру аз, қарыштап өсiп келе жатқан инфрақұрылымдарды игеру үшiн де сырттан қол күшiн тарту қажеттiлiгi туындап отыр. Соңғы жылдардың өзiнде алып құрылыс нысандары салынды, көптеген темiр және автокөлiк жолдары салынды, жаңа магистральды құбырлар тартылып жатыр, осының бәрiн атқаруға елiмiзде тұратын 15 миллион халықтың қуаты жетпейдi. Өткен жылы ғана Қазақстанға 20 мыңға жуық шетел мамандары келiп жұмыс iстеген. Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан секiлдi жақын елдердiң азаматтары жүздеп, мыңдап келiп, Қазақстанда жұмыс iстеуге әзiр және мәжбүр екенiн бiлдiрiп отыр. Осы олқылықтың орнын толтыруға шеттегi бауырларымыздың құлықтылығының өзi-ақ сұранып тұр. Олардың бiразы бүгiн болмаса ертең атажұртқа қоныс аударсақ немесе балаларын елге жiберсек деп армандайды. Қазақстанда бiлiм алғысы келетiн шетелдiк қазақ жастарына барынша қолдау танытылып, шетелде бизнеспен айналысқысы келетiн iскер қазақтарға техникалық-инвестициялық демеушiлiк жасалса, шекараның арғы-бергi екi бетiндегi бауырлардың ешқайсысы ұтылмасы анық.
Оның сыртында жаңа технологияларды игеруге, шетелде сiңiрген тәжiрибесiн елiмiзге әкеп ендiруге бейiм тұрған бiлiмi мен бiлiгi мол ғалымдар, iскер азаматтар жаңа бiр iстiң саңылауы көрiнсе, бiр шетiнен ұстауға дайын екендiктерiн аңғартқан-ды. Ал әзiрге олардың жылы орнын тастап келетiндей оңтайлы мүмкiндiктердiң жоғы рас. Шетелдегi зиялы қауым өкiлдерiн "арнап шақыру" деген мәселеге терiс қарамаған жөн. Өйткенi сыртта да қазақтың интеллектуалдық мол қоры бар. Олар өнер-бiлiмi биiк, өркениеттi елдерде тұрып жатыр. Сол өркениеттi елде бiлiм алу үшiн бiз қыруар қаржы шығарып, жыл сайын жүздеген жастарымызды оқуға жiберемiз. Алайда шетелдегi бауырлар сол жақтың бiлiмiмен сусындап, Еуропа мен АҚШ, Жапония мен Кореяның ғылымы мен техникасын, iс жүргiзу тәсiлдерiн меңгерiп, елiмiзге оралып жатса, "Болашақ" бағдарламасына осыны да балама жол ретiнде қарастырсақ, мәселенiң шешiмiн табуға болар ма едi. Қазақ елiнiң мүддесi мен келешегi үшiн талмай жұмыс жасауға бейiм зерделi қаракөз жастарды қызықтырып, елге алып келудiң амалын жасау да көшi-қон саясатында қарастырылатын негiзгi мәселелердiң бiрi болу керек деп бiлемiз. Мысалы, өз күшiмен көшiп келiп жағдайын жасап жатқандардың арасынан Мұхаметжан Тынышпаевтың баласы мен немересi Асқарды атауға болады. Екеуi де келе салып Қазақ-Британ университетiне орналасты, екеуi де ғылым докторлары, екеуi де профессор. Әкесi Уфада, баласы Америкада өмiр сүрген, соған қарамастан "ата-бабамның кiндiк қаны тамған жер" деп Қазақстанға ат басын тiредi. Азаматтығын алды. Бұдан өзге де Еуропа қазақтарының Сарбона, Стокгольм, Лондон университеттерiнде оқып жүрген балалары бар, олар ертең түрлi салада маман болып шығады. Егер осы жастардың алған мамандығы Қазақстан үшiн қажеттi болып жатса, мұнда келтiрудiң жолдарын, сөйтiп қазақ халқын сапалық жағынан өсiрудi де ойластырған абзал. Әзiрге елiмiзде ғылым, бiлiм, бизнес өкiлдерiнен гөрi, өнер, шығармашылық адамдарының әжептәуiр шоғыры пайда болды деуге болады. Елде қалыптасқан халықтың әлеуметтiк-психологиялық ахуалын зерделесек, жанталасқан, жағаласқан бүгiнгiдей заманда тұрғылықты жұртпен салыстырғанда алыстан келген ағайынның базар тiршiлiгiне бейiмдiлiгi бiрден байқалады. Бiр ғасырға жуық арада олардың санасына да, тiршiлiгiне де сiңiстi болғаны өздерi үшiн олжа да, қоғам үшiн қуанарлық жағдай болды. Ең бастысы, олардың осындағы бауырларының үлгi алып, өнеге тұтар қасиетi осы қырлары болмақ.
1990 жылдардың басында сыртта жүрген отандастарымыздың саны 5 миллионға жуық болса, он тоғыз жылдың iшiнде солардың 1 миллионы елге қоныс аударды. 660 мың адам ресми түрде мелекет қолдауымен келсе, қалғандары өз күшiмен көшiп келгендер. Көш жалғасып жатыр. Бүгiнде әлемдегi әрбiр үшiншi қазақ шетелдерде тұрады. Бұл орайда қанша жерден "қазақтардың үлес салмағын көбейтуiмiз керек" деп шабылғанымызбен, олардың бәрiн бiр мезгiлде отанына оралтудың еш мүмкiн еместiгi белгiлi. Ең басты мәселе баспана екенiн ескерсек, елiмiзде бастау алған жаңа тұрғын үй саясатына сәйкес, келген отандастарға ипотекалық несие беру, баспана салуға жер телiмдерiн бөлу және оны кепiлдiкке қою арқылы ұзақ мерзiмдi несие беру сияқты игiлiктi iстер толықтай шешiмiн тапты деу тым ерте. Елiмiздегi жұмыссыздардың көбi осы шоғыр екенiн еске алсақ, "несие", "үй" деген игiлiктерге олар иек қақпайды да. Ал 2015 жылға дейiн қазақ халқының санын 20 миллионға жеткiзу мәселесiнiң бiр ұшы, шынтуайтына келгенде, шеттен келген қандастарымызға тiкелей қатысты жайт. Елбасының аузымен айтылған игi мақсаттың орындалуына оң ықпал етушi күш – ата жұртқа қоныс аударып келгендер. Мемлекет есебiнен бөлiнетiн квотаға қараса, "атақоныс" деп аңқасы кепкен ағайынның әлi талай жыл сол сағынышын iшке жұтып отыра беруiне тура келедi. Сондықтан әсiресе өз бетiмен қоныс аударушыларды қолдау бағдарламасы жасалса, көштiң бытыраңқы-шашыраңқы емес, жүйелi тәртiппен жүруiне әсер етер едi. Қазақстанға өз күшiмен қоныс аударатындардың қатарын көбейту керек деймiз. Ал оның ең негiзгi түйiнi – азаматтық алу мәселесi жеңiлдедi ме? Өз күшiмен, өз қаржысымен келген азаматтарға заңдық-құқықтық жағынан қажеттi жеңiлдiктер жасау, қолдау мәселелерi әлi де ақсап келедi. Бұған мысал жетерлiк. Сонау 1991 жылы ұлы көшке iлесiп, Монғолиядан 60 мың қазақ атамекенiне аттанған болса, бүгiнде олар өсiп-өнiп 100 мыңға жетiптi. "Тар жол, тайғақ кешу" жылдарында тағдыр теперiшiн тартқан қандастардың жалпақ бөлiгi дәл осы елге табан тiредi. Онда тұратын ағайынның көпшiлiгi квотадан тыс өз бетiнше көшiп келуге бейiмделiп алды. Алайда екi аралықта Ресей атты алып ел тұр. Шекара бекетiнде Ресей кеденшiлерiнiң көшiп келе жатқан қазақтарға жасайтын қытымырлығы мен қысастығы, олардың дүние-мүлiктерiн саудагерлердiң тауарына балап, баж салығын салып немесе өткiзбей алып қалатындары, сөйтiп олардың көрiнеу көзге ақ-адал малдарынан айрылып қалатыны көңiлге кiрбiң салады. Осы орайда бiраз жылдан берi әңгiме арқауына айналып келе жатқан Шығыс Қазақстан аумағы арқылы өтетiн Баян Өлгийден төте жол салу ұсынысы әлi күнге кейiн шегерiлiп келедi. Бұл ұсыныс тiптi сонау 1991 жылы Алматыда өткен Дүниежүзi қазақтарының тұңғыш Құрылтайында айтылып едi. Ал бұл шаруаның түйiнi тарқатылса, кедергi мен бейнетке толы 2000 шақырым жол жүретiн ағайындар сапар сергелдеңiн 180 шақырымға бiр-ақ қысқартар едi.
Көшi-қон саясатын ауызға алғанда алдымен айтылатын тағы бiр жайт, квота үлестiрудегi кiлтипан дұрыс жолға түспей келедi. Тiлшiлер қауымы да, қолы жетпей келе жатқан оралмандар да құқықтық тегершiгi мықты осы құжат әдiл бөлiнбейдi деп байбалам салып жатады. Квотаның негiзгi бөлiгiн Өзбекстандағы, Ресейдегi қазақтар иеленедi де, Қытайдағы қазақтарды қолмен бөгеп отырған сияқты қалып аңғарылады. Әрине, бұл арадағы мәселе көшi-қон туралы келiсiмшартқа да байланысты. Қытай мен Қазақстан арасында көшi-қон туралы келiсiмшарт жоқ. Ол болмағаннан кейiн кезегiн тағатсыздана тосқанмен мыңдап көшiрiп алудың мүмкiндiгi де жоқ. Өзбекстаннан да қоныс аудару оңай емес, олардың азаматтығынан шығу да қиямет-қайым. Жұмысы жоқ, ақшасы жоқ адам толып жатқан есiкке төлейтiн қаржыны қайдан тапсын? Экология зардаптарынан жапа шеккен Қарақалпақстан қазақтары мен берекесi кетiп, бүлiнген елде бiр күн тұрудан үрейленiп, мұндағы мамыражай тiрлiкке телмiрген қырғыз жерiндегi қандастар да "қашан мүмкiндiк туады?" деп мойнын созып қарап отыр. Әрине, олардың қауiпсiздiгi үшiн тиiстi орындар қам жесе де, қорқып қалған көңiл бәрiбiр алаң. Керiсiнше, көшi-қонға қатысты қайшылық та жоқ емес. Мысалы, мынау тұрған Ресей қазақтары үшiн жылына 1,5 мыңдай квота бөлiнедi, бiрақ көшiп келетiн адамның саны 200-300-ден аспайды. "Дағдарыс" деген сөзге аузымыз дағдыланып алғанмен, экономика бiр орында тұрмайды. Елге оралуға тiлек бiлдiргендер экономиканың өрлеуiне, елдегi күнкөрiс мөлшерiне қарай квота өлшемiнiң де жаңаша қарастырылып отырғанын қалайды.
Президент Н.Назарбаевтың Астанада өткен қазақтардың III Дүниежүзiлiк құрылтайында: "Үкiмет Көшi-қон комитетiнiң мәртебесiне қатысты да мәселелердi ойластырғаны жөн. Бұл комитеттiң қызмет аясын жетiлдiру керек. Қазiр бiзде аяғынан тiк тұрған үлкен iс адамдары, банктер, өндiрiс орындары баршылық. Солардың басын қосып Қауымдастық жанынан жақсы бiр Қор құрылуы қажет. Ол Қор барлық жермен қарым-қатынас орнатып, тиiстi көмек жасап тұратындай дәрежеге жету керек" деген сөзi есiмiзде. Шынында да мұндай Қорлар шаруасы бүтiнделмей, үнемi шырылдап жүретiн оралман қауымның бiр мұқтажын өтеп беруге жарайтын едi.
Өмiрге келген әрбiр адам баласының атамекенi болады. Мейлi ол жат жерде туылып, сырт жерде суықтау болып өссiн, бiрақ ата-бабасының еншiлеп кеткен анық Отаны бар. "Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қазақтардың да жалғыз-ақ Отаны бар, ол – Қазақстан". Бұл да ел басшысының жiгер жанитын сөзi. Қазақстан жерiмен, рухымен ғана бай емес, қауымымен де қазыналы. Отанына оралғанда олар ең бақытты минуттарды бастан кештi, ол тебiренген сезiмнiң бағасын былайғы жұрт бiлмес те. Көшiп келгендерге "көш жүре түзеледi" деймiз көңiлдерiн жұбатып. "Оралман" деген атпен оралса да, олар қандастарымен бiрiгiп, тiрлiк кешуге, тағдырын ортақтастыруға келдi. Қатал уақыттың тезiнде өздерi де бұл жолда ұмтылса ғана ұтатынын бiледi…
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ