ТЕРБЕТКЕН БАЛА КҮННЕН ЖЫР БЕСIГIН

ТЕРБЕТКЕН БАЛА КҮННЕН ЖЫР БЕСIГIН

ТЕРБЕТКЕН БАЛА КҮННЕН ЖЫР БЕСIГIН
ашық дереккөзі
1223
Нартай ақынның айтыстары туралы
 

Нартай анасы Бақтыгүл мен ағасы Мансұрдың ықпалымен және өзiнiң табиғи дарынымен суырып салма, төкпе ақындыққа бала кезiнен-ақ бейiм болады. Бiз жазып алған материалдардың iшiнде бала Нартайдың ауылындағы Жаппас молданың мақтаншақ, ерке қызымен сөз қағысқаны туралы дерек бар. …Қой бағып жүрген Нартайға қыз:

Ендеше айда-сайда, айда-сайда, Мал жатар айдап салсаң терең сайда. Талтиған қой шетiнде жаман қойшы, Қойларың атты үркiтер арман айда, — дейдi. Нартай: Дәйiм менiң мiнгенiм қара ала ма? Қыз бойжетпей толысып тарала ма? Бетi-жүзiн жумаған жүзiқара, Қойымды Қыдыр көрген аралама! — дейдi. Қыз: Нарымды ертең-ерте идiрейiн, Жымың қағып iшiңдi күйдiрейiн. Бұл қылықты қоймасаң жаман қойшы, Жеңгеме айтып зәр суын идiрейiн! Нартай: Жеңешең шебер болса шекпен тiксiн, Зәр суы дәрi болса әкең iшсiн. Өткен менен кеткенге шашқыш болса, Шешеңе айт, май шығады күбi пiссiн. Айтысудың қуаты — ұтымды айтылған өткiр сөздермен қарсыласын тоқтату. Өткiр сөз — айтыс өлеңiнiң ұйқасы, бейнелiлiгi шебер қиюласқанда ғана әсер ететiн күш. Нартай алғашқы айтыстарынан-ақ осындай шеберлiктi үйренедi. Нартайдың бiр-бiр ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауаптасуға құрылған шағын көлемдi түре айтыстарының денi ауыл арасындағы ойын-сауықтар кезiнде шығарылған. Қыз-бозбаланың алтыбақан, шiлдехана секiлдi ойын-сауықтарының үстiндегi өзара қағысу, әзiл-қалжыңмен сөз жарыстыру кезiнде туған бұл айтыстардың мазмұны, әрине, жастық шақ пен жалпы адам өмiрiне тән шуақты күлкi, ажарлы әзiл боп келедi. Шiлдехана үстiндегi "Орамал тастау" ойынының кезiнде ақын әйел Апузамен (Апуза — Қызылорда өңiрiне белгiлi ақын әйелдердiң бiрi болыпты), жеңгесi Жiбекпен, ақын әйел Зөремен болған айтыстары — ақындық өнердiң ойын-сауық үстiнде ащы әзiл, уытты қалжың отымен көрiктенiп туатын болмысын бейнелейдi. Аталған түре айтыстары құрбы-замандас қыз бен жiгiт араларындағы жастық шаққа тән жеңiл қалжыңға құрылғанмен бұларда да ақындық шеберлiктiң айтыстың үстiнде сыналар көркемдiк сипаттары танылады. Ең бастысы — айтыс шумақтарындағы композициялық мазмұнды тұтастық. Яғни, Нартаймен қарсылас ақындардың шумақтары ежелгi қайым айтысындай әуелгi тармақтары негiзгi мазмұнға қатыссыз айтылса да, Нартайдың шумақтары төрт тармағы да бiр ойға түйiнделе құрылған жинақы, шымыр болып келедi. Бұл — әрине, Нартай ақындығының түре айтыстағы шеберлiгi. Қара өлең формасындағы бұл шумақтарында, бейнелi тiркестер қарсылас ақындарын да бейнелi, сұлу сөздермен жырлауға шақыратын болған. Мысалы, Апузамен айтысында: Көзi алтын, бауы гауһар iлгегiңнiң, Мың теңгелiк парқы бар күлгенiңнiң. Теңгеңдi қолыңдағы аузыңмен бер. Iстерi түспес дейсiң кiмге кiмнiң — десе, Жiбекпен айтысында: Жеңеше, бұрын менi көргенбiсiң, Айтысқа айтар сөзге мергенбiсiң? Сен бе едiң зергер ұста балғасы бар, Күмiстiң айыратын алтын, мысын? — дейдi. Айтыс — сатиралық сөз бояуының туын тiккен өнер. Әсiресе, ойын-сауық үстiндегi қыз-келiншек пен жiгiттiң, жезде мен балдыздың араларында болатын өткiр, шымшыма эпиграммалық сипатты тiркестерiмен өрнектелетiн сатиралық жырлар — осы түре айтыстар кезiнде туады. Нартайдың жылдам қайырылатын ықшам, оралымды түре айтыс тiлiмен шымшып шағып сөйлеу стилiнен кейбiр әлеуметтiк мәселелердiң де айтылатынын байқаймыз. Мысалы, "Нартай мен Зөре айтысы" — ақынның түре айтыстарының iшiндегi өте өткiр жырланғаны. Бұнда Зөренiң сөзiнен еркектi тек отбасы, ошақ қасынан шығармай, отбасы тiрлiгiнiң маңына матауды ғана ойлайтын әйелдiң пiкiрi танылады. Ел, халық қызметшiсi боп жүрген ақын Нартайдың және өнер сапарындағы серiгi сүйген жарының тұлғасы қандай болуы керектiгi — осы айтыста айқындалады. "Отбасы — тек еркек пен әйелдiң тән ләззаты" деген ескi көзқарастағы Зөренiң: Сен Нартай, табысыңмен мақтанасың, Келтiрiп сөйлер сөздi таппағасын. Байымыз дүние көсеп жүрмесе де, Ризамын жан ләззатын ақтағасын — деген тар ойлы сөзiне Нартай: Жасыңда тәуiр ме деп ойлаушы едiм, Мiнезiң шәлкес екен, тiлiң қотыр. Уыздай ұйып отырған отауымды, Бұзарсың, тарт тiлiңдi салмай топыр, деп тойтарыс бередi. Нартайдың түре айтыстарындағы шумақтық мазмұн тұтастықтарымен осылайша әрi отбасына, әрi халқына қызмет еткен ақынның салдық, серiлiк өмiрi дәрiптеледi. Нартайдың түре айтыстарының тағы бiр ерекшелiгi — кейде шешендiк сөз оралымдарына сәйкес афоризмдiк, нақылды, термелi сөз тiркестерiнiң ақ өлең формасындағы қысқа жауаптасуға құрылатындығы. Әрине, бұлайша тек қана бейнелi тiркестермен сөйлеу үшiн қарсылас екi ақын да төкпе ақындықтың шеберлiгiне шыныққандар болуға тиiс. Нартайдың осындай бiр сөз қағысы ақын Айманкүлмен өткенiн ақын-ғалым Ә. Тәжiбаев былайша еске алады: Нартай: Соқтықпа маған. Мен қаршыға болғанда сен кептерсiң. Ашулансам тырнағыммен iлiп кетермiн. Апам: Сен қаршыға болсаң, мен жолыңдағы жаюлы тормын. Торға түссең, жарық дүниеге зар боларсың. Нартай: Сен бiр әлсiз шешексiң, жұлып әкетсем мезгiлсiз соларсың. Апам: Мен шешек арасындағы бал арасымын, шағып алсам жұртқа күлкi етермiн. Нартай: Сен әлсiз әйел, мен түзде жортқан жолбарыспын, ашуыма тисең, шайнап кетермiн. Апам: Сен жолбарыс болсаң, мен мергеннiң оғымын, жүрегiңе қадалсам қыршын кетерсiң. Нартай: Сен — қамыс, мен — өртпiн, жалыным тисе күлге айналарсың. Апам: Сен өрт болсаң, мен нөсерлi қара бұлтпын, жаңбыр боп құйып берсем, ұшқының да қалмас". Түре айтыстағы "сөз қағысы" деп аталатын бұндай үлгi — қысқа, шапшаң жауаптасуға құрылғандықтан, мұнда ақындар қалайда аз сөзге көп мағына сыйғызуға күш салатын болған. Нартайдың жоғарыда айтылған түре айтыстарына ұқсастық — өзге халық ақындарында да кездеседi. Мысалы, "Кенен менен Шәлипаның айтысы", "Кененнiң Бөдене және Шәйнек деген жеңгелерiмен әзiл қағысы", "Қыздар мен Шашубайдың қағысқаны", т.б. Нартай айтыстарының қоғамдық-әлеуметтiк ортада, бүкiл Қазақстанға, Кеңес Одағына мәлiм боп жарқырап көрiну кезеңi — 40-жылдар. Бұл кезеңдегi ақындар айтыстарының тарихи дамуы хронологиялық жағынан қазақ кеңес әдебиетiнiң даму кезеңдерiмен сәйкес қарастырылады. Демек, Нартайдың кеңестiк дәуiрдегi айтыстары — Қазақстандағы әдебиеттiң идеологиялық мақсатқа бағытталған дамуымен бiрге аталады. Қазақтың кеңестiк дәуiрдегi халық поэзиясында ең алдыңғы сапта болған Нартай республикалық дәрежедегi айтыстарға үнемi қатысып отырады. 1939 жылы Алматыда өткен халық ақындарының тұңғыш республикалық слетiнде Нартай ақын мен семейлiк Нұрлыбек ақын айтысады. Нұрлыбек Баймұратов (1887-1969) — қазақтың халық поэзиясының тарихында Иса, Маясар, Төлеу, т.б. ақындармен айтысқан, "Ер Төлеген", "Қанды жорық" деген дастандар, өлең-толғаулар жазған көрнектi халық ақыны. Нартай мен Нұрлыбектiң бұл айтысы — халық поэзиясының уақытқа сай тақырыпты игергенiн тұңғыш рет танытқан жыр сайысы болды. Академик М. Әуезов: "… ең алғашқы күрделi, көркем, терең мазмұнды айтыс 1939 жылы Алматы қаласында Нартай, Нұрлыбек сияқты екi атақты ақынның айтысы түрiнде өттi. Бұл екеуiнiң өнер жарысына жырмен басшылық етушi, төрелiк айтушы қарт ақын Нұрпейiс болды. Айтысушы екi ақын жалынды, көркем жырларды суырып салма өлеңмен қалың жұртшылық алдында тудырып жарысты. Еңбек жемiсiн айту ретiнде Нартай мен Нұрлыбек өздерiнiң … Семей мен Қызылорда облыстарын салыстырып та сөйлейдi. Бiрi – шалқар өзен Ертiстен, екiншiсi – Сырдан шыққан ақындар, … жаңғырып көркейген табиғат көрiнiстерiн де, ел тiрлiгiн де айтыстың кең жарқын тақырыбы етiп алды". Бiр өкiнiштiсi — осы айтыстың қазақша мәтiнi сақталмағандығы. Айтыстағы алғашқы нұсқа негiзiнде сол айтыстың саяси-идеялық, тақырыптық мазмұнын сақтаған орысша аударылған үлгiсi бар. Орысша нұсқасындағы мәтiнi (аударғандар Д. Снегин, В. Чугунов) 84 жолдан тұратын бұл айтыстың негiзгi өзгешiлiгi — сүре айтыстың жаңа өмiрге арналған эпикалық поэма-толғау сипатын танытуы. Екi ақын да әуелi дәстүрлi жолмен өздерiнiң ақындық қуаттарын айтып алып, содан кейiн бүкiл қазақ поэзиясының рухани ұстазы Абайдың ақындық тұлғасын дәрiптейдi. Нартай Нұрлыбектен Абайдың ақындық ұлылығын жырлап берудi сұрап: Если ты дальнозоркий и ясный певец, Если мыслью ты быстр, как степной бегунец, Если можешь орлом быстро крылом парить, Над вершиной Чингиса, мечтой, наконец, — Спой о славе Абая, о силе певца, Чье величие и нам вдохновляет сердца, — десе, Нұрлыбек ұлы Абайдың жырлары бүкiл қазақ өнерiнiң асқар биiк Гималайы, гүл жайнаған Гүлстаны, буырқанған Каспийдей теңiзi деп жырлап: Как звездами небо, был полон он дум, И как океан — велик его ум. Во тьме для народа он солнце искал, Рекой для народа он песни слагал, — деп, жаңа ойларға жетелейдi. Бұл айтыстың кеңестiк дәуiрде кең өрiстеген кейiнгi айтыстарға үлгi мектебi болатын мынадай ең маңызды жақтары болды: бiрiншiден, екi ақын да өз облыстарындағы шаруашылық табыстарын салыстыра жырлап, айтыс өнерiнде жолдастық өзара сын жолын салды; екiншiден, екi ақын да айтыста халықтың бақытты болашақ жолындағы еңбек табыстарын жырлады; үшiншiден, айтыс өнерiнiң заман рухымен үндесетiн қасиеттi — халық тұрмысы тақырыбындағы айтысу үстiндегi сөз қолданыс мәдениетiнiң үлгiлi жолы салынды. Яғни, жастары құрдас екi ақын ұлы Жамбылдың алдында бiр-бiрiне қарсы сөз дауылын соқтыра отырып, сыпайы мәнерiнен, бiр-бiрiнiң ақындық дарынын, талантын қадiрлейтiн ақындық мәдениеттен айнымайды. Осы айтысты көзiмен көрген Ә. Тәжiбаев екi ақынның айтысу мәнерiн, мәдениетi туралы былай дейдi: "Қара мұрты қарлығаштың қанатындай, гармонымен қосыла шырқағанда екi көзi күлiмдеп, iрi ақ тiстерi жарқылдап отыратын Нартайдың әрi биiк, әрi жұмсақ даусы Жамбылдың көңiлiн еркiсiз бұрып әкеттi. "Тағы, тағылып" көбiрек айтуын тiлеп отырды. … Құрдастар көп сiлкiлестi. Бiрақ бiрiн-бiрi сыйлайтын, аяйтын адамдардың ұшқыр сөздерiнде жан ауыртарлықтай, жара саларлықтай жағымсыз сөздер кездескен жоқ. Әрi кеткенде, "Ой, антұрған", "жынданбай сөйле", "бурадай көктемдегi күркiлдейсiң", "борандай күздi күнгi азынайсың" деген сияқты бiрiн-бiрi әр көтеретiн, әрi тыңдаушыларды күлдiретiн сөздердi ғана айтты". Қазақ әдеби сынының тарихында ақындар айтысының да әлеуметтiк ой, эстетикалық таным мәселелерiн бiлдiруде елеулi орны бар. Қазақ әдеби сынының даму, қалыптасу тарихын зерттеушi ғалым Т. Кәкiшев: "Қызу айтыс үстiнде ағыл-тегiл келген өлең шумақтары ақындық қиял-шабыттың ғана жемiсi емес, әлеуметтiк шындықтың сыртқа шыққан көрiнiсi. Сөйтiп, творчестволық саралау принципi бой көрсетiп, көркемдiк ажар табады", — дейдi. Демек, Нартайдың айтыстарындағы төкпе жырдың қуатымен табан астында шыққан образды бейнелi тiркестер — әрi әлеуметтiк ойды, әрi ақындық тiл көркемдiгiн танытатын шеберлiк үлгiсi. Нартайдың тағы бiр үлкен айтысы — 1943 жылы Алматыда өткең республикалық бiрiншi ресми айтыс жарысында шымкенттiк ақын Қазанқап Байболовпен болды. Бұл айтыстың тақырыптық, идеялық мазмұны — екi ақынның көршiлес Шымкент, Қызылорда облыстарының экономикалық табыстарын, кемшiлiктерiн сарапқа салған нағыз өзара сын жағдайында өтедi. 224 жолдан тұратын бұл айтыстың сүре айтыстарға тән мынадай ерекшелiктерi бар: бiрiншiден, екi ақынның екеуi де айтыс үстiнде ежелгi айтыстардағыдай әуелгi өздерiн мадақтап алады. Сонымен қатар дәстүрлi ақындар айтысына қосылған жаңашылдығы — қарсылас ақынның да атақ-даңқын, өлең өлкесiндегi құдiретiн дәрiптеудi жүзеге асырды. Мысалы, Қазанқап: 1. Тасқынын өлең-жырдың ағытайын, Суындай Сырдарияның аунап аққан. 2. Атақты Сыр саңлағы Нартай қайда? Неғып тұр, топты жармай айқай салып. 3. Соқтырдың, Нартай, сөздiң дауылын да, — дейдi. Нартай: 1. Алайын тозаңыңды қағып-қағып, Шыға ғой мықты болсаң жекпе-жекке. 2. Бұрқырап зығырданым қайнайды кеп, Төбеңе жай тасындай төнген сайын. 3. Қуанып мен де саған үн қосамын, Әндетiп жырмен жұртты тербетуге. 4. Бұл өлең екеуiмiзге бiрдей кесiп, Тербеткен жасымыздан жырдан бесiк — деп ортақ өнер мұратын бiлдiредi. Бұл айтыстағы екiншi ерекшелiк — екi ақынның да өз кезектерiндегi өздерiнiң облыстары туралы айтқан жырларын бiртұтас композициялық желiмен жырлауды, яғни эпикалық толғау-дастан жанрына тән мазмұнды сипатты танытады. Себебi, туған ел, жер, халық тұрмысының оңды нәтижелерiне сүйене отырып, шабытты жырмен суреттеледi. Екi ақынның тiлi — халық тұрмысын толық түсiне азаматтықпен жырлаудың көрiнiсi. Екi ақын да халықтың көркемдiк ойлау дiлiне тән тiркестердi поэтикалық үйлесiммен қолданған. Мысалы: "Сайраған ақын елге ерке бұлбұл", "Ұқсамай ұйытқып соққан сары желге", "Оңтүстiк — мол дария қорғасынға", "Түйресiн олқылықты өткiр тiлiң", "Жұмыстың асыл жырмен жуып кiрiн", "Қызықпай қысыр сөзге қызыл-жасыл", т.б. (Қазанғап); "Ұқсайтын iс бiтiрмес салпы етекке", "Кем емес тасбақадан шабандығың", "Сойылым тигелi тұр саған мығым", "Бос сөздi боратқанда алқынбайсың, жүйрiк боп жалғыз шапсаң аңқылдайсың", "Қалбаңдап қарсы ұмтылып тыпырлайсың", "Жауырды жаба тоқып сыпылдайсың", "Бермейтiн бәрi балуан жауға белiн", "Қазанқап, буын жоқ қой қызыл тiлде, табады құрғақ ұйқас әркiмдер де", "Жел сөздi қутыңдатпай қарызыңды өте", т.б. (Нартай). Тап осындай сападағы қасиеттер — "Нартай пен Кенен ақынның айтысында" толық көрiнiс бередi. Бұнда да ақын Нартай Сыр өлкесiндегi Қызылорда облысының табыстарын, шөлдi игерген еңбек ерлерiн, мал шаруашылығының табыстарын эпикалық дастан стилiмен жырлайды. Бұл айтыста Нартай өткiр сынның найзасын қадай отырып жырласа да, өзi салған игi дәстүр, қарсылас ақынның өнерпаздық тұлғасын, халқының ұлылығын тебiрене, тамсана ақындық арнау түрiнде жырлауды ұмытпайды. Айтыстың негiзгi мазмұны өзара сынасу болса, ал Нартайдың сөз сайысында қарсылас ақынның да өнерпаздық тұлғасын, бейнесiн жасауы — ақындар айтысына салып берген бастама дәстүрi. Мысалы: О, Кенен, ән мен жырға неткен байсың, Аспандап айтқан сайын арындайсың. Өршисiң өлең десе өрге сермеп, Лаулаған бет қаратпас жалындайсың… Сол едi тiлегенi жұрттың сенен, Ақтара айттың бәрiн, ақын Кенен. Рахмет жұрт атынан тағы айтамын, Жүз жаса жырмен бiрге жүйрiк өрен. Бұл айтыста да екi ақынның көркем кестелi, бейнелi өрнектерi қазақтың халық тiлiнiң эстетикалық әсерлiгiн айқындай түседi. Айтыстағы Кенен ақынның өлең сөз мәтiнi сақталмаған, сондықтан Нартайдың тiл өрнектерiн назарға ұсынамыз: Шалқыған Жетiсудың майсасында, Шаң шалмай шашаңды ешбiр өскен серi ең. Алдыңда ақын Жамбыл ұстазың ед, Сөзге шебер тұңғыйық туған терең. Қайырлы қара жердiң кемесiнде, Айбатты Алатаудай биiк бел ең. Жеке тармақтардағы бейнелiлiк өрiлiмдерi — ақындық өнердiң көркемдiк-эстетикалық ойлау көрсеткiштерi: "Жүйрiк ең алқа топта сүрiнбеген", "Даңқың шықты бұлбұлдай үнiңменен", "Бал құйдың таңдайына тiлiңменен", "Жалындай лаулап жанып тiлiңменен", "Тарланым басып өткен талай жолды", "Сырымның суы шекер, қойны құтты", "Көлi көп, мөлдiр суы, алтын сазан", "Жеп көрдiң бе алтындай қауыншектi", "Жерiмнiң шөбi шүйгiн алтын қаймақ, төл өскен тұлпар боп тай, тiл боп тайлақ", т.б. Қазақтың ауызша және жазба айтыстарының тарихындағы "Құлтума, Ер Сейiл, Ырысбай", "Ақан Серi, Ысмағұл, Шаймардан", "Кете Жүсiп, Қаңлы Жүсiп, Нақып қожа", "Кете Жүсiп, Жүсiп, Тұрымбет жырау, Жиенбай жырау", "Алты ақынның өмiр туралы айтысы", т.б. осындай айтыстар — топтық өнер жарысының бiр түрi. Бiрнеше ақындардың ортақ бiр тақырыпқа өзiндiк сыншылдықпен үн қосатын осындай айтыс — "Нартай, Нұрлыбек, Үмбетәлi айтысы". (Бұл айтыс Ү. Кәрiбаевтың "Ардақты елiм" (1984) кiтабында берiлген. 226-228-бб.). 1945 жылы ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына арналған мерекеге Семейге барған сапарында дүниеге келген бұл айтыс — ақындардың ұлы да iзгi достық қарым-қатынасты, кiшiпейiлдiлiктi, қонақжайлылықты, меймандостықты дәрiптеу сөз жарысы. Нартайдың сөздерiнде Абай тойына келген Қажымұқан палуан, Орынбай, Үмбетәлi, т.б. ақындармен Семейге бiрге келген күндердiң сыйластыққа, қонақжайлылық-қа толы қызықтарымен үлгi болуы айтылады. Жеңiл юморлы, шуақты сөз ажары — халықтың iзгi әдет-дәстүрiн ардақ тұтқан азамат ақынның үнi. Нартай: Бөлiп жеп қолда барын, қомсынбай-ақ, Сыйласу қандай жақсы кәрi-жасқа, – деп, дастарқан мәзiрнен басталатын адамгершiлiк ұлағатына мегзейдi. Қазақтың халық поэзиясындағы айтыс жанрының бiр бұтағы — ақындардың өзара дидарласу кезiндегi сәлемдесу, қоштасу, көңiл айту мазмұнындағы сөз жарыстары. Мысалы: Жамбылдың "Майкөтпен дидарласу", Кененнiң "Үмбетәлi дүние салғанда", "Кенен мен Шашубайдың соңғы кездесуi", т.б. Бұнда ақындардың төкпе-суырып салма ақындықтағы жырлау шеберлiгi барынша ашылады. Осы жырлау шеберлiгiнiң аясында замандас ақынның шығармашылық келбетi, оған арналған жырлаушы ақынның сезiм пернелерi шертiледi. Нартайдың бұндай жыры Жамбыл қайтыс болғанда оның қазасына көңiл айтуға келген қырғыздың халық ақындары Оспанқұл мен Әлiмқұлдың әрi көңiл айту, әрi жоқтау түрiнде жырлағандарына жауап, ризалық айту түрiнде болады. Жамбыл қазасына көңiл айтып келген ақындардың көңiл айту жырларымен үндесе жауап-жыр айту — ақындық айтыстың тосын сынағы. Жамбылдың қазасына қайғырған, өксiген жүрек дiрiлiн жыр етiп төккен Оспанқұл мен Әлiмқұлдың, ұлы жазушы М. Әуезовтiң алдында Нартай ақын психологиялық сезiм иiрiмдерiне толы көңiл мұхитының қайғы тұманы бөккен айдынының қалпын елестете, тыңдаушыларын елжiрете, егiлдiре жырлап, импровизацияның ғаламат найзағайын жарқылдатады. Төкпе-суырып салма жырдың дауылын соқтыра бұрқыратқан Нартай Жамбылды жоқтап жырлаған қырғыз ағайындардың өлеңмен айтқан лебiздерiне, солардың сарындарының екпiнiмен үндесетiндей жүрек сырына, алғыс пен мөлдiр сезiмге толы жырмен жауап бередi: Оспанқұл мен Әлiмқұл, Алдымда пана ағасың, Алатаудан алады, Қазақ та жырдың сағасын. Қос бауыр елге келгенде, Ақ ордама енгенде, Көңiл айта бергенде, Жазылғандай-ақ болды ғой, Жанымның қанды жарасы, Көңiлiмнiң мұңды наласы. Нартайдың айтыстары музыкалық-лирикалық саздылығымен, әрi эпикалық мазмұн желiсi қосыла өрiлген сипатымен дараланады. Тыңдаушылық, көрермендiк, жанкүйерлiк сезiмдерi қозып, қаумалаған жұртшылықтың ортасына дүниеге келген Нартай айтыстарындағы әсерлi әуен, мың құбылған ән, әуен саздар — өлеңнiң поэтикалық қуатын өсiретiн психологиялық-поэтикалық негiз. Нартай айтыстарының тармақтары, ұйқастық жүйесi музыкалық ырғақтарға, әуендерге бейiмделе құрылған. Жастайынан өлең-жырды, әндi серiк еткен дарынды ақынның барлық өлеңдерiнде де өзiн бұлбұлға, ақиық қыранға, жүйрiк тұлпарға балап ән мен жырды егiз айтуы – Нартайдың өзiне ғана тән қасиеттi әйгiлесе керек: Сырнайын ақын Нартай қолына алсын, Жаңғыртып аспан астын әнге салсын. Құбылтып, құйқылжытып шырқағанда, Шарықтап түстiк жерге даусым барсын [2, 11-б.]. Нартайдың әншiлiк, композиторлық дарыны, қабiлеттi айтыс үстiндегi шабыт күшiнiң серпiндiлiгiн, қуаттылығын арттырған. Сазды әуендi, әрi кең диапазонды, тембрi ашық Нартайдың биiк айқайы, сұлу әуенi айтысушы қарсылас ақындарының да сезiм дүниесiне психологиялық күштi әсер еткенi сөзсiз. Демек, бұл арада ақындар айтысы процесiнiң ақындық өнер құдiретiне табындыратын эстетикалық ықпалды тәрбиелiк күшiн танимыз. Нартайдың айтыстарын тыңдаған көрермендер сөз бен ән қосындысымен орындалған импровизациялық өнер жарысынан эстетикалық ләззат алған. Академик Мұхтар Әуезов: "Айтыс — сөз барымтасы. Бұның бiр жағы — өнер жарысы. Екiншi жағы, ойын-жиында,айт пен тойда ұлы мейрам күндерiндей, халықтық мерекеде орындалатын сауық есептi. Сондай халде өтетiн болғандықтан, әрбiр айтыстың театрлық және әсiресе ойын-сауықтың өзгешелiгi үнемi қатар iлесiп отырады", — дейдi [1, 285-б.]. Айтыс әуендерi айтысу процесiнiң үстiнде айтыс ақыны үшiн көмекшiлiк етедi десек, Нартайдың гармоны сазымен қосылып ұзақ-ұзақ қайырылатын, тек өзiне ғана илiгетiн биiк нотадағы қайырымдарының айтысу процесiндегi мынадай көмекшiлiк қызметтерi болған: бiрiншiсi — ән сазының заматында өлең құрастыру кезiнде тармақ пен тармақты ұйқастыру, бiр шумақ пен келесi шумақтағы ойларды жалғастыруы үшiн шешушi роль атқаруы; екiншiсi — қарсылас ақынның сезiм дүниесiне әсер етуi; үшiншiсi — тыңдаушы қауымның жанкүйерлiк сезiмдерiн оятып, жүректерiн баурап алуы; төртiншiсi — ән сазы мен тасқынды жыр мазмұнының қосылған сиқырлы күшiне елтiген тыңдаушылардың елiрген, көтермелеген ықыластарын көрген ақынның шығармашылық, төкпе-суырып салма ақындық шабытының тасқындай түсуi. Айтыс процесiндегi әрi эпикалық, әрi драмалық өнер қосындыларын ән сазымен өрнектеген Нартайдың айтыскер ақындығы — қазақтың дәстүрлi халық поэзиясына кiргiзген ерекше бiр жаңалығы. Қорыта айтқанда, биыл туғанына 120 жыл толып отырған Қазақстанның көрнектi Халық ақыны Нартай Бекежанов – жыр алыбы Жамбыл дәстүрiн дамытқан ұлттық өлең сөздiң дара тұлғаларының бiрi. Тәуелсiз Қазақстанның жаңа тарихымен бiрге Нартайдың мұрасы да ұрпақтарына рухани азық қызметiн атқара бередi.
Темiрхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары