ТЕКТIЛIКТIҢ ТЕГI КӨРГЕНДIЛIКТЕ

ТЕКТIЛIКТIҢ ТЕГI КӨРГЕНДIЛIКТЕ

ТЕКТIЛIКТIҢ ТЕГI КӨРГЕНДIЛIКТЕ
ашық дереккөзі
405

Тiршiлiктiң иесi де, киесi де – Ана. Аналардың анасы – Бибi Фатима! "Ана бiр қолымен әлемдi тербесе, бiр қолымен бесiктi тербейдi", – деген ұғым өмiрдегi Ананың алатын орнын айшықтап тұр.

Сондай аналарымыздың бiрi – сегiз ұл, екi қыз тәрбиелеп өсiрген Мәрзия апа Тұрлыхановтар әулетiнiң iргетасы iспеттес жан. Бүгiнде ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған аяулы ана он бала, 24 немере мен 8 шөберенiң қызығын көрiп отырған салиқалы әже. Он баланы дүниеге әкелген Мәрзия апаның шыққан тегi қалай екен?! Мәрзия апаның туған отбасында қанша бала тәрбиеленiптi? Бiздi қызықтырған алғашқы сауал осы болды.

– Мәрзия апа, сiз де көп балалы отбасынан шықтыңыз ба?

– Әкемнiң айтқанына қарағанда, бiздiң отбасымызда да бала өте көп болған екен. Бiрақ, көбi шетiнеп кетiптi. Қызылшадан, шешектен кеткен. Тiптi, әкемнiң өзiнiң де өмiр тарихы өте қызық. Әкеме дейiн үйiнде бала тұрақтамапты. Ажар әжемiз жүктi болып, жiп үстiнде толғатып тұрады ғой. Сол кезде үйлерiнiң орналасқан жерi Аягөз қаласынан елу километр жердегi қыстақта тұрады. Қыстақтан ары қарай Абай ауданына жол жүредi. Қазақ халқының сыйласымдылығы, береке-бiрлiгi өте ерте кезден болған ғой. Мұны айтып отырғаным, ол кездерi алыс жолға кетiп бара жатқан жолаушылар шаршаса, таныса да, танымаса да, жолда кезiккен үйге соғып, ас-суын iшiп аттанған емес пе?! Үйге келген қонақты да үй иесi, балалары анадайдан қарсы алып, атын байлап, төрiне шығарып, қонақ етедi. Мұның өзi қандай береке десеңшi?! Бiз қазiр осы жарасымды сыйластықтан, берекемiзден айрылып барамыз. Сол жылдары Абай ауданында Аюбай деген батыр кiсi болыпты. Сол кiсi жолаушылап кетiп бара жатып, жолшыбай бiздiң атамыздың қыстағына түседi. Атамыз қуанып: "Батырдың үйге келiп түскенi қандай қуаныш?! Аяғыңыз құтты болып, келiнiмiз аман-есен босансын! Бала тұрақтамай жүр едi. Сiздiң үйге келгенiңiздi жақсы ырымға балап жатырмыз",– дейдi. Сөйтiп, сол күнi дүниеге шекесi торсықтай ұл бала келедi. Дүниеге ұл келу оңай ма?! Туыстың бәрi мәре-сәре болысып, Аюбай батырды құтты қонақ қылып, әкемiздiң кiндiгiн балтамен кестiредi. Әкемнiң азан шақырып қойған аты – Айтбай. Бала кезiнде әкемнiң жасаған қылықтары Аюбай батырға көбiрек ұқсайды екен. Қазақта бiр сөз бар ғой: "Кiндiк әкесiне, кiндiк шешесiне тартыпты" деген. Сол сөздiң жаны бар сияқты. Шындықты жақсы көретiн, турашыл адам болғаннан кейiн бе, әкемдi Аюбай атасына тартыпты деп айтады екен туыс-туғандар. "Осы баланың атын азан шақырып, Айтбай қойдыңдар, бiрақ iстеген iсi, жасаған тiрлiгi Аюбайға ұқсап тұр, сондықтан, бұл баланы Аюбай деп атайық" дептi бiреулерi. Бертiнге дейiн әкемнiң Айтбай аты ұмытылып, Аюбай атанып кетедi. Әкемдер тұрған қыстау, яғни қора да "Аюбай қорасы" деп аталады. Сол қора әлi күнге дейiн бар. Кейде сол бiр ескi қораны аралап келем. Әке-шешемнiң құтты мекенi болған қыстақтағы кiшкентай бұлағынан су iшiп, қара шаңырағының орнын иiскеп қайтам. Iргетасы қаланған жерден сыйпалап жүрiп, қолымдағы күрегiммен түрткiлеп жүрiп, бiрнәрселердi iздеймiн. Шiркiн-ай, әке-шешемнiң қолы тиген бiрдеңелер табылар ма екен деймiн… Жанымдағы туыстарым: "ол жерден не табылар дейсiң, не бар дейсiң" деп қояды. Сөйтiп жүрiп, қара қазанның бiр құлағын, есiктiң топсасын тауып алдым, бiр таға таптым. Барлығы да жұп-жұқа боп, қарайып кетiптi. Менiң түрткiлеп, бiрнәрсе iздегенiмдi қасымдағы туыстарым қызық көредi. Олар үшiн мен қазба байлығын iздеген геолог сияқтымын. Бiрақ, сенсеңiз, мен үшiн әлгi үшеуiнен артық қасиеттi нәрсе бар ма?! Үшеуiн де алып келiп, үйге сақтап қойдым. Жұп-жұқа сынық қара қазанның құлағын қолыма ұстап тұрып, көңiлiм босады. Әкемнiң дүниеге келген жерiнде қазақтың мықты он төрт ақыны шыққан. Атақты Әрiп ақынның мүрдесi де сол жақта. Әкем сол ақындардың әндерiн айтып, жырларын домбыраға қосып отыратын. Әкемдi кiшкене кезiнде iнiсi Сұңқарбаймен бiрге әкесi Семейдегi Тiнiбай мешiтiне оқуға бередi. Ескi ғасырлардан келе жатқан сол көне мешiт әлi күнге сақтаулы. Әкем зеректiгiнiң арқасында оқуға түседi де, iнiсi қалып қояды. Оқуға түспеген соң, не iстейдi? Сосын атамыз Сұңқарбай ағамызды алып, тым болмаса, домбыраны үйренсiн дедi ме екен, әйтеуiр, керемет бiр күйшi бар екен, сол кiсiге тәрбиеге бередi. Содан кейiн бе, Сұңқарбай ағамыз да, оның балалары да өнерге жақын боп өстi. Ал, әкем он жыл бойы дiни оқуды тауысып шығады. Әкем оқу бiтiрген жылы елде Совет үкiметi орнайды. Совет үкiметiне дiни адам қажет емес. Совет үкiметi орнағаннан кейiн, дiни оқудың мәнiсi де, мағынасы да болмай қалады ғой. Сондай бiр қиын-қыстау замандарда, сауаттылығының арқасында арабшаны, парсышаны таза меңгерген адам болған соң, бастауыш мектепке мұғалiм дайындайтын училищеге оқуға түсiп кетедi. Соны бiтiрген соң, елге келiп, мектеп ашады. Сөйтiп жүргенде, үлкен ағам Ақан азамат болған кезiнде соғыс басталады. Әкемнiң iнiсi Сұңқарбай аға мен Ақанды соғысқа алып кетедi. Соғысқа кеткен iнiсiнiң де балаларын қолына алып, екi бiрдей отбасына ие болып қалады. Сол кездерде әкем үнемi күбiрлеп, Алла Тағаладан iштей тiлек тiлеп отыратын едi. "Алла Тағала көп тiлектiң бiр-екеуiн ғана орындайды. Екi тiлектi тiлемейiн. Жалғыз тiлегiм бар. Ол – iнiмнiң елге аман-сау оралуы. Соғысқа кiмнiң баласы кетпей жатыр. Тiптi, бiреулердiң бес-алты баласы да соғыста жүр. Олардан менiң жаным артық па? Баламның тағдырын Аллаға тапсырдым" деп отыратын. "Iнiмнiң аман келгенiн армандаймын" дейтiн. Сол арманы орындалды. Iнiсi соғыстан аман оралды, ұлынан қара қағаз келдi.Ұлынан қара қағаз келген соң, ұл орнына ұл деп, менi он үш жасыма дейiн ұлша киiндiрдi. Шашымды тықыр қып алып тастайтын. Аяғыма киетiнiм – етiк, үстiмде күпәйке.

– Сонда, сiз Ақан ағаңыздан кейiнгi үйдегi екiншi баласыз ғой.

– Жоқ. Маған дейiн төрт бала болды. Бәрiн қызылша мен шешек дейтiн ауру келдi де, жұлып кеттi. Ауылдың талай баласын осы ауру жалмапты. Тiптi, бiр үйден бiрнеше бала осы аурудан көз жұмған. Қызылша ауруы бiздiң үйден де айналып өтпептi. Әуелi маған шығыпты, менен кейiн екi сiңлiм болды, сол екеуiне де қызылша шығады… Мен әрең-әрең аман қалыппын. Менен кейiнгi екi сiңлiм: Нәбия дейтiн сiңлiм таңертең қайтыс болды, кешкiсiн кiшi сiңлiм көз жұмды. Бiр күнде екеуiн бiрдей қызылша алып кеттi. Екеуiнiң денесiн бiр күнде шығарды. Менiң қалғаныма да "тәубе!" деп жүрiптi әке-шешем. Содан кейiн болар, он үш жасқа дейiн қыз екенiмдi бiлдiрмей, ұлша өсiрдi. Әкем төрт кластық мектепте сабақ бердi. Ауылдың сиқы кеткен заман, соғыстан кейiнгi уақыт. Бұл – бүкiл халыққа келген нәубат ғой. Сондай уақыттарда әкем мектепте дәрiс берiп, ауыл балаларының көзiн ашты. Өте таза, шариғатты қатты ұстанған кiсi болатын. "Кейде бiр адамға ашулансаң, сол ашуды торғын орамал кепкенше ғана ұста" дейтiн едi, жарықтық. Торғын орамалды бiр сiлкiсеңiз кеуiп қалмай ма? "Кешiрiмдi болсаң, қайырымды болсаң, кем болмайсың" деп жиi айтатын. Балалық шағымды еске алсам, қандай қиын заман болса да, керемет күндер өткен екен. Бiр-бiрiмiзбен алысып-жұлысып ойнау, төбелесу дегендi бiлмеппiз. "Ұлша киiнiп, ұлша өстiм" дедiм ғой. Есейе келе, бiр сыныпта оқыған балалардың бәрi қыз бала екенiмдi бiледi. Ал, ендi жаңадан көшiп келген қыздар болса, олар менi сыртқа тебетiн. Ұл киiмiн киген бала қасына келiп тұрса, олар жақтыра ма? Менi көре салып, дүрсе қоя беретiн: "Қыздармен неге ойнайсың? Ары жүр, ұлдардың қасына бар" – деп, итерiп тастайтын. Олардың әке-шешесi менiң әке-шешеме келiп, арыз айтатын. "Ұлдарың бiздiң қызымызбен ойнамасын, аулақ жүрсiн",– дейтiн едi. Әке-шешем ақырын-ақырын түсiндiредi екен. Үнемi алдымнан осындай кедергiлер шығып отыратын. Содан амалсыз, бiр күнi шешеме келiп: "Апа, мен ендi қыз киiмiн киейiншi?" деп өтiндiм. Шешем болса: "Әкең бiледi" дейдi. Ол кезде әкенiң айтқаны заң. Әке қалай десе, солай болатын. Әкеме айтуға бата алмаймын. Шешеме келiп, тағы қыңқылдаймын. Шешем де түсiнедi менiң жағдайымды, әрi өздерiне де қиын болып жүр. Қыздардың да арасында емiн-еркiн жүре алмаймын. Сөйтiп жүрiп, әкеме де жеткiздi ғой. Әкем ұзақ ойланып отырып: "Бiр ұл болса, шаңырақтың иесi болып қалар едi, қыздың аты қыз екен ғой. Жарайды, кiшкене шашын жiбершi, көйлегiн де кiшкене ұзартып тiгiп бер" дептi. Әуелде көйлек киiп шыққаным да бiртүрлi. Шұбалаңқы дүние жараспайтын да сияқты. Әбден мазам кеттi. Көптен кейiн үйрендiм ғой. Мiнез-құлқым бәрiбiр сол ұл балалардыкiндей болып қалды. Әкемнiң берген тәрбиесi де шығар, бұл бәлкiм. Менiң әкем ауылдағы жалғыз мұғалiм болды. Ауыл балаларының бәрi сол кiсiден дәрiс алды. Менiң де алғашқы ұстазым – әкем. Тiптi, әкемнiң алдында неше түрлi ұлттың өкiлдерi сауат ашты.

– Әкеңiз ол балалардың бәрiн қай тiлде оқытты?

– Ауылымызға жер аударылып келген шешен, немiс, орыс балалары әкемнен қазақша сабақ үйрендi. Әсiресе, шешеннiң балалары көп болатын. Бiр ауылда бiрге тұрдық. Екi класты әкем оқытады, қалған екi класты iнiсi Сұңқарбайдың ұлы оқытты. Сол балалардың кейбiрi әлi күнге сонда тұрады. "Бiздiң алғашқы ұстазымыз – Аюбай ата ғой" деп айтып отырады. Қыз бала болған соң, жат жұрттық боп жаратылады ғой. Мен тұрмысқа шықпай тұрғанымның өзiнде, әркiм-әркiмнен: "Қызы тұрмысқа шығып кетсе, ана шаңырақтың түтiнi өшедi ғой" деген әңгiмелер жиi естiлiп жататын едi. Тұрмысқа шықтым. Тұрмыста жүргенiмде, бiздiң үйде күтпеген бiр жаңалық болды. Әкем 1951 жылы Еңбек Қызыл Ту орденiн алды. Ауылдың қарапайым бастауыш мектебiнiң мұғалiмi. Ол кезде Кеңес одағының кезi. Ол уақытта жарлық Мәскеуде шығады. Қарапайым мектептiң мұғалiмiне Мәскеуде қалай жарлық шықты?! Қалай ол Семей облысының бiр ауданындағы бiр ауылдың мұғалiмiне келдi. Бұл – Құдайдың менiң әкеме берген сыйы шығар деп ойлаймын. Сол орденге жастықпенен онша мән де бермеген екенмiн. Ол орденнiң жақсылығын кейiн көрдiм ғой. Егемендiктi алдық. Көптеген ауылдың аттары, көшенiң аттары өзгертiлiп, қазақы аттар қайта келе бастады. Бұған да тәубә! Әкеме құран-хатым түсiрейiн деп ауылға барғам. Мектептi алғаш ашқан адам болғаннан кейiн, ауыл адамдары "әкемдi қайта еске алайық" деп, ауылдың атын әкемнiң атына бергелi жатыр екен. Маған "Қалай қарайсың?" дейдi. Ойымда ешнәрсе жоқ, "өздерiңiз бiлесiздер",– дедiм де қойдым. Ешқандай қиындықсыз, 261 күн дегенде, ауылға әкемнiң аты берiлдi ғой. Сол кезде әлгi орденi ауылға әкемнiң атының берiлуiне себеп болыпты. Айтбай аты берiлгеннен кейiн, ауылдың атын көше сыртына жазып қойылатын белгi орнатылады ғой. Сол белгiнiң үстiне ұлыма айтып, шаңырақтың белгiсiн салдырттым. "Айтбай" ауылы деп жазылғаннан кейiн, шаңырақтың белгiсiн салдырыңдаршы" дедiм. Әлгi белгiнi көргенiмде, көңiлiм босап: "Сенiң шаңырағың ортасына түскен жоқ, шаңырағың көтерiлдi" деп, күбiрлей берiппiн. Қарапайым ғана адам едi, сол қарапайымдылығының, бiлiмдiлiгiнiң, бiлiктiлiгiнiң арқасында елiне есiмi қайта оралды.

– "Шаңырақты жалғастыратын ұл болмады" деп әкеңiз үшiн қиналған да шығарсыз. Отбасында екi қыз ғана болдыңыз. Келiн болып түскен соң, "балам көп болса" деп армандадыңыз ба?

– Менiң келiн боп түскен шаңырағымның да тағдыры менiң тағдырыма ұқсайды. Жолдасым Болат та жалғыздықтың азабын тартқан адам. Әкесi "Қапанбұлақ" деген жерде туған екен. Тұрлыхан атамның ақындығы, жазушылығы бар екен. Ол кiсi де мектеп ашып, балалардың сауатын ашуға күш-жiгерiн жұмсапты. "Алқа" деген газетте редактор болып қызмет атқарыпты. Жұмысшы жастар мектебiн Семейде ашып, ауылдағы оқымаған жастардың басын қосып, бiр жерге оқыта бастайды. Содан кейiн Тұрлыхан атамыз Алматыға келiп, Жазушылар одағына мүше болады. Мұнда келгеннен кейiн, Алматыдағы мектептiң бiрiнде қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ бередi. Пьесалары, өлеңдерi, ана туралы жазған жырлары көп болған екен. Iлияс Жансүгiровпен екеуi жақын жолдас болыпты. Атамыздың бiр шығармасына Сәкен Сейфуллин де алғысөз жазыпты. Сол алғысөзiн таба алмай жүрмiн. Мұның бәрiн Қайым Мұхамедханұлы деген профессор айтып берiп едi.

– Тұрлыхан атаның жазған қолжазбаларының бәрiн таба алдыңыз ба?

– Тапқанда, алғашында ондай қолжазбалардың барын да бiлген жоқпыз ғой. Енемiз "Халық жауының әйелi" деген сөзден қашып, екi баласын алып, елден кетедi. Елден елге көшiп-қонып жүрiп, қаншама азап тартады. Тұрлыхан атамыз болса, "Халық жауы" деген атпен сотталып, сонау Сiбiрде азап лагерiнде қайтыс болыпты. Өте қайсар адам болыпты. Ешнәрсенi мойындамаған ғой. Ешқандай "Халық жауы" емеспiн" деп мойындамай кетiптi. Қаншама азаптаса да, қаншама қиналса да, мойындамапты. Кейiнiрек Тұрлыхан атамның бес жаста қалған үлкен ұлына тұрмысқа шықтым. Тұрлыхан атамның да көп туыстары болмаған. "Халық жауы" деген атынан үркiп, көбi араласпай кеткен ғой. Болат та жалғыз өзi интернатта оқып тауысқан.

– Сiз келiн болып түскенiңiзде Болат ағаның анасы тiрi ме едi?

– Иә, тiрi болатын. Болат жастайынан спортқа бейiм боп өседi. Жетiм өскен бала, барлық қиындықты көрген адам әбден қарапайым болып өседi ғой. Ненiң қастерлi екенiн, нанның, тамақтың қалай табылатынының қадiрiн бiледi. Жоқшылықтың қадiрiн бiледi. Артынан ерген жалғыз бауырын да таба алмай қалған. Мен де жалғызбын. Артымда қалған жалғыз апайым да қайтыс боп кеттi. 1989 жылы ғой деймiн, үйге Қайым Мұхамедханұлы деген кiсi келiп: "Сендермен бiр кездескiм келiп жүр едi" дедi. "Сендердiң аталарың Семейде осындай мектеп ашты, сол мектептiң директоры болды" деп әңгiмесiн бастап кеттi. Арасында өзiнiң де өмiрбаянын айтып берген едi. Қайым ағаның да әкесi өте бай кiсi болыпты. Әкесiн бай деп екi рет ұстап әкетедi. Қайым ағаны да оқудан шығарып жiбередi. Сондай қиын-қыстау күндерде ол кiсiге Тұрлыхан атамыз көп көмегiн тигiзген екен. "Қайым Мұхамедханұлы алтыншы кластың оқушысы" деген анықтама жазып берiптi. Сол анықтамасы қазiр менiң қолымда сақтаулы тұр.

– Тұрлыхан атаңыз өзi жазып берген бе?

– Атам жазып берген ғой. "Өзiмнiң туған ағамдай көрдiм. Екi жыл бiр үйде тұрдым" дейдi. "Тұрлыхан аға сабақты өте күштi түсiндiретiн. Даусы қандай жағымды болатын. Абайдың өлеңдерiн, Әрiп ақынның өлең-жырларын жатқа оқығанда, ұйып тыңдайтыным соншалықты, аузым ашылып, бар ынта-шынтыммен сол кiсiнiң аузын бағатын едiм. Менi қазақ әдебиетiне ынтық еткен де Тұрлыхан ағаның дәрiстерi болды",– деп еске алатын Қайым аға. Шындығында да, Абайды алғаш зерттеген адам Қайым Мұхамедханұлы. Өзi екi-үш жыл бұрын қайтыс болды. "Бұл кiсiнiң барлық еңбегiнiң тiзiмiн жазып қойғам, мен соның бәрiн ала келдiм. Қарағым Мәрзия, сенi мұғалiм деп естiп едiм. Тұрлыханның жарыққа шығуы сенiң мойныңда", – дедi Қайым аға маған. Салақұлаш бiр тiзiмдi әкелiп, қолыма ұстатты. Арасында Затаевичке жазып берген он төрт өлеңiн де қоса бердi. Затаевич бiр жылдары Семейге келген екен. Семейдiң екi ортасында Ертiс жатыр. Пароммен өтесiң. Тұрлыхан ата жұмыстан қайтып келе жатса, бiр орыс азаматы тұр екен. Затаевич атамнан: "Сiз қайдан келесiз?" деп сұрайды. "Жұмыстан" дейдi. "Мен қазақ әндерiн зерттеп жүр едiм. Қазақ әндерiн айтатын адамдар бар ма?" деп, "Өзiң ән айта аласың ба?" деп атамнан сұрайды. "Айта алам" дейдi. Сөйтiп, ол кiсiнi үйiне ертiп келедi. Үйге әкелiп, өзi бiлетiн қазақ жолдастарының бәрiн шақырып, ән айтқызып, соның он төртiн қағазға түсiрiп берген екен. Ана кiсi ол өлеңдерiнiң бәрiн нотаға түсiредi. Затаевичтiң бес жүз әнiнiң iшiнде әлгi өлеңдер бар. Өзiнiң жазған өлеңдерi, бүркеншiк есiммен жазған дүниелерi, сол бiр жылдары шыққан "Махаббаттың символы Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесiн сақтай бiлейiк" деген мақаласы бар екен. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу жырының 1500 жылдығына орай өткiзiлген басқосуға сол мақаланы ала бардым. Қайым аға маған атамыздың жазбаларының тiзiмiн берiп тұрып: "Алматыдағы орталық кiтапхананың жертөлесiнде сирек қолжазбалар бөлiмi бар. Сол сирек қолжазбалар бөлiмiнде атаңның мақалалары шыққан газет-журналдар бар. Солардың пәленбай бетiнде, пәленбай жерiнде сол мақала бар" деп, дайындап жазып берген едi. Келешек ұрпаққа Тұрлыхан атамның қандай ақын болғандығын, қаламгерлiгiн дәрiптеу үшiн бүкiл шығармаларын жинастырдым. Ол кiсiнiң ешқандай "Халық жауы" еместiгiн ақтайтын қағазымыз да бар. Бұл кiсi Мұхтар Әуезовпен дәмдес болған адам. Өз әкемнiң жағдайы анандай болды, келген жердегi екiншi әкемнiң жағдайы осындай болды. Екеуi де ұстаз, екеуi де елдiң алдында жүрген азаматтар. Екеуiнiң де отбасылары шағын болғанымен, келешек ұрпақтары аттарын шығарды. Өзiмде балаларымның басын қосқан кезде: "Дәулетiм – бiр төбе, қалғандарым – бiр төбе" деп қоям. "Оның бiр себебi бар, сендер ренжiмеңдер. Маған бәрiң бiрдейсiңдер. Бағың да, ырыздығың да әртүрлi болғанымен,бәрiң бiр әке-шешенiң баласысыңдар" деймiн. Дәулетке риза болатын жөнiм бар. Атамның аты өшiп қалды ғой. Менiң әкемнiң шаңырағы түсiп қалды. Ол кiсi өзiн-өзi алып шықты, бiр Алланың жәрдемiмен. Қайын атамның керемет адам болғандығын, ақын екендiгiн Қайым Мұхамедханұлы болмаса, бiлер ме едiк, бiлмес пе едiк. "Халық жауы" боп атылып, атаусыз кеткен Тұрлыхан атаның дүрiлдеп, атының қайта жаңғыруына кiшкентай Дәулетiмнiң септiгi тидi.

Әкелерi Болат үйдегi ұлдарды үйде көбiне спортқа тәрбиелейтiн. Үйдiң бiр бөлмесiн босатып, соған текемет төсеп, өздi-өзiмен күресiп жататын едi. Сөйтiп жүргенде, әкесi бiр күнi: "Дәулеттi Алматыдағы арнайы спорт мектебiне жiберемiн" дедi. Шошып кеттiм. Ертең ағайындар: "Балалары көп болған соң, асырай алмай жатыр деп айтады ғой" деп, мен шыр-пыр болам. "Ертең көрген жұрт бiздiң көзiмiздi шұқиды ғой. Ол интернатта оқыды деген сөз, балалар үйiмен бiрдей емес пе?" деп қоям. Оған әкесi қарсы болады. "Ауылда жүре берсе, үлкен жарысқа қатыса алмайды" дейдi. Болат та мiнезi қатал, қайсар болатын, айтқанынан қайтпайтын. Көбiне ығына жығылып, "жарайды" деп қарсы болмайтынмын. Алтыншыны бiтiргеннен кейiн Дәулеттi алып Алматыға кетiп қалды. Үйдегi балалар да қимайды, бәрiмiз жылап-еңiреп қалдық. Ол да артына жалтақтап қарап кетiп барады. Дәулет интернатқа барған соң, емтихан тапсырады дедi. Артынан күреседi. Күрестен өте алмай қалса деп, iштей тiлеп қоямыз. Өтпесе, ауылға қайтып келедi деген ой ғой бiздiкi. Телефонды күтемiз. Кезек-кезек балаларды телефонның түбiне отырғызып қоям. Бiр күнi қоңырау шалады. "Дәулет керемет күрестi. Алып қалатын бала екен" деп жатыр дейдi. Ананы естiп, бiртүрлi жабырқап қалдық. Қуанғанның орнына, бәрiмiз бiртүрлi болып жүрмiз. Дәулет келгеннен кейiн, интернаттағы балаларды көрiп, оқуға деген сенiмi артып келдi ғой деймiн, онша қинала қойған жоқ. Алтыншы класта кеткен бала сөйтiп, әуелi кiшiгiрiм кiлемге шығып жүрдi. Содан кейiн үлкен спортпен айналыса бастады. Қалааралық жасөсiпiрiмдер арасындағы жарыстарға қатысып, жүлде алып жүрдi. Тоғызыншы класқа келгенде шет елдерге шыға бастады. Ауылда отырып, Дәулетiмнiң тiлегiн тiлеп отыратын едiм. Менiң тағы бiр риза болатыным, баспасөз. Шалғай ауылда жатсақ та, баламыздың жеткен жетiстiгiн, қуанышын ақпараттан алғаш еститiнбiз. Адамның iс-әрекетiн, жақсылығын, ақпараттан естидi ғой адам. Ана газетке де, мына газетке де, телеарналарда да Дәулетiмнiң аты дүркiреп шыға бастады. Атамыздың есiмi қайта жаңғырды деген осы. Тектен тек туады деген осы шығар. Ата әруағы қолдап, балаларым аталарының есiмiн қайта дүркiретiп шығарды. Соған да Аллаға мың тәубә, шүкiр деймiн!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары