ӘДЕБИЕТТЕР БАЙЛАНЫСЫ АРНАСЫНДА

ӘДЕБИЕТТЕР БАЙЛАНЫСЫ АРНАСЫНДА

ӘДЕБИЕТТЕР БАЙЛАНЫСЫ АРНАСЫНДА
ашық дереккөзі
361

Белгiлi ғалым Рымғали Нұрғали әдеби байланыстар тақырыбының бiссiмiлләсiн Абайдан бастайтын секiлдi. Абай атамыздың Физулиден, Шәмсиден, Сәйхалиден, Науидан, Сағди, Фирдоусиден, Қожа Хафиздерден қуат алғанын әсiрелеп әңгiмелейдi. Абайдан бұрынғы V-VIII ғғ. Орхон-Енесей, Талас-Шудан табылған тасқа қашалған жырлардың түркiтiлдес халықтарға ортақ екенiн ескерте кетедi. "Дивани лұғат ат-түрiк", "Кодекс Куманикус", "Құтадғу бiлiк", "Оғыз-наме", "Мұхаббат-наме", "Хисса сул-анбие" сынды өлмес, өшпес әдеби жәдiгерлердiң Абай жадында жатталып кеткенiн айтады.

"Шығыс ренессансы" деген биiк белеске Абай қосқан қомақты үлестi мақтанышпен сездiредi. Ешқандай елдiң әдебиетi томаға-тұйық қалпында қалмайды. Әдеби байланыстар дегенiмiз ғасырлардың өн-бойымен арқырап аққан ұлы сарқырама өзендер секiлдi. Тынбай ағады, тынбай тiлдеседi, тынбай түйiседi. Ұлттық өнер туған топырағында тұйықталып, ақпай қалса, ағым бермесе, арыны басылғаны, жиып тергенiнiң шашылғаны дей бер. Әсiресе, халықаралық аударма, әсер, өзара ықпал мәселелерiн қарастырғанда әрбiр ұлт әдебиетiнiң оң, сол қанатын, оңтүстiк, солтүстiк шекарасын, өрiсiн анықтайтын тұстары елдер, сөздер, мәдениеттер достығын ұлғайтып, тамырларын тереңге жайып жiбередi.

Қазақ-башқұрт, қазақ-татардың ауызша және жазбаша әдеби нұсқаларындағы ұқсастықтар, бiрлестiктер жайына оралғанда Рымғали көсiле жөнеледi. Осы елдердiң тақпақ, ертегi, дастан, тарихи жырларында, мақал-мәтелдерiнде заманалар бейнесi, ұрпақтар сыры жатқанын аңғартады. Соларға тән стильдiк әдемi жиһаздарды, айшықтардың алуан түрiн анықтап, мерейлi мысалдар тастап өтедi. Тұрмыс-салт жырларынан бастап эпикалық поэмаларына дейiн шымыр шолу жасап, Шығыс поэзиясының сұлу мақамдарымен байланыстырып өтедi. Қазақ, татар, башқұртқа ортақ iз қалдырған Ақмолла ақынға (1831-1895) ерекше назар аудартады. Тоқайдың "Ақмолла жырларынан тек қазақ иiсi, көшпелi халық иiсi шығып тұрады" дегенi бар екен. Рекеңнiң де, менiң де ұлы ұстазымыз бiзге оқыған дәрiстерiнде Ақмолла есiмiн ерекше iлтипатқа бөлеп атаушы едi.

Осы тұста Рымғали Нұрғали татар сөз өнерiнiң iргелес түркi тiлдес халықтарға ықпалы болғанына бас ұрғызады. Бұл да бiр үлкен, ғұлама ғалым айтқан келешекте келелi сөзге ұласатын iрi әңгiменiң бiр тамырындай көрiнедi. Соның бiр сағасындай Ғалымжан Ибрагимовтың шығармаларына талдау жасайды. "Татар қызының тағдыры" мен "Қазақ қызы" романына молырақ тоқталып, Ғалымжан Ибрагимовтың шебер суреткер екендiгiн дәлелдейдi.

Қазақ әдебиетiнiң қашанда томаға-тұйық қалпында қалып қоймағанын Рекең өнегелi, өрiстi мысалдарымен өрнектеп бередi. Шет ел тақырыбына қалам тартуда Абайдың ақындық мектебiнiң мерейi үстем болғандығын бедерлейдi, "Ескендiр", "Масғұттан" кейiн келген Мағауия, Ақылбай дастандарын еске оралтады. Бұлардың шығармаларында "нәзира" белгiсi болғанымен, қазақ ақындарының өзiндiк қолтаңбаларына ден қояды.

Рекеңнiң маған жақын бiр тақырыбы – Сабыр Шариповтың шығармашылығы едi. Осынау бiр аяулы суреткерге арнайы мойын бұрмақ боп жүргенiмде алдымен Рекеңнiң Сабыр жайындағы сабырлы, салмақты сөзi шыға келдi. Ұлты татар, он бес жасынан бастап қазақ даласында өскен, сөйтiп қазақ тiлiнде жазған шығармаларымен қазақ әдебиетi тарихында лайықты орын алған, ойлы жазушының еңбегiне қазақ ғалымы қамқорлықпен қараған.

Ол Сабыр Шарипов қаламынан туған туындыларды қазақ және шетел тақырыбы деп бөлiп талдау жасайды. 1935 жылы "Әдебиет майданы" журналында жарияланған "Рузи Иран" мен "Ләйлә" хикаятына молырақ тоқтайды. Сөйтiп, 30-шы жылдардағы Иран өмiрiнен нанымды суреттер жазған Сабырдың сан қырлы талантына татымды баға бердi. Қазақ арасынан Иран тақырыбына бiрiншi барған С.Шарипов шеберлiгiнiң қыр-сырын салауатты танытқан.

Рекеңнiң әлсiн-әлсiн Абай атасына оралып отыруы заңды сияқты. Орыс поэзиясымен алғашқы байланыстарды сөз еткенде Толстой, Пушкин, Лермонтов, Крыловқа соқпай кете алмайды. Сонымен қазақ жерiне келген реалистiк тәржiме мектебiне тоқталады. 1903 жылы "Капитан қызы", 1923 жылы "Қажымұрат", ХХ ғасыр басында Г. Мопассон, Дж. Лондон қазақ топырағына келiп орнықса, ол да бiр зор өнегенiң бастамасы едi. Шәкәрiм Құдайбердiұлының Пушкиннiң повесiнен алып "Дубровский" поэмасын елге қолжазба күйiнде таратып жiберуi – әдеби ерлiктiң бiр сарасына жатады. Абай мен Тургеневтiң "Масғұт" поэмасы мен "Шығыс аңызын" бiр арнадан алуы да қызғылықты желi емес пе?! Шекспирдiң "Гамлет", "Отелло", "Асауға тұсауы", Сервантестiң "Дон-Кихоты", Рабле романдарының тәржiме етiлуi қазақ әдебиетiнiң байланыс бекеттерiнiң бiрiн Еуропаға қарай тартады.

Аударманың классикалық үлгiлерiн ұсынған, Шекспирдi кең далаға шақырып, қазақша шырқатқан Әуезов тәжiрибесi ұшан-теңiз едi. Әсiресе Мәскеуде ауруханада жатқан Әуезовтың белгiлi шығыстанушы Иосиф Брагинскийге айтқан сөзi өте-мөте құнды, көп ойларға апаратын ақиқаттың арналы сөзi едi. Мұқаң Тургенев туындыларына айрықша махаббатпен қараған. Бұл ықпал, әсердiң хикаясы әлi түбегейлi зерттелiп болған жоқ. Тургенев – Әуезов байланысы берекелi құбылыс, екi елдiң екi алыбының, титандардың иық сүйесуi, үндесуi, мысалы Гималай мен Алатаудың бiр-бiрiне сәлемдесуi, сөз жарысы, шеберлiк үзеңгiсiнiң қақтығысы. Ол әсер оңай шалынбас та, әдеби әсер оп-оңай нәрсе емес, тек дүмбiлездер ғана оны қолмен ұстап, көзге түртiп көрсетпек болады. Шығармашылық әсерi ықпалы шыңырау тереңде, ол суреткердiң жан-жүйесiн тербетiп, толқытып, екiншi бiр өзегiне айналып, басқаша сипат, айрықша қасиетпен бередi, бұл кез келген көген көзге байқала бермес. Тургенев те дәл солай, "мен оны өзгеден артық көрiп, жастай сүйгем" дейдi Мұқаң. Ұлы қаламгер сөзiнде орасан шындық жатыр.

Мен Мажит Дәулетбаевтың Шекспирдi түпнұсқадан оқығанын Рекеңнен есiтiп таң қалдым. Ол осы сөзiн дәлелдейдi, бiрнеше мысалдар келтiредi. Мәжит аудармасының жатық, жақсы шыққанын айтып, қазақ аудармасын атақты Борис Пастернактың нұсқасымен салыстырады. Мұншалықты батылдыққа тек Рымғали Нұрғали ғана бара алатын едi.

Рымғалидың маған жақын келген және бiр жағы Сағдидың "Бостан" шығармасының қазақша баламасы туралы едi. Мұзафар Әлiмбаев мұны орыс тiлiнен алды. Рекең орысша-қазақша мәтiндердi ерiнбей салыстырып, аударманың ырғақ, ұйқасына, берiлуiне ерекше мән берген. Сонымен "Бостанды" тәуiр тәржiмалар санатына қосады.

Шығыс поэзиясының көптеген жәдiгерлерi бiзге орыс тiлi арқылы келдi. Арамызда басқа бөгет тұрды. Ендi заман өзгердi, Шығыс елдерiмен тiкелей сөйлесiп, мәдени диалогтерге барып жүрмiз.

Мен "Иранбақтың бұлбұлдары" деп аталатын кiтабында Сағдидiң "Гүлстан" кiтабынан бiрнеше әңгiмелердi түпнұсқадан тарттым. Фирдоуси, Рудаки, Омар Хаям, Хафиз, Насир Хосро рубай, ғазалдарын қазақша сөйлеттiм. Аудармаларым мыңдаған оқырмандар тарапынан тәуiр бағасын алды. Осы орайда айта кететiн бiр нәрсе, ендi араб, парсы, үндi, корей, қытай т.б. тiлдерден тiкелей аударатын жастар өсiп келедi. "Болмасаң да ұқсап бақ" деп Абай айтпақшы, келешекте Шығыс поэзиясын түпнұсқасынан тәржiмалайтын жас аудармашылар мектебiн ашсам деймiн. Осы арманымды бiр кезде Рымғалиға айтқанымда ол қуана құптаған едi. Мен онымен бес жыл бiрге оқыдым. Студенттiк өмiрдiң ыстық-суығын бiрге кештiк. Ол арамыздан тез танылып, тез көтерiлген жарық жұлдыздарымыздың бiрi едi. Жасымыз қатар болса да, оны ұстаз деп атаушы ем. Ол бәрiмiзден биiк едi. Рымғали Нұрғали мәңгi сол биiгiнде қалды.

Өтеген КҮМIСБАЕВ, филология ғылымдарының докторы

Серіктес жаңалықтары