Көлік нөмірін жасырған жүргізушілер қамауға алынды

/
Көлік нөмірін жасырған жүргізушілер қамауға алынды
istockphoto

Жамбыл облысында мемлекеттік тіркеу нөмірін әдейі жасырған жүргізушілер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Атап айтқанда Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автожолында Daf жүк көлігінің жүргізушісі мемлекеттік тіркеу нөмірінің бір әрпін майлықпен жауып алғаны белгілі болды. Жүргізуші бұл әрекетке ақылы жол үшін төлем жасамау, сондай-ақ бейнебақылауға түспеу мақсатында барған.

Сонымен қатар жедел іс-шара барысында тағы бір Daf жүк көлігінің жүргізушісі жауапкершіліктен жалтару үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін арнайы техникалық құрылғы арқылы троспен әдейі жасырып алғаны анықталды.

"Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен құқық бұзушылар бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, тиісінше бес тәулікке және екі тәулікке әкімшілік қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тоқтатылған Alphard автокөлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірінің жалған екені анықталды. Сондай-ақ бұл көліктің өткен жылы есептен шығарылғаны белгілі болды.

Аталған өрескел құқық бұзушылық бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігіне сәйкес, жүргізушіні бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырып, әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылып отыр. Іс материалдары сотқа жолданды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары