ӘН АҒА, ЖАН АҒА...

ӘН АҒА, ЖАН АҒА...

ӘН АҒА, ЖАН АҒА...
ашық дереккөзі
558

Орал қаласындағы анамның бұрынғы үйiнде он жыл бойы Маша апай көршi тұрды. Сол кiсiнiң осыдан жетi-сегiз жыл бұрын сұрағаны бар: "Сiз айтыңызшы, үнемi үйдегi радиоқабылдағыштан берiлетiн бiр тамаша ән бар, тек соның кiмге арналғанын бiлмеймiн. Қазақша бiлмегенiмнiң кесiрi ғой. Ал әуенi сондай керемет! Қашан естiсем де, бүкiл iсiмдi ысырып қойып, соны тыңдауға ұмтыламын. Басқасын түсiнбесем де, анық аңғарғаным мынау: "гитара" және "серенада" деген сөздер…". "Ол-атақты сазгер Шәмшi Қалдаяқовтың "Сыған серенадасы" атты әнi ғой. Әндi жас әншi Серiк Тоқтар орындайды" дедiм…

Басқаша болуы да мүмкiн емес. Өйткенi, әннiң иесi – халқы сүйген, көкке көтерген Шәмшi Қалдаяқов қой. "Қазақстанның Халық әртiсi" атағын тек 1991 жылы алса да, ол сонау өткен ғасырдың 60-70 жылдары нағыз халқына танылған сазгер болды емес пе?! Оның қасында кезiнде "Партия туралы ода" және "Тың туралы" симфония жазғандар шен-шекпенге ие болып, ақшаның астында қалса да, бүгiнде олар кiмге танымал?! Рас, тек ән аға, жан ағаның өзiне лайықты құрметтi атақты алғаннан кейiн, көп ұзамай өмiрден озғаны өкiнiштi-ақ. 1992 жылы 29-ақпанда Шәмшi Қалдаяқовтың өмiр бойына елдiң шынайы құрметiне қуанған, кейбiр iшмерездердiң қудалауын көрiп күйзелген абзал жүрегi мәңгiлiкке соғуын тоқтатты…

…Шәмшi ағаны тiрi кезiнде-ақ "Қазақ вальсының королi" дейтiн едi. Әрине, бұл ресми емес атауды бiреулер құрметпен аузына алса, әлдекiмдердiң жүзiнен мысқыл нышаны да сезiлмей қалған жоқ. Алайда өзi туралы сан алуан лақап пен өсек-аяңға ұлы Шәмшi мойнын бұрып қараған да емес. Кез келген жерде қолы босай салса, рояльға отырып, онан қалса, өзi сүйiп ойнайтын мандолина немесе домбыраны қолға алып, көңiлiнде жүрген әуендi нотаға түсiргенше асығатын. Өзi бiрде былай дептi: "Мен әнiмнiң әуендерiн кейбiреулердей қиыннан қиыстырудан аулақпын. Кейде жайбарақат жүргенде немесе демалыс шақтарында бақтағы жапырақтардың сыбдырындай кездейсоқ әуендер көңiлiме оралып, тiптi жадымнан кетпей қояды. Сәтi түскен минуттарда сол әуендердi ақ қағаз бетiне түсiрiп үлгеретiнiм де бар. Үлгермесем, онда сол әуендердiң кейде көңiлге келгенде, ырғағының өзгерiп кететiнi де кездеседi…".

Атам қазақта адамның болмыс сыйға тартқан қасиетiн сипаттайтын "арқалы" деген теңеу сөзi бар. Демек, Шәмшi Қалдаяқов та арқалы сазгер. Жоғарыда көрсетiлгенiндей, оның санасына әсем де әуездi әуендердiң өз-өзiнен келiп құйылуы – соның айқын айғағы болса керек. Екiншi жағынан, Шәмшi ағамыздың тегi де өнерден құр алақан болмаған. Әкесi домбыра мен қобызда еркiн ойнапты. Түрлi ойын-тойларда әсем ән салып, елдi аузына қаратқан. Анасының да жанға жағымды даусы болған, үй шаруасынан қолы босаса, қазақтың ұлттық саз аспаптарына ұмтылған екен. Мiне, осындай отбасында өскен Шәмшiнiң ұлы сазгер болуы өз-өзiнен түсiнiктi.

Сонымен, ұлы сазгер 1930 жылы 15-тамызда бүгiнгi Оңтүстiк Қазақстан облысы, Отырар ауданының Шәуiлдiр ауылында дүниеге келген. Бiр қызығы сол, дарынды жас мектеп бiтiргесiн, дереу консерваторияға немесе саз колледжiне жүгiрмей, Сарыағаш малдәрiгерлiк техникумына оқуға түсiптi. Аталған оқу орнын үздiк бiтiрiп, әскер қатарына аттанды. Төрт жыл бойы Қиыр Шығыста тайганың тамылжыған ауасын жұтып, үскiрiк аязына бетiн қарытып, елге оралған.

Әскери және азаматтық шыңдалу өмiрiнiң қазанында қайнаудан өткен Шәмшi ендi ғұмырының мәнi – ән шығаруда екенiн ұқты. Ең әуелi Ташкент қаласындағы саз колледжiн тәмамдады. Сонан соң, 1956-1962 жылдары Алматының консерваториясында профессор В.Великановтан дәрiс алыпты. Ал 1965 жылы ол танымал әндерiнiң шоғыры үшiн республикалық жастар сыйлығының иегерi атанған. Әрi қарай, оның күйсандығынан жаңа да жан тебiрентерлiк әндер бiрiнен кейiн бiрi туындап, жүректерден орын тауып жатты…

Шәмшi ағаның тамаша әндерiнiң сонау "Ақмаңдайлымнан" бастау алғанын бүгiнде екiнiң бiрi бiле бермейдi де. Бұл әсем әндi тұңғыш рет нақышына келтiре орындаған ұлтымыздың бұлбұл қызы Роза Бағланова едi. Аталған ән радиодан шырқалған соң, санаулы күндердiң iшiнде Шәмшi Қалдаяқов дүйiм қазаққа танымал боп шыға келдi…

"Қайықта", "Бақыт құшағында", "Қайдасың", "Арыс жағасында", тағы басқа әндердi бiлмейтiн немесе естiмеген аға және орта жастағы ұрпақ өкiлдерi бүгiнде кемде-кем. Әр әнi "құлаққа кiрiп, бойды алар" әуен ғана емес, шағын спектакльге пара пар. Сонау өткен ғасырдың 60-70 жылдары елдiң аузында жүрген осы әндерге қазақтың тамаша ақындары: Ж.Нәжiмеденов, Т. Молдағалиев, М.Мақатаев мәтiн жазды. Сондықтан шығар, Шәмшi әндерiнiң кез келгенiн алсаңыз, әуен мен мәтiн бiр-бiрiмен мейлiнше тұтасып, қабыса байланысып тұр. Қазiргiдей жылаңқы ән сөздерi мен "Жаулап алды(!) махаббат" сынды сорақылықтарды емге таппайсыз.

Сол кездегi жас ақын, бүгiнде ұлтымыздың наркескен ұлы Мұқтар Шахановтың әнге мәтiн жазуынан жерлесi Шәмшiмен арадағы ұзаққа созылған достығы басталған-ды. "Арыс жағасында" немесе "Өмiр-өзен" әндерiмен тек Шәмшi ғана емес, Мұхтар да елге танылып, оның шығармашылық соқпағы сәттi сүрлеуге түстi. Ал әншiлер ше?! Сол кездегi қазақ сахнасының саңлақтары: Рашид Мұсабаев, Ришат Абдуллин, Бибiгүл Төлегенова тамылжыта орындаған әндердi бүгiнгi кейбiр жас әншiлер айтқанда, шыны керек, көңiлiмiз тола бермейдi….

Шәмшi әндерiнiң бақыты бес елi екен. Олардың ұмытылмағаны және ұмытылмайтыны өз алдына, қазiр "Менiң Қазақстаным" әнi – елiмiздiң ресми Әнұраны. Расында да, оның әндерiнiң басым көпшiлiгi вальс ырғағында жазылғандықтан, марш екпiнiмен шығарылған осынау дара да айбынды туындысы ақырында рухани өмiрiмiзден лайықты орнын тапты. Сөйтiп, Ш.Қалдаяқов пен Ж. Нәжiмеденов есiмдерiн ешқашан өлместей етiп, соңына жария жасады.

Көпке мәлiм, Шәмшi ағамыздың қуғын-сүргiн көрген, қасақана шеттетiлген шақтары да аз болған жоқ. Тiптi бiр кездерi сазгер ағамыз сыған таборында да өмiр сүрген. Алайда оның жауларынан достары көп едi. Солардың iшiнен дарабоздар: Нұрғиса Тiлендиев пен Әсет Бейсеуовтiң есiмдерiн бөлек атар едiк. Жоғарыда аталған құрметтi атақты да Шәмшiге ресми билiк емес, халықтың өзi бердi. 1991 жылғы сол кездегi "Социалистiк Қазақстан" (бүгiнгi "Егемен Қазақстан") газетi ұйымдастырған айлар бойғы бүкiлхалықтық талқылау ел сүйген ердiң өңiрiне марапат белгiсiнiң тағылуымен аяқталған -ды…

Бүгiнде Шәмшi ағамызға арналған ән фестивальдары елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жыл сайын кең көлемде өтiп жатады. Оған арналған талай кiтаптар мен деректi киноленталар шығарылды және әлi де жарық көре бермек. Соның бiр мысалы бiздiң өңiрiмiзде де жарық көрген – "Жүректен шыққан жүз ән" атты ән дәптерi. Кiтаптың iшiнде әндер жазылған диск бар. Дискiнiң iшiнде өзгелермен қатар, Ш.Қалдаяқовтың да талай әнi жүр. Осы жарасымды жобаның жетекшiсi, бiлiктi жас басшы, "Жайық Пресс" ЖШС-iнiң директоры Шыңғыс Мұқан.

Мiне, жарты ғасырдан астам уақыт бойы Шәмшi әндерi қазақ аспанының көгiнде қалықтап келедi. Қазақ бар да, оның әндерi мәңгi тiрi, көпке дейiн жасай бермек. Әттең, тек осыдан 18 жыл бұрын ұлы дарынның арамыздан қайтпас қияға кеткенi болмаса. Ол саналы ғұмырында елi мен жерiн, ұлтын сүйдi, тек жалаң ән жазумен шектелiп қалған жоқ. Қазiр оның талай асыл арманы жүзеге асты. Тәуелсiздiктi көргенiмен, елдiң көркейгенiне куә болып үлгiрмеген абзал жанның бар тiлектерiнiң келешекте де орындала беретiнiне сенiмiмiз нық.

Серiк ЫҚСАНҒАЛИ

Серіктес жаңалықтары