ЖАРАПАЗАНДЫ ЖАҢҒЫРТСАҚ ЕКЕН
ЖАРАПАЗАНДЫ ЖАҢҒЫРТСАҚ ЕКЕН
Бала күнiмiзде Рамазанның мәнiсiн терең ұғынбағанмен, кеш батса өзiмiз құралпы балалар ауыл-ауылды, үй-үйдi аралап, жарапазан айтып, кәмпит-күлше, жемiс-жидек, өрiк-мейiз, тиын-тебенге қарық болатынбыз. Жәй күнде қатал болып көрiнетiн кiсiлердiң үйiне жарапазан айта барғанда күлiмдеп қарсы алып: "Бәрекелдi! Қаттырақ дауыстап айтыңдар" деп, қойны-қонышымызға тәттi тоқаш пен кәмпиттерiн толтырып жатушы едi. Осыдан да бiзге, Рамазан бейне бiр жақсылықтың жаршысы, қуаныш пен мейiрiм-шапағат айы болып көрiнетiн.
Күндiз бiр-бiрiне қыр көрсетiп, ерегiсе кететiн балалар ымырт үйiрiле ым-жымы жарасып, қосылып жарапазан шырқайды. "Оразада арамдық жасауға болмайды" деп, жиналған ақшаны тең бөлiске салатын. Кейде ұрсып қалған ауыл балалары қайта жарасу үшiн Рамазанды ерекше ынтызарлықпен күтетiн. Осыдан да бiзге Рамазан татулық пен адалдықтың айы болып көрiнушi едi.
Қыз-бозбала жамырап жарапазан айтқанда ауыл iшi жаңғырып кетедi. Қатты дауыстап айтқанда үй иелерi мәз-мейрам болатын. Неғұрлым көп болып жарапазан айтып, дауысымыз зорайған сайын, соғұрлым табысымыз да таудай болушы едi. Осыған қарап бiздiң әлi кiр шалмаған мейiрiмдi жүрегiмiз "бiрлiктiң" қандай күш-құдiрет екенiн терең сезiндi.
Жарапазан айтқанда құр айқайлай бермеушi едiк. Үлкендерден естiп, жаттап алған шумақты тамылжыған әдемi мақамға келтiрiп, бар даусымызбен шырқайтынбыз. "Тәйт" дейтiн ешкiм болмағандықтан, тынысымыз тарылмай, еркiн ашылып, жарапазанымыз жұрттың құлақ құрышын қандыратын.
Ақ тауық, қызыл тауық құрма шашар,
Осы үйде бiр жеңгем бар теңге шашар.
Теңгесiн шашпай-төкпей қолыма бер,
Қасымда қу жiгiттер ала қашар.
Анау ауылға барып едiм тайлақ бердi,
Тайлағын ала жiпке байлап бердi.
Ойпырмай баласының пысығын-ай,
Асырып алты қырдан айдап бердi.
Мiнгенi Пайғамбардың қара қасқа,
Шабады қаһарланып қара тасқа.
Шапқанда қаһарланып қара тасқа
Қара тас бөлiнедi алты басқа.
Айтқанда жарапазанға тоямыз ба?
Кәдесiн бұрынғының қоямыз ба?
Кәдесiн бұрынғының қойып кетсек,
Барғанда ана жайға оңамыз ба?
Ар жақта тозақ тұрар тұздай болып,
Бер жақта пейiш тұрар мұздай болып,
Оразаң былтыр кеткен биыл келдi,
Ұзатқан қарқаралы қыздай болып
– деп шырқағанда, үлкендер; "Ой, пәлi" десiп, мағынасы терең сөз бен әдемi мақамға мейiрленiп қолындағы барын ұстатын.
Үлкендерден "бәрекелдiнi" естiп, бiздiң өз-өзiмiзге деген сенiмiмiз де ерекше арта түседi. Бiр жағынан, ауыл баласы поэзияның құдыретiн жарапазан айту арқылы терең ұғынатын. Ән айтуға, домбыра мен баян тартуға деген таланты жарапазанда ашылатын. Жалпы ауыл баласының өнерге деген алғашқы қадамы жарапазан айтумен жасалушы едi.
Үлкендер: "Рамазан айында кем дегенде жетi үйге жарапазан айту керек" дейтiн-дi. Бiздiң алып-ұшқан көңiлiмiз жетi үйге емес, жетпiс үйге жарапазан айтсақ та көнши қоймайтын. Көршi ауылдың балалары бiздiң ауылға келiп жарапазан айтып жатса, бiз көршi ауылға барып жарапазан шырқайтынбыз. Рамазан келдi дегенше осылайша ауыл-ауылда ұлан-асыр той басталып кететiн едi.
Бiз жарапазан айтып болғанша шалдар Тарауих намазын тәмамдап болып, аяқты созып қойып, шай iше отырып шариғатпен қоса ескi дiни қисса-дастандарды айтады. Кейбiр қариялар осы кезден саналарына сiңiре берсiн дей ме екен, әңгiме құмар балаларды маңайына жинайды. Бiз "Кербала", "Сияре-Нәби", "Кесiкбас" секiлдi қисса-дастандарды тыңдап, намысқойлықты, батырлықты, отансүйгiштiктi, өзге үшiн өзiңдi құрбан етудi, жалпы, имандылықтың не екенiн жүрегiмiзбен терең ұғындық. Қисса-дастанда орын алатын опасыздықты, алаяқтықты, екiжүздiлiктi, әлiмжеттiлiктi көрiп, балаң көңiлiмiз жамандықтан барынша жирене бiлдiк. Осы тұрғыда бiз Рамазанның тәрбиелiк мәнi өте жоғары ай екенiне сендiк.
Әрбiр ұлттың адамзат өркениетiне қосар өз тарту-тәбәрiгi бар. Құдайға шүкiр, Қазақтың адамзатқа үйретер тағылымы телегей-теңiз. Әйтсе де, барыңды бағалай бiлмесең, одан күндердiң күнiнде айрылып қалуың ғажап емес. Осындай бағасына жете бермейтiн, қолдан сусып шығып бара жатқан жақсы дәстүрiмiздiң бiрi – жарапазан айту десек қателеспеймiз. Соңғы жылдары елiмiзде жарапазан айту дәстүрi сиреп бара жатыр. Кейбiр қазақы ауылдарда болмаса, қала мен кенттерде жарапазан айту дегенiмiз артта қалушылық, архаизм саналады.
Ауылдардың өзiнде жарапазанның бұрынғыдай көптеген нұсқалары айтылмайды. Айналдырған бiр-екi шумақты қайталай бередi. Бұрын үй иесi теңгесi мен тәттiсiн бергенде iшiмiздегi үлкендерiмiз сол үйдi алдын-ала зерттеп, зәру болған нәрсесiне Құдай жеткiзсiн деп бата қайыратын. Бұлай тiлектес болудың психологиялық зор пайдасы бар. Ал, қазiргi ауыл балалары баратын үйiн жiтi зерттемек түгiлi, батаны да дұрыстап бере алмайды.
Әсiлi, жарапазанды тiрiлту үшiн үлкен реформаның қажетi жоқ. Қазiр мектептердегi салт-дәстүрдi жаңғырту үйiрмелерi осы жарапазан айту дәстүрiн қолға алса, жоғалып бара жатқан салтымыздың еңсесiн қайта көтерген болар едiк. Жарапазан айтуды сабақтан тыс оқу бағдарламасына енгiзiп, жас жеткiншектерiмiз кезегiмен бiр-бiрiнiң үйiне жарапазан айтуды әдетке айналдырса, жарапазанның қайта жаңғыратыны хақ. Жарапазан айтудың елiмiзде әртүрлi нұсқалары бар. Жарапазанның осы түрлi нұсқаларын жинақтап, сұрыптап, кәделiсiн елдiң игiлiгiне жарату һәм келешек ұрпаққа аманаттау бiздiң еншiмiздегi зор мiндет.
Ата-бабаларымыз ұлттың тектiлiгi мен парасатын өзiнiң бай салт-дәстүрi арқылы паш ете бiлген. Алайда, халықтың осындай iзгi дәстүрiнiң бiрi – жарапазан айту ел iшiнде жылдан жылға азайып бара жатқандығы, күнi кеше ғана Рамазан сайын шырқалған жарапазанның көз алдымызда өшiп бара жатқаны жанымызға қатты батады. Бiздiңше, жарапазан айтуды жер-жерде қайта жаңғырту үшiн халық iшiнен ынталы топтар шығып, iзгi дәстүрiмiздiң жойылып кетпеуiне атсалысуы қажет. Бұқара халық осыған ынта-ықылас бiлдiрсе, ата-баба аманатын аман сақтап қала аламыз. Ендеше, Алла Тағала халықты дәстүрге деген ынта-ықыластан айырмасын деп тiлеймiз!
Ақмарал САТЫБАЛДЫ