ДIНТАНУ МАМАНДЫFЫНА НЕГЕ СҰРАНЫС ЖОҚ?

ДIНТАНУ МАМАНДЫFЫНА НЕГЕ СҰРАНЫС ЖОҚ?

ДIНТАНУ МАМАНДЫFЫНА НЕГЕ СҰРАНЫС ЖОҚ?
ашық дереккөзі
249

Бiлiм гранттарының қорытындысы жарияланды. Жоғарғы оқу орнына құжат тапсырған талапкерлер өз таңдауы бойынша тегiн бiлiм ала алады. Жоғары бiлiмдi кадрлар дайындауға мемлекеттiк бiлiм тапсырысы 35425 бiлiм грантын бекiттi.

Бiлiм грантын алу конкурсына биыл 82607 талапкер құжат өткiзген. Олардың 57828-i қазақ тiлiнде, 24779-ы орыс тiлiнде бiлiм алуға өтiнiш бiлдiрген. Бұл өз кезегiнде қазақ тiлдi мектептердегi бiтiрушi түлек санының артқандығын бiлдiрсе керек.

Расында, биыл мектеп бiтiрген түлектердiң ата-аналары грант қорытындысы белгiлi болғанша, жанын шүберекке түйiп, баласының тiлеуiн тiлеп отырды. Грантқа қолы жетпеген талапкердiң өкiнетiндей жөнi бар. Өйткенi, оқу ақысы удай қымбат. Оқу ақысы екiнiң бiрiнiң қалтасы көтере бермейтiн халге жеткен. Сондықтан да кез келген ата-ананың мемлекеттен бөлiнетiн оқу грантына ие болуға ұмтылатыны айдан анық нәрсе. Алайда тегiн оқуға мүмкiндiк беретiн өзге де жеңiлдiк түрлерi қарастырылған. Мәселен, биыл бұрынғы жылдардағыдай ауыл жастарына ауылдың әлеуметтiк-экономикалық дамуына қажеттi мамандықтар бойынша ғана 30 пайыздық квота белгiлендi. Сонымен қатар I және II дәрежедегi мүгедектер, туғаннан мүгедек балалар үшiн және ата-аналарының қарауынсыз қалған балалар үшiн арнайы квота қаралып отыр.

Кейбiр мамандықтар бойынша бiр орынға бiрнеше талапкер ұсыныс бiлдiрген. Мұндай жағдай жыл сайын орын алып тұратынын ескерсек, жылдағыдан өзге мамандықтарға да көпшiлiктiң көзi түскенiн байқаймыз. Мәселен, "Кеден iсi", "Мемлекеттiк және жергiлiктi басқару"талапкерлердiң өте жақсы көретiн мамандығына айналған. Бұл мамандықтарды грантпен де, ақылы да оқитындар саны азайған емес. Нелiктен? Әлде оңай қызмет пе, мүмкiн өлшеусiз қазынаның ортасында қалам деген ой бар ма, ол жағы түсiнiксiз. Есесiне мыңдаған грантты жеңiп алып, жоғары бiлiм алған кәсiп иелерi жұмыссыздар санын анағұрлым көбейтiп келедi десек қателеспеймiз. Екiнiң бiрi экономист, кеденшi, заңгер. Бұл үрдiстен халық әлi де болса ажырар емес. Ал "Кадастр", "Жерге орналастыру" мамандықтарына сұраныс көп. Ол түсiнiктi де, ауылшаруашылығына баса көңiл бөлiнуде. Үдемелi инновациялық-индустрияландыру бағдарламасы бойынша жұмыс жасайтын, техника тiлiн бiлетiн мамандар дайындалып жатыр ма? Техникалық мамандықтарға көп көңiл бөлiнуi заңды да. Биыл елiмiзде мемлекет тарапынан техникалық мамандықтарға 11465 грант бөлiнiп отыр.

Күндiзгi бөлiм бойынша бiр орынға ең аз конкурс болған кейбiр мамандықтар болды. "Дiнтану", "Ұшыру аппараттарын сынау" және "Машина жасау кәсiпорындарындағы экономика және басқару" мамандықтары көпшiлiктiң қызығушылығын тудырмаса керек. Өткен жылы республика көлемiндегi орта мектептерде "Дiнтану" пәнi мiндеттi мектеп пәнi ретiнде енгiзiлген болатын. Осыған орай бұл мамандыққа бiлiм гранты көбiрек бөлiнуi тиiс едi. Себебi, дәл қазiр дiнтану пәнiнен сабақ беретiн, бiлiмдi мамандар жоқтың қасы.

Өткен жылмен салыстырғанда, биыл мемлекеттiк тапсырыс көлемi 1085 бiлiм грантына көбейтiлiп отыр. Атап айтар болсақ, "Назарбаев университетiне" 500 орын, Халықаралық ақпараттық технологиялар университетiне – 300 орын, ал Қазақстан-Британ техникалық университетiне – 200 орын белгiлендi. Сондай-ақ, Ауғанстан Ислам Республикасына ҚР-ЕҚЫҰ желiсi бойынша жәрдемдесу iс-қимыл жоспары бойынша Ауғанстанның 200 азаматы қабылданса, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетiнiң Баян-Өлгий филиалында Моңғолия азаматтары болып табылатын қандастарымызға 25 грант бөлiндi.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары