МЕНIҢ ЖАНЫМ САН ҒҰСЫЛДАН ЖАМАЛҒАН...

МЕНIҢ ЖАНЫМ САН ҒҰСЫЛДАН ЖАМАЛҒАН...

МЕНIҢ ЖАНЫМ САН ҒҰСЫЛДАН ЖАМАЛҒАН...
ашық дереккөзі
196

АУЫЛҒА КЕЛГЕНДЕ

Айнала айғыр арқырағандай,

Аңқып тұр желдiң аңқылдақ исi.

Сыр бермес тiзем қалтырағандай,

Жел-жеңешем-ау,

Ақырын сүйшi!..

Мойнымды созсам Қазығұрт таудай,

Көлеңкең көшiп мүлгидi көкте.

Боталап тұрған боз бұлттардай,

Жаңбыр ма, жас па, сырғиды бетте.

Армысың Ауыл –

Арсалаңдарым,

Аруана тауым, Жұлдызым жаққан.

Халiмнiң басшы шаршағандарын

Ерiнде ерiп, шымырлап аққан…

Кеуденi үңгiп мұң iшер Ай да,

Қайнына ғашық жеңгедей керiм.

Құс бiткен ұшып барады қайда,

Пернеде қалған термедей ме едiң?..

Мұңымды менiң матырды Сүтке,

Қара ағаш,

Ақтас,

Қарасуларым.

Ауылдың исi-ай, –

Ақырғы Нүкте,

Аялдамасы адасулардың.

Айнала айғыр арқырағандай,

Аңқып тұр желдiң аңқылдақ исi.

Сыр бермес тiзем қалтырағандай,

Жел – жеңешем-ау,

Ақырын сүйшi!..

АВТОПОРТРЕТ

Тегiмдi сұрасаң,

Түбi терең Еменмiн,

Тереңнен де Тереңмiн,

Шежiрелi Шеменмiн,

Ең әдемi Өлеңмiн.

Шөгер болсам,

шөлсiздiктен шөгермiн,

Өлер болсам,

дiлсiздiктен өлермiн.

Жөнiмдi сұрасаң,

Құс iшiнде Сұңқармын,

Жылқы iшiнде Тұлпармын,

Бұлт iшiнде Бұрқармын,

Шырқаудан да Шырқармын.

Құлар болсам,

құнсыздықтан құлармын,

Сынар болсам,

үнсiздiктен сынармын.

Сөзiмдi сұрасаң,

Арқыраған Ағыспын,

Арса-арса Шабыспын,

Талқы iшiнде Талыспын

Жүректегi Қағыспын.

Жылар болсам,

ессiздiктен жылармын,

Тынар болсам,

көзсiздiктен тынармын.

Өзiмдi сұрасаң,

Керiм емес Серiмiн,

Қағы бүтiн Бөрiмiн,

Сырттан Сұрдай Көрiгiм,

Көрсетпейтiн өлiгiн.

Жетер болсам,

…жеткенiмше жетермiн,

Кетер болсам,

көзкөрмеске кетермiн.

Мен солаймын!

КӨҢIЛ КҮНДЕЛIГIНЕН

Сезiмталдығым өзiме сор болды

Менiң жалғыз айыбым – сүйiп қала беремiн,

Күн отына күлдiреп күйiп қала беремiн.

Сырқатынан дүниенiң сызат түсiп iшiме,

Көкiрегiм басына түйiп қала беремiн.

Сенбес едiм, сорыма, сенiп қала беремiн,

Басқа бiреу көрмесiн, көрiп қала беремiн.

Сезiмiмнiң тым нәзiк бiткендiгi шығар-ау,

Жүрегiмнiң түбiнде Өлiп қала беремiн.

Бiлмес едiм, Құдай-ай, бiлiп қала беремiн,

Қара жердей қарысып тынып қала беремiн.

Тынғанымды қайтейiн, сары мұңға шаншылып,

Сынық сәуле сияқты сынып қала беремiн.

Болайын-ақ демеймiн, болып қала беремiн,

Толған айдай толықсып толып қала беремiн.

Солқ-солқ еткен сорымның солқылына шыдамай,

Су басында жатып та солып қала беремiн.

Танымас ем, қайтейiн, танып қала беремiн,

Мыңғырлаған мың ойдан маңып қала беремiн.

Бармау үшiн арман ғып қанша қайрат қылсам да,

Құдiреттiм Өзiңе барып қала беремiн.

Менiң жалғыз айыбым – сүйiп қала беремiн.

ҚҰШАДАСЫ. ҚҰСТАР ӘНI

Әлде өңiм, әлде тәттi түс пе екен?

Көкiрегiм кенен күйге кенелдi.

Еш сазгердiң нотасына түспеген,

Мың-миллион құстар сайрай жөнелдi.

Су ойнайды сыңғырлағы сыңғырлап,

Көк аспанда асылып тұр саз бен Ай.

Тұңғиықпен тiлдесiп тұр тұнжыр бақ,

Былдыр-былдыр, былдырлайды… қозғалмай.

Қанатыма салған шақта жұлдыз дем,

Құсни әуен ғұсыл құсқа қосылдым.

Ай iлiнген ерiнiнен сүйгiзген,

Шымыр-шымыр, шымырлатты тосын мұң.

Құс-рухым қалқып тұрса әуеде,

Әуреге сап қол бұлғайды бiр мұңлық.

Мәуе бақтың iшiндегi мәуеге,

Сосын аңсар армандарға жылындық.

Көңiл шiркiн сол құстармен бiрге ұшты,

Қос қолымды көп отырдым жайып тек.

Көз алдымда бетке алып Шығысты,

Көкжиекке сiңiп кеттi ғайып боп.

Құстар ұшты саз тудырып самалдан,

Су iшiнде жалғыз аққу сұңқылы.

Менiң жаным сан ғұсылдан жамалған,

Құсқа айналып кетер ме екем бiр күнi…

САЛАХ-АД-ДИН СЕЛЖҮКТIҢ СӘЙГҮЛIКТЕРI

Армандарым жүрсе де әйгi қып тегi,

Арландарым шертедi қайғырып ненi?

…Күлдiр-күлдiр кiсiнеп түсiме кiрдi,

Салах-ад-дин селжүктiң сәйгүлiктерi.

Түсiме кiрдi ойқастап арқырағаны,

Қара түндi қақ жарып жарқырағаны.

Ауыздығын шайнаған айға бiр қарап,

Қара өткелге жай тастап сарқырағаны.

Түсiме кiрдi қос пырақ алтын тағалы,

Құс жолының төсiнде аңқылдағаны,

Боз тұманның iшiнде шұрқырағаны,

Құйрық-жалы төгiлген сол пырақтың.

Аударылып түскендей алтын парағы.

Күмiс жалды күреңдер керемет едiң,

Дүркiрей көшкен дүбiрiн өлең етемiн.

Өткен күн мен келер күн арасындағы,

Ақ сауыт киген азаттық сен емес пе едiң?

Сен емес пе едiң айтаңба қорғандар мына,

Жүрек жұтқан айта бар қабландарыңа:

Бұрылмай қойды бүйрегiм шаптан кеп түрткен,

Бақай есеп Батыстың жалғандарына.

Көк пен жердi бiр сәтке жақындататын,

Қиялы ұшқыр ұлың ем кәдiмгi ақын.

Алдаспан өлең, ақ өлең Тәңiрден несiп,

Күллi әлемге осыны мақұлдататын.

Қанымда ғой, қанымда дүбiрi аттың,

Шөлге ғана шөлдеген шындық ұрлаттым.

Қара жолдың үстiнде шұрқырай көшкен,

Қайқыдай жұртым секiлдi қоңыраулаттың.

Құс аралы. Қос құдық. Бұлдырық тауы, —

Сәйгүлiктi алайын шалдырып тағы.

Байғыздың үнiн сiңiрген құлағым тоссам,

Ғасырлардың келедi жаңғырықтары.

Армандарым жүрсе де әйгi қып тегi,

Арландарым шертедi қайғырып ненi?!

…Күлдiр-күлдiр кiсiнеп түсiме кiрдi,

Салах-ад-дин селжүктiң сәйгүлiктерi.

2009.

ҚАЗАҚСТАН

Бәдәулеттi баталы, тiлегiнде мақалы,

Шәлкем-шалыс атағы, қырық жамау шапаны.

Орда-шорда бiтiмi, Көкжендеттiң тұқымы,

Өлеңiмдi баталы жан түсiнген жоқ әлi.

Ала-құла шаһары, азар-безер мазары,

Өз елiнде апыр-ау, өгей болған өз әнi.

Өз қағынан жерiген, шойырылған белiнен,

Қараспанның қазағы, сарт ауылдың мазағы.

Қара Ертiстiң жағасы, Керағыстың арасы,

Ашық-шашық даласы Бұлғынтаудың сағасы.

Денесi бар, басы жоқ, бас сүйейтiн тасы жоқ,

Көзжендеттiң сорасы, көп шүрiштiң моласы.

Бұл не деген бұлқыныс, бұл не деген құлшыныс,

Бiр қарасаң сiлкiнiс, бiр қарасаң iркiлiс…

Ыңыршығы ыңырау, жұлыншығы мың бұрау,

Кiмге керек бұл тұрыс, неге керек жыртылыс?!

Жер-Ананың мұңды үнi, космостың кiндiгi,

Ұлықтардың ұрлығы, құныққанның ындыны.

Жәудiреген жанары, күлдiреген қабағы,

Тәлтiректеп әрең тұр Қазақстан шындығы.

Ұйқылы-ояу тiрлiгi, мен болайын құлдығы!

Қуыр-қуыр қуырмаш, қарға бойлы қарындас,

Көкбұлттың кәрiн бас, Көктеректiң дәнiн шаш.

Көктi кезiп кетсем де, ары-берi өтсем де,

Сендей адам туылмас, сендей Отан бұйырмас.

Қолтығында Құраны, жүрегiнде жыр-әнi,

Кеудесiнде ұраны, көкейiнде сұрағы.

Құлақтары құнтиған, балақтары шолтиған.

Сарыарқаның құланы жолға шығып тұр әнi…

Қаратаудың бұлағы, Ұлытаудың ұлары,

Сұңқартаудың сыңары, Шыңғыстаудың шынары,

Алақтаған көзi бар, кедiр-бұдыр сөзi бар.

Астананың сынағы, Атыраудың обалы.

Айналайын жан анам, жiбек жалын тараған,

Тойып iшiп тобадан өз күшiгiн талаған.

Ұлтандары-ыржалақ, сұлтандары- қызталақ,

Зар етпекке жараған өз Абайын сабаған.

Дүние бiлсең – аламан, берген қолы алаған,

Сұр бет сұғын қадаған иттер шықты қабаған.

Жаны сiрi бұл қазақ, қаны тiрi бұл қазақ,

Азаматы абадан өз жарасын жалаған.

Көшiм қалды көшелi, айтпағым да осы едi,

Тәлкек еттi тегiмдi мәстегi мен есегi.

Миы сәл-сәл шайқалған, мипалауға айналған,

Есiл жұртым кешегi келiмсектiң төсегi.

Маңдай соры бес елi, кiмнен де болды кеселi,

Кеше кеткен есенi кiмнен де алсам деседi…

Аят оқып қояйын, ей, тәңiрiм, аян бер:

Қол бастасын көсемi, ата берсiн шешегi.

Тiлек осы өз үйiм, бозаңдағы боз үйiм!..

Қазақстаным!

ҚАҢҒЫБАС

Қара сұрдай қап-қара аңызақ түн,

Көр iшiнен дос таппай жан ұзарттым.

Жұтқыншағым тығылып тамағыма,

Жауындарың жанымның жамыраттым…

Түннiң тұйық түйсiгiн теңселдiрiп,

Шарап iшiп отырмын еңсем кiрiп.

Жарық жаққа ұмтылам жаным қалмай,

Түбiрi жоқ дүниенi Өлшем қылып.

Дүние-ай, неге тарылдың маған-дағы,

Адамдары қаланың тағы алдады.

Шыбын жаным шырқырап кеудемдегi,

Жапырақтай тапталдым табандағы.

Сегiзкөзiм сырқырап, қан сығуда,

Төзiмiм де айналды таусылуға.

Жансыз әлем жайлаған жалғандықтан,

Жүрегiмнiң бiр басы шаншылуда.

Тәңiрiме қарайдым, кетпес едiм,

Мұнша азап (құрысын!) шекпес едiм.

Көк кезедi көңiлiм көрде тұрып,

Шер құсалы бұлтпенен шектесемiн…

У да iштiм толтырып кесеменен,

Айласын да асырды неше менен.

…Қара бұйра бұрымын жайып тастап,

Бiр қаңғыбас барады көшеменен…

ОЛ…

Қара сия сияқты Қаламдағы,

Қара сүйел сияқты Жарамдағы,

Қара түнде тұратын ағараңдап,

Сараң сурет сияқты Санамдағы.

Күлдiреген күдiктей Үмiттегi,

Үлбiреген үмiттей Күдiктегi,

Жаныңды жеп азапқа шегелейтiн,

Бұзаубас буын құрттай Жiлiктегi.

Тастай суық табыттай Жарығы жоқ,

Дертке дауа сияқты Дәруi жоқ.

Жалғанқұмар жалғыздай жапандағы,

Зарқұсалы запыран зарығы көп…

Пейiштен шам iздеген Шемендейiн,

Пейiлiне перi кiрген Емендейiн.

Өңiм қашып барады,

…Өзiм болсам

Iшiмде өлiп кеткен Өлеңдеймiн…

ШЫМҒАНТАУҒА ШАҒЫНУ

Шалқайып тұрған нарбас шың,

Шабынып жатқан шым-тағдыр,

Шалғы мұрт шалып армысың,

Шалыс та мiнез бұлт алғыр,

Шақшая қарап селт етпей,

Шаншыла қалған тау-мүсiн.

Шаршыңа түсiп шоршыған,

Шамырқанған шалкез шабақтай,

Шараңа сыймай шарт та шұрт

Шиыршық атқан қанбысың.

Шаттығымның сен бiр шырайы ең,

Шарапат тауып көрейiн.

Шүкiман әулием бармысың!

Шiлiңгiр түссе – пұшайман,

Шiлденiң күнi шiл еспе,

Шомбал тау анау шошайған,

Шоңқара шорам емес пе?!

Шақырайып шаққа шағынсам,

Шыңдардың шынар кiрпiгi –

Шаңқ етер де шырт сынар;

Шым-шымдап қана ағынсам

Шарболат шалыс шаршы жұрт,

Шегiркөздене шүйiлгiп

Шыр айналар да құрт сығар;

Шарқайрақ тасқа шағылсам

Шалт қапқан иттей шаптығып,

Шұбыра көшкен бұлт шығар.

Шымғанның басы ай-шұнақ,

Шыңырау түбi шар-айна.

Шемiршiн құлағын қайшылап

Шыр-шыр етедi бiр шындық –

Шын болған соң оңай ма?!

Шаханшаһ шердей шат құрап,

Шошайған шың-ай шоқтана,

Шоқ түскен сайын шапқылап,

Шар-мүсiн Шыршық тоқтама…

Шалдығып, сағынып келгенде

Шалымды менiң кезiмдi

Шалмасаң едiң тек қана.

Шыршықты айтсам шыр қағам,

Шырылдап талай жырлағам,

Шаншып ап мына жүректi

Шалдауыр тапқан бұл заман.

Шежiре шертсем төгiлiп,

Шермене жерге дейiн шегiнiп

Ширыққан жырдай болдым-ау,

Шетсiз бiр ойға берiлiп,

Шұбатылған шектей шеменнiң

Шегiне жетпей қойдым-ау.

Шамалар екен кiм мұны,

Шындықтың түссем түбiне.

…Шоқырау аттай бiр күнi,

Шолтаң етедi ғой дүние.

Шымыр да шымыр, шымыр-ай,

Шыңғырлап маңға шұбырған.

Шырғалаңдап аққан құрғыр-ай,

Шiдерлi құлындай шыңғырған.

Шидiң де басын шулатып,

Шерқұса жүректi тулатып,

Шыдамға сонша жүк артып

Шығарман болды-ау, шыбын жан!..

* * *

Сезiм осы ең аяулы, ең ыстық,

Дүниедегi Жан пендеге көнбеген.

Әйел деген ең әдемi Кеңiстiк,

Мың паршалап өлтiрсең де өлмеген.

Өмiр осы көзi кеткен күлдiреп,

Қан аралас, жын аралас, аралас,

Әйел деген мың бiр жалғыз – бiр жүрек,

Қай нәрседен қайыспайтын Қара ағаш!

Қалам осы жеңiлтектеу, жалаңбұт,

Түн жарымға қыңыр гитар шертетiн.

Әйел деген ақша қардай Адалдық,

Бiр-ақ сәтте балдай ерiп кететiн.

Жүрек осы шатыр-шұтыр жарылыс,

(Бұл бiр мақау, Бұл миғұла… Миуа түн)

Әйел деген сылаң қаққан Сағыныш,

Сiлкiлесең жапырақ боп жауатын.

Жайым осы жоқ iздеген жолшыдай,

Жоғалтқаным жарыс жолда бары анық.

Әйел деген көктем екен, о, Құдай,

Мезгiлiнде отыратын жаңарып.

Өзiм осы Жаны жатқа Өз емес,

Көп өзеуреп, мен несiне мезi етем.

Әйелдердiң осал жерi Сөз емес,

Әйелдердiң осал жерi… Көз екен!

* * *

Тамшыла өлең, тамшыла, тамшыла өлең,

Сауырымды қан-қан қып қамшыла, өлең.

Жерұйық iздеп шау тартқан шал Асандай,

Неге сонша аһ ұрып таусыла берем?!

Тамшыла өлең, тамшыла, тамшыла өлең,

Қашқан бiр судай қоңырап, қаңсыма, өлең.

Шайлықпа ойға шалдыққан Тоқаш көкемдей,

Жүрегiмнен неге осы шаншыла берем?!

Тамшыла өлең, тамшыла, тамшыла өлең,

Кiм шыдайды мен құсап зарпыңа, өлең.

Көк пен жерде тербелген кең дүниенi,

Беу, жалған-ай, неге осы тарсына берем?!

Тамшыла өлең, тамшыла, тамшыла өлең,

Шыбын жанды шырқырат ғаршыда, өлең.

Жер бетiнде жоғалған жалғыз жан мендей

Бал мен уға неге осы жаншыла берем?!

Тамшыла өлең, тамшыла, тамшыла өлең,

Сабылдырып санамды сансыра, өлең.

Адыра қалғыр ақылым адыра қалып,

Аппақ-аппақ аршындай аршыла берем!

Тамшыла өлең, тамшыла, тамшыла өлең,

Сол тамшыдан, сiрә, мен қансырап өлем!..

. . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . . .

Тамшыла өлең, тамшыла…

* * *

Барар жерiм беймәлiмдеу…

Сеземiн.

Шығар тауым ол да жұмбақ… беймәлiм.

О дүниенiң күтiп жүрмiз кезегiн,

Бұл дүниенi содан шығар қимауым…

Қайдан келем,

Қайда барам – белгiсiз,

Белгiсiздiк бәрiмiздiң барар жақ.

Өмiр өтер аңыздарға бергiсiз,

Оның бәрi түс секiлдi…

Тән алсақ.

Бұ дүние алабажақ,

Бiз деген

Өтiрiктен жiп өруге шебермiз.

О дүниеге жүз кетiсiп, жүз келем,

Пешенеге бұйырғанын көрермiз…

АҚБОЗ БЕН КӨКБОЗ

Жазушы Нұрғали ОРАЗҒА

Бiрге бiздiң аңсар һәм … арманымыз,

Құба жонда жосылған жолдарымыз,

Аппақ нұрға, дариға-ай, шүпiлдеген,

Бiрге атып келедi таңдарымыз.

Бiрге бiздiң жалын боп жанғанымыз,

Жастық әнiн қосылып салғанымыз,

Қос құс болып басынан Аңызтаудың,

Келедi де тұрады самғағымыз.

Күңгiр, күңгiр, күңгiр бел сазын ұқтым,

Қанаттарым кеткендей жазылып тым.

Жоталана бердiк-ау, Күнге қарай,

Қос өркешi сияқты Қазығұрттың.

Бұл тәңiрiм, беу, неткен шебер едi,

Бұлтын дәйiм жүрекке шөгередi.

Ақбоз, Көкбоз – қос жұлдыз қатар тұрған,

Екеумiз бе деп қалам төбедегi.

Тұлпар жылдар бел асса жоғалады,

Өткен күндер ойыма оралады,

Жетiқарақшы – ұрылар қуған бiздi,

Ұстап алса, апыр-ау, не болады?..

Болат ШАРАХЫМБАЙ

Серіктес жаңалықтары