КАРАШЕКПЕНДЕР ЖЕР АТАУЛАРЫН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТI?

КАРАШЕКПЕНДЕР ЖЕР АТАУЛАРЫН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТI?

КАРАШЕКПЕНДЕР ЖЕР АТАУЛАРЫН ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТТI?
ашық дереккөзі
251

МҰРАҒАТ МАТЕРИАЛДАРЫ ШЫНДЫҚТАН СЫР ШЕРТЕДI

Адамзаттың табиғатпен үндесiп, қоршаған ортадағы табиғи тепе-теңдiктi сақтай отырып өмiр кешуi ешқашан оңай бола қоймаған. Шырышы бұзылмаған әсем алқаптардың сұлулығына адамның көзi тоймаса да, жұмыр басты пенде жүрiп өткен жердiң жұлма-жұлмасы шығатынына ежелден тарих куә. Әсiресе өктем, зорлықшыл отаршылар жат өлкенi жаудай талап, ту-талақайын шығарып қана қоймай, тарихи қалыптасқан жер атауларын түбегейлi өзгертуге мейлiнше күш салатыны қалыптасқан жағдай. Тарихи санасынан, табиғи сұлулығынан айрылған елдi билеу жеңiлдей түсетiнiн басқыншылар әрдайым жақсы бiлген.

Белсендi авторымыз Мұқай Байсейiтовтың төмендегi мақаласын "Түркiстан" газетiнiң көзi қарақты оқырмандарының назарына ұсына отырып, орыс отарлаушыларының патшалық кезеңде күшпен өзгерткен көптеген жер-су атауларына елiмiзде әлi күнге тарихи аты қайтарыла қоймағанын ескерте кеткiмiз келедi.

Редакциядан

Шығысы – Қытаймен, оңтүстiгi-Қырғызстанмен, солтүстiк батысы– қоңырқай Торайғыр тауымен шектесiп, Қазақстанның далалық жазығына қарай көсiле жайылып, бiрте-бiрте аласара беретiн бұл аймақ Алматы облысының Райымбек ауданының аумағына жатады.

Осынау табиғаты айрықша көрiктi таулы аймақтағы жер-су атаулары да атамыз қазақтың малына ен салып, таңба басқандай етiп белгiлеген ат-атауларына барынша сай. Сан түрлi жер-су атауларының ар жағынан ел өмiрiне қатысты түрлi тарихи деректердiң де iзi көрiнiс бередi.

Солардың бiрi – аудан көлемiндегi елдi мекендердiң iрiсi болып саналатын Жалаңаш кентiнiң аталуы.

Оның неге және қандай себептермен солай аталғаны жөнiндегi дәйектi әңгiменi де, ойға тиянақ болар негiздi де бұл күндерi ел аузынан ести алмайсыз. Әркiм түрлi пiкiр қозғайды…Сондықтан да бұл жайт мектеп оқушыларына туған өлке тарихы, табиғаттану, жаратылыстану пәндерi бойынша өткiзiлетiн сабақтарда осы "Жалаңаш" атауы – "жалда өскен ағаш" немесе "жал -жал болып қыр үстiне өскен ағаш" ұғымынан алынған деп, қазақ тiлiнiң сөз тудыру, атау сөздердiң қалыптасу ережелерiне жанаспайтын долбарлау негiзде түсiндiрiледi.

Осыдан бiрнеше жыл бұрын журналистiк жұмысымның жетегiмен Орталық Мемлекеттiк мұрағат қорындағы Орыс переселендерiнiң Жетiсу аймағына қоныстануына байланысты материалдармен танысқаным бар. Сонда жоғарыда сөз болған Жалаңаш елдi мекенiнiң аталуына ғана емес, басқа да орыстық империялық саясаттың қазақ жерiнде етек жаюы кезiндегi iс-қимылдардың мән-жайын айқындай түсетiн деректерге тап болған едiм. Сонымен байланысты айтылып жүрген көптеген ұғымдарға басқаша тұрғыдан қарауды меңзейтiн мұрағат құжаттарымен танысудың да орайы келген едi. Соның бiрi – осы орман-тоғайлы, көгал-құрақты өлкедегi елдi мекеннiң "Жалаңаш" аталып кетуi туралы мақаланың да жазылуына себеп болды…

Ежелгi Ресейдiң де, кейiнгi Кеңестер Одағының да құрылымы iшкi алауыздықтарға толы, құрамындағы басқа ұлттарды қанаушы мемлекет болғанын бұл күнде ешкiм де жоққа шығара алмайды.

Александр II-шi патша 1861 жылы: "Империяның шекарасын бiзге жау және қауiптi тайпалар мен халықтардан күзету және жаулап алған жерлердi игеру үшiн мемлекетке казак-орыстардың әскери құрамалары қажет" деп көрсеткенi белгiлi.

Сол кезден бастап, барған сайын кеңiнен жайыла түскен Ресей империясының әскери отрядтарының, казак-орыс әскери жасақтарының, Ресейдiң орталық аймақтарынан сырт жерге барып, тез байып кетудi ойлаған қарашекпен қоныстанушыларының жоғарыда сөз болған "Аспан тау аймағына" келiп, өздерiнiң өктем қимылдарын жүргiзе бастауы ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы он-онбес жылмен тұспалдас.

Бұл – жергiлiктi ру-тайпалық басқару жүйесiн санақ жүргiзу, болыстық сайлау өткiзу сияқты шаралармен ыдыратып, басқарудың жаңа жүйесiне өту кезiнде келiмсек казак-орыстар мен босқын қарашекпендерге шұрайлы қоныстардан орын босатып берудiң де iс-қимылы едi.

Осы қауырт науқан, шұғыл әрекеттердiң бiр көрiнiсi – Жәркент уездiк iшкi iстер басқармасы бастығының 1897 жылғы 8 қараша күнгi Жетiсу облыстық әскери губернаторының атына жолдаған мәлiметiнде: "При переучете кибитков (отбасының есебi) в текущем году из бывших ранее во вверенном мне уезде 12 волостей и в них 101 аула сформировано посредством выделения 20 волостей в коих состоит 120 аула.

С последнего числа волостей в данное время надлежит спроизводить взыскание сборов земского и на содержание волостной администрации за 1898 год по новому уже их составу. Между тем избранная в этих волостях должностные лица, в отправления своих обязанностей ранее 1 января 1898 года вступать не могут" – деп көрiнiс табады.Және бұрынғы 12 болыстың 20-ға, 101 ауылдың 120-ға бөлiнгенiнен мәлiмет бередi.

Осы бөлшектеу мен ыдыратудың тағы бiр көрiнiсi – 1897 жылдың 9 тамызы күнi Шырғанақ өзенiнiң бойында өткiзiлген, бұрынғы Меркi болысы болып келген бiр болыс елдi екiге бөлген жиын қорытындысынан да көруге болады.

Орталық мұрағатта тiркелген құжатта бұрынғы он екi ауыл елдi бiрiктiрiп келген Меркi болысын, бұдан былайғы жерде екi болысқа бөлiп, оның 1,3,4,5, 6, 9,11,12 ауылдарындағы Әлмерек аталығына қарайтын отбасыларын Меркi болысында қалдырып, 2,7,8,10 ауылдардағы Сары-Шобал аталығына қарайтын ауыл-аймақ адамдарынан Торыайғыр болысын құру жайы баяндалады.

Бұл құжат 10-тамыз күнi Дала генерал губернаторының сол жылдың 16 қаңтарындағы № 327 Бұйрығына сәйкес, Жетiсу Әскери Губерниясы генерал губернаторының Кеңсе кеңесшiсi Лосевскийдiң бөлу актысымен бекiтiлген.

Ауыл-аймаққа аты-жөндерi белгiлi 46 адамның мөрлiк-таңбаларымен рәсiмделген бұл құжат бойынша жаңадан анықталған болыс аумағына Меркi өзенiнiң, сондай-ақ Ақтоғай, Көртоғай өзендерiнiң батыс жағы қосылып, Нарынқол-Алматы арба жолына дейiнгi аралық анықталады. Осы ауыс-түйiс, бөлiс кезiнде жергiлiктi жұртқа бұған дейiн әрi шабындық, әрi жаз-қыс демей, жайлы қоныс және тау бөктерiн бойлай өтетiн көш жолы болып келген, әлгiндегi "Жалаңаш" атауына ие болып кеткен Тоғызбұлақ алабының суы мол бiр тұсы орыс переселендерiнiң қоныс тебуiне аса қолайлы жер ретiнде белгiленген едi.

Бұдан әрi казак-орыс қосындары мен орыс переселендерi қоныстанған маңайға әлденеше қозы көш жерге жақындап келiп, жергiлiктi тұрғын өкiлдерiнiң шөп шабуына, мал жаюына, қоныстануына ерiк бермейтiн заң күшiне енедi. Бар-жоғы бiрнеше жылдың iшiнде өздерi естерiн бiлгеннен берi еркiн жүрiп, емiн жайлап келген тоғыз тарау бұлағы бар, шабындығы елiктiң алқымын ұрып, аттың сауырын соғатын Тоғызбұлақтың төскейлiк кең алабы болыстық жаңа аумақтық бөлудiң қитұрқы саясатына түскен. Байырғы тұрғындары – Сары-Шобал аталығының балаларына алыстан ғана көз тастап өтетiн, алғашында Семейге келiп орнығып, бiраз байып алып, одан әрi Жетiсу жерiне қарай сұғына кiрiп бара жатқан орыс қоныстанушыларына iлесе келiп, әр тұстан жер иемденiп, мекен салып жүрген Герман Александров дейтiнмен және казак-орыс статусына өтудi көздеп жүрген бiр топ мещандардың жаңа қонысына айналады.

Алғашында суы мол, нуы қалың төскейге жақын орын тепкен переселендердiң шағын қыстағы 1905 жылдан былай қарай Шренк шыршасының ( кәдiмгi Тянь-Шань қарағайының) есебiнен тез көтерiле бастайды. Бұл шырша содан бiраз жыл бұрын ғана әлемдегi сирек кездесетiн ағаштар қатарында Лондондағы өсiмдiктер музейiнде тiркелген.

Бастапқы кезде әркiм өз бiлгенiнше қоныстанып, қора-жай салған. Бұған дейiн алыс аймақтарға мәлiм бола қоймаған елдi мекен казак-орыстарының жаңа қыстағының картасы жалдамалы карта сызушы Е. Стрежевскийдiң сызуымен 1913 жылы бұрынғы атауынан бұрмаланып белгiленiптi. Ол бойынша: " № 1-часть фактического надела казаков Джеланашской станицы Джаркентского уезда Семиреченской области, удобной – 524,10 дес., неудобной -439,02 дес., всего-963,12", – деп белгiленедi. (Бұл құжат мұрағаттың карта сызбалары сақталатын № 19 қорының 5-тiзбесiнде сақтаулы).

Осындағы кейiннен "Жалаңаш" аталып кеткен станицаны қаламының ұшы барынша дәлдiктi көздейтiн кәсiби карта сызушы, неге "Желанашская станица" деп, атау сөздiң түбiрiн "жел" сөзiнен алған деген ой жетегiмен мұрағат құжаттарына ары қарай үңiле түскенiмде, сол кездерде орыс переселендерi орныға бастаған Жетiсу аймағындағы елдi мекендердiң айналасындағы орман-тоғайлардың барынша қырқылып, жауапсыз жайратылғанына және орын алған бассыздықтар жөнiндегi соттық тергеуге түскен қисапсыз көп материалдарға назарым ауды.

Мәселен, мұрағаттың № 185 қорының 56-iсiндегi тек Жетiсу облыстық орман-тоғай қорғау мекемесiнiң өзiнде iстейтiн лауазымды адамдардың үстiнен қозғалған 1903-1907 жылдар аралығындағы қылмыстық iстердiң санының өзi төменгiдей:

"Салғырт қарағаны үшiн: 8 қорықшы, 3 орманшы, барлығы – 11 адам. Қазына мүлкiн оңды-солды ысырап қылғаны үшiн 8 қорықшы, барлығы – 8 адам. Пара алғаны үшiн – 46 қорықшы, 15 орманшы, барлығы – 61 адам. Сотта 14 қорықшының, 4 орманшының барлығы – 18 адамның iсi қаралатын болады. Әкiмшiлiк тәртiпке 37 қорықшы, 11 орманшы, барлығы – 48 адам тартылды. Олардың iшiнде 14 мещан, 23 – казак, 5 – қырғыз, 4 – шаруа, 2 – орманшы мещан, 5 – қазақ, 1– қырғыз бар".

Заманалар бойы қалыпты ырғағында тербелiп тұрған табиғат аясына қорғаушы-қорықшы болуға мiндеттi мекеме қызметкерлерiнiң екi-үш жыл көлемiндегi қылмыстық iстерiнiң белгiлi болғандары осындай болғанда, есепке кiрмегендерiн оймен-ақ мөлшерлей берiңiз!

1867 жылдан былайғы жерде бұған дейiн Түркiстан генерал-губернаторына тiкелей бағынып келген Ұлы жүз қазақтарының Алатау округтiк басқару жүйесiнiң Семей облыстық әскери губернаторлығының қол астына өтуi, Қазақ жерiмен қоса Орталық Азия аймағында да орыс әскерлерiн көптеп шоғырландыру және жаңа бекiнiстер салумен қатар тiкелей жол қатынастарын қалыптастыру сияқты орыс әскерлерiне керек қажеттiлiктер жүзеге асырылып жатқан. Осы жылдарда Қырғызстанның Ыстық-Көл алабы мен Қарақол (Пржевальск ) қаласы аумағының да Жетiсу облыстық әскери аймақтық-әкiмшiлiк басқарудың уездiк деңгейдегi құрылымы болғанын және жоғарыда сөз болып отырған Торыайғыр болысының аумағына басшылықтың сол жерден жүргiзiлiп, тау-тасты болып келетiн болыс аумағының жерiндегi қия-кезеңнiң бәрi "аткөпiр" жол болып кеткенi белгiлi жайт.

Жаңа жерде жаңаша баюды көздеп келген қарашекпендер мен казак-орыс жасақтарының салынатын бекiнiс, қоныстық қора-жайларын сулы, нулы, шұрайлы жерлерге тұрғызуының негiзiнде де сол орман ағаштарын керегiнше отқа жағып, керегiнше құрылысқа пайдалану мақсаты тұрғаны ешкiмге құпия болмаса керек. Аз жылдың iшiнде-ақ осы ашкөздiктiң бет алысы жұрт назарын өзiне аудара бастаған.

Онда 1905-жылдың 13-наурызы күнгi "Туркестанские ведомости" газетiнiң 39-санында "Пржевальц" деген бүркеншiк есiмнiң атынан "Пржевальск маңындағы (бұрынғы аталуы Қарақол) ормандардың жоғалып кетуi жөнiнде бiрер ауыз сөз" деген мақала жарық көредi.

Осымен байланысты губернатордың орынбасары Осташкин наурыздың 31 күнi Жетiсу облыстық Мүлiк басқармасына сол мақалада көрсетiлген кемшiлiктердi толық анықтап, жауап берудi талап еткен № 978 хатын жолдайды. Хатқа жауапты сол жылдың 9 сәуiрi күнi Пржевальск уездiк орман шаруашылығы басқармасының бас орманшысы (Лесничий) қайтарыпты.

Жоғарғы лауазымды адамның асқан жауапкершiлiктi талап еткен тапсырмасы болғаннан соң жауап берiптi.

Бiрiншi данасы сұраған жаққа жолданып, мұрағат қорында сақталған. Орыс тiлiндегi жауап көшiрмесi үш-төрт беттiк көлемдi құжат.

Солай болғанның өзiнде мақала тақырыбындағы ой төркiнiне жол ашатын және осыдан бiр ғасыр бұрын бүкiл бiр аймақ тiршiлiгiне қатысты болған әлеуметтiк-тұрмыстық, тiптi саяси маңыздағы мән-жайды түсiнуге де ой қосары көп мұрағат құжатының. Мұнда айтылып отырған мәселенiң кейбiр тұстары орман алқаптарына жақын орналасқан елдi мекен тұрғындары үшiн бүгiнгi күнi де маңызын жойған жоқ.

"Туркестанские ведомости" газетiнiң 39-номерiндегi Пржевальц мырзаның мақаласын Пржевальск қаласының маңындағы орманның сирей бастауына көшпелi қырғыздардың қысы-жазы орманды мекен етiп, өз қалауы бойынша иелiк етуi басты себеп болған деп жазылған. Қырғыз мырзалар, бұл ащы да болса шындық, орманды тұрақты мекен ету арқылы бiздiң ормандарымызға зиян келтiруде: кез келген жерiнде мал жайылады, жаңадан шыққан шырша көшеттерiн таптап тастайды, нәтижесiнде топырақтан қылаң берген өскiннiң өсу қабiлетiн жояды. Кейде тiптi жас қарағайды толығымен жоқ қылады (малдар), кейде отпен ойнаймын деп бiздiң табиғат байлықтарымызға үлкен шығын әкеледi. Сондай-ақ, қырғыздар кез келген жерден өз бетiнше қарағай шауып ала бередi. Бұл айтылғандардың бәрi ақиқат, Жетiсу ормандары бiр ғана қазына меншiгiнде болмағандығынан түрлi кесапатты бастан кешiп отырмыз. Бүгiнге дейiн бұл жерлер қазына мен қырғыздардың ортақ қолданысында қалып келедi. Бiрақ бiз бiр нәрсенi түсiнбей-ақ қойдық, неге Пржевальц мырза тек "жабайы да бейшара көшпелiлердi" iшiн кептiре ғайбаттайды да, неге осы жабайылар үшiн дамыған "өмiрi мен мәдениетiн" "құрбан етiп" жүр-мыс делiнетiн орыс ұлтының өкiлдерiне мүлдем көңiл аудармайды.

Пржевалдық мырзалар, әдiлеттi болайық! "Мәдениеттi ұлт" өкiлдерi мещандар да "жабайы көшпелiлермен" бiрдей бөтеннiң орман ағаштарын өз еркiмен шабуда бәсекелесiп-ақ келедi! Орман қарауылдары көшпелi қырғыздармен қатар мәдениеттi Пржевальецтермен де аянбай алысып шаршады.

Егер де Сiздер, Пржевалдықтар, өз көздерiңiзбен көргiлерiңiз келсе, орман iстерiне қатысты Әлемдiк сотқа барыңыздар, ол жерде "мәдениеттi пржевалдықтар" iшiнен ағаш кесуге 9-шы рет барған баукеспенi көресiз. Бұл он жылда емес, бар болғаны 2 жыл iшiндегi ұрлық.

Орманды "жабайы" және "мәдениеттi" қол отаса да, келiп-кетер залал бiреу-ақ. Орман алқаптарынан қырғыздарды көшiрiп әкеткен күннiң өзiнде бiз қатерден құтылмаймыз. Егер бұл iстi қолға алар болсақ, орманды жартылай ғана құтқарамыз.

Сондықтан басқа да шараларды қолданған жөн. Пржевалдықтар орманның қажет екенiн түсiнбейтiн отырықшы елдiң қырғыздардан да қауiптi екенiн аңғармайды.

Бұл даудың негiзiнде орман қарауылдарының саны артты және материалды жағдай түзелдi, қатаң шаралар қолданатын адамды қызметке қоюға да болатын едi.

Пржевальск орман шаруашылығында 50-ден астам (кейiнгi жылдарда осы "дача" деген сөз кордон деген сөз түрiнде қалыптасты және Пржевальск-Қарақол орман қорығының бiрқатар өңiрi Таушелек орман шаруашылығына ауысты) шатқалдарда (шатқалдардың ұзындығы 80 250 шақырымға созылады және бұл арақашықтықты тек бiр қорықшы ғана қарайды) салынған саяжайлар бар.

Ендi Пржевальск қаласына келейiк. Осы жерде тағы бiр түсiнiксiз жайт туындайды, неге Пржевалец мырза өз мақаласын жаза отырып, бiлмейтiн нәрселерге ұрынады.

Мүмкiн өзiн иландыру үшiн жазған шығар?

Пржевальец Қарақол шатқалында 80 немесе одан да көп ағаштар қатты боранның, ағашты түбiмен қопаратын құйынның кесiрiнен құлаған деп сендiрмекшi. Бiрақ ондай табиғат апаттары болса, әр жердi бiр талдан емес, қарағайлар шоғырымен опырылар едi.

Бiз Пржевальск уезiне1904 жылдың 21 маусымында келдiк. Келгелi берi қатты боранды өз көзiмiзбен көрдiк, бiрақ жергiлiктi қарауылдар бұрындары әлемет желдiң некен-саяқ болатынын айтты. Алайда тұйықталған ортада өскен қарағайды құлату үшiн қатты боранның қажетi жоқ. Қарағайдың тамыр жүйесi жер бетiне шығып тұрады. Тамырдың кейбiр тармақтары жер бетiнде жатады. Оның үстiне тау жартастарында тұрғандықтан дiңi мығым емес. Бұндай оқиғалар Қарақол шатқалында да болған. Пржевальец жазғандай, соңғы жылдары ғана емес, бұған дейiн де орын алып тұрған.

Әдетте құзға ылдилай өскен қарағайларды екi бүйiрiндегi ағаштар желден ықтап, қалқалап тұрады. Егер осындай қалқандар болмаса жел тұрғанда қарағайлардың төменге ағыза құлауы оп-оңай. Қаражал шатқалында тура осылай бiрдi-екiлi, кейде тобымен бiр-ақ опырылып кетедi. Қарақол шатқалындағы орманда мұндай жерлер жоқ, сондықтан отын қылып шауып алуға рұқсат берiлмеген. Десе де құзды учаскелердегi қарағайларды шаруашылық өзi реттеп алады.

Рас, адам – табиғаттың баласы. Табиғат – анасы. Осынау киелi ұғым адам екi аяғына тiк тұрып, жүре бастағаннан бастап, алғашқы үйлесiмiнен бiрте-бiрте алшақтап, бейшара табиғат-ана бүгiнгi күнге жадау-жыртық аянышты күйге жеттi. Тiптi, сол табиғат-ана төсiне таласқан жетесiз перзенттердiң бiрiн-бiрi қырып-жойып, ығыстырудағы айғыз-айғыз жара қотыры кеше де болған, бүгiн де болып жатыр…

Адам айласының астарын ашатын – уақыт.Заман құбылысының бетiн ашатын – тарих. Бәрiне куә болатын – халық.

Қазақ тiлi мен сол тiлде сөйлейтiн халықтың қара ормандай қалың шоғыры әлденеше ғасырлардан берi тұрақты қоныстанып келе жатқан көрiктi жерде әлдебiр саяси кезеңдердiң желiк атауларындай емес, өткендегi басқыншылықтың ашкөздiгiнен орын алған төскейлiк ну орманның алдымен озбырлықпен барынша балтамен қырқылып, артынан жел ойрандап, жалаңаштап кеткен жерiн және сол маңда жаңа қоныстанған орыс переселендерiнiң қыстағын алыстан ғана шолып, сырттап өтуге мәжбүр болып қалған, өлкенiң бұрынғы тұрғындары ағашы қалың төскейдiң жаңа қоныс орнаған аз уақыттың iшiнде жалаңаштанып қалған жерiн " жел" мен "жалаңаш" сөздерiн жарыстыра қолданып жүрiп, ашық дауысты дыбысы басым түскен – "Жалаңаш" ұғымына келген-ау деген ой қортындысына жоғарыда сөз болған тарихи шындықтар мен мұрағат құжаттарының негiзi итермелейдi.

Мұқай Байсейiтов

Серіктес жаңалықтары