ДАУЫСЫҢДЫ САҒЫНДЫМ, ЖӘЖА!

ДАУЫСЫҢДЫ САҒЫНДЫМ, ЖӘЖА!

ДАУЫСЫҢДЫ САҒЫНДЫМ, ЖӘЖА!
ашық дереккөзі
221

Әншi Жәнiбек Кәрменов туралы естелiк-эссе

…Бiз Жәнiбекпен 1972 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға бiрге түстiк. Бiрақ оның әншi Жәнiбек екенiн мен бiрден бiлгем де жоқ.

Қыркүйектiң екiсi ме, үшi ме – есiмде жоқ, Шелек ауданына ауыл шаруашылығы жұмысына автобуспен кетiп барамыз. Алда "мұғалiм" отыр. Студенттердi баласынбай тең құрбыша әңгiмелеседi. Арасында қыздарға әзiл тастап та қояды. Әзiлi жарасып тұрса да, маған ерсiлеу көрiнген. Бiз мұғалiмдi пiр тұтып, ерекше бағалаған ұрпақпыз ғой. Сондықтан болар.

"Мұғалiм" студенттерiмен қалжыңдаса ма екен?! Ол салмақты, ерекше болуы керек қой. Ал, мына кiсi жеңiлтектеу ме, қалай! Қалай дегенмен де мұғалiмге жараспайтын қылық".

Осылай ой түйген мен артқы орындықтардың бiрiнде өзiммен-өзiм отырмын. Әлгi "мұғалiм" әңгiмешiл-ақ. Жастарды өзiне үйiрiп алған. Құлаққа жағымды үнмен әңгiменiң майын тамызады. Ара-арасынан әзiл әңгiмелер қыстырып, жұртты қыран-топан күлкiге көмiп тастайтынын қайтерсiң. Қыздарға қолқалап ән салғызып, өзi ыңылдап қана қосылып қояды. Жас жiгiттер мен қыздар сол кездерде жаңа шығып жатқан әндердi хормен шырқағанда шашыраңқылау шығады да, мұғалiм ыңылдап қана қосылғанда ән тамаша бiр ырғаққа түскендей құлаққа жағымды.

Содан… иә, содан, не керек, жеңiлтек "мұғалiмдi" ортаға алып, түс ауа Шелек ауданындағы Қорам ауылына жеттiк те, ұзын барақ тектес қазармаға жайғасып алдық. Оның бiр жағына қыздар, екiншi жағынан жiгiттер орналасқан. Ұзына бойы қатар-қатар қойылған кереуттердiң бiрiн иемденiп, жол қапшығымды қасында қалдырғам, көрпе-төсек алып қайта оралсам, көршi төсекте "мұғалiм" жатыр. "Жiгiтiм, маған да көрпе-төсек әкеле салшы", – деп менi жұмсады. "Ағай, мұғалiмдер бөлек жатпай ма?" – деппiн сасқанымнан. "Мен де өзiң сияқты студентпiн", – дегенi ғой әлгi кiсiнiң. Сөйтсем… Жәнiбегiм осы "мұғалiм" екен.

Қазан айының ортасын ала оқу басталған. Үш жұп сабақтан кейiн аудиториядан шығып бара жатқанбыз. Жәнiбек менi жанына шақырды: "Әй, Болат, берi кел. Өзiң бiр көрiм жiгiт сияқтысың. Жүр, бiздiң үйге барып шай iшiп қайт. Сенiмен әйдiк әңгiме бар", – дедi ол маған. Өз құлағыма өзiм сенбедiм. Жәкең шынымен менi шақырып тұр ма? Ия, шынымен солай екен. Бiрақ "көрiм деген" сөзi ұнай қойған жоқ. Өйткенi бiздiң жақта тiрлiгi ұнамаған жiгiттi "өй, көрiм неме!" деп сөгiп жатады. Сөйтсем Қазақстанның шығыс жағында көрiм деген сөз жақсы мағынада қолданылады екен ғой. Қайдан бiлейiн?

Сол күнi Жәжаның (Жанына жақын тартқан достары осылай атайтын) үйiнде шай үстiнде екеумiз көп әңгiмелестiк. Ол кiсi анасы Мағрипа апамен, жұбайы Тотымен, қарындасы Кенжегүлмен, балдызы Тұрсынмен таныстырды.

Жәнiбектiң әр сөзiнен қазақы иiс аңқып тұр. Менiң шыққан тегiмдi, елiмдi, тұрмыс-жағдайымды, отбасымды түгелдеп сұрап алды. Ауылда өскен, шал-кемпiрдiң тәрбиесiн алған маған мұндай әңгiме ұнамды. Жәкең өзi туралы да әңгiмеледi. Руы – Тобықты, Абайдың жан серiгi Ерболға шөбере болып келедi өзi.

Әңгiмемiз ән жайына ауысқан. Мен де бұл өнерден қаражаяу емес едiм. Бұл жағынан Жәкең маған мақтау айта отырып, көптеген ескертулер жасаған. Мен оған талассыз келiстiм. Ендеше, Жәнiбектей сөз өнерiнiң дүлдiлi, ән өнерiнiң бұлбұлы орынсыз ескерту жасамаса керек. Ерiксiз мойындайсың. Қарсы дау айту үшiн ән-әуен туралы терең түсiнiгiң, кей әндердiң шығу тарихынан хабарың болуы керек. Менде оның бiрi де жоқ.

Жәжа маған туған бауырдай болып кеттi. Жәнiбекпен бiрге болған әрбiр сәт менiң есiмде. Оның бәрiн тiзбелемей, екi-үшеуiн ғана баяндайын.

Бiз бiрiншi круста оқып жүргенбiз. Бiр күнi Жәкең тағы да түскi асқа шақырды.

– Әй, Болат, мен Жамбыл облысына концертпен гастрольге бара жатырмын. Сәтi түссе сендердiң ауылдарыңа да соғып қалармыз. Сен әке-шешеңнiң атын, мекен-жайын толық жазып бер. Уақыт тауып, Жаппар ақсақалға сәлем бере қайтармын, – дедi дастарқан басында. Мен айтқанын орындадым.

Жәкеңнiң Iшкi iстер министрлiгiнiң ансамблiнде қосымша жұмыс iстейтiнiн қайдан бiлейiн?! Қысқасы, сол жолы бiздiң ауылға да соғыпты. Концертiне бiздiң отбасымызды түгел шақырған. Алматыдан әртiстердi басқарып келген Болаттың досы концертiне шақырғанда, қалай бармасын! Тiптi ондайда көп желiкпейтiн Ұлсары апам да барыпты. Жарықтық: "Шiркiн, Мәнiбектiң салған әнi-ай!" – деп өле-өлегенше тамсанып айтып отыратын. Менiң ұлы бабамның аты – Жәнiбек. Апам сондықтан аталарының атын бұрмалағаны ғой. Қайран, ата салтын сақтаған бiздiң аналарымыз-ай!

Ал, Жәнiбек концертке келе алмай қалған көкеме өзi арнайы барып сәлем берiп, шай үстiнде келiп қалған екi-үш қарияға ән де салып берiптi. Бұдан артық құрмет, одан асқан адамгершiлiк болар ма?!

Сол жазда бiз СМО-ға (студенттердiң механикаландырылған отряды) Торғай облысына барғанбыз. Күзде жүк сақтау камерасынан жолқапшыққа салынған киiм-кешегiмдi алып, жатақхананың екiншi қабатындағы бөлмеге көтерiлдiм. Сөйтсем төменде кiлттi ұмытып кетiппiн. Жолқапшықты есiк алдына қоя салып, төменнен кiлттi алып қайтып келсем, затым орнында жоқ. Содан апта бойы СМО-ның киiмiмен жүрдiм. Оны кейбiреулер "сән үшiн шешпей жүр" деп ойлаған да шығар, ал менiң ауыстырып киетiн киiмдерiм жоқ. Соны жiгiттерден естiсе керек, Жәкең бiрде үйiне шақырып, үстiме су жаңа кәстөм-шалбар кигiзiп жiбердi. Ыңғайсызданып, тартыныңқырағаныма қарасын ба, Жәкең. Әрине, менiң де iшiм жек көрiп тұрған жоқ.

Бiрде менi өзiнiң өнердегi пiрi Жүсекеңе – Жүсiпбек Елебековке ертiп апарды. Ол кiсi сырбаз, кербез адам екен керiлген. Бiрақ керiлсе керiлгендей-ақ. Түр-сымбат қандай, шiркiн, қолдан құя салғандай. "Сөйлесе сөзге ерiнген" дейтiндей емес, әр сөзi жүрегiңе нұр құйғандай! Ондай сөздердi сахнадағы әртiстердiң аузынан ғана естiдiк қой бұрындары. Ал, мына кiсiнiң аузынан шыққан әр сөзi маржандай төгiлiп жатқандай. Маған бәрi таңсық. Бiздiң ауылда да әр сөзiнiң астарында алтынға балағандай мән-мағына жататын орақ ауыз, от тiлдi абыз ақсақалдар болған. Мына кiсi ауылда сағынып жүрген менiң ойыма сол даланың данышпандарын салғандай.

Ақ күмiстей жарқыраған шашын бiр жағына қиыстай артына қайырған, аққұба жүздi, атжақты, мұрыны имектеу Жүсiпбек ағаның жүзi жылы көрiнгенiмен көзi кiсiнiң өңменiнен өткендей өткiр. Қол берiп амандастық. Қолы қандай жұмсақ! Саусақтары салалы. Әйтеуiр бiр ерекшелiк бар.

– Әй, сен хабарсыз кеттiң ғой? – дедi ол кiсi сәлемдескенен кейiн Жәнiбекке.

– Сабақ қой. – Жәкең кiнәлi адамдай күмiлжiп жауап берген.

– Қатырып жүрген шығарсың, шiркiн! Отыр, тыңда мына "бұлбұлдарды"!

"Бұлбұлдарды" деген сөз кекесiнмен айтылғаны аңғарылып тұрды. Сiрә, көңiлi толмай отырғандай. Бөлменi жағалай отырған жiгiттердiң бiр-екеуi Жүсекеңнiң иек қағуымен бiр-бiр әннен салып бердi. Шiркiндер, бiр-бiрiнен асып түскендей. Нағыз "күмiс көмей, жез таңдайлар" деп бағалауға лайық. Сонда ұстаздары неге риза болмай отыр? Мен аң-таңмын. Менiң таңданасымды Жүсiпбек ағаның өзi тарқатып бердi.

– Шырақтарым, әндi кеудемен емес, жүрекпен айту керек. Дауыс әркiмде-ақ бар. Бiрақ дарылдай беру жөн емес. Нақышына келмеген ән ән бе? Ол – бiр қайнауы iшiнде қалған сорпа. Ондай сорпаны "шикi" сорпа дейдi. Ал, шикi iштi өткiзедi. Әннiң әр сөзi анық, қайрымы дұрыс болуы керек. Дауысты созатын жерiнде созып, нақ-нақ айтылатын тұста келте қайыру да жөн. Келте қайыру керек екен деп құйрық-жалын күзегендей шолтитып қою тағы дұрыс емес. Әр әннiң өз табиғаты бар. Кей әндi сыбырлап айтсаң да жүрекке жылы жетедi. Ондай тұста құр айқайдың қажетi шамалы. Тыңдаушысының ойын үркiтiп жiбересiңдер ондайда. Шырқайтын тұста шырқа! Онсыз да шабыт шақырып, шабыс тiлейтiн ән тiзгiндеуге көнбейдi. Соны көңiл көре бiлсе ғой, шiркiн! – Сөз басын балаларға қарап бастаған Жүсекең терезеге жүзiн берiп толғады дейсiң келiп, толғады дейсiң келiп бiр! Бөлме iшiнде шыбынның ызыңы бiлiнгендей. Бәрiмiз үнсiз тыңдап қалыппыз. – Ән табиғатын танып алмай ән айту бекершiлiк. Осыны ойдан шығармаңдар! Ертең ел: "Елебековтiң шәкiртi ғой" дегенде мен жерге қарамайтын болайын.

Жүсiпбек аға сөзiн баяу бастап, ортасында даусын көтерiп барып аяғын осылай өтiнiш жасағандай аяқтаған. Бейне бiр монолог оқып отырғандай өзiмен-өзi. Осындай ұйыған тыныштықты ол кiсiнiң "әй" деп саңқ еткен үнi бұзды. Жаңа ғана терезеге телмiре қарап сөйлеп отырған жүзiн Жәнiбекке тiктедi.

– Әй, ұста домбыраны, көрсет мыналарға әндi жүрекпен айтудың қалай екенiн!

Қасында орындыққа сүйеулi тұрған домбырасын нұсқады көзiмен. Ол кiсi iс-қимылын ишарамен бiлдiрiп, адамды көзiмен жұмсайтынын байқап қалдым. Лып етiп орнынан тұрып, ұстазының көзiмен көрсеткен домбырасын қолына алған Жәкең оның құлақ күйiн келтiрместен шамалы шертiп тұрды да, басын әнтек сiлкiп қалып шырқай жөнелдi.

"Жанбота! Осы ма едi-ау өлген жерiм?!" Бойым шымырлап кеттi. Не деген ащы дауыс! Бiрақ "құр айқай" емес. Жаны алқымға келген адамның шағынуы. Сонда терезенiң шынысы шытынағанай бiр құбылысты сезiнгендей болғанмын. Үнсiз үрпиген қалпымда шеттеу отырмын.

– Әй, мыналар әннiң берекесiн кетiргенде Азынабайдың Поштабайынан таяқ жеген Бiржанның күйiн кешкендей болып отыр едiм. Сен ойымды дөп басқандай болдың-ау! – дедi Жүсекең жүзi жадырап.

– Көзiңiзден көрiнiп тұр ғой, – дедi шәкiртi жылы жымиып. Жымиысынан ұстазына еркелегенi көрiнiп тұр.

– Әндi осылай айту керек берекесiн алмай. Ал, қайта берiңдер.

Шәкiрттер домбыралары қолдарында, Жүсекеңмен сыбырлай қоштасып шығып кеттi.

Өнердiң маңдайына бiткен шамшырағы, қазақтың маңдайына сыймай ертелеу көкке ұшып кеткен бiр пырағы Жәнiбек Кәрменовпен дос, оған iлескен iзбасар iнi күндердiң кейбiр сәттерiн қағазға түсiрiп, шер тарқатқандаймын.

Жәнiбек пен Тотының тұңғышы Әсетке ат қою рәсiмi. Жүсекеңнiң өзiне жасаған ұсынысты Сапарғали Бегалинге бұрып, ол кiсiнiң жас сәбиге ат қоюы – өте бiр тебiренiстi сәт. Жәжа менi жақын тартқаны шығар, арнайы шақырып, осы бiр шiлдехана тойына қатыстырған. Жәжаның "Боздақ" әңгiмесiн ол жылап отырып оқығанда үнсiз тыңдап, алғаш пiкiр айтқан "сыншысы" мен болып едiм.

1974 жылдың жазында мен СҚО-ға студенттiк құрылыс отрядына кеткенде Алматыға арман қуып оқуға барған Оңлажанымды туған қарындасыңдай жетелеп жүрiп, университетке құжаттарын тапсыруға, дайындалуға көмектескенiн қалай естен кетсiн?! Ол кезде оң-солын танымаған адамға бұдан асқан қамқорлық та, қайырымдылық та жоқ. Ал, сен солай жасадың. Еш қиналмастан, мiндетсiместен де. Сен ондай жақсылықты ондайлардың талайына жасағаның мәлiм.

Арманың қазақ өнерiн өрге бастырып, өрiсiн кеңейтiп, ұлттық бояуы айшықты халық әндерiн насихаттау едi. Небәрi 43 жыл ғана ғұмырыңда ол арманыңа жеткендейсiң. Өзiң бастамшы болып өнер ордасы Құрманғазы атындағы консерваторияда дәстүрлi әндер бөлiмiн ашып, өзiң кафедра басқардың. Өзiң қанаттанып ұшқан, бүгiнде ұстазың Жүсiпбек Елебеков атындағы эстрада студиясында, консерваторияда дәрiс берген кезiңде талай өнер тарландарын өнерге баулыдың. Солар қазiр Сенiң көзiңдей болып, өзiңдей болып жақсы есiмдi жалғастырып жатыр.

Артыңда бiрнеше әдеби шығармаларың қалды. Ендеше Сендей арты қазыналы адамды өлдi деуге болмайды. Сен бақилықта мәңгiлiк өмiр сүрiп жатырсың.

Көзден кетсең де көңiлден кеткен жоқсың, жан досым, ақылшы ағам. Рас, бiз сенiң өмiрiңнiң соңғы сәттерiнде көп араласа алған жоқпыз. Бiрақ, ара-тұра болса да, хабар үзiлген жоқ.

Қазiр дәстүрлi әндердi нақышына келтiре орындап, насихаттап жүрген шәкiрттерiң Бекболат Тiлеуханов, Рамазан Стамғазиев, Дүйсенбек Өмiрәлиев, Сәуле Жанпейiсова менiң сүйiп тыңдайтын әншiлерiм. Оларға деген құрметiм де ерекше. Солай десек те, Сенiң орның, өзiм тәңiрiдей табынған ән дүлдүлi Жәнiбек Кәрменовтiң орны өзгеше. Мен соларды сыйлай, тыңдай отырып, Сенiң шыныдай мөлдiр шыңылтыр, шырқау биiктен ғана естiлетiн дауысыңды сағынамын, сағынып та жүрмiн.

Әлiме қарамай, қазiргi желкiлдеп өсiп келе жатқан жас өскiн өнерпаздардың көпшiлiгiн жақтырмайтыным бар. Менiң жақтырған-жақтырмағаныма қарап жатқан жоқ, олардың бiрқатары лайық-лайықсыз марапат алып та жатыр. Байдың асын қызғанған байғұс болып неғылайын, ала берсiн атақты. Бәрiбiр менiң көңiлiм толмайды. Мүмкiн уақыттан кеш қалып қойған шығармын.

Құдайдың құдiретiне қалай таңқалмассың. Бүкiл дүние жаңарып, табиғат жасарып жасанған, күн мен түн теңескен 22 наурызда дүниеге келiп, қара ниеттi фашизм соғыс бастаған 22 маусымда дүниеден өтiпсiң, Жәжа. Бұл жай кездейсоқтық емес. Дүние жаңарған күн, дүние қара жамылған күн…

Сен, әйтеуiр, тегiн адам емессiң. Сен жаратылысың өзгеше, ерекше туындысың, Жәжа! Егер тiрi болғанда, бүгiн бес мүшелдiң белесiне шығып, ортамызда ойнап-күлiп отырар ең. Тағдыр оған жазбады. Жақсы адам Аллаға да керек. Алланың бұйрығына наразылық бiлдiру – үлкен күнә! Құдай күнәһар болудан сақтасын.

Болат ЖАППАРОВ

Серіктес жаңалықтары