"ҚЫЛМЫС" АРҚАЛАҒАН ЖАЗУШЫ
"ҚЫЛМЫС" АРҚАЛАҒАН ЖАЗУШЫ
Қажығұмар Шабданұлының "Қылмысы" бақандай алты кiтап. Қытайда Шынжаң халық баспасынан I томы 1982 жылы, II томы 1985 жылы жарық көрген. III томы 1986 жылдың соңында басылып,таратылып жатқанда жинап алынған. Қазақстанда Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының қолдауымен 2004 жылы "Пана" атты тарихи романы жарық көрсе, 2005 жылы "Қылмыстың" бiрiншi кiтабы басылым көрдi. 2009 жылы Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы жағынан бұрынғы басылып шыққан бiрiншi томды құрамына алып, 6 томдық еңбек болып тұтастай жарық көрдi. 2000 жылы Қ. Шабданұлына "Қылмыс" роман-эпопеясы үшiн Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығы берiлдi.
Роман-эпопеяның жазылған тарихи жағдайына келсек, 1966 жылы бүкiл Қытайда "Мәдениет төңкерiсi" аталған керi бағыттағы қозғалыстың болғандығы көпке мәлiм. Мұнда нақақ жала жабу барынша етек алып, қазақ зиялыларына "ұлтшыл", "халық жауы", "шетке байланған" дегендей ат қойылып, айдар тағылды. Қажығұмар Шабданұлы да осы жаланың құрбаны болып, 1967 жылы түрмеге түстi. Оның "көзге шыққан сүйелдей" болуының да өзiндiк себептерi бар.
Қажығұмар 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Ақсуат ауданының Таңсық деген жерiнде туған. 1931-1932 жылғы қуғын-сүргiн және аштық кезеңiнде отбасы мүшелерi iркес-тiркес Қытайдың Тарбағатайына қашып өткен болатын.
Романның жазылу жайы – "Кiрiсу" атты алғы сөз негiзiнде жазылған алғашқы бөлiмiнен-ақ айқын көрiнiп тұр.
Жазушы және шығарма туралы түсiнiгiмiздi тереңдету үшiн сол бөлiмнен үзiндiлер келтiре кетейiк:
"1968 жылдың басы.
Темiр қақпақ пен шәугiмдей шойын құлып шарқ-шұрқ ете түстi. Қап-қараңғы терең ұрада жатқан мен елеңдеп басымды көтерiп алдым. Жүрегiм де әлде небiр шойын темiрге соғылып, шақылдап кеткендей болды. Тұла бойымды түршiктiрген қатер мен күдiктiң мұздай суық желi сумаң қақты…
Сөйтiп, шошына қарадым. Қақпақты ашқан бас тергеушi Хұңуыйбеңнiң өзi екен. Құдыққа түсе сала:
– Жаздың ба? – деп арс ете түстi.
– Ненi айтасыз, тергеушiм? – деп сыпайы ғана қарсы сұрақ қойдым.
– Ненi?!.. Қылмысыңды деймiн!.. Ойлан, толық жаз деп тапсырмап па едiм саған!.. Құйрығыңа етiк тұмсығы тимесе ұмыта қалатын неме екенсiң, ә, сен!
– Жоқ, ұмытқаным жоқ, тергеушiм. Өмiрбақи ұмытпаймын да. Бiрақ алдыңғы күнгiмен он алты рет жаздым ғой, жасырып қалған ештеңем жоқ.
– "Ештеңем жоқ?"… Көзiңе саусағымды тығып тұрып, жазып берермiн мен саған! Үстiңе күнiне қанша мәселе түсiп жатқанын бiлмейсiң, ә, сен!.. – Мен саған айтып қояйын, – деп бас тергеушi сөзiн жалғастырды. – Қылмысыңның бiр түйiрiн де тапсырмадың сен әлi, қыл аяғы өзiңнiң қап-қара өмiрбаяныңды да жасырып жатырсың! Керi төңкерiсшi тобыңдағы реаксиондармен тарихи байланысың туралы ләм демедiң! Бұларды жасырған сен жәһил, нақтылы қылмысыңды қалай жасырмассың! Бiрақ қанша жасырғанмен сыбайластарың әшкерелеп болды! Мен саған айтып қояйын, ендiгi сенiң тiрi құтылу жолың бiреу ғана. Ол – өз қылмысыңды толық жазып тапсыру ғана. Тiршiлiк керек пе өзiңе?!
– Әрине… Мүмкiн болса… Керек қой! – деп жымия қарадым. – Егер мүмкiн болмаса, сiздердi әурелеудiң жөнi жоқ та… Бұрынғы жазғандарым дело қапшықтарыңызға лайықтап, ықшам жазылған, мәселенiң тоқ етер түйiнi ғана едi. Егер жаза берсем қамқорлық етiп, тiршiлiк бере беретiн болсаңыздар, жаза берейiн. Дүниеде қылмыс деген көп қой. Мен елуден артығырақ жас жасаған адаммын. Демек қылмысқа қатынасқаныма жарым ғасыр болды. Бұл уақыт өту барысындағы өз көзiммен көрген, қолыммен iстеген қылмысымның бәрiн-ақ жазайын. Оның үстiне сiздер зәру еткен келiп шығу тарихым – өмiрбаяным тағы бар. Дүниеге келгенде де мен оңайлықпен жаңбырша тамшылай салғаным жоқ, келген келiсiмнiң өзiнде талай машақат бар. Қылмыс тапсыру керек болған соң бәрiн-ақ тапсырайын. Бiрақ, жазу үшiн қол керек. Мына шойын қыспағыңызды алып, қолымды босатыңыз! Жазу үшiн көзге жарық та керек. Жарығырақ бөлмеге орналастырыңыз!
– Егер қылмысыңды ада-күде толық тапсыратын болсаң, орындалады.
– Толық болғанда қандай, көзiммен көрiп, қолыммен iстеген iстiң бiрiн де қалдырмаймын! Бiрақ, оған уақыт өте көп керек.
– Қанша уақыт кетер?
– Сiздерде уақыттан арзан тауар жоқ қой, сырттан материал келiп болғанша, менiң сансыз сыбайластарым толық тексерiлiп болғанша мен де жазып болармын. Жазып бiтiрiсiммен менi бiлетiндердiң сарабына салыңыздар, "бiттiм, Аллаһу әкбармын" деймiн. Олай дейтiнiм, бар шындығымды жазған соң өлмей нем қалды. Басқа жақтан ажалды факт iздеп сiздер де әуре болмайсыздар.
– Рас қой?!
– Ып-рас!.. Маған о дүниенiң өзiнен тыныш орын жоқ екендiгiне көзiм жеткен соң шындықтан басқаның керегi не?!
– Бұлай үмiтсiзденбе… Құтылар жолыңды ендi таптың! Тек өзiңде мәселе қалдырмай әшкерелер сең азат болғаның!
Сөйтiп, қолыма салынған темiр құрсау алынды да, төсенiшiмдi көтерiп басқа бiр құдыққа – көк азық базына көштiм. Бұл тұрағым да жер астында болғанымен, төбесiнде шағын болса да, екi көздi терезесi бар, күңгiрт болса да жылтыраған сәулесi бар үңгiр екен.
Бас тергеушi тағы да келiп тапсырды:
– Сен қылмысыңның бiрiн қалдырмай жазасың, ә! Егер…
– Бiр сөзiмде жасыру, я өсiру болса, "пәлен күнi атылады" деп жазылған темiр таңбаны қызартып маңдайыма быж еткiзiп баса салыңыздар!
– Мен саған айтып қояйын, өтiрiк жазбайсың!
– Айттым ғой, маған өтiрiк пен жалтарудың ендiгi қажетi жоқ!
– Айтып қояйын, қылмысыңды ең басынан бастап уақыты, өтiлген орны, өтiлу ахуалы, кiм-кiмдер көрген… анық жазасың!
– Мап-мақұл! Қылмыскер әкем көзiн ашқаннан бастап өткiзген қылмысын, өз көзiмдi ашқаннан бергi қылмысымды бiрiн қалдырмай көз алдыңыздан кино картинасындай тiзiп өткiзейiн!.. Бiрақ, сiзден өтiнерлiк үш түрлi iсiм бар: бiрi – менiң үстiмнен материал жазатындарға "өтiрiк материал жазсаң, қылышты тас төбеңнен ұрамын" деп, "мен саған айтып қояйын" деп қадағалап ескертiп жаздырыңыз! Әр сатыдағы қылмысымды мен де осылай бастайын. Мәселенiң шын болуы сiздiң төбеңiздiң ашымауы үшiн де, менiң қиналмай өлуiм үшiн де жақсы. Екiншi – жазу үстiнде менi асықтыра көрмеңiз. Асыққанда мен мәселенi бұрынғыдай шонтита салуға мәжбүр боламын. Үшiншi – маған қағаз көп керек. Қылмыстарымды толық жазу үшiн қағаз iрке көрмеңiздер! Қылмыс деген шiркiн қазiргi кезде өте қымбат қой. Оны таба алмаған айыпкер қандай қиналады. Таба алмасаңыздар сiз де шөлдеген ұзақ көзденiп, тұмсығыңыз шөмшие қалмай ма!
– Мен саған айтып қояйын, қылжаққа айналдырушы болма, ә!
– Қылжақтасам аузыма қатқан нан толсын! Сiзге қылжақтауға батылым жете ме, құдай сақтасын!
– Айтып қояйын, сен ендi қолым босады деп жарық үйде рахаттанып жата беретiн болсаң, қатты жаза көресiң!
– Мап-мақұл, қинамай өлтiрсеңiз болғаны! Ойланбаса, ұмытылған қылмыс оқыс болып қалып қояды. Ойыма түсе қалған шақта, тiптi түнде тұрып та жазамын ғой, нанбасаңыз аңдушы қойыңыз! Бұл үшiн шырақ та керек екен ғой, шырақ!.. Шырақ!..
Мен де айтып қояйын, "Қылмысты" жазуға осындай диктатура кiрiстi."
(I том, "Кiрiсу"-ден)
Мiне, Қажекеңнiң "Қылмысы" осылай басталған.
"Мәдениет төңкерiсi" аталған зобалаң аяқтағаннан кейiнгi 1978 жылғы оңалу дәуiрiне байланысты көптеген адамдар түрмеден босатылды. Жазықсыздардың атақ абыройы мен еңбек ақысы да қалпына келтiрiлдi. Осы қатарда түрмеден босаған Қ. Шабданұлы бостандыққа шығып, әдеби ортаға қайта араласты. Түрмеден босағанда барлық қолжазбалары өзiне тапсырылып берiлдi.
Мүмкiн Қажекең түрмеге отырмаса "Қылмыс" жазылмас па едi, қайтер едi?!
Көп томдық романның ендiгi жалғасы бостандықта жазылды.
Ал осыдан кейiн араға он жылдай уақыт салып, Қажекеңдi қайта "ұшық" шалды. Бұл жолы 15 жылға кесiлдi. Алайда:
"Алтын сiрә жез болмас,
Отқа салып ерiтсең де.
Асыл жiбек бөз болмас,
Аяққа шұлғау етсеңде," – дегендей болды.
Қажығұмар аңызы тағы да дабырасымен жалғасып жатты. "Қажекең соңғы түрмесiнде кәртейгенi сол – жасарып алыпты" деп пыш-пыштады жұрт.
Еңсесiн түсiрмеген нар тұлға:
– Осы реткi отырған түрмем жайлылау болды. Түрменiң iшкi газетiнде редактор болдым. Қалам, қағаздан таршылық көрмедiм. Бiраз нәрсе тындырып алдым, – дейтiн көрiнедi амандаса барушыларға. Жазушының "Пана" романы осы "жайлы" жерде, яғный 1988-1989 жылдары Үрiмжi, түрмесiнде жазылған(Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы жағынан 2004 жылы шыққан "Пана" романының соңғы беттерiне қараңыз). Жазушы бұл романының бiр бөлiмiн сыртқа парақтап шығарып отырған.
Сөйтiп түрмелер арасында ойналған "жасырынбақ" арқылы "Қылмыспен" бiрге "Пана" өмiрге келген болатын.
ШЫҒАРМА ШЫРАЙЫ – ҚАЗАҚЫ МЫСҚЫЛ МЕН УДАЙ КЕКЕСIН
Қазақ әдебиетiнiң алыстағы ағайын арасындағы азуын айға бiлеген көкжалы – Қажығұмар Шабданұлының атын асқақтатқан "Қылмыс" романының тiлдiк жағындағы ерекшелiктерiн ескере отырып – "қазақы мысқыл, удай кекесiнiне" азырақ аялдайық.
Романның көркемдiк деңгейiне көз салсақ, өмiрдiң өз шындығы әдебиеттiк биiкке көтерiлiп, шымыр құрылым, айшықты тiл, сықақшылдық шығарма шырайын аша түскен. Әсiресе, әрбiр тараулар мен бөлiмдердiң: "Құдiреттi тергеушiм, өтiрiк қоссам, тас төбемнен ұрыңыз!" деп басталып, "Мiне, бұл менiң қылмысым емей немене" деген тектес ой түйiндiлерiмен аяқталуы жазушыны өзгеден ерекшелендiрiп, шығарма шындығы иiрiмiне тартады.
Тұтас роман бейне бiр арқан бойына байланған көгендер сияқты, әр көгеннiң өз бұршағы, өз тиегi, өз күрмеуi бар. Бiрақ, барлығы бiр желiнiң бойында жатыр. Ол жалған сурет, зорлықты үндестiк дегендерден мүлдем аулақ. Өмiрдiң өзi қандай табиғи болса, шығарма да сол өзектi қуалап оқушысын өмiр қайшылықтарына жетелеп отырады.
Роман атының "Қылмыс" болғанындай, жазушы өзiнiң "қылмысын" әшкерелеу емес, қоғамның, заманның "қылмысын" ажуалы мысқылмен бетiне басып келемеждейдi. Онда ХХ ғасырды қамтыған жарты ғасырдың шерлi шежiресi бар.
Иен далада құдыққа құлап өлген "мен"-нiң әжесiнiң тағдырын баяндай келiп: "Әдiлеттi тергеушiм, ақ-нақақты адамзатта сiз ғана айырар деп сенемiн, осы үлкен шешемнiң өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей, рахымсыз ызғарлы күйiнде кетуiн қарашы, не деген тас бауыр едi! Кiшкенелерiн есiркемей, тым болмаса маңдайынан ақтық рет бiр сипамай, бiр жiбiмей тас болып қатып, панасыз иен құмға тастап кетуiн қарашы!.. Неткен рахымсыз қылмыс!" – дейдi. Мұндай ащы кекесiн шығарманың өн-бойынан жиi кездеседi. Жүректi сыздатқан сыз, толғақтай қысқан запыран ғұмыр – бәр-бәрi қанды көбiктей бұрқ-бұрқ етiп отырады.
"Тергеушiм… Менiң қылмысым басқаны қойып, жүгiмдi ешкiге артуға да жеттi. Сол жолғы көп көшуден мүйiзi қарағайдай кәрi бөрте жауыр болды. Сол ешкiнiң аруағын шақырып алып, айғақ етсеңiз, мүйiзi көзiмдi ағызар едi."
"Сiзге керегi – қылмыс. Бұл үшiн ел iздеп, шөл кезген иесiз бұралқы иттiң делосында болатын қылмыстарды бiздiң деломызға да қосып жiберсеңiз болғаны. Ондай иттiң ыстықта шыжитын майы болмайды. Бiздiкi сияқты қаны ғана кебедi. Мұрнынан алған демге ол да қанағаттанбай, аузын арандай ашып, тiлiн салақтата обады. Оның қылмысы да қарынының қай жерiнде екенiн таба алмайсыз. Қылдырықтай болған бел омыртқасына жасырып, жабыстырып алады да бүктетiле бүлкiлдейдi. Анда-санда тұмсығын бiр көтерiп қойғаны болмаса, ол да басын жерден алмай бүлкiлдейдi. Тұмсығын көтерiп қоятыны – тәңiрiнiң салақтығынан тастап кеткен бiрдемесi кездесер ме екен дегендей сасық дәмесi. Мұндайда тәңрi салақтық етсiн бе, сонда да бiз сияқты бұралқының кәсiбi осылай болады. …Бұралқы да жоқ iздеген бiз сияқты, бiресе олай, бiресе былай қаңғиды. Бұралқыға да ауыл итi өш болады…"
Мұндай тiкендi тiркестерден қалса, кейiпкер суретiн жасаудағы қазақы мысқыл удай кекесiн екiнiң бiрiнде ерiн ұшынан жебедей атылып жатады.
"Кептердiң айғырынша басын төмен сала шұлғып, гуiлдеп сөйлеген сөзiнен…"
"Әсiресе, гоминьдаңдық мұғалiмдер келiп, өтiрiк күлкiге жари бастаған кезiмiзде…"
"Бұл жауаптарға Ынтықбайдың шүңiректеу өжет көзi тұна түстi. Тапжылдырмайтын салмақ тапқандай күжiрейiп, кең маңдайлы жуан басын сүзеген бұқаша тұқыртып алды…"
"Қылмыс" – аянышты тағдырды ащы күлкiге жасырған Шынжаң зиялылараның кешулерi. Онда сүйекке түскен таңба, жанға батқан жара – жұдырықтай жұмылып кекпен бiленедi.
Өзектi жарып шыққан ардың үнi жазушы жүрегiнiң әмiрiн жеткiзiп, философиялық ой түйiндерiмен астасатын тұстары да аз емес. Сондай тiркестерге бiр соғып өтсек, төмендегi мысқылдардан көремiз:
"Қасқыр боп келiп түлкiге, түлкi боп келiп қасқырға айнала қоятын құбылмалы жау – ең қиын жау…"
"Дүниеге адам алғаш келгенде күле келедi, қылмыстысы да, қылмыссызы да күле келедi. Одан соң ақырындап қорқу мен қорқыту сатысына өте бастайды…"
"Ең құдiреттi жүрек – ана жүрегi, балалары үшiн ол жүрек жазадан, қысымнан, қырсықтан, тiптi өлiмнен де қорықпайды".
"Қылмыстының түп тамыры – құмар құлқын".
"Қылмыстан өзiн арашаламаған адамның қырсықтан көзi ашылушы ма едi".
"Жолбарыстың жауыздығы әшкереленген сайын, түлкiлердiң "жөке-жөкесi" көбейе түседi".
"Жындыдан қорықпайтын адам жоқ, өйтетiнi ол заңға бағынбайтын содыр емес пе".
Мұндай тiркестер бүкiл роман бойындағы "тұздық" секiлдi кездесiп отырады. Жазушы қаламын құдiреттендiретiн ерекше ен таңбаның бiреуi де осы.
Жалпы алғанда "Қылмыс" роман-эпопеясы Қажығұмар Шабданұлының қалам қарымын көрсететiн өкiлдiк шығармасы болып, шетел қазақтарының, шетел асқан қазақтардың тарихын, өмiр кешулерiн бейнелеудегi реалистiк туынды. Шығарманың көркемдiгiне саятын кей тұстары оқушыны бiрден таңғалдырып, табындырып кете алмауы да мүмкiн. Бiрақ, көп бөлiмiнiң түрмеде туғанын ескерсек, тас түрменiң түбiнде, сыз еденнiң үстiнде, күңгiрт сәуле астында, ешбiр жазба материалдарының көмегiнсiз, қарауылдың қадала аңдуында жазылғанын ойласақ, жазушының қажымас рухы мен қалам қуатына, бәрiн күнi бүгiнгiдей шерте бiлген ойлау жүйесiне қайран қаласыз. Бұл жағынан қарағанда кемшiн тұстарына кешiрiммен қарауыңызға тура келедi.
Жазушының ерекшелiгi де, Қажығұмардың Қажығұмарлығы да осында. Бұл жазушы шеберлiгi, қаламның құдiретi!
Жәди ШӘКЕН