ҚАСИЕТIҢНЕН АЙНАЛДЫМ, ТYРКIСТАНЫМ!

ҚАСИЕТIҢНЕН АЙНАЛДЫМ, ТYРКIСТАНЫМ!

ҚАСИЕТIҢНЕН АЙНАЛДЫМ, ТYРКIСТАНЫМ!
ашық дереккөзі
386

Жүрек түбiне үңiлсек, жазық далаға орналасып, тамыры тереңге кеткен көне қаламыз Түркiстанның рухани астана аталуына күмән келтiре алмаймыз. Алыстан ат арытып елiмiздiң түпкiр-түпкiрiнен зиярат етiп келушiлерге сонау көк жиектен Ясауи бабамыздың көк күмбезi менмұндалап тұрады. Түркiстан жерiнiң қасиетiн бұрынғы ата-бабаларымыз мойындап, қазақтың хандары мен билерi мемлекет iстерiн осы жерде жүргiзгенi баршамызға мәлiм. Қазақты құрап, Түркiстанды тұрақ еткен хан Абылайдың, Есiм хан, басқа көптеген хандардың құлыптастары осында. Ежелгi қаламыздың топырағында сексен бiр хан, билер мен батырлардың сүйегi жерленген екен.

Атағы жер жарған Әмiр Темiр бiр жорыққа бара жатқан жолында қасиеттi Түркiстан жерiн басып өтiптi. Маңайындағылармен әңгiмелесiп, бұрылып жүре бергенде, бас киiмi жерге түсiп қалған екен. Соны алуға иiле бергенде: "Япыр-ау, мұны иiлiп өзiм алдым. Өзiм иiлмей-ақ маңымдағылар әперер едi ғой. Өмiрде иiлмеген адам едiм, сiрә, мына төмпешiкте сондай бiр қадiрлi, атақты данышпан, ғұлама бiреудiң жатқаны ғой", – деп ойлайды да, әскерiн тоқтатып, сол жерге түнейдi. Түнеп жатып түс көредi. Түсiне ғұлама кiрiп: "Мен Қожа Ахмет Ясауи боламын, ғылымға қызмет еттiм. Ескертерiм, егер сен маған белгi орнатпасаң, осы жолы жауыңнан жеңiлiп қайтасың", – дейдi.

Таңертең Темiр Көреген молда шақырып, аян оқытып, қайтып келiп мазар орнатамын деп, елге уәдесiн бередi. Сөйтiп жауын жеңiп келiп, кесене салып, күмбез орнатыпты.

Мiне, бұл кесененiң де салынғанына 600 жылдай уақыт болды.

Түркiстан дегеннiң өзi "түркiлер мекенi" деген мағынаны бередi. Сондықтан да Түркiстанның тек қазақ халқы үшiн ғана емес, барша түркi халықтары үшiн қасиеттi болып қала берерi анық. Оның бiр айқын дәлелi, құрылғанына жиырма жылдай уақыт болған А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi. Аталмыш университетте көптеген елдердiң үмiт артқан өрендерi бiлiм алуда. Әр тараптан келген бiлiмгерлер тiлi бөлек болғанымен, тiлегi бiр болып, бiр шаңырақ астында тiрлiгi жарасып, өз бiлiмдерiн шыңдауда. Университеттiң күнмен шағылысқан жаңа ғимараттары шырайлы қаламызға әдемi әр берiп тұр.

Тұран деп ұрандатқан қаншама ақындарымыз Түркiстанды өлмес жырларына арқау еткен. Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, Түркiстан әрқашан да ер түрiктiң бесiгi болып қала бермек…

Ботагөз АХМЕТОВА, ХҚТУ-нiң журналистика

бөлiмiнiң 2-курс студентi

Серіктес жаңалықтары