ЕУРОПАНЫҢ ҚАҚ ЖҮРЕГIНДЕ "ТАМАГАЙЕР" ҰЙЫМЫН ҚҰРҒАН ҚЫПШАҚТАР

ЕУРОПАНЫҢ ҚАҚ ЖҮРЕГIНДЕ "ТАМАГАЙЕР" ҰЙЫМЫН ҚҰРҒАН ҚЫПШАҚТАР

ЕУРОПАНЫҢ ҚАҚ ЖҮРЕГIНДЕ "ТАМАГАЙЕР" ҰЙЫМЫН ҚҰРҒАН ҚЫПШАҚТАР
ашық дереккөзі
255

Сақтар, яғни қыпшақтар бiздiң жыл санауымыздың бас кезiнде Еуропаға жаппай қоныс аударғанда, өздерiмен бiрге Тәңiрге табыну белгiсi бар төрт тарабы бiрдей әжiлерiн (крестерiн) құрметтей көтерiп апарғаны белгiлi. Бұл туралы бiрнеше кiтабында Мұрат Аджи жазған. Оны Н.Морозовтың кiтабынан да ("История возникновения Апокалипсиса") табуға болатын. Алайда, жуықта Россия телевизиясы "Тамагайер" ұйымын құрған кiмдер екен?" деген мағынада берген ұзақ хабарының мақсаты – Еуропаға барған қыпшақтардың Рим империясының ықпалы жүрген, жаулап алып құлдыққа салған, алым-салық алған елдерiнде жасаған қаракетiне тарихи топшылау жасау едi. Н.Морозовтың, М.Аджидiң және басқа да авторлардың кiтабында Азия жағынан барғандарды Рим папасының әрқилы сылтау тауып қуғынға салғаны, жергiлiктi дiншiлдердiң өз пiкiрлерiмен сәйкес келмегендердi "арийан" атап, "анафема" (лағнет) жариялап, шiркеуден аластағаны нақты деректермен жазылған.

Рим католиктерiнiң (католик — универсал, әмбебап деген ұғым) халықаралық құдiреттi күшке айналып, орта ғасырларда дiн және ғылым адамдарын сәл ауытқыған пiкiрлерi үшiн қуғынға салып, тiрiдей отқа жаққаны, өздерiне дейiнгi ғылыми, әдеби, тарихи, дiни кiтаптарды таутөбе етiп жинап, күлге айналдырғаны мәлiм. Ол кездi "инквизиция", "қайта өрлеу заманы" деп әспеттегенмен, католик дiнбасыларының бұл қылықтары адамзат мәдениетiн iлгерi бастыру емес, керi кетiру екенi анық. Сол заманда көптеген атақты ғалымдар Рим шiркеуiнiң әмiрiмен отқа өртелдi. Мысалы, Николай Коперник. Тарихи ғимараттар "готикалық үлгi" деген сылтаумен құлатылды немесе күтiмсiз тасталды. Адамзаттың ғылымға деген құштарлығына бiршама уақыт бұғау салды.

Жыл санауымыздың VI ғасырында пайда болған ислам дiнi күш алғанша Иерусалимге, Арабстанға, Кiшi Азияға бiрнеше рет "крестiлер жорығын" жасаған әсiредiншiлдер араб-парсы ғалымдарының математика, география, физика, астрономия сияқты озат ғылымдарымен қаруланған және ғылымды iлгерi дамыту үшiн еңбектенген азаматтарын қудалап,үнемi "анафемаға" (шiркеу лағнетi) ұшырытып отырды.

Шығысқа талай рет "крестiлер жорығын" ұйымдастырса да үнемi жеңiлiске ұшырап, тауы шағылған еуропалық дiншiлдер саябырсығанда, "Сүлеймен пайғамбардың мұрасын iздеймiз" дейтiн бiр топ пайда болады. Бұлар – әлгiнде аталған, католиктер мүйiздеп жүрген "арийандар" болатын. Бұлардың ата-бабалары басында Алтай таулары жағынан үдере көшкендер едi. Гундардың батыр көсемi әрi кемеңгер патшасы Аттиланың Римге төрт қанаты бiрдей әжi (крест) көтерiп барып, империяның сұлу астанасына таяу келгенде Рим папасының батырға құлшылық ұра жалынып, қаланы қиратпауын сұрағаны бiзге ежелгi тарихтан белгiлi. Ол туралы сол заманда жазылған талай тарихи құжаттар сақталған.

Ендеше, Сүлеймен (еврейше Соломон) пайғамбар мұрасын iздеу әлгi "Тамагайер" ұйымын құрғандардың сылтауы ғана едi. Олардың мақсаты шын мәнiнде көзден таса, көңiлден құпиялау болған. Iздегендерi асыл қазына ма, әлде Сүлеймен пайғамбар заманынан қалған тарихи жазбалар ма, оны әлi күнге дәлелдеген ешкiм жоқ.

Ендi "тамагайер" дегеннiң мағынасы не? Соған келелiк. Сөздiң бастапқы бөлiгi "тамага", келесiсi "иер". Екi сөздер құралған. "Тамага" сөзi менiңше өзiмiздiң "томаға". Қыранның көзiне бастырылатын томаға, Адам көзiн жұмғанда көлегейлейтiн жұқа терi қабаты. Кiсiге белгiсiздеу, құпиялау нәрсенi ел "томаға тұйық" дейдi. Яғни "құпиялау, астыртындау, жалпыға белгiсiздеу" деген ұғым. "Йер" сөзi – қазiргiше жер! Қазақтар дәп қазiрдiң өзiнде сөйлеу тiлiмен "қай йерденсiң!" немесе "қай йерден келесiң!" дейдi. Негiзiнде осы "йер" сөзi жазылуда да, айтылуда да өзгерiске түспеуi тиiс едi. Осы сияқты көптеген қазақ сөздерi бүгiнде өзгенi қойғанда, өзiмiзге таңсық болып жүр. Бұл қыпшақ тiлiнде сөйлейтiн бiраз түркiлердiң бiр-бiрiн түсiнбеуiне, түсiнгеннiң өзiнде әрең ұғынатын, аздаған айырмашылығымен қиындатылған тiлге айналды. Мысалы, "қарындас" сөзi. Бұрын бауыр, бiр енеден туған деген ұғымда болса, қазiр жасы кiшi әйел ұғымында. Бiздiң башқұрт, татар бауырларымыз жасы кiшi әйелдi – "сiңiлiм" дейдi. Бiр кезде қазақтар да солай сөйлегенiне дау болмаса керек. Өйткенi, қазақта бар ру-тайпалар әлгi екi бауырларымыздың iшiнде де жетерлiк. Бұның өзi бiр замандағы бiртұтастығымызға айқын дәлел.

Тақырыбымыздан сәл ауытқуға себеп болған, өзгерген сөздердi қойып, қазiргi ұғымымызша "томаға жер" аталған ұйым құрған ежелгi қыпшақтардың қаракетiне қайта оралсақ, олар ол заманда Палестина мемлекетiнiң астанасы болған – Иерусалимге қайта-қайта бейбiт жорық жасап, қаланың астындағы үңгiрлердi зерттейдi. Қазба жұмыстарын жүргiзедi. Ежелгi заманда пайдаланылған ыдыстарды, құмыраларды, санскритше жазылған құжаттарды табады.

Таяу Шығыс жерiне қарай ағылған бұл "тамагайер ұйымының" адамдары жолшыбай керек-жарақтарын, жол азығын, көлiгiн қиналмай табу үшiн асыл заттардан, ең алдымен алтын-күмiстен жасалған бұйымдарды, монеттердi жинап сақтайтын, несиеге жазып беретiн касса, банкiлердiң алғашқы нұсқаларын дүниеге келтiрген. Сонымен Таяу Шығысқа қарай жол тартқандардың тарықпауына жағдай жасаған.

Римнiң Ватикан шiркеуi кешiкпей бұлардың iс-қаракетiнен күдiк ала бастайды. Өйткенi, әлгiндей банкi, касса құрған "тамагайер" адамдары шектен тыс байып, Еуропаның атақты байларына несие берiп, одан үстеме алғаны қызғаныш туғызған. Бұл қызғаныш ақырында Ватикан шiркеуiнiң басшыларын ашу-ызаға булықтырады. Қазiргi Швейцар банкiсiнiң негiзiн салған баба қыпшақтар ақырында Ватикан шiркеуiнiң "анафемасына" ұшырап, әуелi басшылары ұсталып, түрмеге жабылып, инквизиция арқылы өртелiп, елден iздестiрiле бередi. Ол заманда бұлар Испания мен Францияны, Британияны, Карпат таулары маңын, Балқан түбегiндегi елдердi түгел жайлап, өте беделдi болған едi. Осы замандағы ел кезiп, жер танитын туристердiң бiр парасы болған бұл ұйымның адамдары Ватикан шiркеуiнiң лағнетi арқылы бiрнеше жыл бойына өртелiп, зынданға салынуы "тамагайерлердiң" сол замандағы қалың жұрт көзiнен томаға тұйық жатқан мекендi iздеулерiне әкелiп соқтырады.

Бұл ұйымның байлығы мол болуына орай, олардың теңiз кемелерi заманында ең берiк, ең жүйрiк, сенiмдi болғанына дау жоқ. Сол кемелер арқылы тұрақты мекен iздегенде олар Британ аралдарының солтүстiк жағындағы бiр шетi мұхитпен қоршалған биiк жартастың бөлiгiн тауып, осы жерге қамал-қала орнатады. Бұны – Шотландия атайды. Нелiктен Шотландия атады? Ол бiзге құпия. Византия мен Рим империясы "арийан" атап сыйғызбаған бұл ұйымның бiр тобы Альпi тауларын мекендеп, ақырында Швейцарияға қоныстанып, жергiлiктi халықпен араласып, туысып алған сол қыпшақтар асыл байлық — алтын, алмас сияқты дәулеттерiнiң негiзiнде елге тағы да несие бере бастайды. Сөйтiп, Алтайдан ауған атақыпшақтардың ұрпағы дүние жүзiне белгiлi Швейцар банкiсiнiң негiзiн қалайды.

Ал Шотландияны мекендеген "тамагайер" ұйымының бiр топ адамдары өздерiне жақын маңмен сауда қарым-қатынасын жасап, атақтары айнала елге тарайды. Мұны естiген католик дiнiнiң басшылары оларға қарсы әскери жорық жасауды жоспарлап, ең алдымен Франция, Италия, Испания мемлекеттерi бiрiгiп, Шотландияға шабуыл бастайды. Бiрақ қамал қаланың мұхит толқыны шайып тұрған биiк, тұйық жартасқа орналасқандықтан және оны қорғаушылардың жанқияр жауынгерлерi арқасында басқыншылар ештеңе өндiре алмай, азып-тозып, жолшыбай тұманға, дауылға тап болып, елдерiне аман қайтқандары аз болған.

Ендi бiр назар аударарлық мәселе — қазiр Ұлыбританияның қарауында болса да Шотландияның өз тәуелсiздiгi үшiн ғасырлар бойы күресiп келе жатқандығы. Түптiң түбiнде бұл талаптың жүзеге асары және сөзсiз. Сонау Алтай тауларында жүргенде азаттық үшiн ар-намыстарын таптатпаған, бүгiнде еуропалықтарға әбден қаны-жынымен бiрiгiп-кiрiгiп кеткен бiр кездегi сақтардың ұрпағының бойындағы өршiл, азатшыл рухтың сөнбегендiгiн көремiз. Бiр қызығы сол, ата-бабалары орнатқан қамал-қала да саяхатшылардың таңданысын туғызып, ғасырлар өтсе де жел мен жақанға, ыстық-суыққа мiнi құрымай, иесiз қалса да әлi асқақ тұрғаны… бiр тылсым күштiң бар екендiгiне куә сияқты.

Бiздiң жыл санауымыздың төртiншi ғасырына дейiн дiнсiз болған Еуропадағы құдiреттi Рим империясының әскерлерi Иерусалимдi басып алып, Иса пайғамбарды ағаш креске шегелеп өлтiргенi белгiлi. Өздерiнен шыққан пайғамбарға (Еврейше аты Егошуа, оны гректер Иссус Христос атап, еуропалық әр ұлт өздерiнше сан құбылтқан, ақырында Егошуа атауынан жұрнағы да қалмаған) еврейлер қорған бола алмады. Оны қойғанда, Егошуаның ұстазы болған, Иоанн Крестительдi, яғни Иоанн Хризостамды да зынданға салып өлтiрген римдiктер едi. Оны орыстар Иоанн Чудотворец деп те атайды. Бiр құжатта Иса пайғамбардың ұстазы, Иордан өзенiне шомылдырушы, бiресе көмекшiсi дейдi…

"Әл-Фараби және Абай" атты еңбегiнде атақты ғалым ағамыз Ақжан Машанов былай деп жазады:

"Сұрап қарасақ, бұл сұпыда (зиратты айтады — Қ.Т.) Жақия пайғамбардың басы көмiлiптi. Ол Жақия (арабша Иахия), христианша Иоанн Креститель, ол Зикрия — ұлы екеуiн де осы арада зұлымдар өлтiрген. Ол Ғайса пайғамбардың көмекшi серiгi. Сол себептi барлық дiнге ортақ жазықсыз өлтiрiлген адамдары бәрi есiне алып дұға оқып отыр" (кiтаптың 3-шi бетi).

Аталған кiтабында Ақжан аға кресшiлердiң Таяу Шығысқа шабуыл жасап, басып алған кезiнде оларға тосқауыл берiп, мұсылман жерiнен айдап шыққан сұлтан Салахиден туралы да айта кетедi. "Сұлтан Салахиден мавзолейi. 1130 жылы туып, 1198 жылы қайтыс болған қолбасшы-батыр, әрi ғалым болған екен. Ұлты — курд. Араб елдерiнiң, мұсылман жерлерiнiң бiразын Батыстың кресшiлерi басып алған заманда соларға қарсы халықты ұйымдастырып, кресшiлердiң бетiн қайтарып, оларды ең басты тiрегi Иерусалимнен қуып шыққан осы кiсi" дептi (33-бет). Осы батырдың қабiрiн саяхаттап жүрiп көрген Германия императоры Вильгельм II ерлiктi бағалап, құрметтегенiнiң белгiсi ретiнде Салахиденнiң басына ақ мәрмәрдан әдемi ескерткiш қойдырғанын жазады Ақжан аға.

Таяу Шығыстың бiрнеше қаласын аралап, әл-Фараби, Бейбарыс бабалардың жерленген жерiн iздеген Ақжан аға Бейбарыс қамалы аталған тарихи қамалды Салахиден әскерiмен бiрнеше ай қамап ала алмаған екен. "Шамасы содан алпыс жыл өткен соң қамалды сол елдiң кiшi сұлтаны Бейбарыс аз-Захир босатқан (1260-1277)" дейдi Ақаң.

Бұл батысқа мұсылман дiнiнiң құбыжық көрiнген заманы едi. Оның себебi ислам дiнiнiң бүкiл Таяу Шығыста беделге ие болуы. Бұрын Рим империясының қоластында болған елдердiң көбiсi тәуелсiздiк алып, мұсылман дiнiнiң ықпалында кетуi кезiнде құдiретiне табындырып, салық алып келген ұлттарының көбiсi ендi ислам мәдениетiн қабылдағанына Батыс түсiне алмаған және өштiгiн оятқан.

Алайда, ислам ғылымға төзiмдiлiкпен қарады. Сол себептi оның тұжырымдарына, болжамына қарсылық көрсетпейдi. Түсiнiстiк жасады.

Ақжан аға кiтабынан бiр мысал:

"Доғасы белгiлi бұрыштың қабырғасын табу оңай. Ол қабырға – жердiң радиусы болмақ. Радиусы белгiлi болса шардың (жердiң) бет ауданын және көлемiн айыру оңай.

Демек радиус мәнi табылса болғаны ғой. Оны табу үшiн алдымен жердегi өлшенетiн ноқаттардың географиялық координатын табу қажет. Ол үшiн сағатын, ойын айна жасап, астрономия аспабын қолданады. Осы әдiстермен жер бетiнде бiр меридианда жатқан екi ноқаттың ендiк айырмасы бiр градус етiп, осы екi ноқаттың арасын дәлдеп өлшеу керек. Сонда жердiң бiр градус доғасын арабша 563 миля (араб) милясының ұзындығы – 1973 метр шамасында, яғни 111,8 км. 1160 жылдай бұрын орындалған осы өлшеу қазiргi ғылымның өлшеуiне дәл келедi. Бұл iстерге әл-Фарабидiң тiкелей қатысы бар", — деп шаттанады Ақаң.

"Ерте заманда көп халықтар аспан әулиесiн – Юпитер деп бiлген ғой. Оның грекше аты Зевс, шумерше – Мардук, қазақша – Шоңай, арабша аты Муштари. — Мынау сол әулиеге арналған храмның iргетасы деп көрсетедi бiзге. Оны кейiн христиандықтар — шiркеуге, мұсылмандықтар мешiтке айналдырған" — деп еске алады ғалым.

Аталған кiтабында Ақжан аға: "…Бiрiншiден, қазақ деген ат өте көне замандардан келе жатыр, осыдан 3000-4000 жыл бұрынғы тарихта бар ат" дейдi. Осы шағын еңбекте ғалым көптеген маңызы зор сауалдарға жауап берген. Бiз әрине кiтапты көшiрушi емеспiз. Көне замандағы қыпшақтардың Алтайдан, түу, Батыс Еуропаға үдере қоныс аударуына орай бабаларымыздың ұрпақтары iстеген қаркеттердi әңгiмелеу үстiнде шарық жiптей тарқатылған ой жүйесiнiң бiр үзiгiн қисынды жерiнде пайдалана кеткендi жөн көргенiмiз болмаса…

Бағзы бабаларымыздың үлгi-өнегелi өмiрiнен аз да болса бiлген мәлiметiмiздi шағын мақалада жарияға шашыратуымыз содан. Оқырманға ұнап жатса, әлi де болса осындай қадамға қуат, жiгерiмiздi бағыштаудан тартынбаспыз деп ойлаймын.

Құрал ТОҚМЫРЗИН, жазушы

Серіктес жаңалықтары