ХАЙУАНАТТАР ӘЛЕМI — ҒАЖАЙЫПТАР ӘЛЕМI

ХАЙУАНАТТАР ӘЛЕМI — ҒАЖАЙЫПТАР ӘЛЕМI

ХАЙУАНАТТАР ӘЛЕМI — ҒАЖАЙЫПТАР ӘЛЕМI
ашық дереккөзі
721

Қарағанды облысы – республикамыздағы өндiрiстi өлкелердiң бiрi де бiрегейi. Сонымен бiрге Оңтүстiк астанамыздан кейiнгi аумағы жағынан да, мәдени-ағарту шаралары жағынан да екiншi орынды иеленедi. Экономикасы дамыған көмiрлi өңiрдiң бүгiнгi тыныс-тiршiлiгi жайлы алдағы әңгiмелердi осынау көрiктi шаһардың қоғамдық көпшiлiк мәдени орындарынан бастағанды жөн санадық.

Облыстың Жезқазған қаласына қарай тасжол бойында орналасқан Жаңаарқа өңiрi өзiнiң мал шаруашылығымен, әсiресе, жылқы малынан алынатын құнарлы сусындарымен тамсандыратын өлке. Қазақтың ұлттық сусындары мен сүбелi ет тағамдарын қалай сақтап, қалай дәмдi ас дайындауын былай қойғанда, Жаңаарқа – кiл сал-серiлер мен күмiс көмей әншiлер дүниеге келген қасиеттi топырақ екенiн көзi қарақты оқырман жақсы бiледi. Мiне, осы Жаңаарқа топырағында өсiп-өнiп, үлкен өмiрге қанат қаққан Абылай Шуланбаев есiмi қазiрде көпке танымал. Кезiнде ауданның спорты мен мәдениетiне еңбегi сiңген, "Қайрат" ерiктi спорт қоғамын, кейiннен мәдениет бөлiмiн басқарған атпал азамат балуандығы мен әншiлiк дарынын қатар ұштастырып, Бүкiлодақтық додаларда шашасына шаң жуытпаса, бүгiнгi таңда ол Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағына басшылық жасау арқылы табиғат байлығын сақтауға ерекше үлес қосып жүрген азамат. Таяуда редакция тапсырмасы бойынша қарағандылық жазушы Төкен Әлжантегi Қазақстандағы үш iрi хайуанаттар бағының бiрi – Қарағанды бағының директоры Абылай Шуланбаевқа жолығып, әңгiмелесiп, пiкiрлесiп едi. Ендi сол әңгiме-сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. Хайуанаттар бағы туралы анықтама: Қарағанды хайуанаттар бағы 1938 жылы құрылған. Ол — Қазақстанда жұмыс жасап тұрған үш бақтың бiрi. Жалпы алып жатқан жер көлемi — 43,48 гектар, игерiлгенi — 8 гектар. Халықаралық ЕЕР бағдарламасына белсендi қатынасушы. Сонымен қатар Мәскеу, Ташкент, Берлин, Алматы, Шымкент, Краснояр, Омбы және тағы басқа қалалардың хайуанаттар бағымен iскер байланыс орнатқан. Хайуанаттардың 184 түрi бар, ал жалпы қор 873 бiрлiк. Бақта жылына сегiз жүзге тарта аң мен құс дүниеге келедi. Олардың арасынан арыстан, арқар, құлан, тотықұс сияқты табиғатта сирек кездесетiн түрлерiн атап өтуге болады. Хайуанаттар бағын жылына сексен мыңнан астам қарағандылықтар мен қала қонақтары тамашалайды. — Әбеке, естiп жатырмыз, сiз кезiнде мәдениет пен спорт саласында еңбек еткен жансыз. Ал, хайуанаттар бағына келуiңiзге не себеп? — Хайуанаттар әлемiн табиғаттан әсте бөлiп қарауға болмайды. Жануарларсыз, аңдарсыз қоршаған орта мүлдем жалаңаш қалыпта қалар едi. Шыңдарын көкке тiреген таулар, өсiмдiгiн жайған жазықтар, жонын күнге сүйгiзген қырат-белдер, арнасынан асып-тасыған өзендер, жапырағы сыбдырын салған ормандар — бәрi-бәрiнiң шырайын келтiретiн ұшқан құс пен жүгiрген аң. Құстар өз базарын орнатпаса — көл жетiм, аңдар алашапқынға салмаса айналаң — тұл. Сондықтан бiздер, адамдар, жауапкершiлiгiн мойнына алған Табиғат-анаға қамқорлықпен қарауға борыштымыз. Қамқорлығымыздың өзi сонда, жануарлар әлемiн сақтап қалуға күш салғанымыз абзал. Ол үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасауға мiндеттi екендiгiмiздi мойындауымыз керек және осы жолда бiлiмiмiз бен бойда бар жiгерiмiздi аямай жұмсауға ниет бұрғанымыз орынды. Қазiр жер бетiнен көптеген аңдар мен құстардың түрлерi жойылып кеткен. Ал, жойылар алдында тұрғандары қаншама! Мұны ғалымдар пiкiрiнен де, хайуанаттар әлемiнiң жанашырларының дабылынан да аңғаруға болады. Әлемдiк "Қызыл кiтаптың" шығу салдары да адам баласын ойлантса керек. Осы мәселенiң түйiнiн түбегейлi шешпейiнше бiз табиғи тепе-теңдiктi сақтаймыз деп айта алмаймыз. Оның үстiне бiздi: "Келешек ұрпақ қызықтар қоршаған орта байлығын қаншалықты деңгейде қалдыра аламыз?" — деген күмән әркезде мазалап отыруға тиiстi. Келер ұрпаққа мирас етерiмiз аз бола ма, көп бола ма? Мiне, жанды қинар осы сұрақтардың шешiмiн тапқан күнде ғана аға буын өкiлдерi алаңсыз ғұмыр кештiк деп айтуға құқылымыз. Басқаша жағдайда… Онда тiршiлiктi бостан-бос өткiзгенiмiз аян болады. Жас өскiннiң танымына әсер етер, жалпы адам тiршiлiгiнiң негiзiн құрар, адамзат өкiлiмен бiрге жасасар хайуанаттар әлемi қашанда да қиыншылық белдеуiн айналып өтпеген. Табиғи апат салдарлары, қолдан жасалған қиянаттар олардың тiршiлiк ету аясын тарылтып қана қоймай, не басқа жаққа қоныс аударуына немесе жер бетiнен құрып кетуiне әкелiп соқтырған. Бұл Қазақстан аумағында да орын алған жағдаяттар. Балқаштың қамысын мекен еткен жолбарыстардың бүгiнде өзi тұрмақ iзiн таппай қалғанымыз осы айтқанымыздың айқын дәлелi. Жалғыз жолбарыс қана ма? Құба жондарды кесiп өтiп, үйiрiмен суатқа келiп үйездер құландар қайда? Қала бердi, жиырмасыншы ғасырдың аяқ тұсына аман жетiп, тақырларда сарыала болып жататын киiк жарықтықтардың қарасына бүгiнде неге зәрумiз? Ал, атын ғана естiп, өзiн көрмеген басқа да аңдардың таңсық болуы, ұланғайыр даламыздың жан-жануарлардан жүдеулiк тартуы табиғи процестер салдары және адами озбырлықтың әсерi екенiн ұмытпағанымыз абзал. Мiне, осынау тығырықтан шығар бiрден бiр жол қоршаған ортаға қамқорлық, ондағы тiршiлiк иелерiне мейiрбандықпен қарау болып табылады. Мейлi ол аң-құс болсын, мейлi ол кесiртке, немесе жылан болсын, табиғаттың бiр мысқалы деп танысақ онда мақсатымызға жеткенiмiз. Осы қағидаға сүйенсек, Қарағанды қаласының күнбатыс тұсына орналасқан хайуанаттар бағының өмiрге келуi парыз бен мiндет үдесiнен туындағаны сөзсiз. Құрылғанына жетпiс екi жыл толып отырған бақтың бүгiнi жарқын болса, ертеңi нұрлы болатынына мен сенемiн. Иә, Қарағанды хайуанаттар бағының жұмыс жасай бастағанына жетпiс жылдан асты. Бұл аз уақыт па, көп уақыт па, оны қолға алған iстiң баяндылығы айқындайды. Дегенмен, көрер көзге анық байқалатын жұмыс ауқымы осынау уақыттың бостан-босқа өтпегенiн дәлелдеп тұрады. Дүниенiң төрт бұрышынан үлкен қиындықпен алдырылған жануарлар қарасы молайған үстiне молайып, бүгiнде Қарағанды халқының ғана емес, көмiрлi қаламыздың қонақтарының да көз қуанышына айналғаны бiз үшiн үлкен мақтаныш. Үндiстанда ғана кездесетiн Бенгал жолбарысы, Африканы мекен ететiн арыстандар, Орталық және Оңтүстiк-Шығыс Азияда болатын жолбарыс түстi питон (әбжылан), Қытай, Үндiқытай, Гималайдың орманды алқаптарында ғана ұшырасатын Непал қырғауылы, тек қана мұзартты тауларда қара көрсететiн қар барыстары, Өзбекстан, Тәжiкстан, Ауғанстан тауларын жайлайтын мархур ешкiлерi, Америка, Азия, Солтүстiк Африка құрлықтарын ғана жерсiнетiн сары түлкiлер, өзiмiздiң аймақтың төл хайуанаттарына жататын қабандар — мiне, мұның бәрi ұшан-теңiз байлығымыздың бiр бөлшегi десек артық айтқандығымыз емес. Олардың сыртында қаншама аңдар мен құстар тұрғанын хайуанаттар бағына келiп қызықтаушылар өздерi-ақ аңғара жататынына куәгермiз. Қарағанды хайуанаттар бағы сегiз гектар аумақты алып жатыр. Онда жануарлардың 170 түрi кездеседi. 800-ден астам аңдар мен құстар жинақталған. Осылардың iшiнде 39-ы Бүкiлдүниежүзiлiк, қазақстандық "Қызыл кiтапқа" енген. Әлемде сирек кездесетiн қабландар, құмайлар, тәждi тырналар т.б. аң-құстар бұл сөзiмiздiң анық дәлелi. Тарихи анықтамалыққа жүгiнсек, хайуанаттар бағы 1938 жылы құрылған екен. 72 жылдық тарихы бар бақтың содан бергi жылдар iшiнде гүлденген шағы да, қиындықты бастан кешкен тұстары да жетерлiк. Заманауи таршылықтар, соғыс жылдарындағы ауыртпалықтар, адами пиғылдың керiтартпалығы — мұның бәрi ұлан-ғайыр iске қолбайлау жасағаны сөзсiз. Дегенмен, өз iсiне сүйiспеншiлiкпен қарайтын жандардың табандылығының арқасында, табиғаттың шексiз жанашырларының көмегiмен бақ жұмысы әр уақытта қайта жанданып, келушiлердiң ынта-ықыласын аударғаны шындық. Мұның өзi адамзат пен жан-жануарлардың бiр-бiрiнен айырғысыз, бiр табиғаттың төл перзенттерi екендiгiн дәлелдеп жатады. Мiне, осы жағдайды жан-жүрегiммен түсiнгендiктен 2006 жылы қалалық басшылық тарапынан ұсыныс болғанда мен олардың көңiлiн қайтара алмадым. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетi жанындағы спорттық-сауықтаңдыру орталығын басқара жүрiп, жайлы орнымды мына беймаза шаруаға айырбастап жiбергенiм анық. — Бiз әлгiнде ғана бақ iшiн аралап шықтық. Тазалық пен жинақылық көзiмiздi қуантқандай. Ал, сiз "Беймаза шаруа…" деп қалдыңыз. Мұнымен не айтпақ едiңiз? — Әр дүниенiң өзiндiк бейнетi мен зейнетi болатыны дау тудырмаса керек. Ал, бейнетсiз зейнет болмайтыны тағы ақиқат жағдай. Басшылық қызметке тағайындалып, алғаш бақтың табалдырығын аттағанымда жүрексiнгенiмдi жасырмаймын. Тозған, қираған шарбақтар мен ғимараттар, қарасаң көңiлiңдi жасытар аң тұрақтары, бей-берекеттiк жайлаған айнала қорқыныш көлеңкесiн түсiрiп тұрған. Өздерiңiз саралай берiңiздер: жөн-жосықсыз өскен тал тамырлары тот басқан, қарау көрмеген темiр белдемелермен шайнасып, маңайды адам аяғы баса алмайтын ортаға айналдырған да қойған. Мыналарды көргенде: "Осыған бекер-ақ келдiм-ау…" деген түйсiк мазалай берген. Қамқор көңiлдiң мұнда көптен болмағанын әр қадам айқындап тұрған. Қайда баспа — кетеуi кеткен шаруа ұшығы жаныңды мазалайтын едi. Аула қоқысқа толып, жем-шөп сақтайтын жайлар қираған, көңiрсiк иiс қолқаңды атады. Оның үстiне баққа тиесiлi көптеген жерлер заңсыз түрде әлдекiмдерге сатылып кеткен. Ал, сатып алушылар ол жерлерге түрлi коммерциялық шаруашылық ашып алған. Осыған байланысты жұмысты тазалық пен жөндеу жұмыстарынан және үлесiмiздi қайтаруға соттасудан бастауға тура келдi. Аз уақыт iшiнде хайуанаттар бағының жалпы көрiнiсiн ретке келтiрiп, "Хайуанаттар бағын дамыту" туралы бағдарламаны бекiтiп үлгердiк және оның жұмыс жасауына ықпал жасадық. Соның нәтижесiнде аула iшiндегi жолдарға асфальт төселiп, аңдар тұратын орындар күрделi жөндеуден өткiзiлдi, сыртқы қоршау жаңғыртылып, жем-азық сақтайтын орындар түбегейлi жаңартылды. Сотта да жеңiске жетiп, тиесiлi жердi кеңейтуге мұрсат таптық. Сонда мына бағдарламаның көтерер жүгi неде? Ендi осы жағына тоқтала кетейiн. Оны талдар болсақ, мына талаптарды қамтыды. Бiрiншiден, мақсаты: — Келушiлердiң демалуына жағдай жасау, — Қолда бар аң-құстардың қалыпты тiршiлiк етуiн қамтамасыз ету және олардың тұқым әкелуiне қолайлылық тудыру, — Халықаралық хайуанаттар ассоцияциясына (ЕАРАЗА, WAZA, EAZA) кiру үшiн материалдық-техникалық және ғылыми-зерттеу негiздерiн дайындау, — Бөлiнген аумақты толығымен игеру, — Облыс көлемiнде хайуанаттар әлемiн қорғау жөнiнде тұрғындармен ағартушылық, тәрбиелiк жұмыстар жүргiзу, — Жұмысшылардың еңбек қауiпсiздiгiн сақтау және санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап беруiн қамтамасыз ету. Иә, ауқымды жұмыс жоспарын бекiттiк. "Көз — қорқақ, қол — батыр" дейдi ғой дана халқымыз, ендi осыларды жүзеге асыру мiндетi алдымызда тұрды. Ол үшiн тынымсыз еңбек ету керек едi. Сөйттiк те. Ұжым болып жұмыла iске кiрiстiк. Тиiстi құрылыс орындарымен келiсiм-шартқа отырып, олардың да "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруына" мұрындық болдық. Қажеттi қаражат жағын тиiстi орындармен бiрiге отырып шешiп, қолбайлау болатын жайттердiң алдын алдық. Бұл тұрғыда облыстық және қалалық әкiмшiлiктер тарапынан үлкен қолдауға ие болғанымызды баса айтпақпын. Жөндеу жұмыстары жүрiп жатқан шамада да бiз негiзгi мiндетiмiздi ұмыт қалдырмадық. Халыққа ұсынылар мәдени-көпшiлiк шаралардың ауқымын кеңейтiп, олардың мазмұнын тереңдете түстiк. Қала мектептерiне барып, ондағы табиғат жанашырларымен кездесудi жиi ұйымдастырып отырдық. Сондай-ақ, қаладағы мекеме, кәсiпорындармен тығыз байланыс орнатып, олардың қолдауына ие болдық. Қазiргi таңда аквариум мен террариумда тiршiлiк кешетiн жәндiктердiң жағдайы өте жақсы деңгейде. Әбжыландар, жыландар, бақалар, өрмекшiлер мен тасбақалар жарықтандырылған жайлы жерге орналасқан. Жыртқыш аңдардың тұрағы да талапқа сай жабдықталған. Ең бастысы, қауiпсiздiк шаралары қатаң сақталады. Мұның өзi хайуанаттар әлемiн қызықтаушыларды баққа келуге тартатыны ақиқат. Сонымен қатар, табиғатты қорғау жөнiнде жан-жақты шаралар өткiзудi ұйымдастырдық. Жергiлiктi баспасөзге жарияланымдар жариялап, радио мен теледидардан түрлi деңгейдегi хабарлар жүргiзуге ат салысқанымыз осы кезеңде. Мұның өзi оқырмандар мен көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырып, үн қосқан жұртшылық өз ойларын ашық айтып отырды. Сондай-ақ, тақырыптық мерекелер жыл сайын өтетiн дағдыға айналды. Оған мектеп оқушыларымен қатар табиғатты сүйетiн үлкендер де қатысып отырды. Мұның өзi танымдық деңгейдi қалыптастыруға септiгiн тигiзгенi сөзсiз. Осыдан кейiн бiздiң жанашырларымыздың қатары жаңа есiмдермен толыққаны қуанышты жағдай. — Иә, жақсы iстiң жаршысы бола бiлгенiңiзге ел куә. Оны осы баққа келушiлермен сұхбаттасқанымызда толық аңғарғандаймыз. Осы орайда сiздерде атқарылған өзге де жұмыстарға тоқталып өтсеңiз? — Әлбетте, бәз бiреулер бақ жұмысы хайуанаттарға жем-азық берiп, олардың астын тазалау деп ұқса қатты қателеседi. Адамдар сияқты әр жан-жануарлардың өзiне тән мiнез-құлқы қалыптасқан. Осыны аңғармасаң, оның "көңiлiнен шықпасаң" бағып-қағуың да қиындай түспек. Олар керi мiнез көрсетiп, бағыныштылықтан бас тартып жатады. Мiне, баққа қызметке келмес бұрын адамдар осы жағына баса назар аударғандары жөн. Мына бiр жағдайға ынта қойыңыздар. Бiзде Аида деп аталатын аю бар. Жайшылықта ол моп-момақан боп көрiнгенiмен, кейде тым ашушаңдығын да танытып қояды. Бұл жағдай әсiресе қонжықты болғанында қызғаныш салдарынан туындайды. Бұл қоңыр аю бiздiң хайуанаттар бағы үшiн таптырмайтын құндылық. Осы ғажайып аю бiр кездерде циркте жұмыс iстеген және әлемде бiрiншi болып аса жоғары шеберлiкпен өнер көрсеткен, жiгiттердiң тiлiмен айтқанда "бауырдан өту" әдiсiн меңгерген. Аида Орлов тұқымды ұзынаяқ атпен жұптасып цирк аренасына шыққан. Ат цирк сахнасымен шауып келе жатқанда Аида аттың үстiне секiрiп мiнiп, аттың бауырынан өтiп, қайтадан аттың үстiне отырады. Осы өнерi үшiн ол рекордтар кiтабы — Гинесс кiтабына енгiзiлдi. Бiрақ, цирктегi ғұмыр тым қысқа болатыны белгiлi жағдай. Аюдың салмағы шамадан тыс артқан мезгiлде ендiгi кезекте атқа ауыр болғандықтан "шабандозды" хайуанаттар бағына жiберуге тура келген. Мiне, Аиданың бiзге тап болуының сыры осында жатыр. Кейiн Аиданы Винни-Пух атты аталық аюмен бiрге бiр аранға орналастырды. Нәтижесiнде ол соңғы екi жылда бес сүйкiмдi қонжықты дүниеге әкелдi. Мұның бәрi, әрине, жағдай тудырудың салдарынан болғанын баса айтпақпыз. Хайуанаттар бағындағы ең айшықты мереке "Құстар күнi" екенiнде дау жоқ. Түрлi құйқылжыған дауыспен ән салған неше түрлi құстар бiрiнен кейiн бiрi сап түзегенде айналаң үлкен бiр оркестрге айналып кеткендей әсерге бөленесiң. Мұнда бiр шетi Солтүстiк Американы, екiншi шетi ыстық Африканы, кәрi құрлық – Еуропаны, сары континент – Азияны, ең соңғысы өзiмiздiң тума табиғат — Қазақ жерiн мекен ететiн құстар легi көз жауын алып тұрады. Осының бәрiн қызықтаған балалар кейiннен бiлiм таластырады, қала бердi, сол өздерi түйсiнген дүниелердi сурет тiлiмен жеткiзуге тырысады. Мереке үстiнде құстар туралы түрлi фильмдер көрсетiлiп, балаларға сыйлықтар табысталады. Мұның өзi жас өскiннiң табиғатта кездесетiн түрлi тiршiлiк иелерiне деген махаббатын оятуды көздейтiн шаралар екенiнде талас жоқ. Өйткенi, балалық сана жастайынан хайуанаттарды сүйiп өссе, ертеңдерi ересек атанғандарында да сол сүйiспеншiлiктiң жылуын жоғалтпайды. Ал, бұл қасиет туған табиғатқа деген жанашырлықты арттыруға бiрден-бiр негiз екенi айтпаса да түсiнiктi. — Әрине, бiр сұхбат барысында атқарылған бүкiл жұмысты санамалай беру шарт емес. Дегенмен, елден тағы бiр естiгенiмiз — "Жол картасы" аясында бiраз жұмыстар жасаған екенсiздер. Ендi осы жағынан мағлұмат бере кетсеңiз? Сондай-ақ бақ келешегi жайлы ой толғасаңыз? — "Жол картасы" жүйесi өз нәтижесiн бергенi бiз үшiн үлкен абырой. Осының арқасында өткен жылдың өзiнде ауқымды шаралар қолға алынып, ол тыңғылықты жүзеге асты. Мысалға: арыстандар, жолбарыстар, маймылдар және басқа да аң-құстардың жазғы тұрақтары бақтың аумағында жаңадан бой көтерiп, олар мекендеушiлердiң жайлылығын қамтамасыз етiп қана қоймай, сонымен қатар қызықтаушы көрермендер көңiлiнен шыға бiлдi. Бұл орайда бiз жүздеген адамды жұмыспен қамтуға қол жеткiзгенiмiздi баса айтпақпын. Осы жерде мен басшылыққа келгелi "Темiрарқа" фирмасымен қоян-қолтық жұмыс жүргiзуiмiз өз нәтижесiн берiп келе жатқанына тоқталмақпын және жұмыстарына жауапкершiлiкпен қарайтын фирма өкiлдерiне алғысымды жеткiзбекпiн. Әрине, табиғат мәңгiлiк те бiздiң өткiншi екендiгiмiз әу бастан анық жағдай. Сондықтан өткiншi мәңгiлiкке тәуелдi, мәңгiлiктiң алдында әркезде бас июге мәжбүр. Табиғи осы заңдылықты мойындағандығымыздан да шығар бiз де қол жеткенге тоқмейiлсуден аулақпыз. Қазiр бiз 2011–2015 жылдарға арналған жұмыс жобасын бекiтiп те қойдық. Бұл жоба бойынша 2066981 мың теңгенiң жұмыс ауқымы жасалуға тиiстi. Ондағы мақсатымыз — хайуанаттар бағының материалдық-техникалық базасын жоғарылату, бақтың Қазақстан мен шетелдерде беделiн көтеру, тұрмыс жағдайы төмен халық қатарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету тұрғысындағы iс-шаралар ауқымын кеңейту болып табылады. Сонымен қатар, қазiргi заманға сай тәсiлдердi қолдана отырып игерiлмеген аймақтарды игерiп, оған заманауи құрылыстар салу мiндетi алдымызда тұр. Нәтижесiнде жаңадан 17092 гектар жер алқабы бақ игiлiгiне қызмет жасайтын болады. Бiз не үшiн жаңа құрылыстар жүргiзуге мүдделiмiз? Өйткенi қолда бармен ғана шектелмей, аң-құс қорын барынша молайтуға жағдай туғызуымыз керек. Оны ертеңге қалдырмай бүгiн жасау да тиiмдiлiктiң бiр түрi. Сондықтан үстiмiздегi жылдың өзiнде Алматы хайуанаттар бағынан 7312500 теңгеге көптеген аң-құс түрлерiн сатып алсақ, Ташкент хайуанаттар бағымен 4035000 теңгеге келiсiм-шарт жасасып, одан да хайуанаттардың жаңа түрлерiн алуға дайын отырмыз. Мiне, осындай жүргiзiлiп жатқан шаралардың нәтижесiнде бұрнағы жылдарда баққа келушiлер қатары жылына 80 мың адамды құраса, ол биыл екi есеге өсiп отыр. Ал, болашақта бұл көрсеткiштiң тағы да жоғарылайтыны аян. Әрине, осындай күрделi жоспарларды жүзеге асыру жеке бiздiң қолымыздан келмесi анық. Сондықтан, уақыт кезегi келгенде игi бастамаларымызға демеу бiлдiрiп қана қоймай, оның өмiр жүзiне асуына барынша көмек көрсетiп отырған облыс, қала басшыларына айтар алғысымыз мол. — Әңгiмеңiзге рахмет!
Төкен Әлжантегi, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi,
Қарағанды

Серіктес жаңалықтары